ДИАЛОГ ПЕН МОНОЛОГ ЖАСАУДАҒЫ СТИЛИСТИКАЛЫҚ ҚАЙТАЛАМАЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Қазақ тілі мен әдебиеті магистрі, аға оқытушы Есенғазина Б.Б.,

 Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

 

Қайталаманы қазақ ғалымдары ішінде алғаш таныған А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде:  «Бір сөзді яки лебізді қайта-қайта айту қайталақтау деп аталады. Ондай қайта-қайта айту –нәрсенің өзін яки амалына көбірек назар салғызу үшін істеледі», -дейді [ 2.78].

Академик З.Қабдолов қайталауды фигураның бір түрі ретінде қарастырады. Ғалым:«Фигураның бір түрі –қайталау –сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды ұғымға мұқият сіңіре түсу», -деп көрсетеді [1.55].

Қайталаманы тұңғыш рет лингвистикалық бірлік ретінде қарастырған Р.Сыздық болды. Ғалым «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиясында Абай шығармаларында қолданылған қайталамаларға терең талдау жасайды. Ғалымның қайталама туралы көзқарасы «Сөз құдіреті » еңбегінде одан әрі дамытылады [9.63].

Қайталамалардың актив қолданылатын орны –көркем шығарма. Онда жиі қолданыла отырып, қайталамалар стильдік және құрылымдық қызметтер атқарады. Қайталаманың көркемдеуіш тәсіл ретіндегі стильдік қызметі жазушының шеберлігі мен дара стиліне тығыз байланысты болып келеді.

Ғалым О.Бүркітов өзінің докторлық диссертациясында қайталамалардың стильдік қызметі туралы былай дейді: «қайталамалардың негізгі ерекшеліктерінің бірі –оның стильдік қызметінің ауқымдығының кеңдігі» [3.8].

Ә.Нұрпейісов «Соңғы парыз» романында диалог пен монологтарды беру барысында қайталама құбылысын батыл қолданып, көркемдік аясын, стильдік қызметін кеңейте түскен. Жазушы белгілі бір сөзді неше рет қайталаса, сол сөздің соншалықты стилистикалық қызметі болады және де ол қызмет біркелкі емес, әрқилы болып келеді.

Енді сол қайталамаларға тоқталайық.

Дыбыстық қайталамалар.

Дыбыстық қайталамалар қайталама категориясының бір түрін құрайды. Дыбыстар монолог пен диалогта белгілі бір мақсатқа сай қайталанады. Дыбыстық қайталамалардың алғаш пайда болған жанры поэзиялық шығармалар болса да, қазіргі әдеби тілімізде оларды көркем проза тілінен де, публицистикалық шығармалар тілінен де мол кездестіруге болады. Мұның өзі қайталамалардың толық қалыптасқан қайталама түрі екендігін көрсетеді. Дыбыстық қайталамалар өз ішінен ассонанс, аллитерация, паронимикалық аттракция, ұйқас, ырғақ, дыбысқа еліктеушілік сияқты түрлерге бөлінеді.

Паронимикалық аттракция. Кейде көркем прозада дыбыс үйлесімі мен ырғақты жалаң қудалаудың салдарынан ойдың  олқыланып қалатыны болады. Бір түбірден өрбіген сөздер лингвистикада паронимикалық аттракцияны құрайды. «паронимия ( грек. Para –қасындағы және onuma -есім) –семантикалық ерекшеліктері бар сөздердің дыбыстық ұқсастығы» [2.62].

Бұл ерекшелік диалог барысында да байқалады.

-Әй, ана қызыл мойынды көрдің бе?

-Е, көрмегенде ше!..

-Осы жарықтықтың жер түбінен көрінетіні-ақ жақсы (Соңғы парыз, 197б).

 Бұл диалогтарда көр етістіктері жиі қайталанып диалогқа ерекше назар аудартқандай болып тұр. Сол арқылы бір тосын оқиғаның болатындығын сездіріп, кейіпкерді соған сай сипаттайды. Осы сияқты шығарма тілінде қолданылған қайталамалардың барлығы да стильдік қызметтер атқарады.

Ырғақ пен ұйқас.

Осыған дейін әдебиеттану ғылымының ауқымында қарастырылып келген ырғақ пен ұйқасты қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі туралы еңбегінде О.Бүркітов дыбыстық қайталама түрлері ретінде қарастырады. Ырғақ жалпылық сипатқа ие болатын қайталама болса, ұйқас –өлең мәтіндерінің соңында бірнеше жақын немесе бірдей дыбыстардың қайталануы [3.27]. Көркем проза ырғағы туралы профессор Б.Шалабай: «Проза ырғағы эмоционалдық әсер күші жағынан өлең ырғағынан басым түсіп жатады. Жалпы, сөйлеу бөліктерінің қай-қайсысы болса да белгілі ырғақсыз құрылмайтыны белгілі. Ырғақты құрылым мазмұнды жүйелі, әсерлі еткізіп және дәл солай қабылдауға көмектеседі». Біз қарастырып отырған «Соңғы парыз» романындағы ырғақ пен ұйқасқа құрылған диалог пен монологта да осыны айтуымызға болады. Мысалы,

-Бишаралар үй жоқ, күй жоқ тағы боп кеткен шығар. Сенің де түрің келісіп тұрған жоқ екен. Бүгін монша жағып жатыр деген. Бар, жуынып кел! –деп анасы бұны тұрғызып еді...

-Басыңның сақинасы қалай? Мазалап жүрген жоқ па?

-Мені қайтесің. Қара шаңырақ астында таң атырып, күн батырып отырған кісіге қағынды келетін бе еді. Бұл үйдің жандары қайда кеткен?( Соңғы паыз, 79б).

-Саған, сірә, дауа болмас, -деді Бәкизат басын шайқап. ( Соңғы парыз,78 б)

 Лексикалық қайталамалар

Әр алуан стильдік қызметте жұмсалатын қайталамалардың тағы бір түрі –лексикалық қайталамалар. Лексикалық қайталамалар туралы Л.Н.Квиквидзенің берген түсінігі: «К лексическим повторам мы относим повтор слова без кокого-либо изменения его грамматических форм, а так же повтор основы слова, т.е. повторение слова с изменением его флексии, поскольку основа –значимая часть слова, выражающая его главный смысл. Кроме того, элементами лексического повтора могут быть словосочетания и целые фразы, фигурирующие в тексте без изменения и являющиеся или определением –формулировкой какого-либо пониятия, или образным фразеологизмом » [ 5.11].

Лексикалық қайталамалар қайталама категориясының басқа да түрлері секілді өзіндік ерекшеліктерге ие болып, өз ішінен бірнеше түрлерге тармақталады.

К.Қ.Есіркепова өзінің «1960-80 жылдардағы әйел-ақындар поэзиясының тілі» атты еңбегінде лексикалық қайталамалардың оқиға мазмұнын аша түсіп, әр түрлі сипаттағы іс-әрекеттерді бір арнаға жинастыратынын, ең алдымен бір жайтқа ерекше назар аудартуды көздейтіндігіне тоқталып өткен [6.32]

Жазушы лексикалық қайталамаларды монолог пен диалог құруда оқиғаға назар аударту үшін ұтымды қолдана білген. Әсіресе жеке сөздер мен сөз тіркестері жиі қайталанып келіп, түрлі қызметтер атқарады.

Қайталамалар әр түрлі сөз таптарына жатады. Солардың бірі –зат есім.

-Орамал арқылы сүюге де болмай мА?

-Орамал-л?..

-Иә, орамал арқылы. Құдай біледі шешеңе орамал арқылы сүйіспеймін деп уәде берген жоқ шығарсың? ( Соңғы парыз, 144 б)

 Бұл диалогтардағы  зат есімдердің қайталануы ойды жалғастыру, оқиға барысына назар аударту мақсатында жұмсалған.

Қазақ прозасында алғаш 20-30 жылдардан бастап қана қолданыла бастаған қайталама тәсілі 60-80 жылдарда көптеген жазушылардың жиі қолданатын тәсіліне айналған.

Қаламгер шеберлігіне байланысты диалог пен монолог жасауда қайталамалардың шығарма тілінің әсерлілігі мен орамдылығына қызмет етуі мүмкін.

Қайталамалар тілдің көркемдігіш тәсілдерінің бірі болып табылады. Суреткер қаламынан туған қайталамалар шығарманың стильдік бояуын арттырып, кейіпкер сезімін жеткізуде, ойды образды түрде бейнелеуде, оқырманды баурап алуда ұтымды қолданылады.

 

 

Әдебиет:

1. З.Қабдолов. Сөз өнері. Алматы,1992.

2.А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы. Алматы, Ана тілі,1993.

3. О.Бүркітов. Қазақ тіліндегі қайталамалардың лингвистикалық жүйесі. Фил.ғыл.докт.Дисс.Алматы,2001.

4. А.Салқынбай., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. Алматы, 1998.

5. Л.Квиквидзе. Повторы и их стилистическая функция. Тбилиси,1972.

6. К.Қ.Есіркепова. 1960-80 жылдардағы әйел-ақындар поэзиясының тілі.

7. Г.Пірәлиева. Ішкі монолог. Алматы, 1994-138 б.

8.Оразбаева Ф. Тіл әлемі. Алматы:–АнАрыс, 2009–368 б.                         9.Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы: Мектеп, 1980. – 126 б.