УДК  82.08:159.9                         

Сабаева  Гүлбаршын

әл-Фараби  атындағы  ҚазҰУ-дың  ІІ  курс  магистранты, Алматы, Қазақстан

e-mail: lapochka_29_11_90@mail.ru

Көркем  шығармадағы  психологиялық  деталь                 

             Көркем  шығармада    көркемдік  негіз, өң  беретін   психологиялық  аспектілер   көптеп  кездеседі. Міне,  осындай  аспектілердің  бір  түрін  айтар  болсақ,  ол – «психологиялық  деталь»  ұғымы  болып  табылады. Негізінен,  көптеген  зерттеушілеріміз   «психологиялық  детальдар»  мен  «заттық  әлемді»  шатастырып  жататыны  белгілі.  Психологиялық  детальдарға  өзімнің  пікірім  бойынша,  анықтама  беріп  кетсем.  Психологиялық  деталь – бұл шығарма  идеясы  мен  тақырыбына  арқау  болатын  деталь,  яғни  сол  деталь, зат арқылы  кейіпкердің  мінез-құлқы  мен іс-әрекеті,  болмыс-бітімі  кеңінен  ашылатыны  даусыз  нәрселер.  Зерттеушіміз  Г.Пірәлиеваның  пікіріне  сүйенсек: «Негізі,  заттық  әлем  кейіпкерді  толыққанды  етіп  бейнелеу  үшін  таптырмас  көркемдік  кілт.  Және   ол  кезең  мен  уақытты   кейіпкер  өмір  сүрген  психологиялық  ортаны  терең  тану  үшін  де,   кейіпкердің  жан-дүниесін  жан-жақты  ашу  үшін  де  қызмет  атқарады.  Қазіргі  қазақтың  көркем  прозасында  заттық  әлем  жаңа  бір  көркемдік  деңгейге  көтеріліп, тың  эмоционалдық  бояу  алды.  Оның  айтар  ойы, бере  емеуіріні, көркемдік  қызметі жаңартылды,  мағыналық-мазмұндық  мәні  артты» [1,155]. Бұл  пікір  заттық  әлемді  айғақтайды.

Негізі,  көркем     шығармада   «заттық  әлем»  де  өз  маңызын  жоғалтпақ   емес.  Бір    көркем      шығармада   бірнеше   заттық    әлем  болуы  мүмкін. Яғни,  сол шығармада     кездесетін      көптеген  заттар  әлемі  шығармаға  сол  заттар    арқылы  кейіпкердің  кім  екенін  танытатындай.  Ал,   психологиялық    детальдың    жайы  бұған     қарағанда   мүлде  басқа.  Психологиялық  детальдар  шығарманың  тақырыбы  мен  идеясына  құралған  жеке   бір  ғана  зат  болып   табылады.  Заттық     әлеміндей  бірнеше    зат   болмайды  мұнда.  Сол    шығармаға    арқау  болатын    деталь  кейіпкердің  өткені  мен  бүгінін, сезім  құбылыстарын, мақсат-мүддесін, арман-қиялын,  мінезін,  іс-әрекетін анық  ашып,  айқындап  береді  деп  айтсақ,  қателеспеген  болар  едік.

Зерттеуші  Г.Пірәлиеваның  айтуы  бойынша,  қазақ  әдебиетінде  заттық  әлемді  көп  қолданған  жазушыларымыз: Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев  болды.  Әрине,  бұл  жазушылардың  заттар  әлемін  кеңінен  қолданғанын  байқай  аламыз. Бұл құбылыс  Б.Майлинде  кездеседі.  Мұны  зерттеуші  Г.Пірәлиева  өз  еңбегінде  дәлелдеп  берді. Ғ.Мүсіреповтың  «Ұлпан»  атты  романында  заттар  әлемі  өте  шебер  түрде  суреттелген   деп  айтсақ,  қателеспеген  болар  едік.  Мұндағы  Ұлпанның қара  халықты,  айналасындағы  кедей-кепшікке  берген  киіз  үйі  болсын,  шымылдығы  болсын, орыстарға  еліктеп,  отырықшылдыққа  арнап  салған  үйі  болсын,  тазалық  саулығы  негізінде  салынған  моншасы  болсын мұның  бәрі  бір  шығармадағы  заттар  әлемі  болып  табылады.  Ең  бастысы,  Несібеліге  сыйға  тартқан  бір  арба  жүгі  оның  ішіндегі  кілем,  көрпе-төсектер,  сан  алуан  қымбат  заттар  бұл  Ұлпанның  сыйы.  Осы  шығармада  осындай  заттар  әлемі  Ұлпанның  қырын  жан-жақты  танытады. Мұндай  заттар  Ұлпанның  жомарттығын  ғана  емес,  ақылдылығын,  саналылығын, кедей  шаруаларға  жаны  ашитын,  керек  кезде  қолын  созып,  көмектесетін  жан  екендігін  көрсетті.  Ұлпанның  ең  ақылды  тұсы  бұл шығармада  жер  мәселесінде  көрінеді.  Ұлпанның  күйеуі,  бір  елді  басқарып  отырған  есеней  бидің  иемденген   халықтың  жерін  қайта  халыққа  бөліп  беруі  Ұлпанның  басты  ақылдылығы  екендігін  көрсеткен.

Заттар  әлемінің  көркем  шығармадағы  тағы  бір  сипатын  айта  кетейік.  Заттар  әлемі  кейіпкердің  тұрмыс-тіршілігі  мен мінез-құлық,  іс-әрекетіне  сипат  беріп  қана  қоймай, сол  қоғамда  өмір  сүріп  отырған  халықтың мәдениетін,  өркениетін,  даму  үдерістерін көрсетеді.  Және  де, сол  шығарманың  қай  дәуірде  болып  отырғандығын,  сол  дәуірдегі  тұрмыс  тіршіліктің  қандай  болғанынан  хабар  береді.  Айталық,  қазақ  жазушыларының  ХХ ғасыр  басында  өз  шығармаларында  қолданған  қаттар  әлемі: киіз  үй, кілем,  сандық,  шелек  т.б. сияқты  заттар  болды.  Ал,  әлем  әдебиетіне   көз  жүгіртейік. Дүние  жүзіне  атақты  француз  классигі О.Бальзак  та  «Шегірен  Былғары»  деп  аталатын  шығармасында  да  заттар  әлемін  өте  шебер  қолдана  білген. Мәселен: «Тосыннан  қарағанда дүкен  залдарының  іші  адамның  да,  құдайдың  да  жаратқан  заттарының   баршасы  осы  арада   бір-бірімен  иін  тіресе сығылысып, қалай  болса  солай, үйме-жүйме  жатқанын  бейнелейтін  көрініс  сияқты. Крокодилдердің, айдаһардың, маймылдардың  терілерін  сойып  қаптаған тұлыптары  шіркеу  жиһаздарына  қарап күлімдеп  тұрған  тәрізді, бейне  бір, адамдардың  мәрмәр  тастан  қашалған  кеудеше  мүсіндерін  тістеп  алуға, лак  жағып  жылтыратып қойған  бұйымтайларды  қуа  жөнелуге, әшекейлі  аспалы шамдалдарға  өрмелеп, ұмтылатындай» [2, 25]. Бұл  мысалдарға  қарап  отырып,  дүкеннің  ішіндегі керемет әлемдегі  заттардың  мәдениет  пен  өркениет  еншісінде  екенін  аңғара  аламыз.

«Ажал  аспаптары – қанжар, таңырқарлық  тапаншалар,  құпия  шаппалы  мылтықтар  күнделікті  бейбіт  тұрмыста  тұтынатын  бұйымдармен: Фарфор  табақ, саксондық  тостаған, қытайдың  мөлдір  кеселері,  ежелгі  замандардағы  тұз  сауыттары, орта  ғасырдың тәтті  тағам  ыдыстары сияқтылармен  араласып  жатыр» (27). Бұл Бальзактың  шығармасындағы  заттар  әлемі.  Қарап  отырсаң  не  деген  керемет,  көздің  жауын  алатын  дүниелерге  қызығасың.

Автор  осы  шығармасында  байлардың  сән-сәулетімен  қатар  кедейдің  жұпыны  өмірін  де  заттар  әлемі  арқылы  көрсетеді. Жас   жігіт  тұрған  үй  де,  үйдің  қожасы Годен  ханым,  оның   қызы  Полинаның тұрмысының  жұпынылығын  үй  жиһаздары  мен  киген  көйлегінің  жұпынылығын  суреттеу  арқылы  жеткізеді. Ал,  графиния  Теодораның байлығын, сәулетін,  сәнін салтанатын, әсем  киімдері  байлықтың  белгісі  болып  табылады.  Автор  осы  шығармада  сол  кездегі  Париж  халқының  тұрмыс-тіршілігінен  хабар  беретін  заттар  әлемін  өте  шебер  қолдана  білді.

Автордың  «Шегірен  былғары»  деп  аталатын  шығармасының  негізгі  психологиялық  деталі – «шегірен  былғары»  болып  табылады. Осы  былғарыны  жас  Рафаэль  дүкен  қожасынан  сыйлыққа  алады.  Былғары   шегірен  жас  Рафаэльдің  өмірін  өзгертіп  ақ  жібереді. Бұл  психологиялық  деталь  болып  табылады.  Осы  шегірен  негізінде  Рафаэльдің  болмысын  тани  аламыз  шығармадан.

Жоғарыда  заттар  әлеміне  сипаттама  беріп  кеттік. Енді  психологиялық  деталь  ұғымына  мән  беріп  кетейік. Айта  кететін бір  жәйт, Оралхан  Бөкейдің  әңгімелерінің  көбі  дерлік  психологиялық  детальдардан  тұрады.

Жазушының  «Көк  тайынша»  деп  аталатын  әңгімесінде  «көк  тайынша»  психологиялық  деталь  болып  тұр. Шығармада автордың  әкесінің  көк  тайыншасы  жоғалады.  Іздеп  бармаған  жері, баспаған  тауы  қалмайды.  Миллицияға  да  арыз  береді,  одан  да  нәтежие  шықпаған  соң, құдасы  келіп  көк  тайыншаны  соғымға  ұрлап  сойып  алғандығын  мойындайды. Осы  әңгімеге  арқау  болып  отырған  көк  тайынша  арқылы миллицияның  да  болмысы  айқын  көрінеді. Үш айда  үш  рет  келген  миллиция  ешнәрсе  жасамйды,  іздестірмейді  де.  Ал  автордың  әкесі  құдасы  алғанын  есіткен  соң  «е,  құдам  ғой!»  деп  істің  бетін жаба  салады.  Яғни,  бұл  кейіпкердің  мінезінің  жомарттығын,  кісілігін,  туысына деген  жақындығын  аңғартып  тұрғандай.

Осы  автордың  «Апамның  астауы»  деп  аталатын  әңгімесінде  де,  психологиялық  деталь – автордың  «апасының  жарық  астауы»  болып  отыр. Автор  жастайынан  сол  апасының  қолында  өседі,  ер  жетеді,  қызмет,  білім  қуып  астанаға  кетеді. Ауылға  келгенде  кәрі  апасы  өз  қолынан  о дүниеге  аттанады.  Сондағы  автордың  апасына  деген  сағынышын,  махаббатын  осы  жарық  астау  дәлелдеп  көрсетіп  тұрғандай  боп елестейді. Әрине,  автор апасы  өлгеннен  соң,  қалаға  апасының  жырық  астауын  әкетеді. Ол  неге  жарық? Бұл  автордың  көңіліндегі  жарық екені  мәлім. Апамнан  не  қалды  деп  ойлайды. Жарық  астау  қалды. Ия, автордың  көңілі  де  осы  жарық  астау  секілді  құлазып  қалған  секілді.

О.Бөкейдің  «Күлпәштің  ұршығы»  деп аталатын  әңгімесінде де психологиялық  деталь – «ұршық»  болып  отыр. Ол  кімнің  ұршығы  еді,  әрине  Күлпәштың. Күлпәш  автордың  апасының  замандасы,   құрдасы, көршісі  болатын. Автор осы  ұршық  арқылы  өзінің  апасының  да,  Күлпәштың  да  мінез-құлқы  мен  іс-әрекеттерін  айқын  көрсетіп  береді. Мәселен, Күлпәш  автордың  апасынан  бір  асым  ет  сұрап  келгенде,  апасы  бере   қояды. Ал, осының     қарымын  мен  де  қайтармайын    деген    ниетпен  Күлпәш  өзінің  ұршығын автордың  апасына  сыйға  тартады. Алайда  Күлпәш сол  етті  асып  жеп  болған  соң,  немересінен  ұршықты  қайта  сұратып жібереді. Осы  психологиялық  деталь  ұршықтың  арқасында автордың апасының  жомарт, досжанды  екенін, ал  Күлпәштың  тек  бүгінгі  күнін  ғана   ойлайтын,  аумалы-төкпелі  мінезді  екендігін  айқын  көрсетіп  береді.  Және  де  Күлпәштың  осы  шығармадағы  мінезі  сұраншақ,  сараң екендігін  шығарма  барысында оқып  біле аламыз. 

Автордың  «Бес  тиын»  атты  әңгімесі  де  психологиялық  детальға  негізделген. Мұндағы  психологиялық  деталь – «бес  тиын»  болып  табылады. Бұл  шығармадағы   Зәкең  атты  кейіпкердің  мінезі  мен  болмысы  осы  бес  тиын  арқылы  көрінеді. Зәкең  ауылда  почтада  жұмыс  істейді. Өз  ісіне адал,  еңбекқор болғанын  ауылдастары  көре  алмайды.  Сол көре  алмаған ауылдастары  Зәкеңнің  артынан  арыз  жазып жібереді. Ауданнан  тексеріс  келгенде,  ақшасын  есептегенде,  тек  бес тиын  ғана жтпейді. Аудандағы  тексеріс Зәкеңе  ризалығын  білдіріп  қайтайын  деп  отырғанда  Зәкең  столдың  тесігіне  түсіп  кеткен  бес тиынды  тауып  алып, өз  ісіне  адал  екендігін, керек  десең  бес  тиынын  да  жемегенін  айғақтайды. Міне, Зәкең  осындай  адалдығы  бес  тиынның  арқасында  көрініп отыр.  Шиеттей  бала-шағасының несібесін  ойлаған  Зәкең  осындай  адалдықпен   жұмыс  жасығанын  психологиялық  деталь  анықтап беріп  отыр. Бұл  бес  тиын  негізінде  суреттеліп  отырған  кейіпкердің  болмысы, туралығы,  адалдығы  болып  табылатыны  сөзсіз  нәрсе  екендігін осы  жерден  аңғара  алады  екенбіз.

Қырғыз  әдебиетінің  классикалық  өкілінің  бірі – Ш.Айтматовтың  да  шығармаларында  психологиялық  деталь  маңызды  роль  атқарады. «Қызыл  алма»  атты  әңгімесінде  автор  қызыл  алма  арқылы  кейіпкердің  болмысын  ашып  тұр  десе  де  болады. Бұл  шығармада  Исабеков  деген  кейіпкердің  отбасылық  жағдайы  баяналады. Исабеков  өз  әйелі  арасындағы  түсінбеушіліктерді  қызы  Анарға  айтып  жеткізгісі  келеді. Қызын  қала  сыртына  ертіп  апарғанда, қызы  бақ  ішінен  оттай  жанған, иісі  мұрныңды  жаратын  қып-қызыл  бір  алма  тауып  алып,   әкесіне  көрсетеді. Әкесі  болса, жас  кезінде  осындай  бір  алманы  тапқанын  есіне  түсіреді.  Ия,  ол  кезде  жас   студент  Исабеков  дәл  осы  бақ  арасынан  алма  тауып  алып,  күнде  кітапханадан  көріп  жүрген  қара  торы,  қолаң  шашты  ұнатып  жүрген  қызына  апарып  бермекші  болады. Сол  қызыл  алманы  достарынан  қызғыштай  қорғап,  кітапханаға  келіп,  қызды  күтіп  талай  уақытын  толқумен  өткізіп  еді. Лекцияда  отырса да,  жатақханада  жатса  да  бар  ойы  сол  алманы  қызға   қалай  апарып  беру  еді. Оның  сәті  де  түсті. Қызға  ұсынған, әрине,  қыз  алманы  қайтсін? Алмай  өз  жөніне  жүре  берді. Енді  бәрі  қызыққан  алма  ешкімге  де  бұйырмады. Тек  дуалға  соғылып  быт-шыты  шықты. Ал, сол  алманы  бүгін  қызы  тауып  отыр. Сол  алманы  Москваға  барып,  қызы  екеуі  әйеліне  апарып  бермек. Автордың  осы  қызыл  алма  арқылы  Исабековтың  өткенді  есіне  алуы, әйелін  сағынуы  деген  сезімдері  шығармада  жақсы  көрініс  береді  десе  де  болады.

Ш.Айтматовтың  тағы  бір шығармасынан  мысал  келтіре  кетейік.  Автордың   «Ақ  кеме» деп  аталатын  шығармасында  да психологиялық  деталь – ақ   кеме  болып  отырғандығы  белгілі. Шығармадағы  Момын  шалдың  немересінің  басындағы  психологиялық  күйлер  осы  ақ  кеме  негізінде  көрініс  табады. Момын  шал орманда  тұратын  орманшы. Немересімен  бірге  ойнайтын  бір  бала  жоқ  орманда. Немересінің  әке-шешесі  әлдеқайда  ажырасып, екеуі  де  өз  алдына  бөлек  отау  құрып  кеткен. Бала  өз  әкесін  де,  шешесін  де  көрмеген, көргісі  келеді. Бала  тек  Момын  шалдан  ғана  мейірім  мен  жылу  алады. Әкесін  Ыстық  көлдегі  ақ  кемеде жұмыс  істейтінін  атасы  айтқан  болатын. Бала  төбеге  шығып  алып, дүрбімен  Ыстықкөлге  қарайды онда  кеме  болса, әттең  сол  кемеге  жүзіп  барар  ма  еді, әкесін  көріп  мойнына  асылып  мінер  ме  еді. Міне  ақ  кеме  арқылы  бала  осыны  ойлайды. Қаншалықты  кішкентай  болса  да,  сәби  көңіліндегі  сезім  әке-шешесін  сағынтқандай  болады. Бұл  баламен  сыр  бөлісер  ешкім  жоқ. Ойнайтыны, айтар  сыры – табиғаттың  туындылыры. Тас, шөп, тау, ағаш,  сол  ормандағының  бәрі – мұның  достары.

Баланың  ұшқыр  – қиялы  ақ  кемені  көру  болатын. Ақ  кеме  баланың  әкесінің  жұмыс  істейтін  орыны. Бірақ, ешкімнен  қолдау  таппаған  бала  бұл  арманына  жете  алмай, мәңгілік кетпеске  кетеді.

Көркем  шығармадағы  психологиялық  деталь – кейіпкердің  мінез-құлқы  мен  болмысын  танытып  қоймайды,  кейіпкердің  іс-әрекеті  барысында  көрініс  беретін  психологиялық  күйлерді  де  ашып  көрсетеді деп  айтсақ, қателеспеген  болар  едік.

Қорыта   келе, көркем  шығармадағы   психологиялық  детальдар  жөнінде  айтып  кеттік. Психологиялық  деталь  мен  заттар  әлемінің  арасындағы айырмашылықты түсіндіріп  өттік. Психологиялық  детальдардың  кейіпкерлер  әлеміндегі    іс-әрекет  пен  мінез-құлыққа  тікелей  байланысты  екенін  байқадық.

 

Әдебиеттер:

 

1.     Пірәлиева Г. Қазіргі  қазақ  прозасындағы  психологизм мәселелері – диссертация.  Алматы, 2006240 бет.

2.     Бальзак  О.  Шегірен  былғары. Роман/ Орыс  тілінен  аударған – Ж.Смағұлов. – Астана: Аударма, 2011.– 344 бет.

3.     Мүсірепов  Ғ.  Ұлпан. Роман. – Алматы: Атамұра, 2003. – 264 бет.

4.     Бөкей  О. Қайдасың  қасқа  құлыным: Повесть,  әңгімелер. – Астана: Елорда, 1999. – 328 бет.

5.     Майтанов Б. «Қазақ романы және психологиялық талдау». Оқу құралы.– Алматы: «Санат», 1996. – 336 бет.

 

 

Сабаева   Гульбаршын

«Психологизм  в    художественной   литературе»

        Психологический  деталь – важнейший  аспект  в  литературе. Мы  говорим  в  этой  статье  детали  который  изображает  внутренний  мир  человека. Мы  рассматриваем  в  статье  психологические  детали  в  художественной   литературе.  Психологизм – основное  качество,  опирающееся  на  основу   художественного  искусства. Все  виды  искусства зиждутся  и  взращиваются  на  почве  психологизма.  Психологический  деталь – источник  нравственного  пространства  и  энергетических   сил  искусства. Таким  образом,  психологический  мир  героя  формируется  на  фоне  психологического  детали. В  художественном  литературе  раскрытие  человеческой   психологии  в  единстве  с  детали. В  этой  статье  мы  рассматриваем  психологические  детали  мир  героя.

Ключевые  слова: психологический  деталь, внутренний  мир, герой, деталь, художественная  литература

 

 

Sabaeva  Gulbarshyn

«Psychological  detail  in   literature»

          Psychological detail – the most important aspect in the literature. We say in this article, details of which depicts the inner world. We consider in detail in the article, the psychological literature. Psychology – the basic quality, based on the basis of art. All types of art are based on the soil and cultivate psychology. Psychological component – the source of moral strength and energy of space art. Thus, the psychological world of the character is formed on the background of psychological detail. In fiction disclosure of human psychology in unity with the details. In this article we consider the psychological world of the hero part.

Key   words:  psychological  detail, literature, character,  human  psychological