ГИ -13-1к тобының студенті Х.М. Әбілда

з.ғ.м.  Н.Ж. Сарсенбеков

ҚарМТУ. Қазақстан Республикасы

 

Ислам діні мен Ғылымның байланысы

 

Ислам діні мен Ғылым секілді екі үлкен тақырыпты қаузамас бұрын «Ислам қандай дін?» деген сұраққа жауап іздесек. Ислам – адамның екі дүниесін де бірдей қамтитын хақ дін. «Ғылым» сөзі көбінесе білім, мағлұмат деген мағыналарға келеді. Бір нәрсені нақты үйреніп сенуді ғылым дейміз. Ислам ғалымдары ғылымды «Кісінің ақыл және сана сезіміне сыйымды мағлұмат» деп түсіндіреді. «Ғылым бір нәрсенің өз кейпінде танылуы».      Ислам діні - үлкен мәдениет. Мұндай мәдениеттің «Оқы» әмірімен басталуы көп нәрсені байқатады. Барлық мәдениеттің, оның  Ислам және ғылым ішінде Исламның да негізгі іргетасы – оқу-ағарту болып табылады. Білім алуды басты ұстаным етіп алғандығы үшін де дін Ислам өз өміршеңдігін ешқашан жоғалтпай заман өткен сайын жаңарып келе жатыр.     Білім-ғылым – адамзат дамуының басты қозғаушысы. Хазіреті Алидің: «Малды сен қорисың, ал ғылым сені қориды» деген сөзінің астарында терең мән жатыр. Ендеше ғылымға бас қойып қана елімізді, ұлтымызды шыңдарға сүйрей аламыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық қанша бай болса да уақыт өте келе бүкіл байлығы білімді халықтардың қолына өтеді», деп білімдінің болашағын болжаған-ды. Асыл дінімізді дәстүрге сіңдіріп, күнделікті әдет-ғұрыпқа байлаған қазақ халқы діндегі ақиқаттарды ғана ғылым деп тауып, дүниелік жаратылыстану ғылымдарын құдайсыздардың ілімі деп танып, үйренбекке қажет деп санамаған. Алайда шындыққа тура қарасақ, Аллаһ тағаланың ғылым-білімге аса назар аударғанын еңбекте мынадай мысалмен білдіреді: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» («Зүмәр» сүресі, 9). Және де пайғамбарымыздың хадисінде: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Аллаһ тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді» деп келтіреді.

Ислам келгеннен кейін арабтар мен мұсылмандықты қабылдаған басқа да халықтар ғылымда жоғары жетістіктерге жетті. Бұған Құрандағы ғылымға деген үгіт сеп болып, нәтижесінде көптеген мұсылман ғалымдары биология, зоология, тарих, астрономия, химия, физика, алгебра, математика, медицина сияқты ғылым салаларында өз қолтаңбаларын қалдырған. Жалғыз Құран ғана емес, пайғамбарымыз да мұсылмандарды білім алуға шақырып, мұның мұсылмандарға парыз екендігін айтқан.

Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына Шығыстың, Араб елдерінің,  оның  ішінде Орта Азия ғалаымдары: әл-Фарабидің,  ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Биринунидің, Махмұт Қашқаридің  тағы басқа көптеген  ғұламалардың сіңірген еңбегі айрықша. Қазақтың Отырар жерінде дүниеге келген  Әбу Насыр әл – Фарабидің жалғыз өзі 128-дей ғылыми еңбек жазды. Сол кездегі ғалымдардың қай-қайсысы болсын Жаратқан Иеміздің құдіретті күштерін мойындаған болатын. Әл-Фарабидің  аспан денелері, дүниенің пайда болу еңбектерінде Аллаһ Тағала үнемі бірінші орында тұр. Ол өзінің   «Азаматтық саясат» деген тракатында: «Бірінші ( Тұлға) жөнінде Алла деп сену керек» деп жазды. Осындай оқиғаларды еске алып, сараптай келе доктор Хусейн Хамид Хассан өзінің 1995жылы Новосибирск қаласында  баспадан  жарыққа шыққан «Исламдағы Ғылыми зерттеулердің бостандығы» атты еңбегінде былай деп жазды: «Құранды зер сала оқыған адам одан бостандыққа, ғылыми ізденістерге кедергі келтіретін бірде-бір нәрсе таба алмас еді. Керісінше, Көптеген аяттардан жерді өңдеу, Алла тағаланың жасаған нәрселерінің бәрін адам игілігі үшін зерттеуге мүмкіндіктер берілгендігін кездестіреді. Тарихта ешқашан Ислам мемлекеттерінде ғалымдардың еркін ойлануына кедергі болу, зерттеу мен жаңа нәрселерді ойлап табуларына тиым салатын жайыттар болған емес. Керісінше ондай адамдарға  материалдық жағынан сый-сияпаттар көрсетіліп, қоғамдық ортада мәртебелерін көтеріп отырды». Исламның ғылымға және өзін ғылымға атаған ғалымдарға деген құрметі ерекше. «Ғалымдар пайғамбарлардың мирасқоры» деген мұсылмандар жер бетінде алғаш болып ренессанс туғызған мемлекет десек қателеспес едік. Ислам білім алуға келгенде ешкімді де бөліп-жармайды. Бұған мысал, батыста ғасырлар бойы тыйым салынып және құдай мен шіркеуге қарсы келу деп есептелінген медицинаны пайғамбарымыздың өзі насихаттап, өз өмірінде қолданғаны. Исламда  ғылым мен ғибадат бір-бірінен айырылмайтын екі негіз болғандықтан білім алу діни әмір еді. Сол себептен де әртүрлі ғылым салаларында көптеген жаңалықтар ашылғандығын көреміз. Аллаһ тағаланың жаратқандарына берген ғылымы. Ол екіге бөлінеді. Бірінші «Қажетті ғылым». Ол адамның ізденіп үйренуі қажет етпейтін, өздігінен пайда болатын ғылым. Мысалы, нәрестенің анасын емуі, жүруі, жеп-ішуі, сөйлеп-күлуі, ненің үлкен, ненің кішкентай екендігін, ненің жұмсақ, ненің қатты екендігін білуі сияқты. Екіншісі «Назари және Истидләли» ғылым. «Назар» – сөздікте қарау, көру, ойлану, зерттеу нәтижесінде шешім беру деген мағынаға келеді. «Истидләл» болса дәлелге сүйену, дәлелдер келтіру деген мағынада. Назари және Истидләли ғылым адамдардың қалауымен яғни қарау, көру, ойлану нәтижесінде сағаттар, күндер тіпті жылдар бойы ізденіп дәлелдеуі арқылы пайда болған білімі. Мұндай білімге құл, қалау және іздену арқылы жететіндігі үшін біз оған Иктисаби (еңбек арқылы қол жеткізілген) ғылым деп атаймыз. Аллаһ тағала Құран кәрімде «Зүмәр» сүресінің тоғызыншы аятында «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» дейді. Тағы бір аятта «Сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді». Пайғамбарымыз да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып, былай дейді: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе Аллаһ тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Делінген.    Діни ғұламалық Аллаһ тағаланың сүйікті пендесіне ғана нәсіп болмақ. Сол нәсіптен үміт етуші әрбір мұсылманға қойылар талап: «Кімде-кім білімді үйренсе, Раббысының разылығына лайықты болуы үшін үйренуі тиіс. Ал, керісінше, тек қана дүниені иелену, байлық, мансап үшін үйренген болса, ол пенде қиямет күні жәннаттың өзі тұрмақ иісін де сезбейді», «Ілім үйрену – мұсылман еркек пен әйелге парыз».  Ислам ғылымды қолдайды, ешқандай қағидасына кереғарлық танытпайды, қайшылық жасамайды. Ислам ғылымның нағыз бұлағы болып табылады. Ол адамзатқа пайдалы һәм тура жолға бастайтын ғылымды уағыздайды.