Байысқақова Қ.Ә.

Ш.Есенов атындағы Каспий Мемелекеттік Технологиялар және Инжиниринг Университеті. Ақтау қаласы, Қазақстан

Маңғыстау туризмінің даму мүмкіндіктері

   Туризм қазіргі әлемде мәртебесі жағынан соңғы жүз жылдықтың экономикалық феномені болып танылды және мемлекет экономикасының дамуына ықпал етеді.Осы заманғы әлемдік экономикада туристік сала аса белсенді және перспективалы салалардың бірі, кейбір елдерде мемлекет кірісінің алғашқы көзі. Бүкіләлемдік туристік ұйымның болжамы бойынша Қазақстан Республикасы тұрақты туризмді дамытуда болашағы бар елдер сапында. Туристік нарықта Қазақстанның табиғатына, ландшафтарына және ұлттық мәдениетіне үлкен қызығушылық бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаев туризмді экономиканың басым салаларының бірі ретінде белгілеген «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика. Бәсекеге қабілетті ұлт үшін»  атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерге байланысты қазіргі уақытта туризмді дамытуға ерекше маңыз берілуде.

   Маңғыстау – Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ. Бұл жер шөл даланың керемет ландшафтарының барлық түрін, қарт Каспийдің көкшіл суы мен шексіз құмды жағажайын, көшпелілірдің сәулет өнерінің жарқын да қайталанбастай үлгілерін, қазақтың алғашқы қауымдық дәстүрлі мәдениетін бойына молынан сіңіріп алған.

   Маңғыстауда туризмді дамытудағы басым бағыттардың бірі – осы сала қызметін тұтынушылардың әлемдік нарығында облыстың туристік ресурстарын белсенді насихаттаудың аса өзекті мәселелерін қарастыру қажеттігі.Облыстағы мұражайлар баға жетпес археологиялық артефакттар мен осы аймақта бағзы замандардан заттық мәдениеті экспонаттары топтамасының сақтаушы қоры болып табылады.

   Маңғыстау! Тұла бойы тұнған құпия-сыр елі, 360 әулие мекені. Оның әр пұшпағы, әр тасы ертегі, әр төбесі мен сайы аңыз. Оны мекен еткен адамдар да аңыз. Оның жері қандай, жер бетіндегі атаулары қандай!

   Шайыр, Мерет, Тамшалы, Өрмелі, Босаға, Сынды, Қаламқас, Шерқала... осылардың бойында қаншама сыр бар. Тіпті оның құпиясын білмегеннің өзінде атаудың өзі- ақ талай ойға жетелемей ме?[1].

   Маңғыстау облысы өзі аттас түбек аумағынан өзге Үстірт жазығының едәуір бөлігі мен Каспийдің оңтүстік ойпатты бөлігі – Бозащы түбегін қамтиды. Осынау 16 миллион гектардан аса аумақты табиғи шөлдер мен жартылай шөлді аймақтар құрайды. Мұнда бірнеше ландшафтты аймақтар бар: сайлар мен жыраларға толы Каспий теңізінің жағалаулары, ақборлы кертпештер мен оқшау тау қалдықтары, Қаратау сілемдері, құмды алқаптар, ойпаттар, кеуіп қалған көлдердің сазды және сортаң орындары. Өлкенің климаты қатал континенталдығымен ерекшеленеді.Түбекті үш жағынан қоршап жатқан Каспий теңізі тек енсіздеу жағалау алқабына ықпалын тигізеді. Маңғыстаудың шөл даласында көктем өте қысқа болады. Ағаштар мен бұталы өсімдіктер өте сирек кездеседі. Бұл өлкенің шөл даласында тікенекті бұта да көз қуантады. Жапырақтардың жасыл бояуымен сұр тастың үйлесуі – Маңғыстаудың сирек кездесетін көгалдарының ажырамас бөлігі.

   Каспий теңізі Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстан – бес мемлекетті жалғастыратын үлкен тұйық су қоймасы. Сондықтан Маңғыстау облысында теңіз туризмін дамыту жобасы мақұлданды. Мамандар өлкеде туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі круиз (кемеге отырып саяхат жасау) және желкенді қайық спортын ұйымдастырып, дамыту деп есептейді.Қарт Каспийдің жағасындағы демалыс ұмытылмайтын әсер қалдырады.

   Қарақия ойпаты – әлемнің ең терең ойпаттарының бірі. Оның шұқырының аумағы үлкен, ең терең жері – әлемдік мұхит деңгейінен 132 метр төмен. Бұл жерде ойпаттың түбін Батыр деп аталатын көлемді сор жапқан. Ойпатты өткен дәуірлердегі мұхит өмірінің қалдықтары бар ашылып қалған қабаттар байыта түскен.

   Аңыздарда 360 әулиенің мекені болған Маңғыстау жеріндегі тарихи – сәулет орындарына зияратшылардың қызығуы жылдан – жылға артыа келеді. Діни рәсімдерде ислам діні мен пұтқа табынушылық кезеңдегі дәстүрлер тоғысты. Жерасты мешіттері – азиялық суфизм тарихында өте сирек кездесетін құбылыс. Шопан ата, Масат ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Бекет ата,   т.б. киелі орындарда от бұрынғыша адамдар мен рухтар арасындағы дәнекер ретінде алғашқы қауымдық кездегі рөлін сақтап келеді.

   Маңғыстау тарихи-мәдени ескерткіштерінің арасында Форт-Шевченко мұражай қаласы ерекше орын алады. Бұл жерде орта ғасырларда Еуропа мен Орталық Азияны байланыстырған сауда базасы Кетік қаласы орналасқан. Қалашықтан Хорезм, Иран, Әзірбайжан және Қытай елдерінде өндірілген қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Жүргізілген шағын қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тиындар Кетік қаласының 14ғ. кезеңдерінде  өмір сүргенін айғақтайды. Каспий теңізінің шығыс жағалауын игеру мақсатында 1714 жылы Ресей патшасы  І Петрдің нұсқауымен А. Бекович- Черкасский басқарған экспедиция осы жерде «Әулие  Петр»  аталған алғашқы орыс қамалының іргетасын қалады. Қаланың негізі 1846 жылы штабс – капитан М.И. Иваниннің басшылығымен Қорғантас тауында Ново – Петровск әскери бекінісі ретінде қаланған. Қазіргі таңда бекіністің күйреген қалдақтары сақталған.  1849 жылы алғашқы орыс қоныстанушылары Тұпқараған шығанағының жағасында Николаевскі станицасының негізін салды. 1857жылдан бекініс маңында пайда болған қала орыс императоры Александрдың құрметіне Форт – Александровск деп аталды. 1882 жылы Форт –Александровск Маңғышлақ уезінің орталығы болады. 1896 жылы   оған қала атағы берілді. 1921 жылы Николаевскі станицасы  Революциялық кеңес төрағасы  А.Е. Баутиннің құрметіне Баутин поселкесі деп аталды. Ұлы Октябрь революциясынан кейін революциялық қозғалыстың көрнекті қайраткері, контрреволюция және саботажбен күресу жөніндегі Петроградтың Төтенше комиссиясының төрағасы, эсерлер опасыздықпен өлтірген Моисей Соломонович Урицкийдің құрметіне  1924 жылы Форт – Урицкий деп аталды. 1928 жылы қала мәртебесі берілді. 1932 жылы Т.Г. Шевченконың мемориалдық мұражай кешені ашылды. Украин ақыны, суретші Т.Г. Шевченконың (1814ж.) туғанына 125 жыл толуына орай, 1939 жылдан Форт – Шевченко қаласы аталып келеді.  Осы жер арқылы Ақтөбе майданына 1918 жылы Әліби Жангелдиннің интернационалдық отряды өткен. Қазақ Үкіметінің 1924- 25 жылдардағы төрағасы Жалау Мыңбаев та осында еңбек етіп, қайраткерлік жолын бастаған.

   Саяхатшыларды тартатын орындардың бірі - Бозжыра. Бұл жер саяхатшылар үшін әзірге белгісіз, әрі барар жері қиын. Бозжыра – үстірт ернеуі аумағында табиғат – ананың  өз қиялына толықтай еркіндік, ғажайып ақ реңк бере отырып жасаған жер бедері. Алақандай ғана бозжыра жазығы үш жағынан таң қаларлықтай табиғи амфитеатрмен ( театрда, концерт залында арт жақтағы дөңгелете жасалған биіктеу орын) қоршалған. Бұл жерде бәрі аппақ таулар, сайлар, тау қорғандары, найза немесе киіз үй пішіндес тау мұнаралары. Бозжыраның шақыру карточкасы өзінің екі азу тәріздес пішініне қарап аталатын ақбор найза- шыңдары.Олардың биіктігі іргесінен есептегенде  200 метрден асады. [2].

   Үстірттегі қорғандардың ежелгі көшпелілердің қасиет тұтқан адамдарды жерлейтін орны екендігі талас тудырмайды. Номадтардың дәстүрлі дінінде тас мүсіндерге өлген адамның аруағы қонады деп саналған. Үстіртке жат жерліктер жетіп қалғалы тұрған кезде атақты жауынгерлердің, ел бастаған көсемдердің әруағына сыйыну үшін тұрғызылған бұл мүсіндер олар өлгеннен кейін де сапта тұрады деген сеніммен салынған болуы да мүмкін.[3].

   Елшібек- Кендірлі сорына дейін жалғасқан Үстірт жонының бүйірлі бөлігі. Сордың ең көрікті көрінісі -  тып- тыныш, аппақ мұз айдынының жердің ортасындағы оқшауланған биіктігі 150 метрге жететін бес шошақты таулар болып саналады. Жергілікті халық бұл тауларды « батырлар» деп атайды. Бұл төңіректе үстірттік тау арқары муфлондар жүреді.

   Көкесем жері жергілікті ландшафттардың шағын ғана көшірмесіндей Маңғыстаудың ерекше табиғи қорықтарының бірі. Көкесем  сайы онша терең емес жырамен бөлінген, баурайлары саз балшықты бөктерлерінің сумен шайылуы нәтижесінде Марс түстес қызыл бояуға боялған.

   Самал сайының артықшылығы тау шатқалынан жыл бойы бұлақтың үзілмей ағып тұратындығында. Сай бойымен бұралаңдаған бұлақ суы күн сәулесімен жылтырап, әсем сарқырама сияқты көрінеді.

   Аңызға айналған Шерқала тауы – Маңғыстаудың табиғи символы. Ол белгілі бақылау нүктесінен қарағанда алыптар мекендеген дәуірлерден қалып қойған ғаламат үлкен киіз үй тәрізді көрінеді. Аңыз бойынша бір замандарда ержүрек батырлар қаптаған жауларынан қорғанып, Шерқала тауын паналаған екен. Олар арыстандай айқасқан. Қамалдың соңғы қорғаушылары таудың жерасты үңгірінде жасырынған және сол жерде мәңгі қалып қойған. Ерлік пен еркіндіктің өтеуі – Шерқала немесе арыстан қала атауы осыдан келіп  шыққан.

   Маңғыстау мен Үстірт шөл даланың барлық көріністерін бойына жинап алған.

   Көптеген елдерде туризм басты салалардың үштігіне кіреді, туризм арқылы әлеуметтік-экономикалық маңызды салалар тез арада дамиды:  

1.     жергілікті пайданың үлкеюі;

2.     жаңа орындардың пайда болуы;

3.     турөнімнің өндірісіне байланысты барлық салаларды дамытады;

4.     туристік орталықтарда әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымын дамытады;

5.     жергілікті халықтың өмір деңгейін жоғарылатады;

6.     валюталық түсімдерді жоғарылатады.

Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері халқымыздың тарихи, мәдени мұрасын жандандыру және туристік қызметті реттеу мақсатымен бірнеше шаралар жасады.

1992 жылдың 3 шілдесінде туристік қызметті реттейтін ең алғаш “Туризм туралың Заңы жарық көрді.

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің “Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Ташкент декларациясын іске асыру туралы, Ұлы Жібек жолының Қазақстан Республикасындағы туристік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ЮНЕСКО және Дүниежүзілік Туристік Ұйымның (ДТҰ) жобасы туралың қаулысы шықты.

1998 жылы – “Жібек жолы тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау мен сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасаудың Жарлығы қабылданды.

2001 жылдың 14 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің  “Туристік қызметті лицензиялау ережесің бекітілді.

2001 жылдың 6 наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің “Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың Тұжырымдамасын қабылданды.

2001 жылдың 13 маусымында “Қазақстан Республикасында туристік қызмет туралың Заңы жарық көрді.

Туризмді дамыту саясатының мақсаттары мен қағидалары.

Туризм дамытудың мақсаттары:

Ø                сапасы, халықаралық туристік рынок жағдайында өндіруге, сатуға және бәсекелестікке төтеп беретін өнім өндіруге және сатуға қабілетті, рентабельді туризм индустриясын құру жолымен туризмді экономиканың табысы жоғары салаға айналдыру;

Ø                республиканың туристік әлеуетін арттыру;

Ø                тарихи-мәдени және табиғи-рекреациялық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану;

Ø                халықтың барлық жіктерінің туристік ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ету, туристік қызмет көрсетуге деген сұранысты барынша қанағаттандыру;

Ø                тұрғындардың жұмыспен қамтылуын ынталандыру;

Ø                мемлекеттік және жеке құрылымдардың туризм саласындағы өзара бірлескен іс-қимылының тиімділігін арттыру;

Ø                шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.[4].

         Сонымен қорытындылай келе басқа өркениетті елдердегідей халықаралық туризімді дамытудың тәжірибесін саралай әрі ескере келе сол тәжірибені еліміздің туризм саласында іс жүзінде жүзеге асыруға бел буып, ат салысқанымыз абзал.   

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қондыбаев С. Маңғыстау географиясы:- Алматы: Қағанат 1997ж.

2.     «Маңғыстау» газеті, 26 қаңтар 2012ж. «Маңғыстау: туристерді тартар сиқыр көп» А.Астафьев., Н. Дауымшарова.

3.     «Егемен Қазақстан» 21 қазан 2005ж. «Үстірттегі жебелер» С.Абдрахманов.

4.     Вуколов В.Н. Халықаралық туризмнің тарихы және теориясы. – Астана 2005ж.