Каримова Р. Е. – п.ғ.м., аға оқытушы

Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы

 

ПРОФЕССОР Р. М ҚОЯНБАЕВ  БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА  ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКАҒА ЗОР ҮЛЕС ҚОСТЫ

 

   Қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында өздігінше, еркін ойлау қабілеті бар, тәрбие, білім беру үдерісін модельдей алатын, тәрбие және білім берудің жаңа технологиялары мен жаңа идеяларын өздігінше іске асыра алатын болашақ мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің деңгейін арттыру өзекті мәселе, себебі, біріншіден, кәсіби құзыретті мұғалім мектептің тәрбие - білім беру үдерісінде шығармашыл оқушылардың қалыптасуына дұрыс әсер етеді; екіншіден, өзінің кәсіби қызметінде жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады; үшіншіден, кәсіби мүмкіндіктердің іске асуына ықпал жасайды.  Жоғары дәрежелі кәсіби құзыреттілік болашақ маманның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

«Педагогтың кәсіби құзыреттілігі» ұғымын – оның кәсіби қызметін тиімді жүзеге асыру қабілеті деуге болады. Кәсіби құзыреттілік – педагогтың үш компоненттен тұратын интегралды сипаты, яғни когнитивтік (білім), операционалдық (қызметін жүзеге асыратын әрекеттер жиынтығы) және аксиомологиялық (өз басында белгілі құндылықтың болуы, оны бағалау және келешекке жобалау) [1] .

 Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасының жобасында «12 жылдық мектептің педагогы жоғары деңгейде қалыптастырудың бірнеше құзыреттілігін игеруге міндетті» деп педагог құзыреттілігінің мынадай үш түрін атаған [2]. 

1. Арнайы құзыреттілік - өзінің кәсіби қызметімен жоғары деңгейде айналысатын және өзінің кәсіби дамуын одан әрі жобалай білетін қабілет;

2. Әлеуметтік құзыреттілік – кәсіби қызметпен бірге (ұжыммен, топпен) айналысатын, кәсіпті басқаруға қабылданған кәсіби қарым-қатынас тәсілдерін қолдана білетін және ынтымақтастықта болатын қабілет;

3. Білімдік құзыреттілік – білім беру әрекетінде кәсіби білімді, білік пен дағдыны, мақсат қоюшылықты игеруге деген қызығушылық, білім беру әрекетінде субъектілік пен креативтіліктің дамуына ынталылық, педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.

  12-жылдық білім беруге көшу жағдайында болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру өзінің күрделілігімен, көпқырлылығымен және көп өлшемділігімен айқындалатын  үдеріс.  

  Осындай жауапты да қиын міндетті жүзеге асыруда  педагогикалық практиканың  алар орны ерекше. Өйткені студенттердің яғни болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің  кәсіби педагогтік  қызметке алғаш  араласуы  осы практикадан басталады. Олар тұңғыш рет осында педагогтік жұмыстың  ерекшелігімен жанасады.

 Осыған  сәйкес педагогикалық практиканы студенттердің оқу әрекетінің логикалық жалғасы ретінде жүйелі, үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етіп, оны «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына алғаш енгізген педагог-ғалым Р.М. Қоянбаев болатын. Ол болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін қалыптастыруда педагогикалық  практика үдерісін  жетілдіру ісіне өте жауапкершілікпен,  ұқыптылықпен, зерттеушілікпен қарауды талап етті.

 Педагогикалық практика кәсіби қызметке кезеңмен енгізу ұстанымына негізделген. Ол оқу үдерісінің барлық кезеңдерін қамтып, әр курсқа сәйкес кәсіби даярлаудың мақсат, міндеттеріне қарай теориялық қамтамасыздық  пен студенттерді даярлаудың деңгейін күрделендіру жағдайында қарастырылған.

Педагогикалық практика түрлерінің оқу жоспарына бірізділікпен жүйелі енгізілуі болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың ең басты алғашарты болып табылады. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімін дайындау мақсатындағы әрбір педагогикалық  практиканың өзіндік  ерекшеліктері, мақсат, міндеттері мен  мазмұнының жүйесі болашақ маманның кәсіби іскерліктерінің дамып жетілуіне  ықпалын тигізеді. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес 050102 - «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының барлық оқу мерзіміндегі педагогикалық практиканың төмендегідей түрлері оқу жоспарында қарастырылған:

Педагогикалық мамандыққа кіріспе (1-курс, ІІ семестр, 2 апта).

Тәрбие жұмысының технологиясы (1-курс, ІІ семестр, 3апта)

Оқушы тұлғасының психологиялық-педагогикалық диагностикасы (2-курс, ІҮ семестр, 3 апта).

Ғылыми-педагогикалық зерттеулерді жүргізу әдістемесі (2-курс, ІҮ семестр, 3 апта)

Сабақ беріп көру практикасы (3-курс, ҮІ семестр, 5-апта)

Мамандандырылу бойынша практика  (3-курс, ҮІ семестр, 5-апта)

Баланың мектептегі алғашқы күндері (4-курс, ҮІІ семестр, 2 апта).

Мемлекеттік педагогикалық практика (4-курс, ҮІІ семестр, 5 апта).

Педагогикалық практиканы студенттердің меңгерген теориялық білімдеріне негіздей отырып, бірізділікпен ұйымдастыру студенттерге мектептегі оқу-тәрбие үдерісінің ерекшеліктерімен бірте-бірте танысуға мүмкіндік береді.

1-2 курстардағы педагогикалық практика педагогикалық-психологиялық пәндерді оқумен сәйкес жүргізіледі. Бұл практикалардың негізгі мақсаты студенттердің мұғалім іс-әрекетінің әлеуметтік маңыздылығын, оның оқушы тұлғасының қалыптасуына ықпалын ұғынуы және бастауыш сыныптардағы оқу-тәрбие процесін бақылай отырып, оны диагностикалау, талдау дағдыларын меңгеруі болып табылады.

3-4 курстардағы педагогикалық практика – жеке пәндердің әдістемелері толық оқылғаннан кейін жүргізілетін белсенді практиканың түрлері. Олар төменгі курстардағы педагогикалық практикалардың логикалық жалғасы болып табылады.

3-курстағы «Сабақ беріп көру» практикасы мектептегі оқу-тәрбие жұмысын өз бетінше жүргізуге болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін кәсіби даярлаудың келесі кезеңін қамтиды. Практиканың бұл кезеңдегі мақсаты  - оқылған әдістемелік пәндердің негізінде педагогикалық білік пен дағдыны тәжірибеде қалыптастыру.

Осыған сәйкес педагогикалық практиканың міндеттері:

1. Мектептегі оқу-тәрбие жұмысын іске асыру барысында педагогикалық білім мен дағдыны қалыптастыру мен жетілдіру;

2. болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін төмендегідей кәсіби –педагогикалық әрекет түрлерін орындауға қатыстыру:

- оқу (пәндер бойынша сабақ және сабақтан тыс жұмыстарды жүргізу);

- тәрбие ( тәрбие жұмысын жоспарлау және оны сынып оқушыларымен жүргізу);

- әдістемелік (көрнекі-құралдар мен дидактикалық материалдарды дайындау).

Педагогикалық практиканың мазмұны:

1. Бастауыш сынып мұғалімінің күнтізбелік-тақырыптық жоспарымен және тәрбие жұмысының жоспарымен танысу.

2. Бастауыш сынып мұғалімдерінің ашық сабақтары мен студент-практиканттардың сабақтарына қатысу, оларды талдауға қатынасу.

3. Бастауыш сыныптардың оқу жоспарындағы барлық сабақтар бойынша кемінде 15 сабақты өз бетінше дайындап, өткізу.

4. Пән бойынша сабақтан тыс жұмыстарды жоспарлап, өткізу (қазақ тілі, математика, дүниетану).

5. Тәрбие жұмыстарының жоспарларын жасау, өткізу.

6. Сыныптағы оқушы тұлғасын педагогикалық үдерістің субьектісі ретінде зерттеп, жеке оқушыға психологиялық-педагогикалық мінездеме жазу.

7. Курстық жұмыстың тақырыбы бойынша тәжірибелік материалдар жинақтау (озат педагогикалық іс-тәжірибелерді жинақтау, оқып-үйрену).

Оқу жоспары бойынша «Сабақ беріп көру» практикасы мамандандырылу бойынша жүргізілетін практикаға ұласады. Соңғы жылдары «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алатын студенттер ІІ курстан бастап өз қалауымен ағылшын тілі, информатика және музыка пәндерінің бірі бойынша қосымша мамандандырылады. Осыған сәйкес «мамандандырылу» практикасында студенттерді өзінің мамандандырылған саласы бойынша (ағылшын тілі, информатика және музыка пәндерінің бірінен) бастауыш сыныптарда сабақ жүргізуге дайындаймыз. Ол келесі кезеңдегі мемлекеттік педагогикалық практикада жалғасын табады.

4-курстағы мемлекеттік педагогикалық практика студенттер баланың мектептегі алғашқы күндерін бақылағаннан кейін жүргізіледі. Бұл практиканың мақсаты – студенттерді болашақ бастауыш сынып мұғалімі қызметін тұтас атқаруға дайындау.

Педагогикалық практика барысында мынадай міндеттер шешіледі:

- оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға, басқаруға мұғалімнің даярлығын қалыптастыру;

-студенттердің оқу-тәрбие жұмысында жаңа педагогикалық  технологияларды жүзеге асыру біліктілігін жетілдіру;

-сыныптағы балалар ұжымының қалыптасуын зерттеу үшін жалпы педагогикалық білім, білік, дағдыларын жетілдіру;

-педагогикалық іс-әрекетке шығармашылық тұрғыдан қарауды қалыптастыру;

Мемлекеттік педагогикалық практиканың мазмұны:

    1. Сыныпта жүргізілетін барлық оқу пәндері бойынша бағдарлама, оқулық, әдістемелік әдебиеттермен танысып, күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар мен  тәрбие жұмысы жоспарының жасалуын меңгеру.

   2. Өзара сабақтарға қатынасу, оларды талдау.

   3. Бастауыш сыныптардың оқу жоспарындағы барлық сабақтар бойынша кемінде 30 сабақты өз бетінше дайындап, өткізу және жаңа педагогикалық технологияларды қолдану.

    4. Сабақтан және сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын жоспарлау және өткізу.

    5. Мектептің педагогикалық кеңесінің жұмысына қатынасу.

    6. Бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік жұмыс жүйесін үйрену және бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінің жұмысына қатынасу.

    7. Сыныптағы балалар ұжымын зерттеп, ұжымға психологиялық-педагогикалық мінездеме жазу.

    8. Диплом жұмысы бойынша тәжірибелік материалдар жинақтау.

Байқап отырғанымыздай, практика кезіндегі студенттің қызметі, кәсіби ұстаздың қызметіндей, іс-әрекеттің (білім беру, дамыту, тәрбие беру) және қарым-қатынастың (оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер, студенттермен) әр түрлілігімен сипатталады.

Қорыта келе айтарымыз, 050102-Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығындағы педагогикалық практиканың профессор Р.М.Қоянбаев қалыптастырған жүйесі болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігінің қажетті деңгейін қамтамасыз ететінін көреміз.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Маркова А.К. Психология труда учителя. – М.: Просвещение, 1993.

2. Қазақстан Республикасы 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы (жоба) // 12 жылдық мектеп.   2006. № 8.