ТАБИҒИ ҰЛТТЫҚ ПАРКТЕРДЕ  ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ӨЛКЕТАНУ МӘДЕНИ ШАРАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті.

п.ғ.к., доцент Шаушекова Б.Қ.

 

Болашақ ұрпақтардың мүдделері үшін Қазақстанда жер мен оның қойнауларын, су ресурстарын, өсімдік пен жануарлар дүниесін қорғау және ғылыми негізде ұтымды пайдалану, ауа мен суды таза сақтау, табиғат байлықтарының молаюын қамтамасыз ету және қоршаған ортаны жақсарту үшін қажетті шаралар қолдану керектігі жөніндегі мәселелердің бір қатары бүгінгі күнгі күн тәртібіндегі ғаламдық проблемалар болып табылады.

Әрбір ғаламдық проблеманы міндетті түрде шешу үшін білімді, білікті мамандарды даярлау және жастарды экологиялық мәдениеті жоғары азамат етіп тәрбиелеу қажеттігі туындайды. Ғаламдық проблемаларды шешу үшін ғаламдық, аймақтық, өлкеге бағытталған ұлттық бағдарламалар жасалу қажет деп есептейміз.

Оған дәлел, ғаламдық проблемаларды реттеп тұратын Қазақстан Республикасының нормативті құжаттары, Қазақстан Республикасының нарық қатынастарына көшуі және қалыптасқан күрделі экологиялық жағдайлар экологиялық тәрбие, білім, ғылым толықтай мемлекеттің болашақ дамуын қамтамасыз ететін маңызды фактор болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы, «Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы бойынша, Жердің табиғи ресурстарының шектеулігі, түгесілуі жағдайында адамзат тарихындағы теңдесі жоқ тұтынудың өсуі әр бағыттағы, келеңсіз де, оң да үдерістерді үдете түседі» - делінген  [1].

«Біздің еліміз бірқатар артықшылықтарға ие. Жаратқан бізге көп  табиғи байлық сыйлаған. Басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады. Бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарастарымызды ой елегінен өткізудің принципі маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз келеді - деп атап көрсетілген [1].

Демек, Қазақстанның табиғи байлықтарын дұрыс таңдап, тиімді қолдануды ұйымдастырып, халықты қажетті табиғи материалдармен қамтамасыз ету және қоршаған ортаны жақсарту үшін қажетті шараларды ұйымдастыру үшін табиғи ұлттық парктерде іс-шараларды жандандыру қажет екенін міндеттейді.

Халқы көп аудандар мен қалалар маңайында табиғи ортаны өзгертпей, бұрынғы қалпында ұстап тұру, ондағы өсімдіктер мен жануарларды қорғауды ұйымдастыру өте қиын шара екені белгілі. Сондықтан мұндай жерлерде ерекше қорғауға алынған территориялардың бірі - табиғи ұлттық парктерде іс-шараларды ұйымдастыру болып табылады.

Табиғи ұлттық парктер - қорғалатын территорияның барлық маңызды элементтері кіретін табиғат қорғау мекемесі. Ұлттық парк территориясында түрлі режимдегі (тәртібі) бірлескен жер бөліктерін айырып қарастыруға болады. Оларға, қорықтар, қорықшалар, табиғат ескерткіштері, демалыс аймақтар т.б жатады [2].

Бұл шаралардың барлығы оларды барынша, табиғи күйінде сақтауға мүмкіндік туғызады.

Табиғи ұлттық парктерде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі теориялық білімдердің бір өзі табиғатты қорғауды оқытудың барлық міндеттерін шеше алмайды, ол білімді білім беру мекемелеріндегі мектеп оқушыларының практикалық іс-әрекеттері арқылы толықтыруды қажет етеді. Сыныптан тыс тәрбиелік іс-шаралар, алдымен өлкетану жұмысы, осы мақсатқа қызмет етеді. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі көптеген ұғымдарды оқушылар тек нақты өлкетану материалы негізінде меңгере алады. Сондықтан мектеп оқушыларына қоршаған ортаны қорғауды оқытуда және тәрбиелеуде мектепішілік өлкетану құралдары маңызды роль атқарады.

Мектептік экологиялық өлкетанудың мақсаты: оқушылармен өз туған өлкесі туралы әртүрлі іс-әрекет түрлерін ұйымдастыруда пәнаралық байланысты, өлкелік экожүйені оқып-үйренуге бағытталған (өткені мен болашағы) тұрғылықты жердегі және аймақтық экологиялық проблемаларын аңықтау және оқушылар шеше алатындай практикалық тәсілдерін іздестіру арқылы жүзеге асады. Мектептік экологиялық өлкетану екі жақты процесс, бір жағы жалпы экологиялық білім, екінші жағы - өлкетану арақатынасы, табиғатпен әлеуметтік  қоршаумен оқушылардың өзарақарым-қатынасын ұйымдастырумен байланысты.

Аталмыш байланыс, экология қоғамдық сананың формасы ретінде фауна мен флораның ішіндегі өзара әрекет пен өзара қатынас заңдылықтарын зерттейтін биологиялық ғылымның бөлігі болып табылады. Экологиялық санаға экологиялық білім, яғни жануарлар мен өсімдіктер әлемінде, сонымен бірге олардың өмір сүру ортасы мен жалпы қоршаған ортада болатын фактілер, деректер, қорытындылар, өзара қатынастар мен алмасулар туралы түйіндемелер жатады. Оның негізгі құрамды бөлігі эстетикалық сезім мен экологиялық жауапкершілік болып табылады. Мектептік экологиялық өлкетануды ұйымдастыруда экологиялық сананың функцияларын атап өтуге болады:

Олар:

- ағартушылық (экологиялық білім);

- дамытушылық (экологиялық құбылыстарды саналы түсініп, ой елегінен өткізе білу);

- тәрбиелік (табиғатқа адамгершілік және эстетикалық қатынасты қалыптастыру);

- ұйымдастырушылық (табиғат қорғау жұмыстарын ынталандыру);

- болжау - (адамның табиғатқа жасаған әрекеттерін көре білу), т.б.

Экологиялық сана функцияларын жүзеге асыру барысында экологиялық тәрбие берудің жемісті нәтижесі мектепішілік экологиялық принциптерінді басшылыққа алғанда көрінеді.

 Нақты іс-әрекетімізде басшылыққа алынатын алғы шарттар, негізгі ережелер ретінде, мәселеміздің шешімін табуда сақталатын мектепішілік экологиялық принциптерді атап өтуге болады.

 Мектептік экологиялық өлкетану принципінің мақсатына сай болуы, ғылыми экологиялық және жалпы педагогикалық принциптер, экологиялық білім беру мен мектептік өлкетану принциптері бір бірімен сабақтасып, оқу –тәрбие процесінде тәрбиелік іс-шараны тиімді ұйымдастырып ескеруге мүмкіндік береді. (1-кесте1)

Кесте -1.

Мектептік экологиялық өлкетану принциптері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Мектепішілік экологиялық өлкетану принціпін ұстануда Қазақстан Республикасының, Орталық Қазақстан, Қарқаралы ұлттық табиғи саябағындағы іс-әрекеттерді ұйымдастыру болу табылады. Жылнамаға сүйенсек, Сарыарқаның Қарқаралы және Кент тауларындағы таулы-орманды атырап. 01.12.1998 жылғы Қазақстан Республикасының үкіметінің шешімімен Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркі (ҚМҰТП) болып құрылды. Аумағы 90,3 мың.га. Саябақта кездесетін аңның 40 түрі, құстың 114, өсімдіктің 66, балықтың 8 түрі қорғауға алынған. Олардың ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген аңдар: арқар, сабаншы; құстардан: бүркіт, ақбас үйрек, балықшы тұйғын, безгелек, қара дегелек, қытай қазы; өсімдіктерден: қызыл қайын, Қарқаралы бөріқарақаты мен сылдыршөбі, кәдімгі қырық құлақ, Сібір қисық бұтасы, қауырсынды селеу, т.б. бар. Саябақ үш белдемнен тұрады.

1) қорықтық белдем Кент тауларын қамтиды. Мұнда таулы-орманды алқаптың төл табиғаты бастапқы қалпында сақталып, қорғалады;

 2) рекреациялық белдем Қарқаралы тауларын қамтиды. Мұнда табиғатты қорғаумен қатар, туристік, сауықтыру шаралары ұйымдастырылады;

3) эндемиктік белдемде тек қана осы саябақта өсетін өсімдіктер мен осында тіршілік ететін жануарлар, сондай-ақ, бірегей табиғат нысандары қорғалады. Саябақ аумағында шаруашылық әрекеттерге тыйым салынған.

Қарағанды облысының, Қарқаралы таулы-орманды аймақтағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға алынған мүмкіндігінше, флора мен фауна табиғи ортасын бұзбау. Орманды қалпына сақтау. Территорияда көлікпен жүруге рұхсат жоқ (тоқтатқан жөн). Кесілген ағаштардың орнына жаңа ағаштар егу. Ағаштарды кесу кезінде ондағы жабайы жануарлар мен құстар популяциясын, мекен ету ортасын, салған ұяларына мән беру қажет.

Табиғаты әсем Қарқаралы таулары 30 мың гектар жерді алып жатыр. Қарқаралы тауларындағы флораның кездесуі жағынан өте бай. Орталық Қазақстанда кездесетін 1500 өсімдіктердің 800 түрі Қарқаралы тауларында кездеседі. Қарқаралы флорасының ерекшелігі мұнда мұздық дәуірінен келе жатқан реликті өсімдіктер өседі. Қарқаралы тауларында 15 түрлі папоротник түрі өседі, әрі Орталық Қазақстанда Қарқаралы тауларында 15 түрлі папоротник түрі кездеседі. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқандар қатарына: қарқаралы бидайығы, қарқаралы інжугүлі, жіңішке көкнәр, ақ мұршалы аконит, жасылша грушанка, шатыршалы қыссүйгіш, фукс сүйсіні де бар. Осы аталған өсімдіктердің көбісі тек Қарқаралы тауларында ғана кездестіруге болады [3].

Қарқаралы табиғатының басты байлығыорман-тоғайымен бірге хайуанаттар дүниесі де мұқият қорғауға алынған. Бір кезде осы тау шатқалдары мен жазық далада жортқан жолбарыс, құландарды қазір іздеп табу қиын. Ал сілеусін, бұғы, елік, қабан, тиіндердің қанша және қайда жүргені есепте. Қарқаралы орман шаруашылығы мен Бұхар жырау аудандарындағы орманшы, аңшы және басқа да табиғат жаңашырлары түз тағыларының өсіп-өнуіне тікелей жауапты екендігін толық түсінген. Табиғат жанашырлары мен орманшылар жер байлығын өндірумен бірге оны жеке бас пайдасына жаратушы браконьерлерге қарсы күрес жүргізіп келеді.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің қоршаған ортасына экологиялық факторлар әсері етеді. Экологиялық факторлардың ішінде Қарқаралы ұлттық табиати паркінің биологиялық түрлілігіне антропогендік факторлар үлкен зиян, шығын әкеледі [3].

Біздің бақылауымызша Қарқаралы ұлттық табиғат паркініңің қоршаған ортасына мынадай антропогендік әсерлердің түрлері болуы мүмкін: жайылым жер, орман өрттері, емдік өсімдіктер, жидектер, саңырауқұлақтар, балық аулау мен браконьерлік аңшылық, туристердің шөптерді таптауы, дем алушылар ағымының шамадан тыс көбеюі,ластайтын заттарды транспортпен тастап кетуі және т.б.

Антропогенді факторлардың әсерінен қорық аймағындағы биологиялық түрлілік қысқарып, өсімдіктердің эндемиялық және реликті формалары жойылуда. Көптеген емдік шөптерге және бүгін де көп өңделіп жатқан шикізат қорына табиғатты қорғау шараларын қабылдау қажет. Бұл орайда Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің флорасы мен фаунасының биотүрлілігін тізімдеу мақсатымен ғылыми экспедициялар әрекетінің практикалық маңызы зор.

Антропогенді факторлардың әсерінен Қарқаралы ұлттық паркінің жануарлар дүниесі зиян шегуде. Заңсыз аң аулау мен балық аулаудың нәтижесінде жануарлардың көптеген түрлері құрып кетуде. Кейбірі толық жойылып кету қаупі үстінде. Бүгінгі күнде жануарлардың мынадай түрлерін сақтау мәселесі алдымызда тұр: сайғақ, суыр, борсық, түлкі, қарсақ, күзен және т.б [4].

Демек, Қарқаралы ұлттық табиғат паркінің экологиялық дистабилизация мәселесі шешім қабылдауды талап етеді, осыған байланысты біз Қарқаралы ұлттық табиғат паркінің биотүрлерін сақтау мәселесін шешудің жеке сызба нұсқасын ұсынамыз (2 кесте.).

Биотүрлерді сақтау мәселесінің бүгінгі күнгі ерекшелігі экологиялық білім мен тәрбиені барлық кезеңдері мен деңгейлерінде жүзеге асырудан тұрады: қоршаған ортаның дағдарыс жағдайын күтуге рұқсат етпейді.

Кесте - 2.

ҚМҰТП-де табиғатты қорғау шараларының сызба нұсқасы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Экологиялық білім мен тәрбие табиғат пен қоғамның өзара байланысы саласындағы халық білімінің толық ғылыми жүйесін, тұлғаның гуманистік дүниетаным тәрбиесін, экологиялық сенімдерін қалыптастыруды қарастыратын жүйелі қатынасты талап етеді. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында белсенді ұстаным мен практикалық іс-әрекетте сол білімдерінің жүзеге асуын анықтайды.

Оқушылардың теориялық экологиялық білім мен тәрбие беру тәжірибелік табиғат қорғау ісінсіз жүзеге аспайтыны белгілі. Олай болса ҚМҰТП- нысанға алып  өлкетануда экнопедагогика құралдары арқылы оқушыларды оқу экологиялық соқпақ ұйымдастыруға болады. Оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекеттерін ұйымдастыру және іске асыру бағытындағы дәстүрлі емес өлкетану оқытудың жаңа бір түрі - оқу экологиялық соқпақ. Ол адамдардың демалыс уақытындағы туған өлкесінің табиғаты туралы жалпы білім мен тәрбие алуларына мүмкіндік береді. Оқу экологиялық соқпақ - бұл туған өлкесінің табиғат қорғау ісінде экологиялық білім мен тәрбие беруді насихаттауға бағытталған әрі ақпаратқа толы, ұйымдасқан және белгіленген маршрут [5].

Табиғат аясында айрықша қорғауға тиісті нысандардын аңықтау қоршаған ортаны қорғаудың маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.

Оқу экологиялық соқпақ табиғатқы қорғаушылар, туған өлкесінің табиғаттын еркін түрде танып біліп, санасына жеткізе қабылдап, оның табиғи сұлулығын ерекше түсініп, ақпарат құралдарын кеңейтуге мол мүмкіндік береді. Оқу экологиялық соқпақ әртүрлі табиғи кешендер шекарасында төмендегі талаптарды орындаған кезде сәтті өтеді.

* Ақпараттық сыйымдылық;

* Эмоцианальді көңіл-күй;

* Жаратылыстану-ғылыми оқыту және тәрбие беруді біріктіруде тұлғаның эстетикалық, адамгершілік және басқа қасиеттерін қалыптастыруға көмектесетін жағымды жағдайлардың болуы;.

* Қауіп болу мүмкін деген жерлерден табиғатты қорғауға арналған маршруттардың бағдары;

* Соқпақ өтетін жолдар мен аяқжолдардың міндетті түрде болуы;

* Оқушылар үшін маршруттың ұзақ болмауы, соқпақ барысында тоқтайтын жердің физикалық-географиялық ерекшеліктері;

* Жұмыс пен демалыстың үйлесімділігі (оқу жұмысы, демалыс орны және т.б. арналған орындардың болуы ).

Оқу экологиялық соқпақ.- бұл табиғатты арнаулы экологиялық оқытуға мақсатталған маршрут. Олардың ұзындығы 2-шақырымнан аспауын және оқу танымжорықтарын 3 сағат аралығында өткізу есептеледі. Оқу экологиялық соқпақтар келушілердің жүріп өтуіне жеңіл болуы керек. Оқушыларға автокөліктен гөрі жаяу және атпен саяхатқа шығу тиімдірек. Бұл серуендеушілерге өзіндік жеке тұлғалық қызығушылықтарын көрсетуге, бір объектіге көңіл тоқтатып, екінші біреуіне азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үзіліс кезінде жол сілтеуші мамандарға, мұғалімдерге де оқушылармен жеке әңгімелесуіне, сұрақтарына жауап берулеріне мүмкіндік туғызады.

Экскурсиялық маршрутта табиғат мұражайы, мұражай дәліздеріндегі фотосуреттер мен экспонаттар парктің көрнекті жерлері, флорасы мен фаунасы туралы ақпарат алынады. Сол жерде экскурсанттарға алдын-ала белгіленген тақырыптар бойынша семинарлар және дәрістер ұйымдастырылады.

Маршруттың жаяу түрімен жүргізілген бақылау кезінде тарихи, мәдени, табиғат ескерткіштері, тән ландшафтар, биологиялық көркем орындар (Сазды батпақ: Қарағайлы орман: Бассейн көлі, Үш үңгір – табиғат ескерткіші, Мәди Бапиевтің бейіті, Тасбұлақ) және б.т. танымдық объектілер кездесетін карта-кесте келтіріледі.  Экологиялық соқпақ жолдар  саяхатшылар зерттеу кезінде орман не көлге шыға алатындай бағдар жолдар жасалған. Аз уақыт мерзімді аялдау кезінде демалушылар әртүрлі мәдени массалық шаралар өткізе алатындығы қарастырылған.(табиғатқа бағытталған мақал-мәтелдер, тақпақтар, жаңылтпаштар, аңыздар, әңгімелер т.б.) Таным объектілері орналасқан жерлерде табиғи көрнекті орындар, мәдени-тарихи мұра ескерткіштері, табиғат ескерткіштері де баршылық. Табиғат мұражайында ал жол сілтеуші, гидтер экспонат залын аралатып, ұлттық табиғи парк орналасқан жердің картасы, аң-құстардың қатырылған түрлері, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың қатырылған түрлерімен таныстырады. Экспонаттарды көрсеткенде олардың өмір сүру жағдайы, экологиялық ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп береді. Аталған іс-шараларды қазақ этнопедагогика құралдары арқылы экологиялық өлкетануда жүзеге асыру оқушыларға мол рухани азық береді. Этнопедагогика – халықтың тәлім тәрбиесі оның тәжірибесін қорытындылап, жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым саласы екені белгілі. Қазақ этнопедагогикасы жөнінде жинақталған этнографиялық, фольклорлық материалдар әлі толық жүйеленуді, бүгінде ғылыми тұрғыдан жете саралануды, дамытуды қажет ететін, ертеңгі күнгі еншісін іздейтін жас ғылым.

Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой толғаныстары, наным-сенімдері, небір оңтайлы үлгілері ежелгі ауыз әдебиетіндегі фольклор, аңыз ертегі, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар т.б. этнопедагогика құралы болып табылады. Ниеттенген мақсатына жету жолындағы, субъектіге тәрбиелік ықпал жасаушы әрқандай заттың бәрі тәрбие құралы болып есептеледі.

Халық өз дүниетанымын, салты мен дәстүрін, ғұмырлық тарихын ең алдымен өнерге сіңірген, сол арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Бұл орайда, баға жетпес байлық,  құнды да, құнарлы дерек көзі фольклор. Фольклор - барша ұлттық мәдениеттің қайнар бұлағы болумен қатар, халық тарихының дәстүрлі дүниетанымының жинақталған алтын қоры, халықтың рухани жан дүниесінің айнасы, сонымен қатар, ол өткеннің елесі ғана емес, бүгінде халық тұрмысында өмір сүріп, көркем өнердің қайнары, дүниетанудың оқулығына айналған мәңгілік жас мұра. Фольклордың ішінде Қарқаралыдағы биікте орналасқан Шайтанкөл көлі-табиғат ескерткіші, Қалмақ қорғаны - тарихи ескерткіші туралы оқушыларға жол сапарда әңгімелеген орынды.

 Табиғаттың құбылысы туралы аңыз - әңгімелер халықтың наным-сенімінен, қиял-арманынан туған. Осыған орай фантастикалық элементтер мол. Аңыз мазмұны бірде тарихи фактілерге негізделсе, бірде нақты дерегі жоқ, қиялдан туған қызық ғажайып оқиғаларға құрылады. Алтай мен Сұлушаш туралы аңыз. Жауыртау шоқысы атауының шығу тегі туралы аңыз. Қарқарлыдағы тарихи ескерткітері.

Қалмақ қорғаны - тарихи ескерткіші. Үш үңгір – табиғат ескерткіші. Шайтанкөл туралы аңыз. Шайтанкөл көлі-табиғат ескерткіші.

Олай болса, табиғи ұлттық парктерде  экологиялық өлкетану мәдени шараларын жетілдіруде,  экологиялық өлкетану материалдарын пайдалану, қазақ этнопедагогикасы құралдары арқылы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғаттың даму заңдылықтарын танытып-білдіру, табиғат құндылықтарын бағалай білетін қауымның  рухани жағынан  баюының материалдық негізі бола алады және жолдарын көрсетеді.

 

Әдебиеттер

1.            Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Егемен Қазақстан. 15 желтоқсан 2012 ж. Астана.

2.      Бигалиев А.Б. Кәкімов Ж.Т. Экологиялық үғымдардың түсіндірме сөздігі.  Алматы «Қазақ

3.      универсисеті» 2002 ж.

4.      Попов Ю.Г. Каркаралы. – Алма-Ата: Кайнар, 1981.

5.      Ержанов Н.Т. Фауна и экология млекопитающих Центрального Казахстана: история развития

6.      и современное состояние. – Караганда: Изд-во КарГУ,1997.- .с.37-54

7.      Шілдебаев Ж. Экологиялық білім мен тәрбиенің ролі.- Қазақстан.мектебі журналы.

№ 8. 2004.

 

Р Е З Ю М Е

 

     В статье рассматривается обучение экологического воспитания учащихся  в направлении краеведения посредством казахской этнопедагогики.

 

 

     The article tells about teaching of ecological up-brining of pupils in the direction of regional studies by the meaning of Kazakh ethnopedagogics