Психология и социология/2.Формы работы психолога-практика.

М.С. ИбашоваАбай атындағы ҚазҰПУ психология магистрі

 

Психикалық сауықтыру орталығы психологы   жұмысының ерекшеліктері 

 

Алматы қаласында орналасқан «психикалық сауықтыру орталығында» психологиялық зерттеулер кабинеті жұмыс жасайды. Психологиялық зерттеулер кабинеті өз жұмысын ҚР денсаулық сақтау министрлігінің 07.02.1992 ж. № 321 «Денсаулық сақтау жүйесіндегі психологиялық қызметті ары қарай дамыту және жетілдіру шаралары туралы» бұйрығын негізге ала отырып жұмыс атқарады /1/. Психологиялық зерттеулер кабинетіне психолог қызметіне жоғары психологиялық білімі бар, психиатриялық мекемеде арнайы дайындықтан өткен маман жұмысқа алынады.

Психологиялық зерттеулер кабинеті психологының негізгі жұмысы мына жағдайларда тәжірибелік психологиялық зерттеулер жүргізу болып табылады:

·       Дифференциалдық диагностика міндетін шешу;

·       Әскери-дәрігерлік, медико-педагогикалық және әлеуметтік-еңбектік сараптама жүргізу кезіндегі психикалық күйінің бұзылуларын анықтау;

·       Емдеу барысындағы психикалық өзгерістер динамикасын зерттеу.

Аталмыш қаладағы психикалық сауықтыру орталығы мемлекеттік мекемесіндегі психологиялық кабинеттің жұмыс жасап отырғанына 40 жылдай уақыт болды. Алғаш психолог-лаборант штаты негізінде ашылған. Негізін қалаған Санк-Петербург университетінің түлегі, Б.Г.Ананьев, С.Я.Рубинштейн, Б. В.Зейгарник шәкірті З.В. Гуцевич, кейінірек дамытуға үлесін қосып, қазіргі күнге дейін ұйымдастырып отырған аса тәжірибелі психолог О.Н.Чеснокова болады. Орталықта амбулаториялық бөлім 6 ересектер стационарлық бөлімі, балалар стационарлық және амбулаториялық бөлімі, күндізгі стационар, психосоматика бөлімдері жұмыс жасайды. Психологтың жұмысының аймағы – психиатр дәрігерлердің әрбір зерттеу алдындағы қойған сұрақтары болып табылады. Психологтың тәжірибелік психологиялық зерттеу әдістерін таңдау еркіндігі тәуелсіз түрде жүзеге асырылады.

Медициналық психолог өз мамандығы бойынша жақсы біліп қана қоймай, клиникалық психиатрия саласынан да хабардар болуы керек. Психолог психиатр дәрігерлер және психотерапевтпен бірге психокоррекциялық жұмысқа қатысады. Бұл бағыттағы психологтың негізгі қызметі - зерттеу жүргізіп, емдеуші дәрігерге пациенттің тұлғалық ерекшелігі, тұлғааралық қатынастар құрылымындағы аномалиялар және компенсаторлық мүмкіндіктері жайлы мәлімет беру.

Балалар және жасөспірімдер бөліміндегі жұмыс өте ерекше орын алады. Дифференциалдық психологиялық және оқытуға қатысты мәселелермен қатар, психологиялық зерттеу бұл жерде педагогтар мен ата-аналарға ұсынылатын коррекциялық ұсыныстар үшін өте маңызды. Сондықтан, балалар мен жасөсіпірімдерге эксперименттік-психологиялық зерттеу жүргізумен қатар, психолог ата-аналарға жас ерекшелік психологиясы және кездесіп отырған ауытқуларды психологиялық коррекциялау тәсілдері туралы кеңес береді.

Психологиялық зерттеу әдістері және жүргізу принциптері

Эксперименттік-психологиялық зерттеу жүргізу келесі кезеңдерден тұрады:

1.                Сырқатнаманы оқу, дәрігермен әңгімелесу және зерттеу міндетін нақтылау, зерттеу барысын жоспарлау, зерттеу әдістемелері таңдалынады.

2.                Эксперименттік-психологиялық зерттеуді жүргізу, науқаспен жақсы байланыс орнату.

3.                Зерттеу мәліметтерін талдау және өңдеу. Алдымен мәліметтерге сандық талдау жүргізіледі, сәйкес жауаптардың саны және пайызы, жазылған продукция және суреттерді бағалау, хаттамадағы жазбаларды ашу. Сонан соң барлық сандық бағалаудың ықтималдық сипатын ескере отырып, нәтижелерге сапалық талдау жүргізіледі, оған аурудың жасы, білімі, зерттеу кезіндегі оның күйі, әрекеттері және зерттеуге деген қатынасы кіреді.

4.                Нәтижелерді суреттеу, психологиялық қорытынды жазу. Барлық жүргізілген эксперименттік-психологиялық зерттеулер арнайы хаттама түрінде жазылып, журналда тіркеліп отырады, онда ауруды зерттеуге бағытталған бөлім, психологқа қойылған сұрақ және қысқаша қорытынды жазылады.

Аталмыш орталық жұмысының ерекшелігі - балалық кезеңнен дамуында өзгерістер туындап, есепке алынса, одан ары қарай оның жүйке-психикалық бұзылулар деңгейін анықтап, психикалық бұзылулар динамикасын жіті бақылап,  сырқаттың ағымын салыстырып отырамыз.

Десекте, орталықта психологиялық кабинет жұмыс жасап, алдарына қойған өз міндеттерін ойдағыдай атқарып отырса да, көптеген қиындықтар кездеседі. Мысалы, психологиялық қызметті ұйымдастыруда бір ізділік, бір ортақ басшылыққа алатын  әдістемелік құрал жоқтың қасы (қазақ тілінде). Сонымен бірге, көп жағдайда психологты әмбебап маман ретінде санайды. Психологиялық қызметтің түрлі саласы болатыны сияқты, әр маман сол сала бойынша кәсіби біліктілігін  арттыру мақсатында арнайы мамандандырудан өтіп отыруы қажет. Бізде клиникалық психология саласы бойынша мамандандырудан өтетін орын жоқ. Бұл өз кезегінде әдістемелерді жинақтау, сұрыптау, талдау кезінде психологтардың жұмыс істеу аясын кеңейтуіне ықпалын тигізер еді.

Литература:

1.             Министерство Здравоохранения РК Приказ №321 от 02. 07. 1992 о мерах по дальнейшему развитию и совершенствованию психологической службы в системе здравоохранения.

2.             Методические рекомендации ленинградского научно-исследовательского психоневрологического института  имени В.М Бехтерева. О работе медицинского психолога в психиатрических и психоневрологических учреждениях. - г. Ленинград1976

3.             <ПСО> ММ-нің психологиялық зерттеулер кабинетінің жұмыс тәртібі.

4.             Б. В. Зейгарник  Патопсихология.2010