Т.ғ.к. Карсыбаева Ж.А., Асылбекқызы Қ.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Иманжүсіп Құтпанұлының өмірі мен тарих сахнасындағы орны

Қатпарлы қалың әдебиетімізді жасаушылар – көмейіне көрікті ой құйылған дархан даламыздың дарабоз дарындары мен тума таланттары қай заманда да дәріптелері сөзсіз. Біз сөз еткелі отырған сал-серілер поэзиясының алып өкілдерінің бірі – Иманжүсіп Құтпанұлының да өлшеулі өмірінде тағдырдың небір теперіштерін көріп, әділетсіздікке жан-дүниесімен қарсы боп өткен ірі ақын, арқалы әнші, ұлы өнердің тұғыры биік тұлғасы екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Бүгінгі менің шағын зерттеу еңбегім де Иманжүсіп бабамыздың өмір жолы, артына аманат қып қалдырып кеткен өлшеусіз өнері, шыңға өрлеген шығармашылығы хақында болмақ.

Иманжүсіпті дүниеге әкелген өлке – батысынан шығысына шарықтаса қыран құстың қанаты талатын ұланғайыр қазақ даласының солтүстік өңірі, дәлірек айтқанда, қазіргі Кереку топырағы. 1863 жылы жарық жаһан есігін айқара ашқан ақын 1931 жылдың 2 наурызында жалған жаланың құрбаны болып дүниеден озады. Иманжүсіп өз өмірінде Сәкен Сейфуллинмен, Қажымұқан Мұңайтпасовпен, Балуан Шолақпен жолдас болған.

  Егер тарихқа жүгінсек, Кіші жүзде Хиуа басқыншыларының озбырлығымен шайқаста Жанқожа батыр шықса, Орта жүзде Тұрғанбай датқа Қоқан хандығының халыққа көрсеткен қаныпезерлік қысымшылығымен қанаушылығына қарсы күрестегі тізгінін өз қолына алған. Тұрғанбайдың батырлығы мен батылдығы, өмірі мен өлімі туралы бүгінгі ұрпақтарына жеткен хикая әңгімелер мен тарихи деректер де кейде әртүрлі арнада өріліп жатады. Мысалы, Сыр елінің белгілі ағартушысы, «Қазақ» газетінің Сырдария губерниясы бойынша тілшісі болған Қалжан Қоңыратбайұлының осы газеттің 1916 жылғы ақпанның 24 (№171) сандарында жарияланған «Тұрғанбай датқа һәм оның жоғалған баласы Иман-Жүсіп жайында» деген мақаласында жұртым, ұлтым деп жүрген Тұрғанбайдың өз қандастарының күншілдігі мен рушылдық алауыздығы салдарынан арандатудың арбауына түсіп, ақыры қасындағы адал серіктерін аман сақтап қалу үшін өз басын анық өлімге тіккені, ажал аранына хас батырларша қасқая  жалғыз барғаны айтылады [1, 92 б]. Иманжүсіп тақырыбы, оның тұлғасы мен тағдыры арнайы сөз етер жеке бір әңгіменің арқауы болғандықтан, мәселенің мән-жайын, егжей-тегжейлі тәптіштеп айтса, асыл қазына өшпес тарих болары хақ.

“Иманжүсіп бала кезінен музыкаға жақын болған. Келе-келе қолына домбыра алып, сал-сері деген атқа ие болады. Осы уақытта өзі шығарған “Ерейментау”, “ Сарымойын”, “Сарыарқа”, “ Сейпіл Мәлік”, “Әкем – Құптан”, “Сарыбел” деген әндері қалың елдің арасына кеңінен тарайды. Иманжүсіп сол кездегі әншілер сияқты әнін де, сөзін де өзі шығарған. Тек қана сауық-сайран құрып жүрмей, елінің қамын ойлап, отаршылдарға қарсылығын ашық білдіріп отырды.Патша тақтан құлап, кеңес өкіметі орнап, кейін сталиндік зұлматта да, ашаршылық жылдарында да халықтың сойылын соғып, белсенділерге ұнамай жүреді. Мойынқұм көтерілісіне қатысты деп 1931 жылы репрессияға ұшырайды. Содан 1960жылы ақталып, 1972жылы Иманжүсіп әндері деген пластинкасы шығады. 1990жылы тағы да ақталады. Әндерінің көбінің сөздері жоғалған” деген дерек береді Иманжүсіптің немересі Раушан Көшенова.

Иманжүсіп өмірін сөз еткенде Рақымжан есімі ойға оралады. Деректерде Рақымжан бір кездері Иманжүсіптің досы болған, кейін сайлауға түскен соң араздасып кеткен болыс ретінде көрінеді. Ал, Оразбек Сәрсенбаев еңбегінде Рақымжан мүлдем басқаша кейіпте көрсетіледі. Сөзбе-сөз оқып көрейік: «Рақымжан Жайықбаевтың қиянатшылдығы да кісі таңғаларлықтай. Ол әуелі уйез бастығының қолдауымен отыз екі жастағы жігіт ағасын «жасы толмаған» деген қисынсыз сылтаумен болыс сайлауына қатыстырмай қояды. Егер Иманжүсіп сайлауға қатысса, ел ішінде атышулы беделді азаматттың басым түсуі әбден мүмкін еді. Әрі оның екі ағасы да қарапайым қатардағы шаруалар емес. Олар інілерін бақталасына қосқанда барын салғаны белгілі. Бірақ бәрібір ұлықтардың аузын алып қойған Рақымжан бұл жолы Тұрғанбай датқаның әулетін жеңіп шығады. Жеңіп шығып қана қоймайды, жеңілген Иманжүсіптің соңына бұдан былай шырақ алып түседі [2, 10 б.]. Бір жылдары арасынан қыл өтпейтін дос болған Рақымжандай бір елдің тұтқасының айдаладағы өсекке еріп, серіге қастандық жасауы ақылға симайын іс. Иманжүсіптей ардақтымыздың да бір кездері болыспен дос болған жағдайында жел сөзге лепіріп сайлауға түсуі де дәйексіз. Сыйлас адамдар болған болса Иманжүсіп:

Сиынамын сақта деп құрған тордан,

Сен аянба Рақымжан, келсе қолдан

Сеніменен жараймын айқасуға

Алады бұл бәйгені ойы озған,-демес еді [3, 24 б.].

     Қорытындылай келе, Иманжүсіп шығармашылығы мен өмірі, тарихта алатын елеулі орны  бір күнде айтып таусылатын дүние емес. Иманжүсіп болмысы бір парақпен дараланатын болмыс емес. Иманжүсіптің басқа серілерден өзгешелігі де ақындығына, әншілігіне, балуандығына қоса мінезінің өрлілігінде, өткірлігінде. Ол қазақтың азаттығы үшін арпалысып өткен әулеттің бір бұтағы болған. Сатқындық пен опасыздықты, әділетсіздік пен қуғындауды көп көрген. Сонда да қайыспай, бәзбіреулер секілді биліктің сойылын соққан жандайшап, қолшоқпар болмаған. Сол үшін де Иманжүсіп тұлғасы барынша дара. Қазақ еліне, қазақ жеріне тарихта өшпес із қалдырған біртума азаматтарымыз аз емес. Олардың әрқайсысының өзіндік орны, ерекше тұлғасы бар. Бойындағы өнерімен, дарынымен қоса, халықтың қуанышына ортақтасып, мұңын жоқтап, үлкен қайсарлықпен тайсалмай патша үкіметіне қарсы шыққан Иманжүсіп ағамыздай сахара саңлақтарының үлгі-өнегесін әрі қарай дәріптеп, жолын жалғастыру мына біздің келешек жас ұрпақтың қолында деп ойлаймын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Кошенова Р. Иманжүсіп. - Алматы: Қайнар, 2001.-176 б.

2.     Сәрсенбай О. Иманжүсіп.// Парасат.- 1998.- №9.-10 б.

3.      Жақанов И. Иманжүсіп әндерінің тағдыры. // Жұлдыз.- 2000.- №2. - 109-124 бб.