Экономические науки/ 6.Маркетинг и менеджмент.

Э.Ж. Жунусова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті магистранты, Қызылорда қаласы

 

Қазақстандағы фармацевтика нарығын мемлекет тарапынан реттеудің дамуы мен болашағы

 

ҚР фармацевтикалық нарығы қазіргі таңда болашағы мол және тез дамитын нарықтарының бірі болып табылады. Айналым көлемі бойынша тек азық-түлік нарығына ғана жол береді.

Президент Н.Ә. Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің дамуының жаңа кезеңіндегі мемлекеттік саясаттың бір бағыты медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту болуы керек деп атап көрсетті. 2010 жылғы Жолдауда Президент таяу онжылдыққа нақты міндеттер қойды. Оның ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы «Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілігі қағидаты – міне, осылар денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделікті тұрмысындағы мемлекеттік саясаттың ең басты мәселесі болуы тиіс» екендігін атап көрсетті.

Жоғарыда көрсетілгендерге сәйкес, сондай-ақ халық денсаулығының  қазіргі жағдайына және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне жүргізілген талдау негізінде Қазақстан Республикасының  денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының стратегиялық басым бағыттары және іске асыру тетіктері айқындалды.

Қазақстан Республикасының фармацевтика өнеркәсiбiн дамыту жөнiндегi 2010 — 2014 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 19 наурызда № 958 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес әзiрлендi.

Бағдарламаны әзiрлеу Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 18 маусымдағы № 829 Жарлығымен күшi жойылған «Қазақстан Республикасының фармацевтика және медицина өнеркәсiбiн дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 20 тамыздағы № 3621 Жарлығында негiзгi қаланған, саланы реформалау жөнiнде мемлекет қабылдап жатқан шаралардың дәйектi жалғасы болып табылады.[1]

Қазақстан Республикасында фармацевтика саласын нарықтық экономика жағдайына бейімдеу үшін қайта ұйымдастыру үдерісі басталды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін іске асыруда дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың айналысы саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірленді. Мемлекеттік қолдау шаралары отандық кәсіпорындардың сапалы фармацевтикалық өнімдерін өндіру көлемін және номенклатурасын жыл сайын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған.  

Фармацевтикалық қызметтерді мемлекеттік реттеу мына жолмен жүзеге асырылады:

·        дәрі-дәрмектерді мемлекеттік тіркеу;

·        фармацевтикалық қызметті лицензиялау;

·        дәрі-дәрмектер айналымы саласындағы техникалық реттеу;

·        фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды аттестаттау;

·        фармацевтикалық қызметті мемлекеттік қадағалау және бақылау;

·        дәрі-дәрмектердің бағасын мемлекеттік реттеу.

Дәрі-дәрмек айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау мына жолмен жүзеге асырылады:

·        дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында, сонымен қатар құпия хабарламадан тыс, шағымдар, өтініштер мен өзге де формадағы ресми өтініштер бойынша, соның ішінде халық денсаулығы мен ұлт қауіпсіздігіне төнген қауіптің шұғыл алдын алуды талап ететін жағдайларды тексеру;

·        уәкілетті органның міндетті тұлғасына берілген бұйрықтың бұзылуы мен орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар.

Дүние жүзіндегі көптеген елдердегідей, Қазақстан Республикасындағы халықтың денсаулығы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторына тікелей байланысты, сондықтан заң бойынша Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрі-дәрмекті медициналық тәжірибеде өндіруге, сақтауға, іске асыруға және қолдануға тыйым салынады.

Мемлекеттік тіркеу кезінде ғана дәрі-дәрмектердің фармацевтикалық нарықта болу қажеттілігі мен қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасын анықтау жүргізіледі.

Мемлекеттік тіркеудің міндетті шарты дәрі-дәрмектерге сараптама жасау болып табылады. Барлық елдерде, соның ішінде Қазақстанда дәрі-дәрмек қауіпсіздігі мен сапасына талап өсіп отыр. Бүгінгі күні дәрі-дәрмектерді сараптаудан өткізу кезінде тіркелетін өнімді оның қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасына байланысты толық танып-білу және зерттеу ісі жүргізіледі[1]. 

Дәрі-дәрмектер мемлекеттік тіркеу нәтижелеріне байланысты дәрі-дәрмектердің Мемлекеттік тізіліміне енгізіледі және уәкілетті органмен бекітілген үлгідегі мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі.

Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы  бұйымдар мен медициналық техниканы тіркеу, сертификаттау, сапасын, сондай-ақ олардың жарнамасын бақылауды қамтамасыз ету қызметі тәртіпке келтірілген.  Ұлттық ақпараттық дәрі-дәрмек орталығы құрылды.

Нормативтік құқықтық актілерді Еуроодақ елдерінің нормаларына сәйкес үйлестіру жұмыстары басталды. Қазақстан Республикасы Еуропалық фармокопея комиссиясының ресми бақылаушысы және дәрі-дәрмектердің жанама әсерлерінің мониторингі бойынша ДДҰ-ның халықаралық бағдарламасының толық құқықты қатысушы ел болды. Республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен сатып алынатын дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу енгізілді, бұл олардың  бағасын орташа есеппен 30%-ға арзандатуға мүмкіндік туғызды.

Фармацевтика қызметінде қол жеткізген табыстармен қатар бірінші кезекте шешуді қажет ететін белгілі бір міндеттер  бар.

ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) тізбесіне сәйкес сапалы фармацевтикалық өнімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық дәрі-дәрмек саясатының жаңа жобасын әзірлеу қажет. Кеден одағына мүше елдердің фармацевтикалық жиынтық нарығында импорт, АҚШ долларымен есептегенде 17 миллиардтан асады. Фармацевтика саласын қарқынды дамыту үшін шығарылатын дәрілік препараттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарын жүргізу қажет және халықаралық нарыққа шығу керек, оның ішінде кеден одағы аясында түпкі өнім сапасын бақылау жүйесінен өндіру сапасын қамтамасыз ету жүйесіне, дистрибьюторлық және дәріханалық практикаға көшу қажет. 

Қазақстан Республикасының заманауи фармацевтикалық нарығы отандық өндірушілерінен басқа шетел компаниялардың едәуір саны қатысатын бәсекелестіктің жоғары деңгейімен сипатталады. Әдетте отандық фармацевтикалық өнімнің сұрыпталымы айтарлықтай бір түрлі, немесе тұтынушылармен сапаның жарияланған талаптарына сәйкес келмейді, ал бұл отандық нарықтағы импорттың басым болуына себепші болады. Бүгінгі таңда отандық дәрмектердің үлесі тек 9-10% құрайды. Бұл жағдай отандық тұтынушыны шетелдік дәрі-дәрмектерге үлкен тәуелділікке ұшыратады. Нарықтық қатынастардың тұрақсыздық шарттарында дәрмектерді, шикізатты, түрлі құрауыштарды жеткізудің кідірістері мен іркілістері болуы мүмкін; бағаның күрт өзгерістері болуы сөзсіз, сұрыпталымның төмендеуі және де бұрмаланған тауардың артуы. Бұның бәрі әлеуметтік өміріндегі теңгерімсіздігіне және қоғамның физикалық пен психологиялық жағдайының нашарлауына әкеледі.

Сондықтан шетелдік ұқсас дәрілерімен бәсеке түсіп, оларды аса алатын отандық фармдәрмектерді ұсынудың даму негізіндегі дәрмектердің теңгерілген нарықты қалыптастыру еліміздің замануи даму кезеңіндегі ең маңызды сұрақтардың бірі – ұлттық қауіпсіздіктің сұрағы болып табылады. Осыған байланысты мемлекетіміздің экономикалық және инновациялық саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі ретінде фармацевтикалыөқ ғылым мен өнеркәсіптің дамуы болу керек, себебі бұл бағыттар сау ұлттың дамуының айнымас бөлігі болып табылады. Елдегі фармацияның жоғарғы деңгейі мемлекеттің денсаулық сақтаудың және ғаламдық пандемия мен биотерроризм қауіптеріне қарсы тұру мүмкіндіктерінің жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қоса фармацевтикалық өндірістің ғылымды қажетсінудің артуы биотехнология, мұнай химиясы, әскери өнеркәсіп және тағы басқа сияқты өнеркәсіптің көптеген салаларымен тығыз салааралық байланыстардың дамуына себепші болады.

Осылайша дәрілік құралдардың қазақстандық саланың, әсіресе оның жоғарытехнологиялық өндірістердің дамуы негізінде фармацевтикалық тауарлардың теңгерілген нарығын сүзу сұрақтары ғылым мен тәжірибе үшін өте өзекті.

Фармацевтика өнеркәсiбi дамушы сала бола отырып, медициналық мақсаттағы бұйымдардың (ММБ) ұсақ өндiрушiлерiн қоса алғанда, фармацевтика және медицина өнiмi өндiрушiлерiнiң жалпы 79 кәсiпорнын қамтиды. Бұл ретте 6 барынша iрi зауыттар үлесiне Қазақстанда шығарылатын ақшалай көрiнiстегi барлық дәрiлердiң 90 %-ынан астамы тиесiлi. Отандық кәсiпорындардан: «Химфарм» АҚ, «Глобал Фарм БК» ЖШС, «Нобел АФФ» АҚ, «Ромат» фармацевтикалық компанияларды, «Нұр-Май Фарм» ЖШС, «Қарағанды фармацевтика кешенiн» атап өтуге болады. Медициналық жабдық бойынша — «Ақтөберентген» АҚ толық циклдi өндiрiсi бар кәсiпорын болып табылады.

Мемлекет тарапынан фармацевтика нарығының өндірістік секторын  дамыту және мемлекеттік бюджетті толтыру үшін оңтайлы жағдайларға қол жеткізу бағытында салық жүйесін жетілдіру; қаржы ресурстарын жинақтау және фармацевтік өнеркәсіпке инвестициялау үшін ынталандыру шараларын енгізу; тұрақты тауар-ақша айналымын, кредитке төмен проценттік ставкаларды, тікелей инвестициялар үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауды қамтамасыз ету; кедендік әкімшілік етуді жетілдіру және контрабандаға қарсы күрес; мемлекеттік сатып алу кезінде қолданылып жүрген заңдар шеңберінде отандық фармацевтік өндірушілерге басымдық беру; өмірлік маңызды дәрілік заттарды өндіруге мемлекеттік тапсырыс; сыртқы экономикалық шаралардың барлық арсеналын іске қосу арқылы ішкі рыноктың ашықтық деңгейін реттеу (кедендік тарифтер, импортты саны жағынан шектеу, дәрілік заттарды Қазақстан Республикасының аумағында пайдалану құқығына тіркеуге шектеу енгізу); банкроттық, жекешелендіру және мемлекет қарамағына алу құралдары арқылы фармацевтік және медициналық кәсіпорындардың тиімсіз меншік иелерін ауыстыру; фармацевтік өнеркәсіпті мемлекеттік басқарудың құрылымы мен жүйесін жетілдіру; халықты сапасыз фармацевтік өнімдерден қорғау; денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті мемлекеттік органның жанынан бақылау-қадағалау қызметін ашу; GMP (тиісті өндірістік практика) нормаларын сақтаудың мемлекеттік инспекциясын құру болып табылады.

Берілген мәселелер жиынтығының сөзсіз маңыздылығына қарамастан экономикалық әдебиеттегі Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың дамудың зерттелгендік дәрежесі жеткіліксіз. Жаһандану үрдісі жағдайларында фармацевтикалық өндіріс те, нарық та айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды, бұл ғылыми зерттеулерде жүріп жатқан үрдістердің барабар көріністі талап етеді.

 

Әдебиеттер:

1 Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ҚР Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығы             

2 А.В. Сидорович, Ә.Ә. Әбішев. Ұлттық экономика. Алматы;Экономика, 2011 жыл.

3  М.Б. Төреғожина. Экономиканы мемлекеттік реттеу: Лекциялар курсы. Алматы: Экономика.