8. Педагогическая психология

Абдукаримов Баймұрат Үсенұлы

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті

Қазақстан Республикасы, Түркістан қаласы

 ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ ДЕНЕ КОЗҒАЛЫСЫН КАЛЫПТАСТЫРУДЫҒЫ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІНІҢ РӨЛІ

 

Дене тәрбиесінің негізгі қызметі –   қоғам мен жеке тұлғаның тұрмыстағы қажеттіліктерін қанағаттандыру. Қоғам мен тұлғаны дамыту үшін, дене тәрбиесінің қызметін айқындап алмай, оның мәнін түсіну қиын.

Дене тәрбиесіне тұлға мен қоғам мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде дамудың әр кезеңіндегі объективті шарттар негізінде туындаған нақты міндеттер ретінде көрініс табатын  қоғам мен жалпы мәдениеттің даму заңдылықтарынан туындайтын жалпымәдени функциялар тән.

Оларға жалпы білімдік, тәрбиелік, нормативтік, жаңартушы, бағдарлы, құндылықты, коммуникативтік және басқа функциялар кіргізіледі.

ЖОО дене тәрбиесіне қатысты арнайы функциялар төмендегідей топтарға жіктеледі:

1.                Салауатты өмір салтын нығайту, дене қабілеттерін жетілдіру, қозғалыс дағдыларын қалыптастыру, төзімділіктерін т.б. дамыту.

2.                Инновациялық үрдісті басшылыққа ала отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру және адамдарды еңбек ету мен Отанын қорғауға, физикалық дайындау (жұмысқа деген қабілетін көтеру, еңбекке дағдыландыру,     кәсіби-дене дайындығы деңгейін көтеру).

3.                Студенттердің бос уақытын дұрыс пайдаланып, қозғалыс әрекеттер қажеттілігін қанағаттандыру (ойын әрекеті, бір әрекеттен екінші әрекетке ауысуы, белсенді демалу т.б.) және дене мәдениеті мен тәрбиелілігін арттыру.

4.                Студенттердің  бейімделу мүмкіндіктері мен функционалдық қорларын жетілдіру. Дене тәрбиесінің қызметі жаңару іс-әрекеті мен тәсілі ретінде (рухани, материалдық, әлеуметтік бағыттар бойынша) адамның дене және рухани жаңаруын қамтамасыз ету.

Дене тәрбиесі жүйесіндегі тәрбиелік міндеттерін жүзеге асырудың жалпы ұстанымдары: үздіксіз даму ұстанымы, біртұтас даму ұстанымы, іс-әрекеттік тәсіл ұстанымы, өзгермелі және көп түрлілік ұстанымы, оңтайландыру ұстанымы.

Үздіксіз даму ұстанымы жүйелі мақсатқа жету жолында тұлғаның әр даму кезеңіне сай дене тәрбиесі мақсаты, мазмұны және іс-әрекетті ұйымдастыру арасындағы сабақтастықты қамтиды.

Біртұтас даму ұстанымы тұлғаның рухани, сезімдік, когнитивтік даму сапаларының өзара тәуелділігі мен байланысы негізінде дене дамуының интеллектуалдық және әлеуметтік-психологиялық компоненттерінің бірлігін қамтамасыз етеді. Аталған ұстанымның негізін жан-жақты дамыған тұлғаның санасы мен іс-әрекетінің, ойлау қабілетінің бірлігі құрайды, ол мазмұны бойынша әлеуметтік, биологиялық, қоғамдық және тұлғалық байланыс пен бірліктен тұратын адам дамуының жалпы ғылыми даму ұстанымымен тығыз байланысты.

Іс-әрекеттік тәсіл ұстанымы адамды дене мәдениетінің түрлі іс-әрекетіне қатыстыру арқылы физикалық дене жетілдірудің қоғамдық-тарихи тәжірибесін меңгертіп, белсенділігін ынталандырғанда ғана тұлғаның дене мәдениетін қалыптастыруға болатындығын дәлелдейді. Аталған ұстаным қажетті білім, білік, дағдыны меңгеріп қана қоймай, меңгеру тәсілдерін, ойлау және іс-әрекет үлгілері мен әдістерін адамның танымдық шығармашылық әлеуетін көтеруге бағыттайды. Өзгермелі және көптүрлілік ұстанымы жеке тұлғаның денсаулық  деңгейіне, қызығушылығы мен  дене тәрбиесі  саласындағы сұраныстарына, құндылық бағдарына байланысты оқыту мен  тәрбиелеу мазмұнын, тәсілдерін жекелендіру мен саралауды көздейді. Аталған ұстанымды жүзеге асыру дене тәрбиесі сабақтары мазмұнының стандартталуын болдырмайды, ұлттық ерекшеліктер, мәдени-тарихи дәстүр, материалдық-техникалық қамтамасыз етілу мен қатысушылардың сұранысын, педагогикалық  ұжымның кәсіби мүмкіндіктерін есепке алынған бағдарламалардың жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.

Оңтайландыру ұстанымы педагогикалық  үрдістің мақсаты мен мазмұнына, жаттығушының жеке қабілеті мен ынтасына, іс-әрекетті ұйымдастыру шарттарына байланысты дене тәрбиесі сабақтарының ұйымдастырылу әдістерін, тәсілдерін, жүктеме көлемін тиімді қолдануды реттейді. Оңтайландыру ұстанымы жеке дене жүктемесін анықтауда әдептілік-ізгілік нормаларын сақтауды және мақсатқа сай спорттық-бұқаралық шаралар  жүргізу, тәрбиелік әдістемесін дұрыс таңдауды көздейді.

Адамның және қоғамдық өндірістің дамуы барысында адамдарды өмірге даярлау әдістері мен тәсілдерін анықтау және жалпы мақсаттар мен міндеттерді нақты белгілеу қажеттілігі туындады. Алғашында аталған мәселелер интуитивті түрде немесе ұрпақтан ұрпаққа тәжірибе алмасу негізінде жүргізілді. Кейін бұл іс-әрекет жеке әлеуметтік қажетті мамандық және оның теориясы ретінде қалыптасты.  Өзекті мәселелерді кәсіби деңгейде шешу үшін  дене тәрбиесі мамандарын қажетті деңгейде терең теориялық білім деңгейін меңгеруі қажет.

Дене тәрбиесі теориясының мәні біріншіден ғылым ретінде қарастырылса, екіншіден “Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесін” оқу пәні ретінде тануға мүмкіндік туғызады. Дене тәрбиесінің теориясы ғылым ретінде дене тәрбиесінің мазмұнын, құрылымын, функциялары мен ұстанымдарын, мақсаты мен міндеттерін, әдістері мен тәсілдерін зерттейді. Ол дене мәдениетінің қоғамдық іс-әрекеттің және тәрбиенің басқа салаларымен байланысын анықтайды.

Қорыта келе, дене тәрбиесі жүйесінде шұғылданушылардың жекелеген жақтары мен сапалары ғана емес, оның бүтіндей жеке тұлғасы дене және рухани қасиеттері бірлікте қалыптасады. Сондықтан тәрбие жүйесін табысты басқару үшін оқытушыға дене тәрбиесі жүйесінде шұғылданушылардың рухани-адамгершілік бейнесін қалыптастыруды алдын-ала қарастыратын мақсатты бағытта ұйымдастырылған педагогикалық әсер етулердің барлық жиынтығын меңгеруі қажет болады.    

Әдебиеттер:

1.     Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Астана, 2004.

2.     Тойлыбаев Б.А.   Қазақстан   Республикасы   ІІМ   жоғары   оқу   орындары  

    тыңдаушыларының   өзін-өзі   тәрбиелеуінің   педагогикалық   негіздері:  

    пед. ғыл. докт... дис: 30.01.02. - Алматы, 2002. – 410 б.

      3. Бүркітбаев Ә. Спорттың ұлттық түрлері және оның тәрбиелік мәні. –

    Алматы, 1985. – 84 б.

     4. Оңалбек Ж.К. Болашақ мұғалімдерді оқушылардың дене шынықтыру-

         сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруға дайындаудың ғылыми-

        педагогикалық негіздері: пед.ғыл.док. ... дис. – Түркістан, 2007. – 330 б.