Назерке Ахметова – Сәулет өнері мамандығының 4 курс студенті

Жетекші - оқытушы Жүсіпова А.Е.

Жұлдыз Нұрсәлім – Геодезия мамандығының 1 курс студенті

Жетекші - ф.ғ.к. Жүсіпов А.Е.

 

«С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Астана, Қазақстан

 

Қазақ тіліндегі бағалауыш сөздердің ұлттық болмысы

 

Бағалауыш жағдаятта, бір жағынан қарағанда, типтік компонентпен қалыптастырылатын біздің ұлттық тілдік санамызда сақталған шындықты көрсететін тілдік жағдаят жатыр. Бағалауыш жағдаяттың компоненті – бағалау субъектісі, бағалау объектісі және субъекті мен объектінің арасында толыққанды қатынасты құрастыратын бағалауыш предикат. Ал келесі жағына зер салатын болсақ, құндылық туралы пікір, тұжырымдар  тек сөйлеушімен ғана емес, тұтынушымен (адресатпен де) біте араласып жатыр, бұл өз кезегінде коммуникативтік жағдаятпен байланысты нығайтады, күшейтеді.

Қазақ тіліндегі бағалауыш етістікті жіктеуде басшылыққа алатынымыз - тілдік және тілдік емес білімнің барын еш естен шығармау болмақ. Біріншісі, тілдік мағынаның бойынан табылады, ал екіншісі бұл сөздің тілдік мағынасына енбейді, алайда әлемнің тілдік бейнесі шеңберінде ассоциатив түрде адам ой-санасында терең бойлап орын алады. Кейбір ғалым пікіріне қарағанда, өтірік айту, сатып кету, ұрлау, қуану, тұнжырау, мұңаю сияқты етістіктің бағалауыш қасиеттері жоқ (өз мағынасында бағалауыш компоненттен жұрдай), бірақ Ол өтірік айтты; Жолдастарын сатып кетті сияқты сөйлем құрамында келіп, (тілдік мағына, әлемнің когнитив бейнесі есепке алына отырып), жағымсыз бағада қолданылады екен [1,54-61;2,33-51]. «Тілдік емес» бағалауыш етістіктің басым көпшілігі қазақ тілінде сөйлейтін кез келген адам санасында не жағымды, не жағымсыз сипатта қалады. Ал кез келген етістік қандай да бір контекст (мәнмәтін) ішінде бағалауыш сипатқа ие бола алады[3]. Мәселен, Ол жүгіріп келеді. Егер осы етістікті Ол ұрыс майданынан жолдастарын тастап жүгіріп келеді деп қолдансақ, қозғалыс субъектісіне деген жағымсыз баға пайда болады.

Л.Васильев орыс тіліндегі етістікті он топқа бөледі. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Л.Васильев мұңаю, ренжу, қуану, таңдану, таңырқау сияқты етістіктерді э м о ц и я л ы қ жағдай, жақсы көру, қайран қалу, ұнату іспетті етістіктерді э м о ц и я л ы қ қатынас, қиналу, қайғыруды э м о ц и я л ы қ  күйзеліс етістігіне жатқызады[4,450].

Е.Вольф, А.Дмитриевский сынды ғалымдар Л.Васильев пікіріне қолдау көрсете отырып, бағалауыш етістіктер қатарына ойлау, есептеу, санау сияқты менталь етістіктерді де жатқызады. Бұл етістікті бағалауыш қатарына қосудың негізі ретінде бұл ғалымдар осы етістіктер баға беру тәсілін беруде өз «көмегін» келтіреді деген ойды басшылыққа алады. Мәселен, сұлу деп есептеу, ақылды деп санау, тартымды деп ойлау. Алайда, біріншіден, олар осы мағынамен қатар олар баға беруден гөрі бірінші кезекте байланыстыру қызметі басымырақ. Екіншіден, бұл етістік тілдесуге тек қана баға беріп қоймай, басқа да сын есім және зат есімдерді енгізеді. Мәселен, Самат Сәулені ұзын, қысқа, толық, сұлу, сүйкімді деп есептейді.

Е.Вольфтің тұжырымынша менталь етістікті бағалауыш қатарына қосудың тағы да бір негізі деп сол етістіктің бағалауыш сөйлемді айтудағы негізгі құрал бола алуын алға тартады. Есептеймін, санаймын, көрінеді, бейнелейді етістіктері тілдесуге эксплицит субъективтік әкеледі, ол кезде бағалауыш субъекті бар екендігін нақты осы етістік көрсетеді деген ой айтады. Біз болсақ, З.Темірғазина, О.Песельник, Г.Кенжебалина пікірін қолдай отырып ол етістікті бағалауыш етістік қатарына қоса алмаймыз, себебі олардың семантикалық құрылымында жақсы/жаман компоненті жоқ.

«Адамзаттың психикалық бірлестігіне» кәміл сенген Фр. Боас және «қарапайымның /примитив/ әмбебап жиынтығы» бары туралы тезисті ұсынған Лейбництің филофосиялық көзқарасына сүйене отырып әйгілі лингвист А.Вежбицкая әлемдегі көптеген тілдің тілдік фактісіне түбегейлі және мазмұнды түрде сараптама жасай отырып, тілдік және мәдени жүйе бір-бірінен өте алшақ, айырмашылығы да мол, алайда адами тіл, ойлау және мәдениет негіз болатын жалпы түсініктік тірекке жөн сілтеуші семантикалық және лексикалық универсалий бар» деген қорытынды шығарды [5,322].

А.Вежбицкая әзірлеген метатіл қазіргі уақытта семантикалық зерттеуде қарқынды түрде қолданылып жүр. Ғалымдар семантикалық қарапайымдарға мағынаны бөліп қарастыру «әлемнің поэтикалық моделін тұтынушыға «түсіндіре өтіп» ұлттың айрықша компонетін жүйелеуге мол мүмкіндік береді деп отыр [6,123].

Семантикалық универсалий жиынтығының басты компоненті жақсы/жаман бағалауыш түсінігі екенін біраз зерттеуші қолдап отыр [7;31].

О.Ляпон бағалауыш жағдаятқа - субъекті /бағалайтын адам/, объекті /бағаланатын зат/, бағалау уәжі, негізгі баға /баға беру кезіндегі негізгі көзқарас/, бағаның өзі және бағаның сипатын енгізеді [8,389].

Бағалауыш актінің негізі болатын сөйлеуші /бағалаушы/ субъект – бағалауыш жағдаяттың басты кейіпкері негізгі орында болуы қажет деп есептейді ғалым. «Интерес к этому герою стимулирован характерной для говорящего, которая сменила две предсествующих – философию «имени» и философию «предиката» и поставила в фокус внимания человеческий фактор» [9,9].

Жеке адам, не болмаса қандай да бір әлеуметтік орта баға беруші бола алады. Басқаша айтатын болсақ, нақты тарихи тұлға, қандай да бір әлеуметтік топ не жалпы адамзат қоғамы бағалауыш субъектісі бола алады деген сөз [10,28].

Субъектінің қандай да бір баға беруі оның құндылық бағыт-бағдарына байланысты болады. Әлеуметтік маңызы бар затты еркін таңдауға мүмкіндігі бар өзінің тұрмыс, өміріне деген көзқарасын құндылық бағдары деп түсінуіміз қажет. Бағалауыш сөйлемде көрінетін субъектінің бағалауыш қызметін құндылық бағдары сипаттайды[11,364]. Философияда құндылық бағдарының бірнеше: тұтыну және шығармашыл, бастамашыл және қирату және т.б. түрі сипатталған. Осындай түрге бөліп алу әрине, шартты, себебі олар жеке өмір сүре алмайды, бір-бірімен тығыз байланысып отырады. Әрине олардың қайсібірі кез келген жағдайда басым түсуі мүмкін, біз сол туралы ғана сөз қозғауымыз қажет. Ойымызды «Өмір даналығы» шығармалар топтамасында жарияланған мысалмен аяқтағымыз келеді. Құндылық бағдардың адамға қаншалықты қажетті екендігін анықтай отырып М.Монтень: «Өмірдің өзі – не игілік, не зұлымдық емес, ол - зұлымдық, қайырымыдылық, игіліктің қоймасы, өзіңіз оны неге айналдырсаңыз, ол сондай болады» деген екен [12,19].

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.       Харитонова И., Иванова Л., Степень отражения мира в зяыковой коммуникации//Вестник Харьковского университета. – 1998. №2. –С. 19-24.

2.       Гуревич А., О субъективном компоненте // Вопросы языкознания. – 1997. -№5. С.35-39.

3.       Арутюнова Н., Аксиология в механизмах жизни и ядра // Проблемы структурной лингвистики. –М.: Наука, 1982. –С.5-54.

4.       Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің прагматикалық қызметі// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.449-452.

5.       Вежбицкая А., Язык. Познание. Культура. – М.: Русские словари, 1997. -411с.

6.       Юрьев А., Этнокультурный потенциал  разговорных и просторечных глаголов, мотивированных существительным «совесть» // Вестник КазГУ, Серия филологическая. –Алматы, 2001. №17. –С. 118-123.

7.       Ляпон М., Оценочная ситуация и словесное моделирование // Язык и личность. –М.: наука, 1989. –С.24-33.

8.       Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің перформативтік қызметі// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.388-390.

9.       Шмелев А., О границах и содержании прагматики // Изв. АН СССР. -1981.

10.   Жүсіпова А., Бағалауыш сөздердің ғаламның тілдік бейнесіндегі орны// «Қазақстанның саяси және экономикалық жаңару жағдайындағы білім мен ғылым инновациялары» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Рудный, Қазақстан – 2011. – Б.362-365.

11.   Темиргазина З., Субъект оценки // Поиск. №4. –Алматы, 1998. – С.27-32.

12.   Составитель Мариковский П., Мудрость жизни. – Алматы, Паритет, 1992. – 130с.