Т.К. Мусалимов –п.ғ.д., Еуразия ұлттық университетінің профессоры

А.К. Алпыспаева – "Тұран-Астана" университетінің магистранты

Толерантты тұлғаның психологиялық ерекшеліктері және толеранттылықты қалыптастыру мәселесі

Этникалық толеранттылық-интолеранттылықпен байланысты мәселелер шеңберін қазіргі уақыттағы мәдени-тарихи жағдайда психологиялық пайымдау теориялық зерттеулердің өзекті тақырыбы ғана емес, сонымен бірге қоғамдық өмірдің табанды практикалық талабы болып табылады.

            Әртүрлі мәдениет үлгілерінде "толеранттылық" ұғымын түсіну әр халықтың тарихи тәжірибесіне байланысты. Ағылшын тілінде Оксфорд сөздігіне сәйкес толеранттылық - "тұлғаны немесе затты наразылықсыз қабылдауға әзірлік және қабілеттілік", француз тілінде – "өзге біреудің бостандығын, оның ойлау образын, тәртібін, саяси және діни көзқарастарын сыйлау" дегенді білдіреді. Қытай тілінде "толерантты болу – өзгелерге қатысты кең пейілділік таныту", ал парсы тілінде – "шыдамдылық, төзімділік, татуласуға әзірлік" деген ұғымды білдіреді. Орыс тілінде "толеранттылық" пен "шыдамдылық" ұқсас мәнді сөздер болып келеді. Ал қазақ тілінде «толеранттылық — басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық көрсете білу қасиеті» болып табылады [1].

         Әдебиетте толеранттылықты әлеуметтік қатынас немесе әлеуметтік құндылық ретінде қарастыру позициясы жиі кездеседі. "Толеранттылық –өзінің сыртқы белгілері, мінез-құлық ерекшеліктері және т.б. бар объектінің әлеуметтік-мәдени айырмашылығын қабылдауға дайындығымен сипатталатын субъекті мен объектінің арасындағы белгілі бір өзара әрекеттесу сапасын білдіреді"[2, 143-б.]. "Толеранттылық ... тұлғаның, қоғам тобының бір-біріне деген қатынасын сипаттайды және мойындау мен қабылдауда танылуы мүмкін"   [3, 9-б.]. "Ол өз құрылымындағы үш компонеттің (мінез-құлықтық, эмоционалдық, когнитивтік) аспектісінде әлеуметтік құндылықретінде қаралады"[4, 5-б.].

         Ең алғаш толерантты тұлғаның сапаларын зерттеуді 1954 жылы Г.Олпорт өткізген болатын. Оның ойынша, толерантты тұлға – барлығына бірдей жылы шырайлы қарайтын адам, нәсілге, діни сенім-нанымға қарамайды, ол адамдарға шыдап кана қоймай, оларды жақсы көреді. Толеранттылық – бұл топтық тиістілігіне қарамастан, бір адамның екінші адамға сенімді қатынас танытуы. Толеранттылық сапалары балалық шақтан бастау алады. Толерантты балалар оларды жақсы көретін  отбасыда өседі, сондықтан балаға ата-ананың ашуын болдырмау үшін өзінің импульстерін басу қажет емес. Керісінше, белгілі бір қатаң тәртіпке көндірілген адамдардың балалық шағы қатерлі жағдайда өтеді. Г.Олпорт толерантты тұлғаның портретін төмендегідей сипаттайды:

1. Икемділік. Толерантты тұлға адамдарды екі типке бөлмейді (мысалы, "әлсіз және күшті"), қандай да бір мәселені шешудің тек бір ғана дұрыс тәсілі бар екенін айтпайды, қоршаған болмысты "дұрыс" және "дұрыс емес" деп бөлмейді. Толерантты балалар қатаң тәртіпке көндірілген балаларға қарағанда мектепте оқыған кезде нақты нұсқау беруді талап етпейді, тапсырманы орындауға кірісудің алдында олар белгісіздікке дайын болады, оларға жағдайды жіктеп түсіндіру қажет емес.

2. Фрустрацияға орнықтылық. Шектеулерге соқтыққан кезде, толерантты адамдар үрейге салмайды, басқаларды кінәламай, жауапкершілікті өз мойнына алады.

3. Темпераменттің тума қасиеттері (берік және байыпты нерв жүйесі) – толерантты құндылықтықалыптастырудың психофизиологиялық негізі.

4. Либералды саяси көзқарастарға бейімділік. Либерал – жеке тұлғаның еркіндігін жақтайтын саяси және идеологиялық ағымды ұстанушы, әлеуметтік прогрессивті өзгерістерді күтуші.

5. Аса жоғары білім деңгейі. Білім толеранттылық деңгейімен өзара байланысты; білімі бар толерантты ата-ана өзіне ұқсас толерантты баланы тәрбиелейді. Арнайы кроссмәдениетті оқыту толеранттылықтың деңгейін көтереді.

6. Эмпатияға қабілеттілік. Толерантты адамдар - аса әлеуметтік сезімтал, интолеранттылармен салыстырғанда, басқа адамдарға қатысты ойларында аса ұқыпты.

7. Өзін-өзі білу. Рефлексияға қабілетті, өзінің жетістіктері мен қабілеттерін, мүмкіндіктері мен шектеулерін білетін, өзіне дегенде сыншыл, өз кінәсы мен жауапкершілікті басқаларға аударуға бейім емес адамдар.

8. Дербес автономияға талпыну. Толерантты тұлғалар басқа адамдардан тірек пен қолдауды іздемейді, олар тәуелсіз, берік "Эго"-лары бар.

9. Әзілшілдік сезімі. Толерантты адамдар өз-өзіне күле алады және басқалардың алдында басымдықты сезінуге бейім емес. Интолерантты тұлғаларда әзілшілдік сезімі болмайды.

10. Белгісіздікке толеранттылық. Ақпараттың жетіспеушілігі толерантты адамдарды түршіктірмейді, бұл кемшіліктердің орнын толтыру үшін олар өз бетімен әрекет ете бастайды.

11. Өмірлік философия. Толерантты адамдар өзгелерді шеттетуге немесе кемсітуге ұмтылмайды, олар аса көп адамның жеке көзқарастарын қабылдай алады. Шеттету саясатын ұстанбайды.

12. Ішкі қауіпсіздік сезімі. Толерантты тұлға барлық адамдармен бірдей өзара әрекеттесе алады, себебі оның "Эгосы" фрустрацияларды, белгісіздікті жеңе алады, ол өз-өзіне сенімді [5].

         Адам өмірде тұлға ретінде қалыптасады. Қоғамға тәуелді (психологиялық, қоғамдық-экономикалық, мәдени тәуелділікте) бола тұра, тұлға келіспеушіліктерге және дау - жанжалды жағдайларға кезігеді, ал бұлардың сәтті шешілуі адам бойында белгілі бір қасиеттердің, соның ішінде басқа адамдардың пікірі мен позицияларына деген толеранттылық (төзімділік) сезімінің бар болуына байланысты.

         Адам бойында толеранттылықтың болуы (болмауы) оның тәрбиесіне, мәдени ортасына, тұлғаның моральдік құндылықтарына қатысты анықталады. Тұлғаның толеранттылығы тәрбиелеу барысында қалыптасатын қасиет ретінде тұлға құрылымында негізгі құндылық болуы керек. Өзара сыйластық пен өзгелерді түсінушілік принциптерінің негізінде тәрбиеленген тұлға ғана толерантты бола алады. Егер адамның жеке еркіндігі болмаса, егер еріктілік қасиеті тұлға құндылығы ретінде қалыптаспаған жағдайда немесе бұл қасиеттің көрініс табуы үшін объективті кедергілер болса, онда адам толерантты болмайды, өзгелердің позицияларын қабылдай алмайды.

         Сонымен, толеранттылық – өзгелерге шыдамды болу, олардың көзқарастарын сыйлау. Бұл - әмбебап этностық принцип, кез-келген рухани бағдарды таңдау мүмкіндігі, тұлға мен қоғам мәдениетінің даму деңгейінің сипаттамасы ретінде адамның өзімен және өзгелерімен үйлесімді қатынаста өмір сүруін сипаттайтын мәселе. Ал интолеранттылық – ұлттық спецификасы, надандықтан туатын соқыр сенімдері бар жағымсыз атрибут, шыдамсыз, үрейлі адам, кінәні өзінен емес басқа адамнан іздейді. Ондай адамдардың пікірінше, оның көзқарастар жүйесі  мен өмірлік образы өзгелердікінен жоғары. Олардың өмірде жиі кездесуі қоғамда түрлі проблемаларды тудыруға ықпал етеді. Соның салдарынан түрлі соғыс, діни қудалаушылықтар мен идеологиялық қақтығыстар, ажырасулар, тастанды балалар, жасөспірімдер арасында суицидтар туындайтынын дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

         Келтірілген анықтамаларға сүйенетін болсақ, адамдар толерантты және интолерантты болып шартты түрде ғана бөлінеді, яғни әр адам өз өмірінде толерантты да, интолерантты да қылықтарды жасайды. Алайда, қалай болғанда да, толерантты немесе керісінше, интолерантты болу орныққан жеке сипат болып қалыптасуы мүмкін.

         Осылайша, тұлға дамуының екі жолы бар: интолерантты және толерантты. Бірінші жол өзінің даралығымен, жауапкершілікті айналадағы адамдарға жүктеуге ұмтылумен, үнемі қандай да бір қауіп-қатердің кенеттен пайда болуын сезінумен, қатаң тәртіпті қажетсінумен сипатталады. Екіншісі – еркін, өзін-өзі жақсы білетін, қоршаған адамдарға жағымды және әлемге мейірбан қатынастағы тұлғаның жолы.

         Толерантты және интолерантты қасиеттердің қалыптасуының жас шамасына байланысты динамикасы келесідей сипат алады: кіші мектеп жасында (8-11 жас) интолеранттылыққа бейімділігі бар эмоционалды тенденция басым; кіші жасөспірім шақта (12-14 жас) барлық сипаттамалар бойынша толеранттылық сезімі басым; үлкен жасөспірім шақта (15-17 жас) интолеранттылықтың эмоционалды және қылықтық сипаттамалары күшейе түседі.

Балаларда толерантты мінез-құлықты қалыптастыру екі жақты келісімді макро және микро деңгейдің нәтижесінде жүзеге асырылуы мүмкін.

Макро деңгей бүкіл мемлекет шеңберінде іске асады және оның басты мақсаты - қоғамдағы жеке тұлғалар мен әлеуметтік топтардың демократиялық мемлекеттегі азаматтық келісімнің кепілі ретінде мінез-құлық тұрақтылығын сақтайтын, сондай-ақ басқа мемлекеттер мен әлем халықтарымен қарым-қатынаста позитивті геосаясатты жүзеге  асыратын толерантты сананы қалыптастыру болып табылады. Функционалдық мағынада бұл қасиетті қалыптастыруда үлкен жауапкершілік мемлекетке және сол арқылы мемлекеттік органдарға, мемлекеттік бағдарламалар мен заңдылықтарға жүктеледі.

Микро деңгей-жанұя, педагог пен оқушы тұлғасы. Микро деңгей шегінде табиғи-климаттық, ұлттық ерекшеліктерімен сипатталатын кіші Отанды қалыптастыруға назар аударылады. Мұндай жағдайларда балалардың сол жерде өмір сүретін әртүрлі халыққа деген толерантты мінез-құлқы қалыптасады.

Микро деңгей белгілі бір білім беру мекемесінің немесе білім беру үдерісіндегі ерекше қасиеттерді анықтайды. Аты аталған деңгейдің шегінде әрбір мекеме білім компоненттерін жүзеге асыруға құқылы, бірақ міндетті түрде балалардың толеранттылық мінез-құлқын қалыптастырудың ерекше қағидалары мен жүйесін қалыптастыру керек            [6].

Қорытындылай келе, толеранттылық– адами, мәдени, ұлттық, рухани құндылықтардың құрамдас бөлігі ретінде адамдардың өзін-өзі ұстауын реттеп, оның шынайы тәртібін айқындап, құндылық мазмұны ретінде қоғамның жетістіктерімен шарттасады. Толеранттылық нысаналары білім алу барысында өзінен-өзі қалыптасады деп есептеуге болмайды. Толеранттылық құндылық бағыттарының қалыптасуы тиісті сана- сезімді тәрбиелеп, адамның эмоциялық өрісін дамытқан кезде ғана іске аспақ, немесе бағытты тәрбиелік әсер етуді талап етеді екен.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мәдениеттану: жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық. Алматы: Раритет, 2005.- 416 бет;  

2. Маяковский М. С. Толерантность как объект социологического исследования // Межкультурный диалог: исследования и практика.- М.,2004;

3. Харламова О.Ю. Воспитание у студентов вузов профессиональной толерантности в ходе обучения иностранному языку. - СПб., 2004;

4. Недорезова Н.В. Толерантность в межличностном общении старшеклассников. - М., 2005;

5. Солдатова Г.У., Нестик Т.А. "Историко-эволюционная перспектива человечества: от парадигмы конфликта к парадигме толерантности". Национальный психологический журнал, 2011;

6. Қартбаева Ж.Ж. "Тұлға бойында толерантты мінез-құлықты қалыптастыру мәселесі".