Педагогические  науки/5 Современные методы преподавания

 

П.ғ.к., доцент Мұратбекова А.М.

Доцент Әлмұрзина Г.М.

С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ, Астана қаласы

Қазақ тілін мамандық тілі ретінде оқытудың ерекшеліктері

 

Әлемдік өркениетке қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық, мәдени дамуындағы жаңа бастамалар мен түбегейлі өзгерістер бiлiм  беру жүйесiне өз әсерiн тигiзiп, бiлiм мазмұнын, оқыту әдiстемесiн жетiлдiруде тың iзденiстер жасауға мүмкiншiлiк туғызды.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында көрсетiлгендей: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізуге, білім беруді ақпараттандыруға, халықаралық коммуникациялық желілерге шығуға, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» делінген [1].

Демек, бүгiнгi жаңару бағыты – мемлекеттiк тiлдi жетiк бiлетiн, терең бiлiмдi, ұлттық рухта және ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар негiзiнде жан-жақты жетiлген жеке тұлғаны оқытып тәрбиелеу.

Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен байланысты екендігін көрсетеді. Кәсіптік-техникалық лицейлер мен жоғары оқу орындарын бітірген жас буын – әрі болашақ маман, әрі Қазақстанның өндірісін ілгері дамытатын кәсіпкер. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің тілін жоғары деңгейде білуімен де байланысты. Тілді мамандыққа бейімдеп оқытуда тіл үйренушінің кәсіби тілді меңгеруіне мүмкіндік туады. Сонымен бірге мамандықтарына қатысты ой-пікірлерін анық, нақты түрде ауызша және жазбаша жеткізу дағдысы қалыптасады. Келешек мемлекет қызметкерлеріне қойылатын кәсіптік талаптарға сай студенттер ісқағаздарын, құжат үлгілерін қазақ тілінде толтырып, сауатты жаза білуге талпынады. Осыған байланысты қазіргі заман талабы оқу үрдісін жетілдіруді, оның әдіс-тәсілдерін дамытуды, тілді мамандыққа сәйкес оқытудың білімдік мазмұны мен әдістемені жаңартуды қажет етеді. Қазақ тілін  мамандыққа байланыстыра оқытудың ұтымды жақтарына келетін болсақ, біріншіден, тіл үйренушілер қазақ тілін кәсіби қатынас құралы ретінде қолдана алады, яғни кәсібіне байланысты сөздік қорды жұмыс орнында пайдаланып, өз мамандығына қатысты ой-пікірлерін нақты, анық жеткізу дағдысы қалыптасады; екіншіден, күнделікті қызмет бабында ресми-іскери сөйлесуге тән тілдік тұлғаларды меңгеріп, мамандыққа қатысты ісқағаздарды жазуды  үйренеді; үшіншіден, болашақ маманның тұлға ретінде қалыптасуына, өсуіне және дамуына, өз мамандығын саналы сезінуіне мүмкіндік туады. Осы тұрғыдан алғанда, әдiскер-ғалымдар жоғары оқу орындарында тіл үйренушілердің қазақ тiлiн мамандықтарына байланысты коммуникативтiк-танымдық бағытта оқытудың тиiмдi жолдарын қарастыруда.

Қазақ тілін мамандыққа сай оқытудың басты ерекшеліктерін анықтауда, тиімді әдістемесін ұсынуда әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Ш.Оразбаеваның үлкен бір ғылыми-әдістемелік мектебі қалыптасқан. Ғалым теориялық және әдістемелік тұрғыдан тілдік қатынастың негізін қалаған еңбегінде сөйлесім әрекетінің түрлерін оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім деп бөліп қарастырады. Солардың әрқайсысына байланысты Ф.Ш.Оразбаеваның ғылыми жетекшілігімен қорғалған кандидаттық диссертацияларды атап өтетін болсақ, Г.Т.Алдамбергенова сөйлеу тілін құрылысшы мамандығына сәйкес мәтіндер арқылы дамытуды (1997),   С.Нұрғали айтылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (заң факультетінің жалғастырушы топтары үшін) (2003),  Г.Т.Бейсенбекова оқылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2001), Б.А. Ахметбекова мамандыққа қатысты сөздік жұмыстарының әдістемесін (2000), М.Д.Жорақпаева ет-сүт биотехнология бөлім студенттеріне қазақ тілін тыңдалым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (2002), Ф.Ж.Абдразақова қазақ тілін шетелдік студенттерге жазылым әрекеті арқылы үйрету әдістемесін (2003),  А.М.Мұратбекова қазақ тілінің кәсіби бағытталған лексикасын жазылым әрекеті арқылы оқыту әдістемесін (тарих факультетінің студенттеріне арналған) (2003), Ә.Ә.Уәбиева қазақ тілін қатысымдық тұрғыдан оқыту әдістемесін (орыс бөлімінің тігінші мамандығына арналған) (2003) арнайы зерттеді. Сонымен қатар ғалымның шәкірттері тіл үйретудің өзекті мәселелерін, атап айтсақ, А.С.Досмұрзаева тірек сызбалар арқылы оқытуды (2002), Ш.Қ.Құрманбаева қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін (2009), С.Т.Садықова қазақ тілін дидактикалық бірліктерін ірілендіру технологиясы арқылы оқыту мәселелерін, сондай-ақ  тілді қазақ мектептерінде оқыту мәселелеріне байланысты Н.Х. Шадиева қазақ мектептерінің 5-сыныбында лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқытудың әдістемесін (2002), А.К. Жанәбілова тіл дамыту жұмыстарының инновациялық технологиясын  (6-7 сыныптарға арналған шығармашылық тапсырмалар) (2004) қарастырды.

Арнайы кәсіби тілдік білім болашақ маманның кәсіби маман ретіндегі тілдік құзіреттілігін және жеке тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.  Тілді меңгеру, сөйлесім әрекетінің түрлерін  игеру, белгілі бір дәрежеде кәсіби тілдесімге қол жеткізу қатысымдық құзыреттілікке ие болу дегенді білдіреді.  Бұл жөнінде Ф.Оразбаева: «Кәсіби тілдесім – тіл үйренушілерге белгілі бір мамандықтың саласына байланысты сөйлесудің үлгілерін, мамандыққа қатысты сөздерді, тілдік қолданыстарды, терминдерді үйрету» - деп, сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін қамтитын ерекше құбылыс екенін айта келе, оның басты ерекшеліктерін айқындап берді [2, 297].

Білім алушылардың коммуникативтік құзыреттілігін жетілдіру мәселесі тілдің қатысымдық және когнитивтік салаларының өзара ортақ бағыттары мен ұстанымдарынан  туындаған жаңа бағыт. Тілді үйренуде сөз мағынасын қабылдауда, пайымдауда, түсінуде танымдық ерекшеліктерін ескеру, олардың түрлі өмірлік жағдаяттарда өз ойын, пікірін жеткізу,  қатысымдық мақсатты іске асыруда тілдің заңдылықтары мен нормаларын орынды пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру мәселелері алдыңғы орынға шығады. Коммуникативтік құзыреттілік студенттердің меңгерген тілдік білімдерін әртүрлі қоғамдық-әлеуметтік, қызметтік-кәсіптік жағдаяттарда дұрыс қолдана алуымен өлшенеді. Ғалым Р. Ә. Шаханова: “Қазақ тілін мамандыққа қатысты оқытудың әдістемелік жүйесін жаңа технологиялармен толықтырып, дамытып, жетілдіріп отыру тілдің қатысымдық қызметін нәтижелі меңгертуге негіз қалайды», -  дей отырып [3, 301], мамандыққа қатысты мәтіндерді іріктеу ұстанымдары дұрыс сөйлеуді жетілдіруге қызмет ету үшін:  

1) мазмұндық және тақырыптық тартымдылығымен ерекшеленуі керек;

2) тіл үйренушілердің өз бетімен жұмыс істеуіне ынталандырылуы;

3) қатысымдық (коммуникативтік) қасиеті басым болуы керек;

4) мамандыққа байланысты ғылыми мәтіндер студенттерде қажеттілік сезімін туғызып, білім беруде студенттердің сенімін күшейтетін болуы қажет [3, 204] екеніне назар аударса, Ш.Құрманбаева: «Қазақ тілінде қатысымдық құзыреттілікке ие тілдік тұлға өзіне қажетті кез келген салада ісқағаздарын жүргізе алуға дайын деп есептеледі, одан ары қарай кәсіптік терминдермен жұмыс істеу, әр мамандықтың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес ісқағаздарын жүргізуді меңгеру әрбір жеке тұлғаның өз құзырындағы танымдық, ізденімдік іс-әрекетке тәуелді болады», - деп атап көрсетеді [4, 16]. 

  Болашақ маманға қойылатын талаптардың бірі – коммуникативтік мәдениет. Ғалым Ф.Оразбаева: «Студенттің коммуникативтік әрекеті тіл үйренуге түрткі болатын уәжден, игерілуге тиісті білім мазмұны мен оның құрылымынан және тіл үйренушінің материалды меңгеру қабілеті мен дағдысынан, өзіндік іскерлігінен тұрады. Бұл әрекеттер студенттің коммуникативтік мәдениетін құрайды», -  деп ой қорытады [2, 123].

Коммуникативтік мәдениетті қалыптастыру үшін:

-    тілдің барлық қабаттарынан білімінің болуы (фонетика, лексика, грамматика салаларын білу);

-        тілдік құралдың мәнерлілігін қолдана білу;

-        ауызекі сөйлеу және жазба тілді дамыту;

-        сөздік қорды үнемі байытып отыру;

-        жаңа қолданысқа түскен терминдерді білу, оларды орынды қолдана алуы тиіс.

Сонымен қатар, өз мамандығы төңірегінде қарым-қатынасқа түскен тіл үйренушілер әрекеті жемісті болу үшін мына талаптардың орындалуы шарт: алдына қойылған мақсатқа жете білу; қарсыласын тыңдай білу; жоспар құра білу, яғни әңгімелесу кезінде өзінің қойған мақсатына жету үшін не айту керектігін алдын ала жоспарлау, өзіне деген сенімділік; әртүрлі пікір қайшылығы туған кезде алдын болжай білуі; тығырықтан шығу жолдарын тез арада ойластыра алуы; өз білімін қажетті жерінде қолдану шеберлігі; өзінің дұрыстығын мойындата алу,  т.б.

Жоғары оқу орнындағы оқу үдерісі кезінде осы қасиеттерді дамыту тұлға белсенділігін арттырумен тікелей байланысты. Белсенді тұлға ғана өзін-өзі жан-жақты тәрбиелеуге, соның ішінде қарым-қатынас жасауда басым бағытқа ие қатысымдық құзыреттілікті жетілдіруге мүдделі болады. Сонымен қатар, қатысымдық құзыреттілік пен мәдениет болашақ маманның кәсіби қасиеттері мен тұлғаның жалпы мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады.  Бұл орайда жас маманның тіл мәдениеті мен қарым-қатынас мәдениеті ерекше мәнге ие. Сондықтан тілдік материалдардың арнайы тақырыптық бағыттылығына, студенттердің кәсіби-танымдық білім шеңберін кеңейтетін мәтіндер мен тапсырмалардың ұсынылуына, сөйлеу тілін қалыптастыруға бағытталған лексикалық материалдардың танымдық, тәрбиелік сипатымен ерекшеленуіне, оқытудағы теория мен тәжірибенің мүмкіндігінше ұштастырылуына басымдық берілуі тиіс.  Осыған байланысты  Қ. Қадашева мамандық тіліне бейімдеп оқытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесінің әдіс-тәсілдерін ұтымды пайдалануға болатындығын, тіл үйренушілердің өз саласында тілді қолдану қызметінде лексикалық минимумды анықтау қатысымдық қажеттілікті қамтамасыз ететін ерекшелік екендігін көрсетті. Автордың зерттеу жұмысында заңгер мамандығына бейімдеп оқытуда өз тәжірибесінен алынған үлгілері толық баяндалып, кәсіби бағыттағы материалдың негізінде пікірлесімдік қарым-қатынасты қалыптастыруға жаттығулардың әсері зор екені айтылады. Сонымен қатар өзгетілді дәрісханалардағы үйренушілерге мамандығы бойынша тілдік база жасау мәселесіне тоқтала отырып, оның мақсаттарын ашып көрсетеді [5, 103].

    Қорыта келе, жоғары білім беру жүйесіндегі қазақ тілін мамандық тілі ретінде оқытуда теориялық білім, кәсіби шеберлік пен іскерлікті қалыптастыра отырып, студенттердің келешек мамандығының мазмұнын игерту  дидактиканың негізгі ұстанымдарын басшылыққа алу арқылы айқындалады деуге болады. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілді меңгертуде инновациялық технологияларды,  ұтымды әдіс-тәсілдерді, мультимедиа құралдарын  қолдануды жетілдіре түсу қажеттілігі туындайды.

 

Әдебиет

 

1.        Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» Заңы, 11-бап, 2007.

2.        Оразбаева Ф.Ш. Тіл әлемі. Мақалалар мен зерттеулер. –  Алматы, «Ан Арыс», 2009. – 368 б.

3.        Шаханова Р.Ә. Техникалық жоғары оқу орындарының  орыс бөлiмдерiнде қазақ тiлiн  мамандыққа қатысты  оқытудың  ғылыми -әдiстемелiк негiздерi: Пед.ғыл.док. ... дисс. –Алматы, 2002. -327б.

4.     Құрманбаева Ш.Қ. Қазақ тілін мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: пед.ғыл.докт. авторефераты, Алматы, 2009, 44 б.

5.   Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi: Пед. ғыл. док. ... дисс. – Алматы, 2001. – 301 б.