Т.Н.Ермекова, ф.ғ.д., профессор,

Г.А.Ескермесова, оқытушы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

Алматы, Қазақстан

ЖАЙЫЛМА СӨЙЛЕМДЕР ЖӘНЕ КОММУНИКАТИВТІК АКТІНІҢ ТІЛДІК ҚҰРЫЛЫМЫ

Тілдің қызметі туралы қазіргі зерттеулер коммуникация теориясындағы базалық  түсінік ретінде коммуникативтік акт құрылымына  мән береді. Коммуникативтік актінің нақты сызбасын АҚШ ғалымы Клод Шеннон «Байланыстың математикалық теориясы» деген еңбегінде баяндаса,                   Р.О. Якобсон  «Лингвистика және поэтика» еңбегінде  коммуникативтік актінің негізгі компоненттері ретінде төмендегілерді көрсетеді:

референция

 

                              Адресант        хабар          адресат

        

                                                         контакт     

                                                        код    [1, с.15]

       Яғни коммуникативтік акт кезінде адресант хабарды  адресатқа кодпен жеткізеді. Референция (лат. referre – хабарлау, баяндау, атау, қатыстыру) -  бұл хабардың мазмұны. Хабарлауды, яғни референцияны жүзеге асыру барысында тілдің коммуникативтік қызметі жүзеге асады. Бұл – тілдің басты функциясы  және коммуникативтік актінің басым көпшілігінің басты функциясы.  Тілдің  екінші маңызды бір қызметі танымдық қызмет те осы референцияға тікелей қатысты. Адресант пен адресатқа тілдің реттеуіштік немесе үндеу-бұйыру қызметі де байланысты. Дәлірек айтсақ, хабарды жеткізуші тарапынан адресаттың күйін реттеу функциясы. Сол сияқты экспрессивті немесе эмотивті қызметі сөйлеушінің субъективті-психологиялық күйімен тікелей байланысты. Коммуникативтік сөйлеу актісі кезінде сондай-ақ тілдің фатикалық, эмоционалдық,  эмотивті-волюнтативті немесе әсер ету және әлеуметтік функциясы да жүзеге асады. Хабарланған пікір тек бір ғана қызмет атқармауы мүмкін, сонымен бірге оның бойында осы аталған функциялардың біреуі (не бірнешеуі қатар) басымдық сипатқа ие болуы мүмкін.

 Коммуникативтік синтаксисті зерттеушілердің қай-қайсысын да пікір білдірудегі форма мен мазмұн арақатынасы бейтарап қалдырған емес.  Бұл жөнінде Г. Байтоғаева былай дейді: «Выбор формы выражения мыслей, т.е. организация сложной мысли в одном сложном или в нескольких простых предложениях зависит от воли говорящего или пишущего, который ищет для своей мыслей более подходящую и более доходчивую действенную форму. Выбор формы выражения мыслей зависит от того, о чем важнее сказать и какую связь сильнее нужно подчеркнуть» [2, с. 182].

Бірақ сөйлеу тек сөздердің тіркесі ғана емес, оның басты сипаты ретінде төмендегілер көрсетіледі:

                сөйлеудің грамматикалық құрылымы;

                паралингвистикалық сипаттамасы (сөйлеу қарқыны, екпіні, интонациясы, әуені, тон биіктігі; ым, мимика, жест, дене қимылы т.т.);

                коммуникативті жағдаятты бақылау/қабылдау (нысандар мен адамдардың қатысы);

                айтылып жатқан хабар туралы сөйлеуші мен тыңдаушының білімі, ойы;

                әрекет туралы жалпы білім;

                жалпылама сипаттағы дүние туралы басқа да нәрселер [3, 15 б.].

 Белгілі бір пікірді білдіруге сөйлем мүшелерінің қатысы жөнінде тіл білімінде орын алған қайшылықтарды Т. Ермекова көрсетеді: «Сөйлемнің грамматикалық және семантикалық белгілерін ажыратып, ұстанымдарды нақтылаудың сан түрлі әдістері ұсынылғанымен, олар, негізінен, сандық сипатта болды. Осылайша сөйлем мүшелері теориясын жетілдіру жолдарын іздестіру мақсатында синтаксистік конференциялардың бірінде тұрлаусыз мүшелердің классификациясын төмендегі категориялармен толықтыру ұсынылған болатын: предикаттық анықтама, пысықтауыштық анықтама, толықтауыштық-анықтауыштық сөйлем мүшесі, толықтауыштық-пысықтауыштық сөйлем мүшесі, жайылма сөйлем мүшелері, объектілік-предикаттық сөйлем мүшесі, кейіннен дифференциялануға ұшыраған анықтауыштық сөйлем мүшелері.

Кейіннен мұны біршама синтаксистер өз еңбектерінде кең қолданды. Екінші бір ұстаным бойынша, тұрлаусыз сөйлем мүшелерінен бас тартып, оларды сөйлем мүшелерінің құрылымдық сызбасын таратушы ұғымдарымен алмастырған еді. Бірінші және екінші жағдайда да сөйлем мүшелері жүйесі тек жаңаланады да, маңызын зерттеушілер мәнбірлерді бұрынғыша сол категорияларды жіктеу арқылы түсіндіреді. Грамматикада детерминант деп аталатын бұл біріккен таратушылар мазмұны бойынша объектілік, субъектілік, пысықтауыштық деп дифференцияланады. Сөйлем мүшелері туралы ілімнен қалған семантикалық және позициялық ұстанымдардың араласып кетуі олардың синтаксистік мүмкіндіктері мен байланыс сипатын анықтайтын сөз тұлғасының сипатын анықтауға кедергі болады» [4, 185 б.].                    

Баяндауыш және бастауыш деп аталатын сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін айқындау мен айыруға байланысты қиыншылықтар мен қарама-қайшылықтарды пікірталас нысанасы еткен Д.П. Шмелевтің “Қазіргі орыс тіліндегі сөйлеудің синтаксистік бөлінуі” атты кітабында бұл мәселе терең талданады. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің түрлі анықтамаларын және түрлі құрылымдардағы бұл мүшелердің берілу жолдарын салыстыра отырып,                 Д. Шмелев түрлі типті сөйлемдердегі бастауыш пен баяндауышты оқшаулауды негіздейтін ұстанымдардың белгілі бір жүйеге негізделмегендігін көрсетеді. “Предикаттық қатынасқа өзгермейтін сөз тұлғалары енгенде, олардың арасындағы арақатынас сөйлемнің тұрлаулы мүшелері арасындағы қатынас ретінде анықталатын қатынасқа әкеліп тіреледі” [5, 31 б.]. Зерттеушілер мұның шешімін семантикалық талдаудан, логикалық ұстанымдардан, парадигматикалық сәйкестіктерден іздейді. Сондықтан бұл жағдайда сол бір сөйлемнің синтаксистік сипаттамасы әр зерттеушіде әр түрлі болуы таң қалдырмаса керек.

Д.Н. Шмелев: “Біз үшін, даусыз, Бала ойнады сөйлемі баяндауыш пен бастауыштан тұрады деп біз оның мүшелері толық бастауыш пен баяндауыштың анықтамаларына сәйкес келгені арқылы ғана танымаймыз. Анықтаманың өзі осындай сөйлем түріне сай келіп, оның құрылымы бастауышта логикалық субъектінің берілуін, ал баяндауышта логикалық предикаттың берілуін негіздегенінен туындамайды ма?”деген сұрақ қояды [5, 34 б.]. Қарама-қайшылық негізін Д.Н. Шмелев “бастауыш пен баяндауыш терминінің өзі сәйкестенген морфологиялық белгілердің синтаксистік бет пердесі болуынан” көреді. Д.Н. Шмелевтің пікірінше, синтаксистер алдында дилемма тұр: “не бастауыш пен баяндауышты беру амалдарын қарастыруды кеңейту, не орыс тілі сияқты тілдерде бастауыштық-баяндауыштық сөйлемдерден басқа өзгеше белгілеуді талап ететін компоненттері бар екі негізді сөйлем түрлері бар екенін мойындау”.

Қазіргі кезде тілдік қолданыста етістікті баяндауышсыз, атау септігінде тұратын бастауышсыз сөйлемдер жиі кездеседі. Олар коммуникация бірлігі ретінде танылып жүр.

Осы уақытқа дейін тілдік мазмұнға қатысты қандай теориялық ілімдер жасалды десек, оның бастылары ретінде мыналарды атауға болар еді:

“Тұлғадан мазмұнға” және “мазмұннан тұлғаға” өту жолдарының түрлілігі анықталды (И.А. Бодуэн де Куртенэ, А.А. Шахматов, А.М. Пешковский,                 А.В. Щерба, В.В. Виноградов). “Тұлғадан мазмұнға” деген бағытта тұлғаның мазмұны мен байланыс жүйесінің басты заңдылықтары анықталды  (А.А. Потебня, Н.Н. Фортунатов, А.М. Пешковский). “Мазмұннан тұлғаға” бағытында жалпы теориялық құрылымдар, дәлірек айтқанда: И.А. Бодуэн де Куртенэде – “жасырын категориялар” туралы, А.А. Шахматовта – морфологиялық белгілері бар жақ категориялары, олардың коммуникация мен сөйлемге қатысы туралы, А.В. Щербада – актив синтаксис туралы, И.И. Мещаниновта ұғымдық категория туралы, В.В. Виноградовта предикативтілік туралы,   Г.А. Золотовада коммуникативті синтаксис туралы мәселе сөз болады. Тілдің функциясы, функционалды грамматика мәселелері таяу шетелдер мен отандық тілтанушылар еңбектерінде әр қырынан зерттелді  (А.В. Бондарко,                         Е. Курилович, М. Шелякин, З.К. Ахметжанова,   Л.К. Жаналина, С.Ж. Баяндина және т.б.)

Бұл аталғандардың бәрі орыс тіл білімінде нақтыланып, орыс грамматикасына теориялық ілім ретінде енгізілген болса, қазақ тіл білімі бұған енді қадам басып келеді. Әрине, тілдік мазмұн, ойлау мен сөйлеу мәселелеріне қатысты тұжырымдар қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар  А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев еңбектерінде орын алғанын атап өту керек. Ал оның жаңаша мазмұнда өрбуі соңғы жылдардың үлесінде екендігі жасырын емес.

Мұндай үрдіс бүгінгі күні де үлкен маңызға ие болып отыр, әсіресе семантикалық мазмұны бар тілдік аспектілер не жоққа шығарылып, не логикалық аспектілерімен араласып жүр. Жалпы айтқанда, тілтану дәстүрінде семантикалық мазмұнға логикалық аспектіде көңіл болу тән болып келеді, ал олардың тілдік грамматикаға қатысты көзқарасы да аталған мәселеге кіреді (мысалы, А.А. Потебняда грамматика және логика туралы мәселені қозғау туралы айтылған).

Сөйлем құрылысы екі мәселенің бірігуінен туындайды, солардың ішіндегі біреуінде сөйлем байланысы объективті байланыс алса, екіншісінде ойлау процесімен байланысты болады. Сөйлеммен берілген ойлау актісі үнемі екі мүшелі: біруге әлдене туралы айтылады, әлдебір субъектіге предикаттық қатынас беріледі.

Субъект пен предикатқа сөйлем құрылысында, әдетте, оларды құраушы екі негіз немесе екі “тұрлаулы мүше” сәйкес келіп, предикаттық белгіні тасушы дегенді білдіреді. Сөйлемнің екі негізді, екі құрылымдық болуы оның басты белгісі, себебі сөйлем ойлау актісін беру қызметін атқарады. Бұл белгі барлық сөйлемге жалпы болып келеді. Әр сөйлемді сипаттайтын субъект және предикат ойлаудың құрылымдық негізін құрайтын предикаттық қатынасты білдіреді, ал ол қатынас уақыттың тілдік категорияларында (шақ), модальділік пен жақ формаларында белгіленеді.

Сөйлем құрылымын зерттеуде оның тілдік құрылымына тоқталуымыз қажет. Әсіресе, сөйлемнің әр үлгісіндегі субъект және предикат мазмұны, нақты тілдік тұлғалар маңызды болып табылады. Тұлға мен субъект және предикат мазмұнымен сөйлемнің түрлі типтерге жататындығы айқындалады. Осы айырмашылықтарда сөйлемнің тілден тыс әлеммен байланысы байқалады.

Қай тілдің грамматикасында болмасын, баяндауышты морфологиялық сипатына қарай топтастырады. Бұл эксплицитті түрде берілмесе де, бақыланып, әрқайсысы “өз” бастауышына ие болып, өзінің құрылымдық-семантикалық жағынан сөйлем үлгілерін жасайды. Осының негізінде баяндауыштың берілу тәсілдерінің жіктелуі өз кезегінде морфологиялық, синтаксистік, семантикалық белгілерді жинақтайды.

Предикатты беру тәсілі бойынша топталған сөйлем түрлері мен сол предикаттар арқылы берілген сөз таптары мазмұнының негізін салыстырсақ, предикативтік белгіні тілде іске асыру әдісі мен амалы шынайы болмыстағы белгінің сипаты мен бұл белгілердің категориялануы және ұлттық тілдің санадағы орнына байланысты болып табылады.

            Коммуникативтік сөйлеу актісі ауызекі сөйлеуде, негізінен, диалог арқылы жүзеге асады. Ауызекі сөйлеу тілі өзінің табиғатына сай қысқалықты қажет етеді. Мұнда коммуникацияға түсуші тараптар бірі-біріне белгілі жайттарды толық баяндамай, мейлінше аз сөзбен береді.

Мысалы:

1.

-         Ұн бар ма?

-         Бар.

-         Шай бар ма?

-         Бар.

-         Бар. Бәрі де бар, шырақтарым. (Ә. Нұршайықов).

2.     - Қашан келер екен?

-         Екілерде.

-         Күндізгі ме?

-         Түнгі.

Диалогтағы пікірді ұйымдастырушы сөйлем мүшелеріне назар аударар болсақ, алғашқыда тұрлаулы мүшелер, соңғысында тұрлаусыз мүшелер қатысып тұр. Бұл жерде референт (ақиқат болмыс ситуациясы) туралы ақпарат қана емес, сонымен бірге сөйлем мүшелеріне тікелей қатысы болмаса да, коммуникацияға қатысушылардың  арақатынастары, әлеуметтік ортасы, реципиент білімінің сөйлеуші біліміне сәйкестігі, яғни қарым-қатынас ситуациясы туралы ақпарат болады. Сондықтан да мұндай құрылымды пікірде сөйлем мүшелерінің қайсысы маңызды деген мәселе екінші кезекте қаралуы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Якобсон Р.О. Лингвистика и поэтика. Москва: «Наука», 1978.

2. Байтугаева Г. Определительные конструкции казахского яхыка // Вопросы грамматики тюркских языков: Материалы координационного совещания по проблемам глагольного вида и сложноподчиненного предложения в тюркских языках, состоящегося 24-27 сентября 1956 года. – Алма-Ата: Изд. АН КазССР, 1958. – С. 176-190.

3.   Ван Дейк Т.А. Язык. Познание. Коммуникация. – Москва: Прогресс, 1989.

4. Ермекова Т.Н. Құрмалас сөйлемдер жүйесі. Алматы, 2008.

5. Шмелев Д.Н. Синтаксическая членимость высказывания в современном русском языке. – Ленинград: Наука, 1976.

 

Резюме

В статье рассматривается проблемы языковых структур коммуникативного акта.