Т.ғ.к., Қарсыбаева Ж.А., Демеу А.Г., Кішімқұлова Ә.С.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

                                                

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ радиосы

 

Қазақ халқының қабырғасын қайыстырған Ұлы Отан соғысының 1941жылы басталуы радиопублицистиканың қалыптасуына ықпал етті қосты.  Жалпы қазақ қоғамына ғана кері әсерін тигізбей, бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген сонау дүрбелең жылдарда жалпы журналистиканың алар орны ерек  болды. Бұл кезеңде қымбатшылық белең алып, көптеген газет-журнал редакцияларының жабылуы, радионың өркендеуіне жол ашты.

Сөзді тыңдарманына жеткізудің қуатты құралы радио болып табылады. Радио миллиондаған тыңдарманға бір сәтте жетіп санасына ықпал етеді және пікір тудырады.Радионы тыңдау үшін арнайы уақыт бөлу не болмаса күш жұмсау қажет емес. Бұлда радионың басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан ерекшелігі.

Журналистиканың ХХ ғасырдағы ең басты жетістіктерінің бірі ол радиожурналистиканың дамуы болды. Соғысқа дейін жайбарақат жұмыс жасап келген радио, Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмысын күрт өзгертіп қысқа толқынды үш арнадан бір арналық хабарға көшті. Қанмайданға отанды қорғау үшін аттанған жауынгерлерге күш-қайрат беріп, жігерлендіру радиохабарлар арқылы жүзеге асырылды.“Соңғы хабардың” ең алғашқы әскери саны неміс фашистерінің Кеңес еліне шабылуы жөнінде үкімет хабарламасынан кейін 45 минуттан соң эфирге  шықты. Осындай жедел  ақпарат тарата білген ресейлік радиостанциялар 1943 жылы соғысқа дейінгі дәрежесінен асып түскен. Осы алғашқы ақпараттан бастап соғыс аяқталғанға дейін «Совинформбюроның» 7 мың корреспенденциясы берілген [1, 126 б].

Тарихи деректер бойынша 1917 жылы қазан айының 28 жұлдызында Ташкент қаласында жұмысшы мен солдаттардың қарулы көтерілісі басталды. Қарулы көтерілісті Сырдария облысының еңбекшілері де қостайды. Әсіресе Қызылорда қаласының жұмысшылары өздерінде Кеңес өкіметін орнатқан соң ташкенттіктерге көмекке келді. Бұдан шығатын қорытынды, Сырдария мен Жетісу облыстарының тұрғындары Ташкент қаласын басқа республиканың орталығы деп қабылдамаған. Ендеше Ташкенттегі радиостанция жұмысына да тек өзбек халқына ғана теліп қою біржақтылық болар еді. Онда осы округке қарайтын ұлт тілдері тең қолданылған.

1943 жылдың 1 тамызынан бастап Бас қолбасшының кеңес жауынгерлерінің жеңісін жариялаған бұйрықтар беріліп тұрды. Айына бір рет берілетін «Әдеби күнделік» деген жаңа радиохабар пайда болды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы кездерінде 1941 жылдың 12-14 маусым күндерінде Қазақстанның астанасы Алматыда 336 атқыштар дивизиясы құрылғаны, ол дивизияны атақты Чапаевтің үзеңгілесі генерал-майор Панфиловқа табысталғандығы және дивизияның 18 тамызда майданға аттанғаны, Бауыржан Момышұлы, политрук Мәлік Ғабдуллин, қызыл әскер Төлеген Тоқтаровқа Совет Одағының Батыры атағы берілгендігі жайында хабарланған. Сол жылдары митингттік, насихат түрінде берілетін «Тыңда, фронт!» бағдарламасы дүниеге келді.1942жылғы 23 қазанда қазақ радиосы Сталингредты қорғаушылар үшін арнаулы радио хабарын ұйымдастырды. Оған қазақ  КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Н.Д. Оңдасынов, С. Маршак, С. Мұқанов, А. Стаханов және басқалар қатысты. Эфирден Қазақ КСР еңбекшілерінің Сталинградты қорғап жүрген өз ұлдары мен бауырларына үндеу тастаған сөздері тағыда бар күшімен естілді [2, 195 б.]. Майдандағы мақсаты бір, арманы асқар жауынгерлерге Жамбыл ақынның «Ленинградтық өрендерім» өлеңінің Ресей қаласының аспанында қалықтауы, «Евгений Онегин» операсынан, «Василий Таркин» поэмасынан, «Соғыс және бейбітшілік» романынан үзінділер оқылуы рухани күш бергендігі анық.

1942 жылдың 2 желтоқсанда жарық көрген «Отанды қорғауда» деген газеттің 7 санында жарияланған «Стаоингард түбінде» мақаласында мынадай деректер көрсетілген: - 29 қараша күні бойы біздің әскерлер Сталинград түбінде дұшпанның қарсылығын сындырып, Донның шығыс жағалауындағы оның жаңа қорғану шебін бұзды. Біздің әскерлер ВЕРТЯЧИЙ, ПЕСКОВАТКА, СОКАРЕВКА, ИЛЛАРИОНОВСКИЙ бекініс пункттарын алды. Осы пунктар немістердің бұл қорғану шебінің негізгі қарсылық түйіні. Сталинградтың оңтүстік-батысында біздің әскерлер дұшпанды қуа, ЕРМОХИНСКИЙ, ОБИЛЬНОЕ, ВЕРХНЕ-КУРМОЯРСКАЯ елді пункттерімен НЕБЫКОВСКИЙ станциясын алды.

- 29 қарашаның кешінде тұтқынға түскендердің саны 3000 көбейді. 19-нан бастап 29-қарашаға дейін болған соғыста тұтқынға барлығы 66 мың дұшпанның солдаттары мен офицерлері алынды.

- 19-нан 29-қарашаға шейін біздің әскерлердің қолына 2000 әр түрлі калибрлі орудиялар, 3935 пулиметтер, 1379 бүтін және бұзылған танктар, 6000 аса автомашиналар, 4677 соғыс жүгін тиеген арбалар, 10700 аттар, 122 азық-түлік, оқдәрі және соғыс мүлік складттары түсті.

Сталинград ауданында үш маторлы 72 транспоттық самолеттар жойылды [3,23 б.]. Дәл осындай соғыс жайлы ақпараттар радио арқылы да өз тыңдарманын тауып, халыққа жол тартты.

Мәскеуден естілген Левитанның дауысы жауынгерлерге сенім сыйлап, жауды түршіктірсе, қазақ жерінде Әнуарбек Байжанбаев даусының құдыретті әсері елдің еңсесін түзеуге үндеді. Ұлы Отан соғысы кезіндегі радионың атқарған рөлін айтып жеткізу қиын дейді сол кездің өкілдері. Сол кездегі атақты диктор Левитанның қуатты даусы кейінгі уақытқа дейін тыңдаушылар жүрегін дір еткізетін. Гитлердің де Мәскеуді басып алсам, ең алдымен Левитанның көмейіне қорғасын құямын деген сөзінде де үлкен мән, саясат жатыр еді.

Халықаралық   радиостанциялар қызметін жандандыру ісі «қырғи-қабақ соғыс» кезеңіне сай келеді.Сондықтан бізде болсын, шетелде болсын сыртқа хабар тарату жөніндегі зерттеулерде бұл мәселеге соқпай кету мүмкін емес. Өйткені сыртқы саяси насихаттың  пәрменді құралы  халықаралық  радиохабарларында «жау бейнесі» жасалды. Халықаралық радиостанциялардың ішінде ВВС  орыс тілінде хабар таратуды, соғыстан кейін, яғни 1946 жылы, ал «Америка дауысы» 1947 жылы «неміс толқыны» мен «азаттық» 1953 жылдан бастады. Сөз жоқ, бұл  радиостанциялардың барлығыда  «қырғи-қабақ соғыстың» перзенттері [4, 30 б].

    Қанды қырғын кезеңінде елге тіреу болған, отан қорғаушы сарбаздарға  дем беріп рухтандырушы бірден-бір құрал радио болды.Жаңғыра шыққан  дикторлардың жігерге толы дауысы зор әсер беріп,елге шыдамдылық, көкіректеріне сенім ұялатты.Әр бір жеңісті паш ету арқылы майдан даласында отан үшін жан беріп жүрген ағаларымызға әліне әл қосып,күшіне қуат қосты.

  Соғыс жылдарындарын радиосыз елестету қиын. Алайда бұл феномен ол уақытта Ресейде толық игерілседе қазақ даласында  әліде болса жаңашыл дүние болатын.Қазақ даласына радио 1921 жылы келгені бәріне мәлім,соған қарамастан радиохабарлар,бағдарламалар бізде толық  қамтылмады.Ресей еліндегі бағдарламалар бізгеде біртіндеп аяқ алып келген бетте Ұлы Отан соғысы басталды.Сол уақытта радиодан шыққан  журналисттардың дауысы өте ауқымды әрі зор болды.

  Егер еш бүгілместен қазақтың бауырында өсіп-өнген радио жайлы нақты тоқталсақ,соғыс жылдардағы радио тарихы мынада:                                                                 

Соғыстың алдында радионың бағдарламаларында патриоттык такырып, елдің қорғаныс қуатын нығайту туралы, Қызыл Армия туралы хабарлар үлкен орын алды.Радиокомитетте арнаулы Қорғаныс редакциясы құрылды.

Қазақ радиосының Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі хабарларының ерекше маңызы болды. Оларда жауға деген өшпенділік сезімі, ашу-ыза, жаудың     қолынан     құрбан болғандарға деген күйініш тудырған сөздер бүкіл қуатымен эфирден естіліп жатты. 1943 жылғы 8 желтоксанда Алматы қаласындағы еңбекшілер депутаттары Ленин аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Қисанов микрофон алдында фашистерді әшкерелей сөйлеп: "Қанішер Гитлер адамзат алдында айыпты! Оны көптің күшімен ғана токтатуға болады. Жаумен күресте кез-келген құралды пайдалану керек. Саясат жолында өтірік айтып, сатқындық жасағанды,  адам өлтіргенді жазалау керек", - деді.

Соғыс кезіндегі радиодан берілген хабарларда қазақстандықтардың майданға көмегі жайлы үнемі айтылып жатты. Сондай-ақ, Алматыда жасақ-талған Панфилов дивизиясының ерліктері, Әлия мен Мәншүк, туралы,  Б.Момышұлы мен Р.Қошқарбаев жайында талай радиохабарлар сол кезде де, кейін де берілумен болды. 500-ден астам қазакстандық жауынгерлердің Совет Одағының Батыры атанғаны айтылды [3, 17 б.]. Сол жылдардағы радио репортаждар дер кезінде даярланып эфирден берілуі аз да болса ел көңіліне демеу болды. 1945 жылдың 2 мамырында атақты Ресей репартері Лазерь Маграчаевтің даусы 14 сағат 45 минутта Берлиннен естілді: «Қымбатты жолдастар! Сіздердің кореспонденттеріңіз Берлиннің орталығындағы Унтер ден Линден көшесінен сөйлеп тұр. Рейхстагтың үстінде біздің алқызыл ту желбіреп тұр, ал көшелерінде біздің әскерлер алшаң басып жүр» деген сөздері тарихи жеңісті бүкіл әлемге жариялады. Ал, 1945 жылдың 2 мамырында 23 сағат 30 минутта Маграчаев Берлиннен: «...дәл осы сәтте Германияның тізе бүгіп, Кеңес Одағының жеңгені жөніндегі құжатқа қол қойылып жатыр!» деп хабарланды.Радиожурналистеррадиорепортаждың нағыз үлгісін, шапшаңдықтың өнегесін осылайша танытты. Ал, 9 мамыр күні И.В. Сталин халыққа арнап сөз сөйлеп, фашистердің толық жеңілгенін хабарлады. Осы күні 22 сағатта салют беріліп, Жеңіс мерекесі қазақ жерінде де тойланып жатты. 1945 жылдың маусымында гитлерлік Германияны жеңуге арналған әскери парадтан репортаж берілді [1,126 б]. Сонымен қатар сол жылдары музыкалық хабардың көптеп берілуі де жаумен жағаласып, Отан үшін арпалысқан майдан жауынгерлерін жеңіске жетеледі. Мысалы, Ресей әскерлері «Священная война» әнін салса, қазақ жауынгерлерінің көкейінде күмбірлеп, санасында «Жас қазақ» әні шырқалды. Соғыс жылдарындағы радио патриоттыққа тәрбиелеу идеологиясымен құнды. Газет-журналға қол жетімсіз еңбек майданында және станок қасында тұратын еңбеккерлер радио дегенде жарғақ құлақтары түрулі жүретін. Және соғыс жайындағы жаңалықтарды Левитан мен Байжанбаевтің үні арқылы біліп, есітіп отыратын.Дүрбелең кезеңдегі радиодан тыл еңбеккерлерінің де тылсымы мен тынысының назардан тыс қалмауы, радионың жылдамдығы мен қоғамдағы ролін, маңыздылығын одан әрі арттыра түсті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Омашев Н. Радиожурналистика: Оқулық - Алматы: Экономика,2005ж.- 247 б.

2.     Қазақ журналистикасы. Радиожурналистика. 3 том. -  Алматы, 2008.-296 б.

3.     Қозыбаев М.Қ., Қозыбаев І.М. Қазақстан тарихы. - Алматы: Атамұра, 1993. – 145 б.

4.     Красноармейская газета Ленинградского фронта «Отанды қорғауда» за 1942-1945г.г.- Алмата: Мектеп, 2008.- С. 378.