Ж.М.Қырықбаева,

Х.Досмұхамедов атындағы

 Атырау мемлекеттік университеті

Қазақ тілі және әдебиет кафедрасының

аға оқытушысы

 

             Тілді меңгерту, дамыту  әдістерінің бірі - өзіндік жұмыс түрлері

    

      Аңдатпа

Бұл мақалада өзіндік жұмысты түрлендіріп өткізу арқылы студенттің белсенділігін, пәнге деген қызығушылығын арттыруға,  рухани,логикалық ой-өрісін кеңейтуге, шығармашылық, ғылыми көзқарастарын дамытуға, жазбаша және ауызша тіл дамыту жұмыстарын сауатты орындауға, өзіндік ұсыныстар жасай білуге,ойталқыға түсуге,қосымша ақпараттар,мәліметтерді жинақтауға, өзіндік талдау, сараптама жасауға, әдебиеттермен танысуына мүмкіндік алатындығы қарастырылады.

Негізгі сөздер

Өзіндік жұмыстарды топтастыру, шартты белгілер,жаңа білімді меңгеру,материалдарды талдау,жаңа білімді бекіту,білім мен дағдыларды қайталау,бақылау және тексеру, проблемалы логикалық тапсырмалар, репродуктивтік жаттығулар, творчестволық жұмыстар, сызбалық әдіс, модельдеу, конструкциялау.

 

ЖОО-да өзгетілді топтарда қазақ тілінен берілетін білімнің көлемі фонетика, лексика, морфология, синтаксис тарауларының теориялық-ғылыми негіздерінің жиынтық тізілімдері (матрицалары) жүйеленіп, лексикалық тақырыптар, модульдік технология қағидасына толықтай үйлестіріліп құрылған. Модульдік технологиямен қатар проблемалық, программалық, алгоритмдік, дамушылық бағыттағы оқыту т.б. қажетті деген амалдардың құрамдары интеграциялық тұрғыда ұсынылады.

        Студенттің қазақ тілін меңгерудегі белсенділігі өзінен-өзі тумайтыны белгілі. Ол үшін оқытушы мен студенттің арасындағы белсенді әрекет жүзеге асырылуы қажет. Кредиттік оқыту үрдісінде студент  оқытушы талап еткен тілдік тапсырмаларды  ғана емес ,сонымен бірге өз бетінше ізденіп, қосымша ақпарат,мәліметтер арқылы қазақша сөздік қорын байытуға, қазақтың мақал-мәтелдерін, өлеңдерін, шешендік сөздерін жаттап үйренуге, қазақша телехабарларды көріп, тыңдап, тұрмыстық,қоғамдық лексика мен мамандығына қатысты кәсіби лексиканы,терминдерді меңгеруге, мүмкіндігінше барлық жағдайда қазақша сөйлесуге тырысуы керек. Сондықтан студенттер үшін силлабуста:

Қазақ тілінен СӨЖ өткізу түрлері(ұсынылған тақырыптар тізімі);СӨЖ бойынша білімі мен дағдысын бақылау түрлері;СӨЖ бойынша әдістемелік нұсқау т.б. арнайы кестелік үлгілері көрсетілген.

Білімдену кеңістігінде қоғамның сұранысына орай білімді, жан-жақты маманды дайындауда білім жүйесі жаңаша әдіс-тәсілдермен жасақталуы керек.Кредитті технологияның күрделілігі сол – ол оқытушылардың үйреншікті әдіс-тәсілдерінен арылуды талап етеді.Бүгінде оқытушылар студенттің өздік жұмысын ұйымдастыруға бағытталған оқу үрдісінде жобалау методикасы, ізденушілік, рөлдік-иммитациялық ойындар, баспасөз конференциясы, шағын топ, пікір-талас (дебат), ойталқы, интерактивтік әдіс, қатысымдық, проблемалық ситуация туғызу, түсіндіру, баяндау әдістерін қолдана отырып, инновациялық технологияларға негізделген дәстүрлі және дәстүрлі емес сабақ түрлерін өткізіп жүр. Кредиттік технологияда оқытушы студенттерге дайын ақпаратты ғана беріп, дәстүрлі үлгі бойынша емес, студенттің өзіндік іс-әрекетін ұйымдастырушы, басқарушы, бақылаушы, реттеуші, өзгертуші, бағалаушы ретінде қызмет етеді. Әрине бұл үшін оқытушының да,студенттің де дайындығын жетілдіруіне, білім беруде басқарушыға тән іс-әрекет жүйесімен жұмыс жасауға, теориялық және практикалық тұрғыдан білім және білік дағдыларын толықтыруына бағытталған көптеген тетік көздері бар (ғаламтор, кітапхана, бұқаралық ақпарат құралдары, телеарна, радио желілері).        

Студенттермен орындалатын өзіндік жұмыстарының түрлері сан алуан.      

Оларды топтастыру – өте күрделі мәселе. Осы күнге дейін педагогикалық және методикалық әдебиеттерде көпшілік мақұлдаған бұл жұмыстарды топтастыру немесе классификациялау жүйесі жоқ. Сондықтан студенттердің өзіндік жұмыстарын топтастыру үшін бірнеше шарттар мен белгілерді ескермесе болмайды. Студенттердің дербестігінің даму дәрежесіне қарай, олардың өздігінен істейтін жұмыстары репродуктивтік және творчестволық болып арнайы екі топқа бөлінеді. Репродуктивтік жұмыстарға студенттердің дайын үлгіге еліктеу негізінде жасайтын жұмыстары (жай жаттығу, көшіріп жазу, оқытушының берген сұрақтарына кітаптан жауап беру, берілген жоспарға сәйкес оқулықтағы мәтінмен жұмыс істеу, т.б.) жатады.

Оқытудың мақсат-міндеттеріне, жеке пәннің мазмұнына, ғылым мен оқыту әдістерінің ерекшеліктеріне, студенттердің деңгейіне, оқыту процесіндегі алатын орнына, студенттердің міндетті түрде немесе өз еркімен істейтін жұмысына т.б. белгілеріне қарай олардың өздігінен істейтін жұмыстарын бірнеше топқа бөлуге болады.

Оның ең жиі кездесетін бір тобы-сабақ мақсатына қарай қолданатын жұмыстың түрлері:

а) жаңа білімді меңгеру (материалды жан-жақты талдау, оқытушының ауызша баяндауының жоспарын, конспектісін жасау т.б. тәсілдерге үйрену);

ә)  жаңа білімді бекіту (түрлі жаттығулар, грамматикалық, лексикалық, фонетикалық т.б.);

б) білім мен дағдырларды қайталау, бақылау және тексеру (түрлі жазбаша, графикалық, практикалық т.б. жұмыстар).

Студенттердің өзіндік жұмысы білік пен дағды қалыптастырудың тиімді жолы болғандықтан В.А Сухомлинский студенттерге оқуға қажетті білім пен дағдырлар жүйесін меңгеруі қажет дейді. Оның пікірінше, мектепте он жыл жемісті оқу үшін, оқушы міндетті түрде, мынадай біліктер мен дағдыларға ие болуы тиіс:

сыртқы қоршаған ортаның құбылыстарын бақылай білу; ойлай білу; нәрселерді салыстыру, қарама-қарсы қою, түсініксіз нәрсеге жауап іздеу; таңырқау;студенттің көргенін, байқағанын, істелгенін, ойын тұжырымдап айта білуі; жылдам, мәнерлеп, сапалы түрде оқи білу; жылдам және дұрыс жаза білу; оқыған материалдың мағынасына қарай логикалық бөліктерін айыра білу, олардың өзара байланыстарын ажырату; өзіне керек кітапты таба алу; өзіне керекті мәселеге тиісті материалды кітаптан таба алу; материалды оқу үстінде мәтінге алғашқы логикалық талдау жасай білу; оқытушыны тыңдай білу және оның әңгімесін қысқаша жазып алу; мәтінді оқи отырып, оқытушының сол мәтінмен қалай жұмыс істеу туралы берген нұсқауларын ескере білу; көрген-білгендері туралы шығарма жаза білу.

Студенттерде осындай шеберліктер мен дағдылар жүйесі болмаса, онда олар ойдағыдай оқи алмайды, оқуға үлгірмейтін, тіпті оқығысы келмейтін де жағдайға ұшырайды деп ескертеді В.А.Сухомлинский.

Студенттердің өзіндік жұмыстарының екінші тобына ғылым және оқыту әдістеріне байланысты іске асырылатын жұмыстардың түрлері жатады: оқулықпен, оқу құралымен және басқа да ғылыми аңықтама әдебиеттерімен жұмыс істеу; творчестволық жаттығулар, бақылау, эксперимент, экспедиция, археологиялық зерттеулер сияқты т.б. Мысалы, Н.Дайри сабақ үрдісінде студенттердің өзіндік жұмыстарының мынадай түрлерін қолдану пайдалы деп есептейді:

Проблемалы логикалық тапсырмалар. Мұндай тапсырмалар арқылы оқу материалының негізгі мән-мәзмұның (табиғат пен қоғам құбыластарының себеп-салдарлық байланыстарын) түсіну мақсаты іске асырылады. Студенттер тапсырманы оқытушының жаңа материалды баяндау кезінде, оқулықпен, тарихи құжаттармен және көрнекі құралдармен жұмыс істеу негізінде орындайды;

Студенттерді ғылымның кейбір методтарын (әдістерін) қолдануға үйрету;

Алған білімді қайта қорыту, қайта жасау, қайта өзгерту әрекетіне үйрету (жоспар, тезистер құру, конспект жазу, бір мәселеге байланысты бірнеше әдебиеттерді пайдаланып, хабарлама, баяндама жасау, олардың мазмұнын жақсы меңгеріп, өз сөзімен айтып беру т.б.);

Бағалай білу әрекеттеріне үйрету. Бұған студенттердің өздерінің ауызша берген жауаптарына, жазба жұмыстарына, диспутта (пікір-сайыста) сөйлеген сөздеріне баға беруі жатады; Алған білімді тәжірибеде, қоғамдық пайдалы жұмыстарда қолдану (ғылыми білімдерді тарату, өлкетану жұмысы т.б.).

Творчестволық жұмысқа студенттердің өздігінен шығарма, баяндама, реферат, рецензия, көрнекті құралдар, модельдер, конструкциялық жұмыстар жасауы т.б. жатады. Әрине, репродуктивтік және творчестволық жұмыстар өзара байланыста болады, біріншісі екіншісіне ауысып отырады. Мысалы, тілді меңгерту сабақтарында мұндай жұмыстар мынадай бағытта іске асырылады:

·        Жай жоспардан түрлі тақырыптарға шығарма жазуға дейін;

·        Творчестволық шығармадан студенттердің өз творчествосына дейін;

·        Көркем мәтінді қарапайым талдаудан (әдебиеттік оқуда) жоғары сатыларда мазмұн мен форма бірлігінде тұтас талдауға дейін;

·        Оқулықпен істейтін қарапайым жұмыстан қосымша екі-үш әдебиетті,сөздікті қатар пайдаланып, өздігінен жұмыс істеуге дейін;

·        Оқыған көркем мәтін үзінділерінің мазмұнына жай жоспар жасаудан лекция жоспарын жасап, конспект, тезис, реферат жазуға дейін; Оқытушының сұрақтарына жауаптан баяндама, диспутқа дейін.

Төртінші топқа – оқытушының тапсыруынсыз: міндетті түрде емес, студенттердің өз еркімен, ықыласымен жасайтын жұмыстары жатады: қосымша әдебиеттерді оқуы, ғылыми үйірмелер мен ұйымдардың жұмысына араласып, сайыс, олимпиадаларға қатысуы, қоғамдық пайдалы жұмыстарға, үгіт-насихат, көпшілік мәдени-ағарту, өлкетану жұмыстарымен шұғылдану т.б.

Студенттердің бұлардан басқа өзіндік жұмыстарының жеке студенттің түгел топ болып немесе топтарға бөлініп әрекеттенуіне қарай дара және фронтальды формалары болады. Осыған орай оның ұйымдастыру формасын жеке және фронтальды деп топтастыруға болады. Эстониялық ғалым-педагог О.А.Нильсон студенттердің өзіндік жұмыстарын мынадай принциптерге қарай топтастырады:

·        Психологиялық (ойлау амалдарын қолдануға байланысты);

·        Психологиялық-дидактикалық (студенттер жасайтын әрекетке байланысты);

·        Дидактикалық (жұмыстың атқаратын функциясына байланысты);

·        Дидактикалық-әдістемелік (проблемалы тапсырмалардың дәрежесіне байланысты);

·        Әдістемелік (берілетін хабар қандай құралдар, жағдайлар негізінде берілуге байланысты);

·        Ұйымдастыру-әдістемелік (жұмыстың орындалуын басқаруға байланысты);

·        Ұйымдастыру принципі (жұмысты ұйымдастыру формасына байланысты).

Студенттердің өзіндік жұмыстарының барлық топтарын оқытушы оқыту процесінде жүйелі түрде әрқайсысын өзіне тиісті жерінде қолдануға міндетті және оның бір ерекшелігі-оқыту процесінің барлық кезеңдерінде (жаңа білім беру, оны бекіту, қайталау, бақылау және тексеру) қолдануға болады.

Қ.Бадырақов қазақ тілі және әдебиеті сабақтарында студенттердің өзіндік жұмыстарын олардың таным, іс-әрекетінің ерекшеліктеріне қарай үш түрлі бағытта ұйымдастыруды ұсынады:

1. Репродуктивті типтегі өзіндік жұмыстар. Студенттер мұндай жұмыстарды (есте қайта жаңғыртып, тексеретін, шолу түріндегі жұмыстар) өздерінің меңгерген білімдеріне сүйене отырып орындайды. Мысалы: өзін-өзі тексеру сұрақтары.

2. Творчестволық типтегі өзіндік жұмыстар. Творчестволық жұмыстың бұл түрлерін атағанда, студенттер өзінің болжау, топшылау, түрлі құбылыстардың арасындағы байланыстарды салыстыра білу қабілетіне сүйене отырып, ой қорытындысын жасап, жаңа шешім табады, өзіндік жаңалық ашады. Сөйтіп, бұл жағдай белгілі дәрежеде студенттердің бейімділігін айқындап береді. Қазақ тілі пәні мұндай творчестволық жұмыс түрлері арқылы студенттердің ішкі дүниесінің тілге бейімділігін, сөздік қорын, сойлеу тілін, сөйлеу мәдениетін, сөз өнерінің құдіретін қаншалықты деңгейде түсінетінін анықтайды.

3. Іздену-таным типтегі өзіндік жұмыстар. Бұл жұмыстар барысында студенттер өздігінен әрекеттеніп, бұдан бұрын өзіне белгілі үлгіні еске қайта жаңғыртып қана қоймайды, тапсырманы орындаған кезде өзі бұрын меңгерген білім мен дағдырларды пайдалана отырып, мәселенің шешіміне жаңа тәсілмен табады. Бұл – студенттердің таным қабілетін дамытудағы негізгі творчестволық жұмыстың бірі болғандықтан, оны қазақ тілі пәнін оқытуда пайдалану мақсаттарына қарай сұрыптауды қажет етеді.

 Студенттердің жеке таным, зерттеушілік іс-әрекеті үстінде қалыптасатын жаңа білімді дағды мен шеберлікті дамытатын өзіндік жұмыстар: танымдық міндеттер қою, материалды проблемалы баяндау, проблемалық жағдай, талас туғызатын сұрақтар, іздену тәжірибесі (эксперимент), зерттеу міндеттерін қамтиды.

 Білімді практикада қолдана білу дағдыларын дамытатын өзіндік жұмысқа: лекция, баяндама, мақала, іс қағаздары, өлкетану, қаланың, республиканың әдеби өмірін бақылаулар; нақты құжаттармен жұмыс, олардың ерекше белгілерін даралап, қарапайым анықтамалармен бекіту; теориялық қағидаларды жазба әдеби фактілер мен құрбылыстардың табиғатын айқындауға жаттығулар жүргізіп, тапсырмалар беруге, сол арқылы жаңа тілдік фактілер мен құбылыстардың арасындағы негізгі байланыстарды ажырату, ауызекі және жазба тілді дамытуға бағытталған творчестволық шығармалар, жаттығулар орындауға пайдаланулар жатады.

Кейбір авторлар оқытуда студенттердің өзіндік жұмыстарын сол ғылымдардың әдістерді меңгерумен байланыстырады. Студенттер теория жүзінде ғана емес, практикада да ғылымда қолданатын мынадай әдістерді меңгеруі қажет: бақылау, эксперимент, салыстыра-талдау, сызбалық әдіс, модельдеу, конструкциялау.

Қорыта айтқанда, өзіндік жұмысты түрлендіріп өткізу, студенттің белсенділігін, пәнге деген қызығушылығын,  рухани ой-өрісінің кеңеюін, творчестволық, ғылыми көзқарастарының дамуына септігін тигізері сөзсіз.

Өзіндік жұмыс – оқу танымдық әрекеттің ерекше түрі. Оны орындау барысында оқытушы тек кеңес беруші, бағыттаушы қызметін атқарады. Өзіндік жұмыс студенттің өз біліміне деген жауапкершілігін арттырып, оны өз білімінің траекториясын анықтауға және қолданатын білім әдістерін таңдауға баулиды. Сөйтіп оның еркін әрекет жасау дағдысын қалыптастырады. Бүгінгі күні бұл біліктерді меңгеру білім алу үрдісінің басты мақсатына айналып отыр. Өздік жұмыс студенттің семестр бойы пәнді жүйелі түрде меңгеруді, игерілген білім, білік, дағды, түсінік пен құзіреттілікті бекітуді, семинар сабақтарына жан-жақты дайындалуды қамтамасыз етіп, өздігінен үйрену дағдырларын қалыптастырады. Оқу үдерісіндегі СӨЖ-дің мазмұны мынадай талаптарға сай болуы қажет: тапсырма мазмұны студенттің болашақ кәсіби ерекшеліктерін ескере отырып жасалуы керек; бұған дейін қамтылған білімге сай құрылуы керек; берілген тапсырма түсінікті, кәсіби саламен байланысты мәселені ұсынатындай болуы тиіс. Тақырып зерттеуге, ізденіс әрекетін туғызатындай мазмұнда берілуі керек; тапсырма мазмұны мен орындау тәртібі бірте-бірте күрделене түсуі керек. Сонымен,  «Қазақ тілі» пәнінің білім мазмұны, ғылыми-теориялық білім негіздері студенттермен орындалатын өздік жұмыс түрлері, лингвистика, психология, педагогика ілімінің заңдылықтарына сүйеніп, біліктілігі жоғары маман даярлауға бағытталады.

                                                

                                                

  Резюме

В этой статье рассматриваются различные виды, принципы, методы проведения самостоятельных работ студентов на уроках казахского языка, которые расширяют кругозор и языковые навыки, дополняют теоретические знания и стимулируют к творческому подходу выполнения заданий, развивают понятия с точки зрения науки.

 

                                                         Summary

This article discusses the different types, principles, methods of independent work of students on the lessons of the Kazakh language which broadens the mind and language skills, complement the theoretical knowledge and  stimulate creativity assignments, develop concepts from the point of view of science.