Искендирова Г.С., Байтерекова Н.И.

 

Международный казахско-турецкий университет им. Х.А.Ясави

г. Туркестан, Южно-Казахстанский обл., Казахстан.

 

БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРДІ АҚПАРАТТЫҚ-КОМПЬЮТЕРЛІК ЖӘНЕ МАТЕМАТИКАЛЫҚ МОДЕЛЬДЕУ НЕГІЗІНДЕ КӘСІБИ ДАЙЫНДАУ  МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Жаңа ғасырға білімді адам болып білімді компьютерлік технологияны жетік меңгергенде ғана енуге болады. Өйткені халықтың іс-әрекеті барған сайын олардың ақпараттануына, компьютердің және телекоммуникацияның көмегімен алған ақпараттарын тиімді өңдеу қабілетіне байланысты. Бұл жоғары кәсіби білім беру жүйесінің алдына студенттердің компьютерлік технологияны практикалық әрекеттерде пайдалануға даярлығын қалыптастыру міндетін қояды.

Қазіргі ақпараттық технологиялардың қарқынды даму кезеңінде орта білім беретін оқу орындарының оқу үдерісінің тиімділігі болашақ мұғалімнің кәсіби дайындығына тікелей қатысты.

Сондықтан жоғары мектеп педагогикасының күрделі де маңызды бір мәселесі студентті болашақ мамандығына оңтайландыру, кәсіптік біліктілігін дамыту, кәсіби бағдар берудің жаңа жүйесін жасау, іскер және құзіретті маман дайындау. Мұндай маман дайындау үшін білім беру үдерісін белсенділендіру, оқытудың жаңа формалары мен әдіс-тәсілдерін жетілдіру қажет. Оқу үдерісін белсенділендіру – берік те тиянақты білім берудің жолдарын қарастыру, студенттердің шығармашылық ойлауына, ізденуіне мүмкіндік жасау, оларды келешек мамандығына қызықтыра алу, оқу үдерісін ғылыми негізде ұйымдастыру және т.б.

Болашақ мұғалімдерді ақпараттық–компьютерлік және математикалық модельдеу негізінде даярлау үшін оларда ең алдымен практикалық іс-әрекет  барысында пайда болатын мәселелерді формальды сипаттау дағдыларын, яғни ақпараттық-компьютерлік  және математикалық модельдеу әдістері туралы кәсіби білім, білік және дағдылар  жүйесін қалыптастыруды қажет етеді. Сонымен бірге негізгі алгоритмдік құрылымдарды, бағдарламалау технологияларын білу және бұл білімдерді есептерді математикалық моделдері бойынша шешу,  ЭЕМ-мен,  оның құрылғыларымен, ақпараттық технология құралдарымен жұмыс істеу және құрылған алгоритм бойынша ЭЕМ-ге арнап бағдарламалау тілдерінің көмегімен бағдарлама  құру және компьютерлік моделін жасау үшін қолдана алады.

Жоғары оқу орындарының педагог мамандықтарындағы оқу бағдарламалары мен оқулықтарын зерделеу, оқу үдерісіне жасаған талдау да бұл проблеманың бірегей жүйеге келтірілмегендігін, болашақ педагог мамандарының кәсіби білімін ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу арқылы жетілдіру мазмұнының дұрыс жүзеге аспайтындығын дәлелдейді.

Болашақ мұғалімдерді даярлауда оқыту мен тәрбиенің дидактикалық, педагогикалық-психологиялық мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған оқытудың ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу технологияларын қолдану мынадай қажеттіліктерге алып келеді, яғни:

1) қоғамды ақпараттандырудың қазіргі жағдайында білімгердің кәсіби тұлғалық міндеттеріне сай келетін оқыту мен тәрбиенің мазмұнын, әдістерін және ұйымдастыру формаларын таңдау стратегиясының әдіснамасын тұрақты түрде жетілдіру;

2) ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу саласынан замани ақпараттық технологиялардың күн санап артып отырған мүмкіндіктерін ескеретін оқыту және кәсіби даярлау әдістемесін жасау;

3) болашақ мұғалімнің интелектуалды, тұлғалық потенциялын дамытуға өздігінен кәсіби білімнің жетілдіру іскерліктерін қалыптастыруға бағдарланған және ақпаратты өңдеу бойынша өзіндік әрекеттің бірнеше түрін жүзеге асыра алатын кәсіби маман моделін жасау;

4) қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар мен компьютерлік педагогикалық құралдарды қолдануға сүйенетін оқытудың әдістемелік жүйесін жасау.

Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар ЭЕМ қолдануға негізделген. Замани ЭЕМ-дер формальданған білімдерді өңдеу мен бейнелеу үшін үлкен есептеу мүмкіндіктеріне ие және білімді ұйымдастырудың мейлінше жетілдірілген формаларын жасау және оларды оқытуда қолдану үшін жағдай туғызады.

Сондықтан қазіргі кездегі оқыту әдістемелерінде, маман даярлауда ЭЕМ мүмкіндіктері толық жеткілікті түрде қолданылмауда, бұл өз кезегінде ақпараттық технологиялардың дамуының қол жеткен деңгейімен, осы кезде қалыптасқан оқыту әдістемелері мен технологияларының  арасында қарама-қайшылықтың пайда болуына алып келеді.

Бұл қайшылықты шешу үшін педагогика ғылымы мен оқыту теориясынан терең ойластырылған, дербес білім беру міндеттерін шешуге бағытталған жаңа  инновациялық білім беру технологияларын құру қажет болады.

Жоғары кәсіби білім беретін мамандық пәндер саласындағы ақпараттандыру үдерісі, бұл студенттің модельденетін объектілер, құбылыстар, процестер туралы ақпараттарды жинау, өңдеу, беру бойынша өзбетімен оқу іс-әрекетін жүзеге асыру біліктілігінің қалыптасуын қамтамасыз ететін оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен ұйымдастыру формаларын, оқу-тәрбие процесін жетілдіру мақсатында ақпараттық технологиялар қолдануға дайындау, информатиканың жалпы курсын оқытып қана қоймай, сонымен қатар ақпараттық технологияларды нақты кәсіби пәндерде қолдануды да оқыту қажет. Демек, болашақ информатика, математика, физика, кәсіптік білім беру мұғалімдеріне:

-   Объектілердің әр түрлі экрандық моделдерін, олардың динамикалық кескінделуін салу саласында ақпараттық технологиялар мүмкіндігін жүзеге асыру;

-   Есептеу үдерісінің, ақпараттарды іздеу әрекетінің және оқылатын объектілер, құбылыстар мен процестер туралы мәліметтерді өңдеу, жинау іс-әректінің автоматтандырылуы туралы;

-   Оқытуда ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеуді қолданудың қолданбалық бағытының жүзеге асырылуы туралы;

-   Компьютерлік және диагностикалық әдістерді қолдану туралы білімдерді игерту өте маңызды болып табылады.

Болашақ мұғалімдердің педагогикалық іс-әрекетінде ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу құралдарын қолдануға оқытудың төмендегідей негізгі бағыттарын атап көрсетуге болады:

1) Оқыту үдерісінде ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу құралдары мүмкіндіктерін жүзеге асырудың педагогикалық мақсатқа лайықтылығы: ақпараттық-телекоммуникациялық құралдар мен қолданушы арасындағы өзара кері байланыс; объектілер немесе құбылыстар мен заңдылықтардың моделдері туралы оқу ақпаратының компьютерлік кескінделуі; есептеу үдерістерінің, ақпаратты іздеу іс-әрекетінің және ақпараттарды жинау, өңдеу, беру, көбейту операцияларының автоматтандырылуы, сонымен қатар өте үлкен көлемді ақпараттардың сақталуы, оған кез-келген уақытта ену мүмкіндігінің бар болуы; оқу тәжірибелерінің нәтижелерін немесе оның бір бөлігін бірнеше рет қайталау мүмкіндігінің бар болуы; оқу тәжірибелерінің нәтижелерін немесе оның бір бөлігін бірнеше рет қайталау мүмкіндігімен қатар оларды өңдеу процестерінің автоматтандырылуы; білім беру нәтижесін бақылау мен оқу іс-әрекетін басқаруды ұйымдастыруды ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз ету процесінің автоматтандырылуы;

2) Білім беруді ақпараттандыру жағдайындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері, оның ішінде математикалық және ақпараттық моделдеу құралдарын қолданудың педагогикалық тәжірибесі, дербес жағдайда арнайы пәндерді оқыту үдерісіндегі ақпараттық жүйелер.

3) Білім беруге арналған электронды, мультимедиялы құралдарды жасау мен қолданудың негізгі ережелері;

4) Пәндерден білім мен біліктіліктерді бақылауға бағытталған компьютерлік бақылау, тестілеуді қолдану ерекшеліктері.

Осы келтірілген деңгейлерді ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу негізінде қалыптастыру үшін теориялық және практикалық даярлық жүйесі қажет. Ол арнайы мамандық пәндер циклі арқылы қамтамасыз етіледі.

Ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу мәселелері бойынша студенттердің қабілеттілігінің және біліктіліктерінің, білімдерінің мазмұны, оның құрылымдық мазмұнына және оның болашақ кәсіби – педагогикалық жұмыстарына тәуелді, өйткені шығармашылық әрекет үшін ақпараттық технология негізінде ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу мәселелері бойынша психологиялық- педагогикалық дайындық жүйесінде алынған методологиялық білімдер және білімді ақпараттандыру жөніндегі қабілеттілігі мен біліктілігі алынады.

Студенттердің ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу білігін қалыптастыру жұмысына бағытты жөне мақсатты түрде даярлау тиімділігін тексеру үшін төмендегідей қорытынды жасауға болады.

-      студенттердің жалпы ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу білігінің деңгейі көтеріледі;

-      информатика курсындағы теориялық материал мен есептер жүйесін анықтауға мүмкіндік туады;

-      студенттердің ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеуге қажетті білімін жетілдіруге және дамытуға қол жеткізіледі;

-      студенттер ақпараттық-компьютерлік және математикалық модельдеу білігін қалыптастыру әдістемесін меңгереді, олардың кәсіби даярлық сапасы көтеріледі де, болашақ қызметінде біліктілік деңгейі жоғары маман болады.

 

Әдебиеттер:

 

1.                      Информатиканы және математиканы оқыту үдерісінде қолданылатын әдістерді салыстырмалы талдау. «Экология, білім, ғылым және қоғам» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясының еңбектері. -Кентау, 2006.  –Б.312-317. Е.Ы. Бидайбеков, К.М.Беркінбаев, Б.Д.Садыхов.

2.                       Болашақ мамандарға математикалық білім беруде инновациялық технологияларды қолдану. «Экология, білім, ғылым және қоғам» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясының еңбектері. -Кентау, 2006. –Б.345-348. К.М.Беркінбаев, С.Д.Сариев, Б.Д.Садыхов.

3.                       Білім беру үдерісінде қолданылатын ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктері. «Экология, білім, ғылым және қоғам» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясының еңбектері. -Кентау, 2006. –Б.356-361. Т.Б.Қоштыбаев, К.М.Беркінбаев, Б.Д.Садыхов

4.                      Информатика пәнін оқытудың педагогикалық-психологиялық мәселелері. «Экология, білім, ғылым және қоғам» атты республикалық ғылыми-теориялық конференциясының еңбектері. Кентау, 2006. –Б.409-414.  Б.Д.Садыхов, Г.А.Момбиева