Ыбырай мен Ахметтің үндестігі

 

Кушкинбаева Қарлыға Теміржанқызы

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің

Практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы, филология магитрі

Орынборға жер аударылған Ахмет Ыбырайдың: «Ал енді, құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан ешуақытта да қайтпаймын. Құдайым адам баласының жауыздық қылмыстарына қарсы тұруға, нахақ жала жапсырудың күйігінен арманда кетпеуге дем берсін!» - деп жазғанын, оқығандығын жазушы Қоғабай Сәрсекеев өзінің «Ахмет Байтұрсынов жайлы ой түйінінде» айтқан екен. Ахмет бұл сөзді өз жан дүниесімен үндес екенін байқай отырып, осы сөзге өзі де беки білгенін аңғаруға болады. Көптеген еңбектерінен бұл сарынды байқаймыз.

Патша әкімшілігінің зардабы деп білетін жәйт – ол Ыбырайдың 18-ші жылы ұлттық газет шығару жоспарының іске аспауы. Ахмет Ыбырайдың жүзеге аспай қалған ісін іске асырушы, жалғастырушы болмақ. «Ыбырай болашақ газеттің макетін жасап, 45×35 формат көлемінде сегіз бет болып шығатынына дейін көрсетіп. Газеттің алғашқы төрт беті қазақ тілінде, кейінгі төрт беті алдыңғы төрт беттің аудармасы ретінде орыс тілінде жарық көру керектігін айтқан. Газет «Қазақ газеті» деп аталуға тиім екен» [1,36], -деп ұстазымыз Серікбай Оспанұлы өз зерттеуінде асылды асыл жалғағанын айқара ашып берген. Яғни, Ахмет Ыбырай жасаған үлгіні жүзеге асырды, 1913 жылы шыққан «Қазақ» газеті 1918 жылғы 2-ші наурыз Кеңес үкіметін жапқанға дейін жарыққа шығып тұрғанын білеміз. М.Әуезов: «...Қазақстан еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның  салқын желіндей ширықтырған, етек – жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң «маса» болып ызыңдап, «оятамын» деп ұзақ бейнетті міндет қылып алған Ахаңның екпіні болатын», - деп айтқанындай, Ахметтің мақсаты – қазақ халқын қалың ұйқыдан ояту еді, осындай арманға жету үшін алға самғап, құлаш ұрған Ахаң: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген мәнді тұжырымды газет оқырмандарына ұсына отырып, өз мақалаларында ағартушылық, білім тарату ісіне көп көңіл бөлген. Соның ішінде «Оқу жайы», «Қазақша оқу жайы» деген мақаласында сол кездегі мектеп жағдайы, қазақша оқудың кемшілігі бар екенін, бір жүйеге келмегенін, мектептің жоқтығы, оқулықтың аздығы, оқытатын мұғалімдердің аздығы, бала оқытуды жақсы меңгеру үшін оқушыға ұсынылатынды ұстаздың жетік меңгеруі, баланы тани білуі, т.б. кемшілікті көре отырып, қатты күйзеле отырып екі тілде білім алуды қолдайды. «Жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын» [2,430] – деп терең білім беруді қолдаған. Осы сәтте айтар сөз Ыбырайдың орысша білгені, оған «крест таққан», «шоқынған» деген жала сөздің жабылғаны еді. «Ыбырайдың Еуропа мәдениетіне жол салуы, қазақ өз алдына ел, қазақ еш уақыт ноғай болмайды деп Ноғай ағайындардың «мұсылмандар ноғай болуы керек» дегеніне қарсы шығуы, Ыбырай кітаптарының орыс әрпімен (кириллицамен)басылуы, Ыбырайдың абыройымен өсуі, шеттен келген надан молдаларға қарсы болуы» - деп дұрыс шешімін дәлелді айтып кеткен М.Әуезов еді. Ал Ахметті болса, ұлтқа қиянат жасаушы, «ұлтшыл» деген айыппен жер қойнауына кіргізбеп пе еді.

Ел үшін жасаған еңбегі ұлан – асыр Ахмет тіл білімін жаңарту саласында жасаған еңбегі зор. Мәселен, араб, латын, кириллица әріптерінің шығу тектерін жақсы білген. Осыларды зерттей отырып орыс алфавитінің саны отыз үш, қазақтарда қырық екі, қырғыздарда отыз алты, өзбектерде отыз бес, ұйғырларда қырық бір әріп барын анықтайды. Ұстазы Ыбырай Алтынсарин әліппесі мен хрестоматиясының жалғасы ретінде өз еңбектерін ілгерілетіп, қазақ тіл білімі ғылымын қолға алып жүзеге асырушы, дамытушы.

«Өнер – білім бар жұрттар// Тастан сарай салғызды.// Айшылық алыс жерлерден// Көзді ашып – жұмғанша, // Жылдам хабар алғызды» [3,24] – деп оқу үйренуге, білім алуға шақырған Ы.Алтынсариннің Торғайдағы мектебінен өнеге, тәлім алған Ахмет Ұлы ұстаздың өзіне тән кеменгерлігіне тәнті болуымен қыл қаламынан туған өнерінің  жалғасы болып қалмақ. Ыбырай мектебінің үздігі Ахметтің тез ер жетіп, ұшқыр ойының тез жетілуі, биік шыңға көтерілуі Торғайдағы ақындық мектебінің әсері деуге болады. Ұстаздық қызмет атқарған тәжірбиелі мамандар, өз істерінің қас шебер майталмандары мектеп жайлы айтқан ойларын қарастырсақ. Мектеп жайында Ыбырайдың айтқан сөзі: «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы... Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек осы мектптерде» - дей келсе, мұғалім жайындағы ойы: «Мұғалім – мектептің жүрегі.  Мен жақсы мұғалімді дүниедегінің бәрінен де қымбат бағалаймын» [3, 16] – деген екен. Ұлы ұстаздың ізін жалғастырушы осы ойға: «Мектеп жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» - деп өз үндестігін қосқан. Осы жерде «Мұғалім – мектептің жүрегі» «Мектеп жаны - мұғалім» - деп бір мақсатта айтылған сөздердің өзара үндесіп келгенін көруге болады. Ал «Бастауыш мектеп» атты мақаласында да мектеп жайлы жазған, яғни қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керктігі жайында мәселелер қозғаған. Ол бастауыш мектептің 5 жыл болуы, балалар алғашқы 3 жылда ана тілінде, қалған 2 жылда орысша оқуы, «Қыстаулары жиын қазақтар да бар, қыстаулары сирек қазақтар да бар. Солардың бәріне бастауыш мектеп қолайлы болуға тиім. Бәрінің де оқиын деген балалары мектеп жағынан қолайсыздық болып, оқи алмай қалатын болмасқа тиіс. Сондықтан, әуелі қазақ бастауыш мектебі екіге бөлінерге: келіп оқитын, жатып оқитын мектептер. Келіп оқитын мектептер қала болған, яғни қыстауы жиын жерлерде болуы, жатып оқитын мектептер әлі сирек отырған жерлерде болу» [2, 435-437] керктігі айтылады. Қайткенде де қазақ балалары оқу керктігін айтып кетті. Халық жағдайы тек оқу арқылы түзеледі деп білді. Ұлы ұстаз Ыбырай балалардың оқу керктігін, оқығандардың көңіліне ықыласпен тоқу керктігін айта кеп, оқыған баланың тілегені алдынан шығып, шырақ болып жағылатынан: «Кел, балалар, оқылық,// Оқығанды көңілге// Ықыласпен тоқылық.// Оқысаңыз, балалар,// Шамнан шырақ жағылар.// Тілегенің алдыңнан// Іздемей – ақ табылар» [4,12] – деп осылай айтса, Ахмет: «Балалар, бұл жол басы даналыққа,// Келіңдер, түсіп байқап, қаралық та.// Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,// Соларды көре тұрып қалалық па?!// Даналық – өшпес жарық жолы екенін, осы даналық жолға түсіп көру керктігін, бұдан асқан байлық жоқ екендігін айқара аша айтқан. Екі ғұламаның айтары бір жерден шығып тұр. Олардың ойынша дүниенің жарықтығы – ғылым, білімде екендігінде.

Ахмет Байтұрсынұлы аударма саласымен де айналысқан, оған Абай, Ыбырай салған көркем аударма тәжірибесі көп үлгі болды. Ыбырайдың «Екі шыбын», «Қайырымды түлкі», «Егіннің бастары», «Қарға мен түлкі» мысалдарын өз қолданысымен елге танытты. Бұл мысалдарды қолдануда Ахметтің ерекшелігі – өз жанынан өлең шумақтарын қосуында. Мысалға алатын болсақ, «Екі шыбын» Ыбырайдың аудармасынан үш шумағын сол қаз қалпында ала отырып, өз жанынан екі шумақ ой қосқан. Бұл мысалда өгіз үстіндегі шыбынның мұрынын  көкке көтеріп, «Жер жыртып күні бойы шаршап келем- деп келесі шыбыннан өзінің мазасын алмауын сұрағандығымен аяқталса, Ахмет түйіні: «Адамды кейбір түрлі алып еске,// Қарсақ ғибрат бар бұл кеңесте.// Біреудің иә қайратын, иә дәулетін// Өзімсіп жүретіндер бар емес пе?// Кейбіреу көтереді мұрынын көкке,// Өз әлін өзі білген адам көп пе?// Мақтанып, бәрін де өзім еттім дейді,// Біреудің шылауында жүріп текке» - делініп, заманға сай адамдардың қылығын Ыбырай аудармасынан көре отырып, осы ойға өзінің де үндес екенін көрсеткен. Келесі аударылған «Қайырымды түлкі» мысалында: «Жеп қойды құстың жетім балапанын,// Қорықпай-ақ обалынан түлкі залым.// Қарасақ, ел ішінде аз ба адамдар// Жеп жүрген обалсынбай жетім малын?// Пана боп, көзің сақта, құдіретім,// Кімде – кім балапандай қалса жетім!// Жұмсақ тіл, көңілі қатты залымдардың// Ете гөр жетімдерден аулақ бетін!» - деп жанынан сөз қосып, қорғансыздарды аямайтын залымдардан сақтануды айтады. Яғни, он екі шумаққа екі шумақ қосқан. «Егіннің бастары» мысалында Ыбырай аударған сөздерге қосыла отырып, бала санасына: бұл бидай сияқты тәкаппар адамдардың бар екенін, бұларды халық жаман дейтінін, тәкаппарлық данышпандық еместігін, осы мінезден аулақ жүруін айта отырып, өз ойын айқындай түскен. Яғни, Ахмет Ыбырайды оқи отырып, Ыбырайдың айтқан сөзімен өз ойының үндес келуі нәтижесінде қайталанып алынып отырылған өлең жолдарын дәстүр жалғастығы деп білеміз. Тағы бір аудармасы «Қарға мен түлкі» [5,34-35] мысалына да ой қосылып, жеткізгісі келген ойын халық санасына құя салған. Осындай аудармаларын «Қырық мысал» деген атпен жинақ қылып басып шығарды.

Ыбырай ізбасары Ахмет «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» - деген жақсы ойды үлгі тұтып, ізбасарлық жасаған дана адам.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Оспанұлы С. «Алтынсариннің айналасындағы адамдар» Қостанай: Шапақ, 2006. – 295 б.

2.     Байтұрсынов А. «Тіл тағылымы» Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.

3.     Алтынсарин Ы. «Өнер – білім бар жұрттар». Алматы: Жалын, 1991. – 230 б.

4.     Алтынсарин Ы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1т. Алматы: Қазғұрт, 2003. – 236 б.

5.     Байтұрсынов А. «Ақ жол». Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.