Абдиназарова Айсана Рахатовна

Ерсеитова Аида Сериковна

Жандарбекова Ақбота Мешітбайқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенттері

Ғылыми жетекшісі: Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

АМА қауымдастырылған профессоры

Қазақстан республикасы

Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» романындағы мақал-мәтелдердің қолданысы

Мақал-мәтелдер – ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі. Ол – ғасырлар бойы халқымыздың ұқыптап сақтап келген тәжірибесінің жиынтығы, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан өмірлік өшпес мұра. Мақал-мәтелдер көркемдік бейнелі сөз айшықтарымен әсерлі. Олардың айтуға оралымдылығы, тілге үйіріле кететіндігі, ойдың өткірлігі, ұшқырлығы, тереңдігі мақал-мәтелдердің сапаларын анықтайды.  Мақал-мәтелдер адамды сөз қадірін білуге, жақсы мен жаманды, қас пен досты айыра білуге, айналадағыларға мейірбан, кеңпейіл, сезімтал болуға, халық шығармашылығының інжу-маржанын бағалай білуге баулиды.

Хaлық дaнaлығының қaймaғы сaнaлaтын мaқaл-мәтелдердің ел аузынaн жинaлып, жaрық көре бaстaғaнынa бірқыдыру мерзімнің жүзі болды. Ертеректе aуыз әдебиетінің үлгілерін жинaушы В.В.Рaдлов, Әбубәкір Дивaев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев секілді зерттеуші ғалымдардaн бастaу aлғaн бұл жұмыстан кейін  қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары да айналып өткен жоқ. Әр шақтарда А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, Х. Досмұхамбетұлы, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов сияқты арыстар бұл іске елеулі үлес қосқандықтарын атап айту керек. Бертін келе мақалдар мен мәтелдерді жинастыру мен зерттеуге қазақ қаламгерлері арасынан Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Балтабай Адамбаевтар ерекше еңбек сіңірді. Осылай жұмыла атсалысқан қажырлы еңбектің арқасында ауыз әдебиетінің аса бағалы үлгісі – мақалдар мен мәтелдер біршама топтастырылып, жүйеге келтірілді деуге болады.

Мақал-мәтелдер белгілі қоғамда өмір сүреді дейміз. Жалпы мақал- мәтелге Қоңыратбаев мынадай анықтама береді: «Ел аузында, көбінесе сөйлеу тілінде қолданылатын дүр сөздің бай да мазмұнды саласы – мақал-мәтел, идиоматизмдер, ойлы фразалар болып келеді. «Сөз асылы - мақал» дейді халық. Оның айтушылары мен тыңдаушылары да көпшілік. Мақал – логикалық, образдық ойдың қосқанаттасқан ғажап табысы, тәжірибеден туған философиялық сөздер» [1, 64 б.].

Зерттеуші ғалым Ш.П.Қарсыбекова өзінің 2004 жылғы қорғаған «Қазақ мақал-мәтелдерін этнолингвистикалық тұрғыда топтастырудың этнолингвистикалық принциптері» атты кандидаттық диссертациясында мынадай тұжырым жасайды: этномәдени танымды айшықтайтын қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер тек сан жағынан ғана емес, сапа, мазмұнына қарай да алуан түрлі. Оның басты себебі: ұлттық менталитетімізді тілдегі ерекше бір жарқын, мәнді де маңызды өрнегі болып саналатын мақал-мәтелдер – қазақ этносына тән дүниетанымы мен сананың айқын айғағы, халық даналығы, өркениеті мен мәдениетінің барша болмысының қайнар бұлағы. Мақал-мәтелдер – жалпы тұрақты тіркес саласының ең көлемді, мазмұны тиянақты тарауы болып табылады [2, 4 бет].

Қазақтың белгілі паремиолог-ғалымы Ә.Қайдар мақал-мәтел туралы былай дейді: «Қазақ мақал-мәтелдерінің халықтың өткен өмірі мен бүгінгі болмысын танып білуде дүниетанымдық, логикалық, этнолингвистикалық жағынан мәні өте зор. Себебі, дүниеде, қоғамда, табиғатта қалыптасқан құбылыстардың бәріне мақал-мәтелдердің қатысы бар. Дүние болмысының өзінде о бастан-ақ қалыптасқан табиғи реттілік бар. Ол реттілік барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда ғана көрінеді». Сондықтан академик Ә.Қайдар оларды шартты түрде «Адам», «Қоғам»  және «Табиғат» деп атауды ұсынады. Бұлай үш салаға бөліп қараудың ұстанған принципі – барлық құбылысты түгел қамту дегендік деп түсінеміз.

     Түркі халықтары мақал-мәтелдерді «аталар сөзі», «даналық сөздер», «нақыл сөздер», «асыл сөздер» деп атап, «Ақылың бар ма – ақылға ер, ақылың жоқ па – нақылға ер», «Атаңның сақалына қарама, айтқан мақалына қара», «Мақал-мәтел маржан сөз»  деуі – халықтың берген әділ бағасы.

   Мақал-мәтелдер айтылатын ойдың бағытына қарай – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп, тыңдаушысына ой салады [3, 7 бет].

Қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші М.Әуезов, М.Ғабдуллин мақал-мәтелдердің халық философиясының көрінісі екенін көрсетіп, оларды қолданушылардың көзқарасын білдірер қасиеттерін атайды: «Мақал – үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді, ол адам өмірінде, тұрмыс тіршілігінде, қоғамдық жағдайларда кездесетін оқиғаларға берілген даналық баға, байсалды тұжырым есебінде қолданылады» [4]. 

Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» романындағы мақал-мәтелдердің қолданысына тоқталар болсақ: «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген мақал бар («Үркер» 23 б).

     Құлаққа жағымды, көңілге қонымды сөз тауып, адамды өзіне баурай сөйлеу мен көңіл қалдыратын қопал сөздің парқы зор, тигізер әсері басқа-басқа; жылы сөзді адам тұрмақ, жылан екеш жылан да түсінеді, бойы иіп, адамға үйір болуы мүмкін; көңіл қалдырар қопал сөз ұйып отырған мұсылман қауымын да «әйкәпірге» айналдырып, алыстатып жіберуі мүмкін (Қайдар Ә. Халық даналығы, 339 бет).

 «Жаман айтпай, жақсы жоқ» («Үркер» 84 б).

Басталған игі істі жүзеге асыру үшін тосалғы болатын, қарсы келетін нәрселердің барлығын алдын ала айтып, ескерген жөн, солардан тазалап алғанда ғана игі істің орындалуына жол ашылады деген сөз (Қайдаров Ә. Халық даналығы, 308-309 бет).

Жарға біткен жантақты, жанынан безген нар жейді («Үркер» 147 бет).

Тек жанынан кешкен адам ғана қауіп-қатерден қорықпай, ойлаған мақсатына жете алады; қол жетпес қиын ырыздығына қол жеткізе алады (Қайдаров Ә. Халық даналығы, 316 бет)

    Қорытындылай келе,«Мақал – сөздің атасы» дегендей, өмірде мақал-мәтелдің қажеттілігін түсіне отырып, санамыздың өсуіне ықпал ететін ұлттық мұраның сақталуы біздің қолымызда. «Үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды» деп келеді халқымыздың бір даналығы. Олар адам баласының қарым-қатынас, әдет-ғұрып, салт-сана, бір сөзбен айтқанда, тұтас адамгершілік қағидалардың дастаны секілді. Оларды оқысақ, өмірде кездесетін оқиғалардың бәріне де лайықты жауап табуға болады.

   Халық даналығының бір түрі мақал-мәтелдердегі мағына, мәні терең, аз сөзбен көп мағыналы, үлкен ойды жеткізетін ұлттық мақтанышымыз десек те артық болмас. Сондықтан, ата-бабаларымыздың асыл қазынасын көздің қарашығындай сақтап, бағалау біздің басты парызымыз болу керек.

 

                               Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.  Қайдаров Ә. «Халық даналығы» 2004,-560 бет

2.  Қарсыбекова Ш.П. «Қазақ мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық тұрғыда топтастырудың этнолингвистикалық принциптері», Алматы, 2004, -29бет.

3.  Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақалдары мен мәтелдері. Алматы, 1959.

4.  Әуезов М.О. «Қазақ әдебиетінің тарихы». 1-т. - Алматы, 1960.

5.  Ғабдуллин М. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». – Алматы, 1958.