ҰЛТТЫҚ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МЕХАНИЗМІ

Жолдыбаева А.К.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Тараз қ.

 

Дүние жүзінде жаһандану үрдісінің күрделенуіне байланысты бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруда әрбір мемлекет өзінің ұлттық инновациялық жүйесі мен инновациялық инфрақұрылымынын дамытуға басымдық беріп отыр. Өйткені ұлттық экономикасы қалыптасқан және дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйенсек, олардың жеткен жоғары жетістіктеріне   инновациялық инфрақұрылымның оңды әсер еткенін байқаймыз. Олардың әлемдік нарықтағы үлесі де қомақты. Сондықтан да, дамыған елдердің қатарына кіруге талпыныс білдіріп отырған Қазақстанның өзінің мүмкіндіктері мен стратегиялық мақсаттарына сай ұлттық инновациялық жүйесі мен инфрақұрылымын дамыту өзекті мәселе болып отыр[ 1].

Әлемдік экономиканың қарқындап дамуы - адами және интеллектуалдық ресурстардың нәтижелі еңбегінің жемісі екені белгілі. Қазіргі заман талабына сай дамыған елдерде тиімді әзірлемелер жүйесі және түрлі қызмет сфераларына жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге негізделген инновациялық экономикаға өту үрдісі байқалады. Сонымен бірге, табиғи ресурстардың молдығын пайдалану маңызды болған дәуір өтіп барады, оның орнына экономиканың технологиялық тұрғыдан дамуын тездету, үдету мақсатында тиімді тетіктерді қолдану мүмкіншілігі үлкен мәнге ие болып отыр. Арзан, сапасы төмен еңбекке негізделген өндіріс кезеңі аяқталуда. Дәл қазіргі қоғам – адамның интеллектуалдық ресурстарына, оның инновацияларды қабылдауы мен жүзеге асыру қабілетіне негізделген қоғам болып қалыптасуда [3].

Өнеркәсібі жан-жақты дамыған елдер индустриялдық әлеуеті қалыптасқан топқа кіреді. Дәл осы топ құрамына кірудің арнайы ережемен белгілемеген шарттары да бар. Солардың қатарына, өнеркәсіптік өнімнің жылдан-жылға артуы, тек оның көлемінің ғана емес, сапалық және ассортименттік құрамының да көбейуі, шикізаттық сектордың жалпы экономикадағы үлесінің қысқаруы сияқты және басқа да көрсеткіштер бойынша нәтижелі болу жатады. Мұның барлығы да инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселесіне жете мән беріп, оны мемлекеттің арнайы стратегиялық мақсаттарының бірі етіп белгілеуді міндеттейді.

Инновациялық инфрақұрылым – Қзақстан Республикасы инновациялық қызметінің бір – бірімен өзара іс – қимыл жасйтын мамадандырылған субъектілерінің жүйесі.

Инновациялық инфрақұрылым - ғылыми идеяның өндірісте қолдау тауып, нақты өнім, қызмет, жұмыс түрінде көрініс табуына дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын іс-шаралардың жүруіне ыңғайлы жағдай жасайтын, қажетті жұмыстар мен қызметтерді орындайтын ұйымдар жиынтығынан тұрады.

Инновациялық инфрақұрылымның негізгі міндеті инновациялық өнім өндірумен (қызмет көрсетумен, жұмыс орындаумен) айналысатын кәсіпорындарға қолдау көрсету деп топшыласақ, онда инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру мемлекеттің техникалық, технологиялық, экономикалық, қаржы, әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге оның әлемдік экономикадағы тұғырын көтеруге де, сыртқы нарықтарға шығып, ондағы өзінің орнын табуға немесе иеленуге де мүмкіндік жасайды деген байламға келуге болады.

Инновациялық инфрақұрылымның экономикалық маңызы елдің экономикалық даму стратегиясын айқындаумен, қосылған құны жоғары өнімдер өндірумен, шағын инновациялық кәсіпкерлікті жандандырумен және басқалармен анықталады[4].

Қазақстанның ұлттық инновациялық инфрақұрылымының қазіргі жағдайы әрине республиканың экономикалық дамуының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Олардың қатарына әлемдік нарықтағы көмірсутек шикізатына бағаның күрт өсуі, қара және түсті металл өнімдеріне деген жоғары сұраныс, осыған байланысты қаржылық және коммерциялық кәсіпкерліктің қанат жаюы, еліміздегі табиғи ресурстарды игеруге қатысы бар халықаралық байланыстардың нығайуы сынды факторларды жатқызуға болады. Әйтсе де, бұл ерекшеліктер әлі де болса ұлттық экономиканың біржақты дамып отырғанын көрсетеді. Өйткені тек шикізатқа ғана бағытталған экономиканың белгілі бір кезеңде құлдырау қаупі жоғары болатыны белгілі. Бұның салдарын қазіргі кезде орын алған әлемдік қаржы дағдарысынан да байқау қиын емес.

Ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық механизмі ол еліміздің инновациялық әлеуетін дамытуға негіз болатын, оны жүзеге асыру белгілі-бір нәтижелі жетістікке жетуге ықпал ететін қаржылық, экономикалық, салықтық, несиелік және басқа да іс-әрекеттер мен тетіктердің жиынтығынан тұрады. Дұрыс таңдала білген механизм ұлттық экономикамыздың ұзақ мерзімде инновациялық өркендеуі мен дүниежүзілік нарықта лайықты орын алуына ұтымды жағдай жасауы тиіс [ 1].

Инновациялық инфрақұрылымды дамыту механизмі әлемдік және елдегі инновациялық ортаның жалпы жағдайына, қоғам мен ғылыми-техникалық прогрестің дамуына, адамзат мәдениеті мен ой-санасына, экология талаптарына, сонымен қатар, еліміздің нақты мүмкіндіктері мен стратегиялық өркендеу бағыттарына сай болуы тиіс.

Аталған механизм оның құрамындағы өзара байланысты тетіктерді кешенді түрде жүзеге асырғанда ғана белгілі-бір нәтижеге жеткізетінін ескерткеніміз жөн. Онсыз, әр тетіктің өздігінен ұлттық инфрақұрылымның дамуына қомақты үлес қосуы екіталай.

Инновациялық инфрақұрылымды дамытуға қажетті жағымды экономикалық ортаны қалыптастыру осы инфрақұрылымды құрайтын әрбір элементтің белсенділігі мен тиімділігін арттыру үшін қажет. Өйткені, салық, несие, мемлекеттік қаржыландыру сияқты тетіктерді қолданбай, экономикалық шараларды заңдық-құқықтық қамтамасыз етпей, инновациялық инфрақұрылым элементтерінен жағымды нәтиже күту орынсыз.

Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, инновациялық инфрақұрылымға қажетті жағымды экономикалық ортаны қалыптастыруда мемлекет жеке сектормен ынтымақтастық орната алады. Осындай ынтымақтастықтың неғұрлым ұтымды мысалдары Жапонияда, Швецияда, Түркияда және соңғы отыз жылда өздерiнiң инновациялық жүйелерінде iрi жетістіктерге жеткен басқа да елдерде бар [ 2].

Еуропа елдерінде мемлекет университеттерде жеке сектордың белсенділігін қолдайтын ғылыми-инновациялық инфрақұрылым элементтерін қалыптастырған. Бұл міндетке сай университеттер шағын және орта қалалардың қоғамдық жүйедегі өзіндік орнын қалыптастыратын ғылыми бастамаларын сараптап, оларды жүзеге асыруға ықпал етеді.

Еліміздегі ғылым мен инновациялық дамудың деңгейі төмен болуы салдарынан Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігі 2009-2010 жылдары GCI индексі бойынша 66 орынға тұрақтады. Соның ішінде инновациялар және инновациялық бизнестің даму деңгейі 77 орында тұр.

 Ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық механизмін жүзеге асыру тетіктері айқындалып, олар үш топқа жіктелді:

Біріншісі, жағымды экономикалық ортаны қалыптастыру саясатын жетілдіру. Бұл топ бойынша мыналар айқындалды:

- экономикалық қолдауларды заңдық-құқықтық қамтамасыз ету;

- инновациялық үрдіске қатысушыларға бірдей жағдай жасау;

- мемлекет пен жеке сектордың ынтымақтастығын орнату;

- өндіріс пен ғылымның байланысын ынталандыру;

- қаржыландырудың мемлекеттік емес көздерін ынталандыру;

- венчурлық бизнесті қолдау және дамыту;

- салық жеңілдіктерін беру және т.б.

Екіншісі, инновациялық инфрақұрылым элементтерінің белсенділігін арттыру тетіктері. Бұл топ бойынша мыналар айқындалды:

- инновациялық инфрақұрылым шеңберіндегі элементтердің белсенділігін арттыруды еліміздің білім жүйесінен бастау;

- ғылыми-зерттеу мекемелерінің белсенділігін арттыру үшін оларды шетелдің осы саладағы озық ғылыми орталықтарымен байланыстыру;

- инновациялық инфрақұрылым элементтерін бір-екі макротехнологиялар жобасының аясына топтау;

- еліміздің әр өңірінде ғылыми-инновациялық кешендер құру;

- арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындардың белгілі бір көлемде өндірістік сипатының болуын міндеттеу;

- ұлттық холдингтік компаниялардың инновациялық белсенділігін, біріншіден, байланыс және ақпарат кеңістігінде бәсекелік ортаны қалыптастыруға, екіншіден, көлік-тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға, үшіншіден, жеке сектор тарапынан болатын ғылыми бастамаларды қолдауға бағыттау;

- даму институттарын бір жобаға кешенді қызмет көрсетуге бағыттау және т.б.

Үшіншісі, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін ұлттық инновациялық инфрақұрылымның қызметін дамытуда пайдалану тетіктері. Бұл тетік бойынша мыналар айқындалды:

- жобалық-зерттеу бағытында - жаңа және неғұрлым жетілдірілген материалдарды, өнімдерді, технологияларды немесе қызмет көрсетулерді ғылыми-зерттеу нәтижесінде олардың коммерциялық өндірісін инновациялық инфрақұрылым субъектілерінде жүзеге асыру;

- тәжірибе-конструкторлық әзірлемелерді дайындау бағытында - инновациялық инфрақұрылым элеменеттерінің қызметінде пайдаланылатын жаңа өнімдер немесе қызметтер алу мақсатында қолданылатын түпнұсқалық немесе арнайы бекітілген құжаттар, дайындамаларды дайындау;

- маркетингтік зерттеулер жүргізу бағытында - инновациялық инфрақұрылым шеңберінде шығарылған немесе ойлап табылған өнімдерді, қызметтерді, жұмыстарды нарыққа тиімді жолдармен өткізу;

- тәжірибелік және шағын сериялы өндірістерді ұйымдастыру бағытында - нарықта бұрын болмаған немесе тұтынуға шығарылмаған өнімдерді  инновациялық инфрақұрылым шеңберінде жобалап, дайындаумен байланысты жұмыстарды жүргізу.

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер

 

1.        «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы, Астана, 2009 жылғы 29 қаңтар // Ақжол, 2009 жыл 30 қаңтар

2.       «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Астана, 2009 жылғы 6 наурыз // Ақжол, 2009 жыл, 7 наурыз

3.       "Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін", Президенттің Қазақстан халқына жолдауы, Заң, 2007 жыл, 25 наурыз

4.       Иембердиев  Қ. Қазақстанның жарып шығатын жобалары // Ақжол, 2012 жыл, 15 желтоқсан 

5.       Кемел М. Стратегия және бәсекеге қабілеттілік // Егемен Қазақстан, 2013 жыл, №21  (24993), 18 қаңтар

6.       www.egemen.kz