К.ф.н. Солтанбекова А.А.

Институт Языкознания имени А.Байтурсынова, г. Алматы

Функционалды грамматика мәселелерін оқытудағы ерекшеліктер

Функционалды грамматика мәселелері орыс тіл білімінде ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынып, арнайы зерттеу нысаны болды. Алайда ХХ ғасырдың басында ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кездің өзінде-ақ ғалымдардың функционалды грамматиканың көптеген мәселелерін терең зерделеп, түсінгені байқалады. Функционалды грамматикаға қатысты қазіргі кезде қолданылып жүрген атауларды қолданбағанымен, ғалымдар функционалды грамматиканың негізгі ұстанымдарын, функционалды-семантикалық категория, өріс, семантикалық инвариант, ұғымдық категориялардың өзіндік ерекшеліктерін терең түсінген. А.Байтұрсынұлы [1], Қ.Кемеңгерұлы [2], Қ.Жұбанов [3] тұжырымдарының бүгінгі таңдағы ғылым жетістіктерімен сәйкес келуі, бір жағынан, ХХ ғасырдың басында ұлттық тіл білімінің қаншалықты құлаштап алға басқанын көрсетсе, екінші жағынан, репрессия зардабының кесірінен ғылым дамуының қаншалықты тежелгенін де танытса керек [4, 75б.]. Қ.Жұбановтың өзі кез-келген затқа атқаратын қызметіне қарай ат тағылады дейді. Құбылыс көп және олар әр түрлі; бір халық оның, бір заттың бір сипатын біліп, екінші жағын білмейді; мұның үстіне біреуін көп, екіншісін аз біледі. Содан келіп атауда түрлілік, көптік туады. Демек, заттың аты оны атқаратын қызметіне қарай қойылады. Академик Марр бұл құбылысты функционал семантика деп атаған (ит ат, ад, ай+ақ; шырақ, шыра; кереге – стена ...); «да» қосымшасы «тағы» сөзінен қысқарған [5, 96 б.].

Қ.Жұбанов 1936  жылы жариялаған «Заметки о вспомогательных и сложных глаголах» атты мақаласында отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің көмекшілік қызметтегі  мағынасы мен мағыналық реңктерін олардың осы шақты берудегі ерекшеліктері тұрғысынан түсіндіреді және  бұл етістіктердің негізгі етістікке қимылдың созылыңқылығын, дүркіндік мағынасын  үстейтін  сыпат (вид) формативтерінің де қызметін атқаратындығын айтады. Төрт қалып етістігін біріктіретін ортақ семантика шаққа қатысты болса, ал айырмашылығы  қимылдың  өту ағымын сипаттауында. Сондай-ақ,  ғалым жетекші етістік пен төрт көмекші етістік тіркесімділігі алдыңғысының  лексика-семантикалық ерекшелігіне байланысты екендігін және оның мағынаға әсерін көрсету арқылы аспектуалды семантиканың берілуіне қатысты  өзекті мәселенің   бағытын да  айқындап береді  [6, 81-89].

Мысалы, функционалды грамматика саласындағы шақтық локалдылық категориясы қазақ тіл білімінде терминологиялық жүйеге ене қойған жоқ, әрі арнайы ешкім зерттеген жоқ, дегенмен шақтық локалдылық категориясы жайлы алғашқы нышандарды А.Байтұрсынұлынан, Қ.Кемеңгерұлынан, Қ.Жұбанов т.б. ғалымдардың еңбектерінен көруге болады. Олардың шақтарды тануда ұқсастықтар мен біраз алшақтықтар кездеседі... «Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбановтар байқағанындай, бұл көрсеткіштердің біраз ерекшеліктері бар. Мәселен, келіп еді, келген еді деген тіркестерде келу қимылы бір-ақ рет болғанын білдірсе, ал келетін еді, келуші еді десек, келу қимылы бір рет емес, бірнеше рет, дағдылы түрде болғанын, әдетке айналған амал-әрекетті білдіріп тұр» [6, 124 б.].

Әсіресе өткен шақты тануда амалдың ертеректе не жуық арада өткенін, сөйлеушінің іс-әрекетті өз көзімен көргендей етіп жеткізуін немесе басқа біреудің айтқанына сүйеніп қана айтып отырғанын, сол сияқты қимылдың бұрынғы кезде бірнеше рет қайталанғанын, яғни әдетке айналған іс-әрекет екенін т.с.с. ескеріп, соған байланысты өткен шақ түрлеріне өзінше ат берген.

Мектеп оқушыларына функционалды грамматика теориясын оқыту жоғарғы сыныптан бастау керек деп ойлаймыз. Себебі 9-11 сынып оқушыларының білім қорында құрылымды грамматика мен лексикология мәселелері қалыптасып, іргесі қаланған болып есептеледі. Бірақ функционалды грамматика теориясына қатысты ережелерді қысқартып, теориядан гөрі практикалық тұрғыдан мысал көбірек келтіре отырып жаттығу жұмыстарын жүргізіп, құрылымды грамматика мен функционалды грамматиканы қатар қойып функционалды грамматикаға қатысты негізгі ұғымдарды оқушы санасына кіргізіп фундаментін қалыптастырып қою керек. Одан соң жоғарғы оқу орнының филолог мамандығына түскен студентке осы пәннің негізін жақсы меңгеріп кетуіне кепілдік беруге болады. Функционалды грамматика курсы қазақ тілінің грамматикалық құрылымындағы ерекшеліктерді таныстырумен басталады. Әрине функционалды грамматиканы  меңгеру үшін жалғыз дара құрылымды грамматиканы оқу жеткіліксіз, сонымен қатар семантика, прагматика сияқты тіл білімінің іргелі салаларымен тығыз байланыста қарау керек.   

Оқушы қауымға функционалды грамматиканың негізгі ұғымдары дегенді ең бірінші, өріс деген сөздің мағынасын ашып көрсету керек. Себебі өріс, категория, семантикалық категория деген ұғымдар жат болып көрінеді, бірден ұғынып кету қиын болады. «Өріс», «шеткері аймақ», «орталық», периферия, «негізгі орталық» деген сияқты терминдер оқушыға жат емес. Себебі, «өріс» дегенді физикада, әдебиетте, биология, химия пәндерінде кездесетін сөз. Ал қазақ тілі пәнінде өрісті белгілі бір мәтіндерде қолданылады. Оқушыға қарапайым тілмен негізгі орталық (ядро) пен шеткері аймақты (периферия) жете түсіндіре отырып тілдің көпөлшемді, әмбебап құбылыс екендігін дәлелдей түсеміз. Белгілі бір семаны түсіндіру үшін оның негізгі және қосымша амал-тәсілдері бар екендігін айту керек. Негізгі бөлікте белгілі бір мағынаны түсіндіретін тұрақталған арнайы қалыптасқан дәстүрлі күйдегі бірліктер бірден санада тұрады, ал қосымша немесе шеткері аймақта сол мағынан тура қалпында емес, қайта қайталанылатын, екінші деңгейдегі басқа тілдік бірліктер арқылы қосымша мән үстейтін амал-тәсілдер екендігін анық түсіндіру қажет. Сөйлеуді (речь) бұлай екіге бөлу арқылы керегін негізге ұстап, керек емесін қосымшаға қалдыра отырып белгілі бір функционалды семантиканы ашатын негізгі орталық пен шеркері аймақты ажыратып алуға болатынын қарапайым мысалмен түсіндіріп өтеміз.

Жалпы «өріс» термині тіл білімінде ең алғаш лексика саласында лексика-семантикалық немесе тақырыптық топ терминдерімен мәндес қолданыла бастаған болатын. Мәселен, кейбір лингвистикалық топтар өрістік құрылымдар деп танылып, оларға етістіктің түрлі семантикалық топтары, туыстық атаулар, түсті білдіретін сөздер және т.б. жатқызылады. Бір өріске кіретін лексикалық бірліктер ұғымдық, заттық немесе жұмсалымдық ортақтығына, тіпті тұлғалық (формальді) ұқсастықтарына қарай да біріктіріле береді. Бір өрістегі сөздердің басын біріктіретін жалпы ортақ мағынасы мен өзге лексикалық топтардан ерекшелейтін де мағынасы болуы шарт. Айталық, адамдар арасындағы түрлі қарым-қатынасты білдіретін бастық, әріптес, жолсерік т.б. лексикалық бірліктерден апа, әке, әпке т.б. атаулар адамдар арасындағы туыстық жақындықты білдірумен ерекшеленеді де, өздері жеке бір өрісті құрайды [7]. Тілдегі барлық функционалды-семантикалық өрістердің негізі орталығы мен шеткері аймағын бөліп ара жігін  ажыратып көрсету арқылы тілдің барлық саласындағы тілдік бірліктер қатарын жақсылап меңгеріп алатынына еш шүбә келтірмейміз. 

Қорыта келе, функционалды тәсілдің  құрылымды грамматикадағы дәстүрлі жүйеден басты ерекшелігі, артықшылығы неде екендігіне назар аударайық:

1.                     Тілдік жүйедегі айқын шын болмысты көру, тілдің түрлі деңгейіндегі тілдік бірліктердің тығыз байланысын түсіну, білу, ең бастысы – тілдік бірліктердің сөйлеудегі (речь) әсері, олардың тығыз байланысының мәтіндегі қызметін анықтау.

2.                     Оқушының логикалық, ассоциативті ойлау қабілетін дамытуға ықпал ету: бірдей немесе бір-біріне жақын мағынаны, тілдік бірліктердің сыртқы формасын ажыратуды үйрету.

3.                     Оқушының тілдік және сөйлеу дағдысын дамыту белгілі бір семантикалық категорияның білдіретін семасын ашып көрсете алу, нақты бір семантикалық өрістің негізгі орталығы мен шеткері аймағын дәл ашып беру. Бір-біріне жақын мағыналас семантикалық категориялардың семасын тілдік бірліктер арқылы анықтауда қолданылатын түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер қатарын жақсы меңгеру.

4.                     Оқушының дүниетанымын кеңейту, түрлі стильде жазылған мәтіндерді оқу арқылы оқушының тіл байлығын кеңейту, мәтінмен жұмыс істей алу қабілітін арттыру, грамматикадағы дүниенің тілдік бейнесін аша білуге үйрету. Тілдік бірліктердің ішкі семасын анықтай алуға, әрбір тілді амал-тәсілдердің болмысын, қолданысын жақсы білу.

Әдебиет:

1.       Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. − Алматы: Ана тілі, 1992. – 444 б.

2.       Кемеңгерұлы Қ. Оқу құралы. І кітап. − Ташкент, 1928; ІІ кітап. −Алматы, 1929. – 410-418 бб.

3.       Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. – 362 б.

4.       Жұбаева О. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңдегі функционалды-грамматика көріністері. //Тілтаным журналы. −Алматы, 2009. − №2. – 75 б.

5.       Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 2010.  – Б. 608. – 96-б.

6.       Жолшаева М. Қазақ тіліндегі аспектуалды семантиканың берілу жайында  // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тілтаным. −Алматы, 2005. №1. – 88-92 бб.

7.       Жаңабекова А. Грамматикалық және семантикалық шақ категорияларының арақатынасы // Академик Р.Сыздықтың 80-жылдық мерейтойына арналған халықаралық конфер. материалдары. – Алматы: Арыс, 2004. − 141-144 бб.