Право/ 9.Гражданское  право

 

Рахметоллина М.М., «Заңтану» мамандығының 3 курс студенті,

Сарбасов Б.А., «Экономикалық қатынастарды құқықтық реттеу» кафедрасының оқытушысы, заңтану магистрі

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалык университеті, Қазақстан

 

ШАРТ ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Шарттық қатынастарды кездейсоқ  қатынастар ретінде түсінбеу керек. Олардың табиғаты, мазмұны қоғам  өмірінің материалдық жағдайларымен шартта байланыста. Біздің елімізде шарттық қатынастар нақтылы шаруашылық жүйесімен анықталады. Нарықтық экономика жағдайында шаруашылық қатынастарының негізгі реттеушісі ретінде азаматтық-құқықтық шарттар кеңінен колданыла бастады. Бүгінгі танда кәсіпкерлік қызметтің жаңа субъектілері пайда болуына орай жоспарлы шарттардың орнында тараптардың еркі айқын аңғарылатын еркін түрдегі шарттар жасала бастады. Азаматтық-құқықтық шарт тәуелсіз тауар өндірушілер мен таратушыларға дербестік негізде тауар-ақша айналымында барабарлық (эквиваленттік) және өтемелік принциптерін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін негізгі құқықтық нысан болып табылады[1].

Кез келген әрекет шарт арқылы жасалады десем артық емес мысалы несие беру , сатып алу сату шарты , тауармен жабдықтау шарты, жалға алу ол да шарт арқылы жасалады екен.  Шарттың ұғымына анықтама беретін болсақ азаматтық заңдарда белгіленгендей екі немесе одан да көп адамның азаматтық құқықтар мен міңдеттемелерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі шарт деп танылады. Шарт термині азаматтық заңнамада әртүрлі мәнде қолданылады: өзінен міндеттеме туыңдайтын заңдық факты; сол шарттық міңдеттеменің өзі; шарттық міндеттемені ресімдеген құжат. Шарт - құқықтық қатынастың туыңдауына, өзгеруіне немесе тоқтауына негіз болатын заңдық факт. Сондықтан да, шарт азаматтық құқықтар мен міндеттемелерді туындататын негіздердің бірі болып саналады.

Жалпы ҚР азаматтық кодексіне жүгінсек 148-баптың 1-тармағына сәйкес мәмілелер бір жақты және екі немесе көп жақты (шарттар) болуы мүмкін. Сол себепті, шарт мәміле болып табылады және шартқа екі және көп жақты мәмілелер туралы (373-баптың 2-тармағы), атап айтқанда, мәміленің формасы және оны тіркеу туралы, мәмілені заңсыз деп тану туралы және т.б. ережелер қолданылады. "Бір жақты және көп жақты мәмілелер" ұғымын "бір жақты және өзара шарттар" ұғымынан ажырату керек. Бір жақты мәміле шартқа жатпайды, себебі мәмілені жасау үшін тараптардың келісімі керек емес, бір жақтың ерік білдіруі жеткілікті. Шарттың басқа мәмілелерден және басқа заңдық фактылардан айырмашылығы сол, шарт дегеніміз тараптардың келісімі. Сондықтан, азаматтық кодекстің 148-бабының 3-тармағына сәйкес, шарт жасасу үшін екі тараптың (екі жақты мәміле) не үш немесе одан да көп тараптың (көп жақты мәміле) келісілген ерік білдіруі қажет болып табылады.

         Бұл шарттың ерекшелігі сонда, оның тараптары ортақ шаруашылық мақсатқа қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет жасауға келіседі және осы қызметтің нәтижесінде ортақ меншік пайда болады. Бірлескен қызмет (жай серіктестік) туралы шарттың "Міндеттемелік құқық" туралы бөлімде емес, меншік құқығына арналған бөлімде, ортақ меншік туралы тараудан кейін орналасуы бекерден бекер емес[2].

         "Шарттан міндеттемелік, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкін" деген ережені Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне кіргізу елеулі жаңалық болып табылады. Бұл ереже бұрынғы заңнамада болмаған. Ол ТМД-ға мүше басқа елдердің Азаматтық кодекстерінде кездеспейді.

         Азаматтық-құқықтық шартты, әдетте, міндеттемелік құқық қатынас-тарымен байланыстырады. Көбіне солай да. Бірақ, міңдеттемелік құқық катынастарының ауқымына зорға сиатын құқықтық қатынастар да бар.

         ҚР АК-ның 379-бабының 2-тармағы міндеттеме тек шарттан ғана емес, басқа заңдық фактылардан да туындайды дегенге сүйенеді. Сондықтан, шарттық міндеттемелерге міндеттемелер туралы жалпы ережені қолдану АК-ның шарттар туралы нормаларымен шектелуі мүмкін. Мысалы, талапқа көну және борышты аудару туралы кейбір ережелер (339-348-баптар) шарттардың кейбір түрлерінде (лизинг, факторинг) басқаша шешіледі. Демек, шарттардың осы түрлері туралы нормалар қолданылады. АК-ның 379-бабының 3-тармағына басқа формула енгізілген: шарттан (бірлескен қызмет туралы шарт, құрылтай шарты, авторлық шарт және басқа) туындайтын заттық, авторлық немесе өзгедей (міндеттемеліктен басқа) құқықтық қатынастарға, егер заңнамадан, шарттан немесе құқықтық қатынастардың мәнінен өзгедей туыңдамаса, онда АК-ның 22-тарауының баптары яғни шарт ұғымы және оның ережелері қолданылады[3, б.135].

         ҚР АК-ның 379-бабы заттық, авторлық немесе шарттан туындайтын өзгедей құқықтық қатынастарға міндеттемелер туралы ережелерді қолдану туралы мәселені шешпейді, мұны АК-дағы елеулі олқылық деп санауға болады. Заңнамада немесе шартта тікелей реттелмеген мәселелер бойынша мұндай құқықтық қатынастарға заңның ұқсастығы бойынша міңдеттемелер туралы ережелер қолданылады (5-баптың 1-бабы).

         Шарт еркіндігі принципі тараптардың заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алатындығынан көрініс табады ҚР АК-ның 380-баптың 2-тармағын қараңыз. АК-ның Ерекше бөлімі баптарының басым көшпілігі заңнамада көзделген шарттарға арналған. Айта кететін бір жағдай — 380-баптың 2-тармағында  заң актілері жайында емес, заңнама жайында, сондықтан шарттардың жаңа түрлерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары және ондай құқық берілген мемлекеттік оргаңдар белгілей алады. Ондай шарттардың мысалы ретінде толлинг операцияларын жүргізу туралы шартты алуға болады[3, б.137].

         Тараптар занда көзделмеген шарттарды да жасаса алады. Бұл ереже туындайтын жалпы ережеде "азаматтық құқықтар мен міндеттер заңнамада көзделген негіздерден, сондай-ақ, азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерінен пайда болады, өйткені ол әрекеттер азаматтық заңнамада көрсетілмегенімен, олардың жалпы негіздері мен мәні азаматтық құқықтар мен міндеттерді тудырады" делінген. Бұл ереже азаматтық құқықтың жалпы бастауына негізделген, ол жаратылысынан диспозитивті және бар қатынастарды да, болашақта болуы мүмкін қатынастарды да реттеуді көздейді. ҚР АК-ның баптарына жүгінсек 382-баптың 1-тармағыңда императивтік және диспозитивтік нормалар арасындағы айырмашылық көрсетілген. Тиісті ереженің мазмұны занда тікелей міндеттелген болса (императивтік норма), тараптар оны өзгертуге құқылы емес. Олар ол нормаларды шартта қарастыруы да, қарастырмауы да мүмкін, бірақ оған қарамастан олар оны заңда көрсетілген қалпында орыңдауға міндетті.

         Шарт мазмұнына қатысты мысал келтіретін болсақ, АК 282-бапта ақша міңдеттемесі Қазақстан аумағында теңгемен көрсетілуге тиіс делінген немесе АК 304-бапта ортақ меншік болып табылатын мүлік кепілге тек барлық меншік иелерінің келісімімен ғана берілуі мүмкін деп көрсетілген. Соңдықтан да, шарттың тараптары (заңда көзделмегеннен басқа реттерде) есеп-қисапты АҚШ долларымен жасау туралы немесе мүлікті кепілге басқа меншік иелерінің келісімінсіз беру туралы ережені шартта көрсете алмайды.

         Азаматтық заңнамада императивтік нормалар көп емес. Негізінен алғанда олардың басым көпшілігі диспозитивтік нормалар болып келеді. Ол шарт еркіндігіне сүйене отырып тараптардың оның барлық ережелерін өздері анықтай алатындығымен байланысты. Тараптар шартта кез келген жағдайды қарастыруға құқылы, егер олар оны істемесе (білместіктен немесе көңіл аудармай), онда диспозитивтік нормалар қолданылады.

         Шарттың елеулі ережелерін қарастырып өтейік. Шарт дегеніміз екі немесе бірнеше адамның келісімі, екі немесе бірнеше адамның келісіп ерік білдіруі. Әр шартта көптеген ережелер болуы мүмкін, олардың ішінен, егер келісілмесе шарт жасалды деп саналмайтындарын бөліп алу қажет. Бұл — шарттың елеулі ережесі. АК-ның 393-бабына сәйкес, тараптар арасында шарттың барлық елеулі ережелері бойынша тиісті жағдайларда талап етілетін формада келісімге қол жеткен кезде шарт жасалынды деп есептелінеді [3, б.147].

         Елеуліден басқа шарттың дағдылы және кездейсоқ ережелерін бөліп болмағандығы шарттың заңдық күшіне әсер етпейді. Дағдылы ережелер заңнамада шарттардың осы түрі үшін дағдылы деп көзделгендіктен қолданылады және олар шартта бар-жоғына қарамастан қолданылады.

         Ал, ақылы шартта баға қарастырылмаған болса және оны шарт ережелеріне сүйене отырып анықтау мүмкін болмаса, шартты орындау шартжасасқан кезде осыған ұқсас жағдайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар, жұмыс немесе қызмет үшін алынатын баға бойынша жүргізілуі тиіс деп есептеледі (АК-ның 385-бабы).

         Кездейсоқ ережелер шарттың бұл түріне тән емес және шартқа тараптардың өзара келісімі бойынша кіреді (мысалы, сатып алу-сату шартының нысанын сатып алушыға беру тәртібі туралы ереже, мердігерге жұмысты мерзімінен бұрын орындағаны және оның айрықша сапасы үшін қосымша сыйақы беру туралы ереже және т.б.). Бұл ережелердің бар-жоғы шартты жасалған деп тануға еш ықпал етпейді.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.     Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (Жалпы бөлім) (2014.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

2.     Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі (1999 ж. 1 шілдедегі № 409-1) (ерекше бөлім) (2014.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

3.     Ғ.А. Жайлин Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқулық. Ерекше бөлім. – Алматы: Заң əдебиеті, 2006. – 378 бет.