Филологические науки/8.Родной язык и литература

 

қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Тулеубекова Светлана Омаровна

11сынып оқушысы Бондаренко Даниил Владимирович

Қазақстан Республикасы Қарағанды қаласы КММ «№ 1 Гимназия»

 

КӨП ТІЛ БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылдың 12 қаңтарында «Әлеуметтік- экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің дамуының басты бағыттарының бірі ретінде Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі баса айтылған. Сол сияқты осы құжатта Елбасы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды. Функционалдық сауаттылықты дамытудың жалпы бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анық көрсетілген. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады. Мемлекеттік тіл туралы Елбасымыздың қандастарына айтқан уәжі кімді де бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз, өйткені,  мемлекеттік тіл ретінде оқылатын     қазақ тілі бойынша оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдары мен Тіл саясаты тұжырымдамасындағы айқындалған мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асуының басты шарты болып саналады.Тіл – ұрпақ  тәрбиесінің пәрменді құралы, рухани байлықтың баға жетпес құдіреті, қуатты қайнар бұлағы. Ана тілі – халықтың өткен ұрпағы, қазіргі және келешек ұрпағы арасындағы тарихи жалғастықты жүзеге асыратын бірден-бір сенімді құрал. Халықтың жан дүниесін ана тіліміз арқылы танып білеміз, халықтың рухани байлығының сарқылмас бастауы да сонда жатыр. Ел-жұртымызды, туған жерімізді, ана тіліміз арқылы терең қабылдап, соларға деген перзенттік махаббатымызды да жеткіземіз. Елбасының «Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды» деген сөзін Мәңгілік елге, қазақстандық патриотизмге қатысты да айтуға болады. Мәңгілік ел болып қалудың тетіктері Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасында, «Ұлт жоспары – 100 қадам» реформасында анық айтылған.  Енді біздің алдымызда, білім беру ісінің қызметкерлерінің алдында, жастарды саналы түрде «Мәңгілік Ел болып қалу» идеясына бағыттаудың басты ұстанымдарын айқындап, оларды жүзеге асыру міндеттері тұр. Мәңгілік елдің құрушыларын, яғни интеллект қалыптастырудағы ұстанымдарды жас жеткіншектер бойына сіңіре білу–  қазіргі  педагогтардың ең басты міндеттерінің бірі. Ол қандай ұстанымдар? Олар: өмірлік білім ұстанымы, тарихи сана ұстанымы, ғылыми-философиялық ойлау ұстанымы, Көшбасшылық ұстанымы, эмоционалды интеллект ұстанымы.

Адамзат ойлауының ең ежелгі дәуірлеріндегі алғашқы танымдар біздің бүгінгі тіліміздің де, ойлауымыздың да мызғымас берік өзегі болып, өзінің адамзат ойлауымен, оның тілімен бірге жасайтын мәңгілік қызметін жалғастырып келеді. Ғасырлар бойы адамзат мәдениетінде өмір сүріп, өткен ұрпақтардың еңбегімен жасалған адам баласының мәдениетін саналылықпен игеру – жастарды тіршіліктің мәнін түсінуге, өмірді сүюге жетелейді. Адамзат құдіретімен жасалған тарихи ескерткіштер мен мәдени мұралар– даналықтың көзі, ұлттың шежіресі, халықтың өмір тәжірибесі. Осы мұралар арқылы қалыптасатын тарихи сана жастарды «ойлай алатын адам» дәрежесіне көтереді. Өткен ұрпақтың қол жеткізген жетістіктері қандай ұстанымдарға сүйеніп жүзеге асырылды, қашан, қайда, қалай құрды деген сауалдарға жауап іздеу арқылы қоғамдық ортаны тануға,  адамзаттың тілі арқылы қандай ұлы шығармалар жазылды деген ойларға жетелеп, өздігінен талдау - қорытынды жасауға үйретеді.

Ұлы туындылардың желісін құрайтын ғалам мен адамның бірлігін, бір-бірінсіз күні жоқтығын түсініп, экологиялық сауатын арттыруға, табиғатты сүюге, барды бағалауға көмектеседі. Жан Жак Руссоның «Тәрбие туралы трактаттар» деген еңбегіне жүгінсек дейміз. Ол барлық азаматтардан өздерінің балаларын ұлттық, патриоттық рухта тәрбиелеуді талап етеді: «Мен оқуға үйренген баланың алдымен өз Отаны туралы оқығанын қалаймын. Ол 10 жылдан кейін оның барлық провинциясын (ауылдарын), барлық жолын, барлық қаласын білсін, енді 15 жылдан кейін елінің барлық тарихын, ал 16 жылдан кейін барлық заңын білсін. Ол өзінің жады мен жүрегінде жатталмаған бірде - бір ерлігі, бірде - бір батыры болмасын. Бұл  өз елінің әрбір азаматы үшін парыз».

 «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», – деп ұлы ғұлама жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай, біз ана тіліміз арқылы ғана туған Отанымызды, өткен тарихымызды, халқымыздың бүгіні мен ертеңін, жарқын болашағын танып білеміз. Халқымыздың сарқылмас рухани қайнар көзі, ұлтымыздың өзегі – туған тіліміздің тереңінде жатыр. Әр адамның көкірек көзінде туған тілге деген құрмет пен мақтаныш сезімі тау өзеніндей тасқындап жатуы тиіс. Мемлекеттік тіл – менің ұлтымның тілі, менің тілім. Біздің мерейімізді тасытатын да, бағамызды асыратын да –  туған  тіліміз. Олай болса, тілді үйретуде аянбай еңбек етуді өз борышымыз деп есептейміз.

 Орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мақсаты – оқушыларды сауаттылыққа баулып, өз пікірін айта білетін бәсекеге қабілетті жеке тұлға етіп тәрбиелеу. Оқушылардың сырттан алынатын ақпаратты дұрыс қабылдай алу, естіген немесе оқыған материалдарын түсіну, ондағы  негізгі және қосалқы мәселелердің ара жігін ажырата алу, мәтін құрамындағы сөздердің мағынасын жалпы мәтін мазмұнына сүйеніп болжай алу, оқыған, естіген ақпаратты қайта қорыту, оған баға беру, сол материалдар бойынша өзіндік қорытынды жасау деген біліктіліктер қалыптасады.

Мәңгілік Елдің білім беру үдерісіндегі ұстанымдары ХХІ ғасырда білім берудің мақсаттары мен міндеттерін түбегейлі өзгерту кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. Өйткені қазіргі кезеңдегі ақпараттардың толассыз ағыны оқушыларға әрі қарай ауыр соғатыны анық.

ХХІ ғасыр – инновация мен индустрияның, жаңа ақпараттық технологиялардың ғасыры. Қазіргі еліміз жаһандануға қарқынды бет алған кезеңінде технологиялық жаңалықтардың таралу жылдамдығы уақыт талабына сай жаңа ізденістер қажеттілігін тудырып отыр. Барша адамзат өз дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басқан уақытта жағдайға тез бейімделе алған, «құзырлы» ұлт қана жоғары деңгейде өмір сүре алады. Елбасымыз: «Тек жоғары сауатты, дарынды, дана әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады. Бүгінде, мұғалім балаларға білім жиынтығын беріп қана қоймай, сонымен бірге, ең бастысы оларды өмір бойы үйренуге үйретулері керек» десе, ресейлік ғалым академик А.М.Новиков: «Келешекпен кездесуге дайындалу керек. Сол келешектің өзін дайындау қажет. Оның ішінде және бірінші кезекте, сол келешек үшін білім беру жүйесін даярлау қажет», деп бүгінгі күнгі аса маңызды қажеттілікті ерекше атап көрсетеді.[8 ]

Кез келген елдің болашағы білім беру жүйесінің және зиялылар қауымының деңгейіне байланысты болғандықтан, Қазақстан халқына да әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде білім беру қажеттігі туындап отыр. Әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді көздейтін отандық 12 жылдық білім жүйесіне көшу іске асырылмақ. ҚР-ның 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту мәселелерінің негізгі мақсаты – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде қоғамның талаптарына сәйкес келетін білімді, кәсіби біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелейтін білім негізін қалыптастыру. Білім берудің жеке тұлғаға бағытталуы, білім мазмұнының демократиялылығы, заман талабына сай білім беру мен ұлттық тәрбие үрдісінің ізгілік сипаты ретінде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу әлемдік білім кеңістігіне еркін енуді, дамыған 30 елдің қатарына қосылуды міндеттейді. [9 ]

 «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XII құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Тілдердің үштұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі  мемлекеттік тіл, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі   жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі»,деп атап айтқандай, әлемдік кеңістікке енуде ағылшын тілінің маңызы зор. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Бізкөпұлтты қоғамбыз. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдыңғы уақытта да жалғастыра беретін боламыз», деген еді. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮІІ сессия отырысында Қазақстан аймағында тұрып жатқан халықтардың басын қосатын тіл қазақ тілі болуы керек деп анық атап айтты: «Қазақстанды, қазақты достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы шуақтары іспетті. Бұл ретте байтақ мекенде баршамызды біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол біздің талайлы тағдырымызды тұтастыратын шежірелі тарихымыз, ол біздің байтақ мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз». Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған. «Келешекке кемел біліммен»,деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұстаным еткендей, келешекке терең біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген құзіретті тұлғаны қалыптастыру басты мақсаттардың бірегейі болып отыр.Үш тілді оқыту – заман талабы. Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі. 

Өзінің туған тілін, жерін шексіз сүйетін, елін әлемдегі дамыған озық отыз  мемлекеттің  қатарына қосуды мақсат еткен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев әлем  назарын 2015 жылғы қыркүйек айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 70 жылдық мерейлі тойында тағы да аударып, өзінің мықты беделін танытты. Бас Ассамблеяда  өз сөзін Елбасы БҰҰ-да негізгі тіл болып есептелмейтін қазақ тілінде бастады, тілмаш табу қиындық туғызғандықтан, 20 минутқа үзіліс жарияланды.  Осы алқалы да абыройлы жиында біздің Президентіміз  өзінің қазақстандық патриотизмін, этнопедагогикалық тәрбие үлгісін көрсетті.            

Біздің халқымыз  ерте заманнан-ақ тіл үйренуді ту еткен текті халық. Әлемдегі екінші ұстаз, ұлы ғұлама Әбу - Насыр әл - Фараби,  өр рухты дауылпаз ақын Махамбет, тұңғыш қазақ ғалымы  Шоқан Уәлиханов, ақын, ойшыл, сазгер, аудармашы ұлы Абай Құнанбайұлы бірнеше тіл білген.Қазақ тілі  еш уақытта  өзімен көршілес халықтың  тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге бермегендігі мыңдаған жылғы тарихынан айқын. Батыс жазушыларынан Байрон, Гете, А.Дюма, философтарынан Сократ, Платон, Аристотель шығармаларын зер салып оқыған Абай Еуропа мәдениетімен таныса келе «Шығысым Батыс боп кетті» деген. Тілдер гармониясының бірлігіне жол ашу – өз тілінде еркін сөйлеу, ағылшын тілін меңгерту, орыс тілін жетік білу, әр ұлттың тілдерін дамыту, оларды сақтап қалуға мүмкіндік жасау. 

Елбасының: «Ағылшын тілі әлемдік бизнес тілі, оны меңгеру – жастарға әлем танудың кілті болмақ. Ағылшын тілін білу біздің жастарға шексіз мүмкіндіктер ашады. Ол – жаһанданудың кепілі. Ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек»,– деген сөзін басшылыққа алып, біз, гимназия мұғалімдері бұл бағытта еңбек етіп жүрміз. Бұл тұрғыда  №1 гимназияны бітіріп, үш тілді де еркін меңгерген, елімізде  және шетелде өндірістің әр саласында қызмет етіп жүрген мектеп түлектерін мақтанышпен атай аламыз. Олар: Далабаев Диас – Америкада, Громыко Максим – Канадада, Жұмақаев Әлібек – Астанада, Қабыкаев Рашид – Кореяда, Базарбаев Айбек  пен Ахмедин Диас – Алматыда еңбек етеді.

М.Жұмабаевтың:

«Арыстандай айбатты,

 Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!» – деген жолдарында жастарымызға деген үміт пен сенім жатыр.  Бұл жастар – біздің келешегіміз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында мұғалімдерге сенім арта отырып, жастарымыздан үміттенеді. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан да сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға жүктелетін міндет ауыр»,– делінгендей , жастарды сауаттылыққа баулысақ, болашағымыздың жарқын болатыны белгілі. Мұғалім– психологиялық дайындығы бар, қоғамда белсенді, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мол, жан-жақты , алдыңғы қатарлы интеллигенцияның өкілі. Пән мұғалімі ретінде әр оқушының бойына жаңа, тың серпіліс туғызатындай әдістерін тауып, әрқилы әрекеттер арқылы олардың ақыл-ойын ұштау, жетілу көзқарасын, сенімділігін, жауапкершілігін дамыту жолдарын іздестіру – оқытушының міндеті. Мектепте қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін бірлікте алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді бірлікте ала отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Алайда дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектелмей, қазіргі оқыту технологиясындағы түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушы-субьектінің ізденісіне, яғни, жеке тұлғаның әрекетін оны дамыту мақсатына жетелеу – шарт.

     Төмендегі кестені грамматикалық тақырыптарды өткен кезде  сабақта жаттығулармен қатар қазақша, орысша, ағылшынша мақал-мәтелдерді салыстырмалы жұмыстар арқылы түсіндіргенде  пайдалануға тырысамыз. «Мақал-мәтелдер» тақырыбын өткенде үш тілдік аударма жасатамыз.

Қазақ тілінде

Орыс тілінде

Ағылшын тілінде

Жақсы сөз – жарым ырыс

Добрые  слова лучше богатства

The degrees of  comparison  of  adjectives: (Степень сравнения прилагательных)“A good word is better than wealth”.

Ештен кеш жақсы

Лучше поздно, чем никогда

Better late than never.

 

Білімдіге дүние – жарық, білімсіздің

күні – қаріп.

Ученье – свет ,

неученье – тьма. 

Learning is the eye of mind.

Тілдің ұшында тұру немесе ұмыту

Подсказка на кончике языка

on the tip of one’s tongue: about to be spoken or remembered

Ит – адамның  ең жақын досы

Собака лучший друг человека

 

A dog is a man's best friend

«Идиома» тақырыбын өткенде, идиомаларды қазақ тілімен салыстырып, ағылшынша баламаларын тауып, оқушылар оның қазақша аудармаларын жасағанды ұнатады. Мысалы: on the tip ofones tongue: about to be spoken or remembered– біреудің тілінің ұшында тұру немесе ұмыту; button your lip: to stoptalking; be quiet – екі елі ауызға бір елі қақпақ, т. б.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында өткізілетін қоғамдық- көпшілік шаралар, түрлі байқау- конкурстар, негізінен өзге ұлттар өкілдерінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендіктерін байқау мақсатында немесе орыс сыныптарындағы қазақ тілі мұғалімдерінің шеберлік деңгейін  жетілдіру, орыс сыныптарындағы  өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілді қаншалықты игергендіктерін байқау мақсатында өтіп жатады.Адам мен қоғам үнемі дамуға қарай өзгерісте болатыны баршамызға мәлім. Ал даму дегеніміздің өзі – адам мен қоғамның сапа жағынан өзгеруі. Осыған орай, өмір біздің алдымызға бүгін ұлы мұрат, бүгінгі ғаламдану заманының білім бәсекесінде өмір талабына сай жаңа мектеп құруды мақсат етіп отыр. Сонымен бірге, мектеп тек сапалы білім ордасы болып қана қоймай, ұлттық идеологиялық тәрбиенің де қайнар көзі болуға тиіс.        Адамзаттың «екінші ұстазы» атанған әл-Фараби ғұлама бұдан бір жарым мың жылдан астам бұрын: «Білім» мен «тәрбие» – біртұтас, тәлім-тәрбие –  жас ұрпақтың қос қанаты», – деп  бағалады. Сөйтіп, білім мен тәрбиенің бір жүйеде жарастық табуы – жүйенің сапалық қасиеті болып саналады.Тәрбиесіз берілген білім деңгейі қанша жоғары болса да, ол ізгілік қасиетін қалыптастыра алмайды. Осы орайда білім беру мен тәрбие жұмыстарын іске асырушы құрал – тіл. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 15.12.2012 ж. «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтап, нығайттық», – деп атап көрсетті.

Тіл – барша адамзат арасындағы қарым-қатынас құралы десек, қазақ тілін мемлекеттік дәрежеге көтеру үшін аянбай еңбек ету – осы пән мұғалімдерінің төл міндеті. Бұл ретте көздері жәудіреп қарсы алдымызда отырған пәк сәбилерімізге тілімізді үйрету үшін, тілді ұлттық құндылық ретінде сезіндіру үшін, олардың бойында қазақтың жанын, әнін,табиғатын сіңдіру үшін бар күшімізді аямауға тиістіміз. Әлі буыны бекімеген мемлекетіміздің көгінде қанаттарымызды кең жайып қалықтай берсек дейтін жас қырандарымыз қазақ тілін меңгерген, ағылшын тілін қолдана алатын саяси сауатты, өзінің жеке тұлға ретінде көзқарасы бар, білімді ұрпақ болуы керек.

Атақты спортшы Г.Головкин Елбасымен кездесуде: «Әкем – орыс, шешем – кәріс, мен – қазақпын!» деген сөзі біздің еліміздің ата салтын, тіл байлығын, дәм-тұзын сыйлауының көрінісі. Қорыта келе, «Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді. Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға –  сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер. Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер!», – деген Елбасы сөзімен аяқтағымыз келеді. Жас ұландардың мемлекетімізді барлық әлемге паш ететініне сенімдіміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Н.Ә. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту –  Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Астана, 2012 ж

2. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 15.12.2012 ж «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

3. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 17.01.2014 ж «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

4. Қазақстан Республикасында тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. Астана, 2011

5. Қ.Сайднасимов «Білікті педагог сапалы білім кепілі» мақаласы «Қазақстан тарихы»   әдістемелік журналы, №12-2014жылғы, 37-38 беттер.

 6.Ұ.Жазықбаева «Тәуелсіз елге білімді маман» мақаласы  «Қазақстан мектебі» журналы.  №9-2012ж, 20 бет.