Толеранттылыққа баулудың философиялық негізі

 

Қартбаева Ж.Ж.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының доценті

педагогика ғылымдарының кандидаты

Қазақстан Республикасы

 

Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде соңғы кезге дейін «Толеранттық» термині көп кездескен жоқ. Сондықтан да біз ең алдымен бұл сөздің этимологиясына назар аудардық. Толеранттық түсінігі латынның шыдау, төзу, көндігу түсініктерін беретін tolero етістігінен шығады. Неофрейдизм өкілдерінің еңбектеріне сүйене отырып, (В.Райх, К.Хорни, Г.Маркузе, А.Миттерлих, Н.Браун, А.Баллок, Э.Фромм) агрессия жауығудың негізінде, ал толеранттық бейбітшілдік пен зорлық-зомбылыққа қарсылықтың негізі екендігін көреміз.

Лекторский В.А. «Две концепции толерантности» деген еңбегінде В.М.Золотухин толеранттық түсінігін талдап, бұл ұғымның философиялық маңызы ретінде қоғамдық тұрмыстың жан-жақтылығын ескеру екендігін анықтайды. Оның ойынша толеранттық бір жағынан, дүниетанымның ерекше типін қалыптастыратын адами қызметті реттеуші адамгершілік қағида болса, екінші жағынан қарама-қайшылық пен жанжалды тиімді шешуге мүмкіндік беретін практикалық құрал [1, 2].

Философтар мен саясаттанушылар қазіргі жағдайда толеранттық педагогикасының қарапайым және қызықты қағидаларын дайындау керек дейді (В.А.Тишков) [3] және оны өскелең ұрпақта қалыптастырудың тиімді бағдарламаларын ұсынады (И.Б.Гасанов) [4]. Бүгінгі күні мектеп оқушыларын толеранттылыққа тәрбиелеудің фундаментальды концепциясы дайындалмағаны мен ғылымдағы бай тәжірибеге сүйене отырып (А.А.Боданаев, Л.И.Божович, В.В.Бойко, Б.З.Вульфов, А.Г.Ковалев, А.Г.Козлова, И.С.Кон, А.Г.Кирпичников, Б.В.Куприянов, А.Н.Лутошкин, А.С.Макаренко, В.Г.Маралов, А.В.Мудрик, В.Н.Мясищев, Р.С.Немов, С.Д.Поляков, В.В.Рогачев, М.И.Рожков, В.А.Ситаров, В.А.Сухомлинский), біз бұл үдерісінің технологиялық және әдістемелік мәселесін шешуді теориялық негіздей отырып, практикалық тұрғыда сауатты келе аламыз. Мектеп оқушыларын кейбір адами әлсіздіктерге шыдамдылыққа тәрбиелеу және оны түсіне білу мәселесі В.А.Сухомлинский еңбектерінде қарастырылған. Ол шыдамдылықты адамгершілік тәрбиесі арқылы көрініс табатынын оқушы тұлғасының рухани-мәдениетінің маңызды элементі деп таниды. Оның ойынша, оқушылар ең бірінші қарттарға, жалғыз басты және науқас адамдарға қатысты шыдамдылық көрсетуге үйренуі қажет. Бірақ оның пікірінше, шектен шыққан мейірімділік пен шыдамдылық бәрін де кешіруге әкеп соқтырады. В.А.Сухомлинский мұндай жағдайды болдырмау керек деп есептейді [5].

Сонымен, біздің ойымызша толеранттылық дегеніміз-бөтен деп саналатын өмір салтына, мінез-құлыққа, дәстүрлерге, сезімдерге, идеяларға, нанымдарға, көзқарастарға, қасиеттерге, әдеттерге деген шыдамды қатынас. Толеранттылық түрлі халықтардың, ұлттардың және діндердің ерекшеліктеріне қатысты қажет болатын қасиет. Бұл ұғым қазақ ойшылдарының еңбектерінде тікелей осы мағынада  қарастырылмағанымен, гуманизм, әлеуметтік әріптестік, мәдени сабақтастық, бірлік, зорлықсыздық идеялары арқылы айқын көрінеді.

Толеранттық проблемасының негізгі мәселелері антикалық дәуірден басталады. Толеранттық антикалық философтардың зерттеу пәні болмағанымен, сол кезде әрі қарай өз жалғасын тапқан көптеген теориялық қағидалар қалыптасты. Кейінгі ғасырлардағы ойшылдардың өздерінің толеранттыққа арналған еңбектерінде антикалық саяси қайраткерлер мен философтарға сілтеме беруі жайдан-жай емес.

Аристотель (б.з.д. 384-322 ж.ж.) «Никомаховая этика» атты еңбегінде: өзіне мейірімділік көрсеткен адамға түсіністікпен қарайтын адамды жақсы деп есептеуге болмайды», «жақсы адам» өзгеге сондай қарым-қатынас көрсеткен адам, ал бұл қиын іс»,- деп  жазған [6].

Рим императоры Марк Аврелии Антонионың (121-180 ж.ж.) «К самому себе» немесе «Наедине с собой» деген  шығармаларында әңгімелесушіге толеранттық қарым-қатынасты сипаттайтын жазбалар бар: «Адамдарды сендіруге тырыс. Егер олар көнбесе өзің әділет заңына қарсы келме», «Оларға шын мейірім мен пайданы көрсет, бірақ тітіркенбей, сілкінбей», «Өзіңе айтылған нәрсені мұқият тыңдауға дағдылан және өзіңмен сөйлесіп отырған адамның ойын толық қабылдауға ұмтыл. Адамдардың басшылыққа алатын әдет-ғұрпы мен күшін түсіну үшін мінез-құлқы мен әдеттерін жақсы білу керек» [7].

Антикалық кезең толеранттықтың екі типін көрсетеді: полистік, имперлік. Полистік тип - тұрақсыз, антикалық демократияның қозғалысымен байланысты және сыни рационалистік диалогта, сопылық қозғалыста, скептиктер көзқарасында, діни тәжірибе формаларының көптүрлілігінде және саяси плюрализмде көрініс тапқан. Толеранттылықтың имперлік типі күшті, саяси билікке негізделеді. Бұл жағдайда діни және философиялық плюрализм анық көрінеді, ұлттық және сенім үшін шеттету болған жоқ. Антикалық политеизм жағдайында сенім шыдамдылығының да проблемасы болған жоқ.

Осылайша ерте орта ғасырда «толеранттық» термині біздің зерттеу мәселемізге қатысты қолданылмағанымен, құдайдан өзге ешкім кіре алмайтын жабық әлем ретінде қабылданды. Сондықтан толеранттық жақын адамға деген махаббат және көнбістік түрлерінде көрініс тапты.

ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. әлеуметтік-философияның жалпы дәстүрі мықты орталықтандырылған мемлекетті қорғау болды. Осыдан келіп толеранттықты саяси улитаризм көзқарасы тұрғысынан талдау қажеттілігі туралы, сондай-ақ бұл әлеуметтік әрекеттің мүмкіндігінің шектеулілігі туралы түсінік орын алды.

Д.Локк (1632-1704) ағылшын философы және педагогы, өзінің «Опыт о веротерпимости» (1667ж) еңбегінде толеранттыққа шексіз құқық береді. Толеранттықтың апологеттік дәстүрі - билеушінің діни істерге араласу құқығының болмауы. Тұлғаның рухани ізденісіне қол сұғу, өзге дінді мойындауға мәжбүрлеу дұрыс емес. Бұл билік өкілі үшін оны ақырында жеңіліске ұшырататын ең тиімсіз жол. Д.Локк «Послание в веротерпимости» еңбегінде: «Адамның рухани сенімін өзгерту үшін көңіліне сәуле түсіру керек, ол ешқашанда дене жарақаты арқылы мойындатылмайды»,-дейді. Сөйтіп, ол басқаша ойлайтын бытыраңқы секталарға қатысты толеранттыққа жол беруге болады, ал олардың езушіні тайдыру ниетімен бірігуіне жол бермеу керек деген пікір айтады. Д.Локк сенімдері мемлекет құрылымын шайқалтатындай ой-пікірлері бар адамдарға қатысты мәжбүрлеуді ақтайтынын атап көрсетеді [8].

И.Кант (1724-1804) атақты философ, педагог, оның көптеген еңбектері толеранттық проблемасына арналған. Ол толеранттық проблемасын адамның ішкі «мені» тұрғысынан қарастырған. Неміс ойшылы «Идея всеобщей истории во всемирно-гражданском плане» (1784) еңбегінде толеранттылықтың «Өзгеге» қатыстылығы мәселесіне пайымдаулар жасайды.

И.Канттың пікірінше, адамда екі жақты бейімділік болады: бірі - өзі сияқтылармен пікірлесу мүддесі, екіншісі - оқшаулануға тырысу. Бұл жағдайда адамның өз туыстарымен сыйласудан басқа амалы қалмайды. Басқаша айтсақ, адам өзінің басқаларға деген табиғи шыдамсыздығын жеңе алады, қоғамда құндылықтарға ие болып, өз орнын табады.

Қазіргі заманғы философиялық зерттеулерде толеранттық мәселесі алғашқы зерттеу сатысында қалып отыр. Осы мәселеге қатысты көптеген материалдар мерзімді баспасөз беттерінде және әлеуметтік-философиялық жинақтарда жарық көріп отырады. Бұл жұмыстар толеранттық түсінігін адамның өмірлік әрекетінің түрлі салаларына қатысты талдайды және толеранттықты қазіргі заманғы адамның өмір сүруінің ең басты шарты ретінде қабылдау қажеттілігін көрсетеді.

Ол қазіргі таңда толеранттықты шыдамдылықпен араластыру мүлде дұрыс емес деп таниды. Бір жағынан алып қарағанда қазіргі заманғы қоғамда толеранттық өзгеге белсенді қарым-қатынас ретінде қызмет атқаруы мүмкін. Ал екінші жағынан бұл өзгелердің этникалық, діни ерекшеліктеріне, күшті не әлсіздігіне қарамастан оның құқығы мен еркін саналы түрде мойындау болып табылады. Басқаша айтқанда, толеранттық қазіргі заманғы түсінікте өзге әсерлерге қарамастан өмір сүру әрекеті дегенді білдіреді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1.     Лекторский В.А. О толерантности, плюрализме и критицизме // Вопросы философии. - 1997. - №11.- С.46-54.

2.     Тишков В.А. Культуры мира - М.: Наука, 1993. - 314 с

3.     Тишков В.А. О толерантности / Толерантность и согласие. - М., 1997. -С.19.

4.     Гасанов З.Т. Формирование культуры межнационального общения в многонациональном регионе // Педагогика. - 1994. - №5. - С. 11-15.

5.     Сухомлинский В.А. Павлышская средняя школа: Обобщение опыта учебно-воспитательной работы в сельской средней школе – М., Просвещение, 1979. – С.393.La tolerance au risgue de 1 histoire. Lyon, Aleas, 1995.-242 r.

6.     Аристотель. Сочинения в 4-х т. - Т.4. - М.: АН СССР, 1983. – С.830.

7.     Марк Аврелии Антонион. Размышления Римского императора Марка Аврелия о том, что важно для самого себя.-Репр. Изд.-М., 1991.- С.64

8.     Локк Д. Басқу туралы екі трактат./ауд. Иманбаев М.Ө., ред.: Нұрышева Ғ.Ж., Ғабитов Г.Х. Зерде қоғамдық қоры; Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы. –Алматы.:Раритет,2004-Б.230.