А.Талғарқызы, Б.Қуантқан

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті,Қазақстан

 

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ – ЕЛДІҢ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫНЫҢ БІРІ РЕТІНДЕ

 

Мемлекетті тұрақты дамыту,  ішкі-сыртқы саясатты тәуелсіздік мүддесіне жүгіндіру, тарих тағылымы мен заманауи талаптары биігіне көтеру, сол арқылы елдің табиғи-ырғақты даму жолын табу, әлемдік өркениетке өзіндік келбет-кескінімізбен кірігу – бәрі бір сәтте алдан шықты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында ««Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз» - деп атап көрсетті [1]. Халықтың әлеуметтік, тұрмыс жағдайын жақсарту, елдің тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыттары Жолдауда анық көрсетілген.

Сарапшылардың пікірінше, Қа­зақстан экономикасы, ТМД елдері ішінде тұрақтылығымен ерекшеле­неді. ІЖӨ-нің жылдық өсімі – 4 пайыз. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің ЖІӨ 10 есе ұлғайды. ЖІӨ адам басына 17 есеге өсті, яғни 700 доллардан 12 мың долларға дейін жетті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік саладағы саясатының басты мақсаты ха­лықтың тұрмыс жағдайын, өмір сапасын тұрақты түрде арттырып отыруға негізделгені белгілі. Осы­ған орай халықтың әлеуметтік жағдайын қор­ғау және оны мемлекет тарапынан түрлі шаралармен қолдап отыру еліміздің ішкі саясатының ба­сым бағыттарының бірі ретінде қалыптасып отыр.

Егер әлеуметтік саланың даму кезеңдеріне назар аударатын болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында бұрынғы Кеңес одағының ыдырап, қалыптасқан шаруашылық байланыстардың үзі­луі­не байланысты ауыр жағдайдың қалыптас­қан­ы ­еске түседі. Мұның өзі халықтың санына да елеулі әсер етті. Ел тарихының әртүрлі кезеңдерінде сырт­тан келіп орналасқан басқа ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына қарай бет түзеуінің белең алуының ықпалымен осы жағдай ел ішіндегі жаппай жұмыссыздықтың етек алуы, халықтың нақты табысының азаюы, өмір сапасының төмен­деуі секілді үдерістермен қабаттаса жүрді. Мәсе­лен, 1990 жылмен салыстырғанда 1995 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 38,6 пайызға, халықтың нақты ең­бекақы­сының көлемі 69,9 пайызға, тағайын­дал­ған зейнет­ақылардың көлемі 77,3 пайызға төмендеп кетті.

1991-2001 жылдар аралығында 2,5 миллионға жуық тұрғын елден кетті. Қазақстаннан сыртқа кеткен халықтың басым бөлігін еңбек жасындағы адамдар құрады. Мұның өзі еңбек нарығының жағдайына да елеулі әсер етті. Жұмыс істеушілер азайып, жасы еңбек жасынан асқан немесе еңбекке жарамсыз адамдар саны көбейе түсті. Халықтың та­биғи өсімі де төмендеді. 1975-1990 жылдар ара­лы­ғында осы табиғи өсімнің, яғни туудың өлуден асып түсуінің есебінен халық саны жылына 233-294 мың адам аралығында өсіп отырса, 1998 жылы бұл көрсеткіш 3,2 есе азайып, бар болғаны 68,1 мың адамды құрады. Мұнан кейінгі жылдары та­биғи өсім қайта күшейіп, 2010 жылы оның көр­сет­кіші 220,3 мың адамға жетті. Мұның сыртында шет елдерде жүрген қандастарымыз елге орала бас­тады. Осындай оң үдерістердің нәтижесінде ха­лықтың саны 1990 жылдардағы деңгейге қайта жетіп, қазіргі күні 17,1 миллион адамды құрап отыр [2].

Халық санының қайтадан өсуіне ең бірінші кезекте елімізде жүргізілген тиімді экономикалық саясаттың ықпалы зор болғандығы белгілі. Тәуел­сіз­дік жылдарының алғашқы сәтінен бастап Ел­ба­сы­мыздың «алдымен – экономика, содан кейін – сая­сат» деген қағиданы басшылыққа алып, жұмыс істегені белгілі. Осының нәтижесінде Қазақстан эко­номикасы тез көтерілді. Бұл әлеуметтік сала­ның жақсаруына да айтарлықтай ықпал етті.

Халықтың тұрмыс деңгейі – халықтың ауқаттылығын көрсететін категория, адамның материалдық, әлеуметтік қызметтер мен игіліктерді тұтынуы және нақты сұранымдарын толығымен қамтамасыз ететін жиынтық көрсеткіш (Кесте 1).

 

Кесте 1 - Халықтың  тұрмыс деңгейінің  негізгі әлеуметтік-экономикалық индикаторлары

Көрсеткіштер

2009 жыл

2010 жыл

2011 жыл

2012 жыл

2013 жыл

1. Орташа айлық атаулы жалақы, теңге

 

67333

 

77611

 

90028

 

101263

 

109141

2. Ең төменгі күнкөріс минимумы, теңге

 

12660

 

13487

 

16072

 

16812

 

17789

3. Зейнетақының орташа көлемі, теңге

 

17090

 

21238

 

27388

 

29644

 

31918

4. Орташа АӘК, теңге

1130

1194

1494

1605

1932

5. Орта мерзімді атаулы жалақының ең төменгі күнкөріс деңгейіне ара-қатынасы

18,8/81,2

17,4/82,6

17,8/82,2

18,7/81,3

16,3/93,4

6. Зейнетақының орташа көлемінің ең төменгі күнкөріс деңгейіне ара-қатынасы

74,1/25,9

63,5/39,5

58,7/41,3

57/43

55,7/44,3

7. Орташа АӘК

ең төменгі күнкөріс деңгейіне ара-қатынасы

9/91

8,8/1,2

9,3/0,7

9,5/0,5

10,7/89,3

Ескерту - ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері негізінде дайындалды

 

Жоғарыдағы мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасындағы халықтың тұрмыс деңгейінің негізгі әлеуметтік – экономикалық индикаторларына талдау берілген. Талдау деректері бойынша орташа айлық атаулы жалақы 2009 жылы 67333 теңгені құраса, 2013 жылы 109141 теңгені құрап 61,7 пайызға өсіп отыр. Ең төменгі күнкөріс минимумы 12660 теңгеден 2013 жылы 17789 теңгеге дейін өсіп, 71,2 пайызға жоғарлаған. Зейнетақының орташа көлемі 2009 жылы 17090 теңгені құраса 2013 жылы 31918 теңгені құрады, яғни бұл 2009 жылмен салыстырғанда 53,5 пайызға өсіп отыр [3].

Мемлекеттегі жоғары өмір сүру стандарттарының қарқынды дамуы сол мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі екендігі белгілі.

Сол себепті әлеуметтік саланы қорғау жүйесін жетілдірудің келесі бағыттарын атап өтуге болады:

-       әлеуметтік қорғауды дамытуда мемлекеттік реттеудің маңыздылығын көтеру;

-       халықты әлеуметтік қорғау жүйесін қаржыландыру механизмін жетілдіру;

-       аймақтық деңгейдегі әлеуметтік қорғау саясатын жүзеге асырудың тетіктерін үйлестіру.

Қорыта айтқанда, әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты бағыттарының бірі бола отырып, қоғамның өмір сүру сапасының артуы, тұрмыс жағдайының жоғары деңгейде болуының шарты болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.   Назарбаев Н.Ә. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол». Қазақстан халқына Жолдауы //Егемен Қазақстан. – 2014. – 12 қараша.

2.   Пірназарова А.Е. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесін қаржымен қамтамасыз етуді жетілдіру жолдары: 6М050600: э.ғ.м...дисс.авторефераты. – Қызылорда. 2012. – 22 б.

3.    «Қазақстандағы халықтың тұрмыс деңгейі» Статистикалық жинақ / 2014. – 164 б.