Жаманбаева А.С.,
Молдабаева А.А.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ТІЛДІ ҮЙРЕНУДЕГІ БАСТЫ
ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін
болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгіміз
бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран,
үшіншісі – көк байрақ, төртіншісі – қазақ
тілі» [1]. деген сөзінің
мағынасы тереңде жатыр. Тіл – ұлттың ұлы
жетістігі. Бұл орайда қазақтың тілі ғасырлар
сынынан өткен, шыңдалған, халықтық қасиеті
қалыптасқан халық тілі. Еліміз тәуелсіздік алған
тұста тамыры тереңде жатқан ұлттық
тіліміздің туын қайта көтермеу мемлекетіміздің алдына
қойылар үлкен сын болар еді. Тәуелсіздік алған
күннен бастап ел тағдырын, ұлт болашағын ойлаған
азаматтар мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп келеді. Тілі жоқ
халық – дәрменсіз халық. Ондай халықтың тарихта
аты да жоғалатынын білеміз. Себебі адамның бойына бүкіл адами
қасиет ана сүтімен даритын болса, халықтың
ұлттық болмысы, қадір-қасиеті тіл арқылы дамитыны
белгілі. Ел тәуелсіздігін тіл
тәуелсіздігімен астастыра қарап, туған тілдің
тұғырын биіктету қамы қолға алынғалы да
біраз уақыт болып қалды. «Қазақстан
Республикасындағы тіл
саясатының тұжырымдамасы», «Қазақстан
Республикасындағы Тіл туралы Заң» сияқты
стратегиялық маңызы бар құжаттардың дүниеге
келуі осы бағытта жасалған оң қадамдар. Тіл
қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени
дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін
айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан
ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып
өткен емес. «Өнер алды —
қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне
үлкен мән берген. Қазіргі таңда тіл
мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Тілдерді қолдану
мен дамыту бағдарламасында: «Тілді дамыту — Қазақстан
Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті
бағыттарының бірі», сондай-ақ «Мемлекеттік тілді
оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек»
делінген. Ал, қазақ
халқының тіл келешегі тіл жанашырларының қолында. Көптеген
ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді,
мерзімді баспасөз ақпараттарын
талдап-зерттей келе, бүгінгі
күнгі жастардың сөз
саптауы көңіл аударарлық.
Көпшілігінің тіл
мәдениеті төменгі
деңгейде деген қорытынды жасауға
болады. Олар өз ойларын
дұрыс, түсінікті етіп жеткізе
алмайды, басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын
шашыратып жібереді. Кейбірі орысша
сөздерді қосып,
араластыра сөйлесе,
бірі жаргонмен диалектілермен сөйлегенді
сән көреді. Бұл мәселе туралы көптеп айтылып
та, жазылып та жатыр.
Мысалы, педагогика ғылымының докторы И. Нұғыманов пен З.
Қашқынбаева: «Оқушының жеке тұлға болып
дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін,
сөйлеу мәдениетін, әдебін қалыптастыру
педагогиканың қазіргі кездегі көкейтесті
мәселелерінің бірі болып табылады»
— дейді. Бүгінгі таңда жоғары оқу
орындарының өзекті
мәселелерінің бірі – студенттердің
тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын
айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу. Қазіргі заманымызда
қойылған басты талаптардың бірі — өмірден өз
орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін
еркін ұстап, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір
ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен
пікірін айта білетін мәдениетті жеке тұлға
қалыптастырып, тәрбиелеу. Студенттің жеке тұлға
болып дамуы мен алған білімін іске асыруда сөйлеу тілін, әрекетін,
тіл мәдениетін, әдебін қалыптастыру педагогиканың
қазіргі өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Қазақ тілін үйрену – кезек күттірмейтін мәселе.
Мен осында тудым, осында тұрып жатырмын және болашағымды да
Қазақстанмен байланыстырамын. Мемлекеттік тіл мәселесіне
Қазақстанда тұратын кез-келген жан аса байыппен қарауы
керек. «Ұлт боламын десең бесігіңді түзе» дейтін М.
Әуезовтың сөзі де өміршең. Себебі, білімнің
негізгі бастауы – ана тілі – бесіктен басталады. Қазақстан ұлттық
тәуелсіздігінің үш тірегі – саяси, экономикалық, рухани
тәуелсіздік десек, соның ішіндегі басты ұлттық
құндылығы - қазақ тілі. Қазақстанда
қазақ тілі ұлттың негізгі құндылығы
ретінде қорғалмай, мемлекетіміздің тәуелсіздігі өзінің
мақсатына жетеді деу қиын.
Мемлекетте мемлекеттік
тілге деген құрмет оянбайынша, тілге деген қажеттілік
тумайынша, мәртебесі мен мерейін асқақтатуға күш
салмайынша, қазақ тілін оқытқанмен нәтиже бермесі
анық.
Тілді
оқып-үйренуді барынша жоғары деңгейге көтеру
қажет. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тіл туралы талап міндеттерінде
«Қазақ қазақпен қазақша
сөйлессін» деген. Бұл әр қазақстандықтың
қастерлі парызы. Қазақ тілінің өз
мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық
қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін, жан-тәнімізбен
түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» заңның
жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл
тағдырына аударарымыз анық. Өйткені
қазақ тілі әлемдік мәдениеттің
бөлінбес бөлшегі ретінде тек қазақ
топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.
Тілді үйрету
барысында кез-келген сабақ грамматикалық, коммуникативтік,
фонетикалық минимумдары айқындалған белгілі бір сол
тақырыптың мән-мазмұнын ашатын мәтінге
негізделеді. Ал мәтіндегі сөздер мен сөз тіркестерінің
семантикасы мен функцианальдық ерекшеліктерін нақтылайтын жұмыс
түрлерінің қандайы болсын шығармашылық сипатта
өріс алуы тиіс.
Тақырыпты меңгерту
аясындағы грамматикалық түсініктемелер, терминдер мен
терминдік сөз тіркестерін игеруге, сонымен қатар
тұрақты тіркестерді меңгертуге дағдыландыратын
жағдаяттық-коммуникативтік тапсырмалардың бәрі
жүйеленген тілдік формулалар арқылы іске асырылуы қажет.
Мектептен тілді
үйреніп келген оқушыға ары қарай жоғары оқу
орындарында тілді үйретудің басты мақсаты белгіленеді. Олар:
жазу және тіл мәдениеті, сөйлеу нормаларын жоғары деңгейде
сауатты игеру, ғылыми стильді меңгеру дағдыларын
өзінің ғылыми зерттеу жұмысына пайдалана білу, тіл
үйренушінің мамандығы бойынша жоғары сөйлеу
мәдениетін қалыптастыра білу, ресми
іс-қағаздарының жазылу үлгілерін меңгерту.
Бұл тіл үйренушілердің қазақ тілін мектепте
алған білімдерін ары қарай тереңдете меңгерту
бағытында өткізіледі.
Тіл
үйренушілердің мамандығы бойынша жоғары сөйлеу
мәдениетін қалыптастыруға пәрменді
оқулықтар мен оқу құралдарының
сапалылығы да қажет. Сапалы оқулықтар мен оқу
құралдарының нәтижесінде тілді үйрету
жүйелі түрде жүргізіледі.
Оқыту
формасында студенттің өз еркімен білім алуына, материалды ойлау
қабілетіне бағыттауға, оқытуды жаттанды түрде
емес, шығармашылықпен меңгертуге көңіл бөлу
қажет. Студент қиялы жүйрік, жан дүниесі нәзік,
өзін қызықтырған істе белсенді,
ақыл-қабілеті дамыған, сондықтан шығармашылық
оған шын ләззат, қуаныш сезімін әкелуі тиіс.
Студенттердің шығармашылығын дамыту жолдарын
ақпараттық және коммуникативтік құзыретіліктер
арқылы іске асыруға болады. Біздің қазақ
халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем
тіл. Тіл - адамның барлық саналы өмірінің
құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті,
қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы
үйренеді. Тіл, оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың
барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының
құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары
сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл
байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл
мәдениетінің шыңына қол созатын адамның
әрекеті. Ана тілін жақсы білу — әркімнің
азаматтық борышы, қоғамда атқаратын
қызметінің тірегі. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып,
егемендік алуы тілі мен психологиясына оның өз мәнінде
дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді
қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете
енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы
кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның
өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар
жасалуда [2] .
Мемлекеттік
тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, мемлекетіміздің
бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да,
жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы —
тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті
қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында
бақ-берекеміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да
дұрыс жүргізудің жемісі екені анық.
Жалпы, тіл жеке адамның шаруасы емес. Мемлекеттің де басыбайлы
дүниесі емес. Тіл - халық қазынасы, ұлттық жаны.
Тілдің мәселесі - ұлттық мәселесі. Мерейін
асыратын да өзіміз, құтын қашыратын да өзіміз.
Тіл отбасынан бастау алады, Отан аясында дамиды. Отбасы өзіміз де,
Отанымыз Қазақстан! Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның
болашағы — қазақ тілінде». Ендеше, тілімізді, ұлтымызды
отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!
Әдебиет:
1.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.
2.
Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің
мәселелері. Алматы: Қазақстан, 1965.-186б.