Рухани-мәдени құндылықтар
жастар тәрбиесінің
қайнар көзі
Ахметова Э.Т. АЭжБУ-дің оыс және
қазақ
тілі кафедрасының аға оқытушы
teakmetova@mail.ru
Оспанова Б.Р.
ф.ғ.к., аға оқытушы
baian_80@mail.ru
Тәуелсіздігімізді нығайту
жолында, ең маңызды мақсаттың бірі – ол қазақ
халқының рухын көтеру.
Ал рухымыздың тамыры ғасырлар
бойы қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілген
мәдениетімізде. Жиырмасыншы ғасырда өміріміз, мәдениетіміздің
келбеті Кеңес империясының тарихына бағынып, өз орнын
тапқан жоқ. Бұл келбеті отаршылдардың өзіне ыңғайлы
жазбаша ғана деректерге сүйеніп, тарихи шындықтан алшақтаған.
Сондықтан шын тарихымызды орнына келтіру үшін, халқымыздың
ауыз әдебиетіне қазіргі ұрпаққа жеткізетін
зерттеуші, фольклор жинаушы, ақын-жазушылардың еңбектеріне сүйенуіміз
қажет. Сондай жырларды таратушы, жинаушы
қоғам қайраткері Сегіз сері.
Бүгінгі
күнге дейін «Қыз Жібек» дастанының Сегіз сері нұсқасы жарық көрмеген
еді. Кейінгі жылдары ғана осы нұсқа табылып жарық көрді.
Бұл нұсқаның бұрынғы нұсқалардан
өзгешелігі кейбір тарихи шындықтың
бұрмаланып, кейіпкерлері өзгеріп,
жырдың жаңа қырынан танылуында. Рухани байлығымыз тарих
пен әдебиетке көз жүгіртсек, көп мәселенің
көмескіленіп, ақтаңдаққа айналғанын байқаймыз.
Өткен тарихқа тереңірек үңілсек, талай арыстардың
ұмыт болғаны анық көрінеді. Әрине, бұның
басты себебі елдегі саяси жағдайға байланысты. Қоғамда
көш ілгері озып шыққан озық ойлы азаматтардың
саяси қуғын-сүргін қылышына бірінші ілігетіні белгілі.
Осының салдарынан қазақ азаматтарының біразы зардап
шекті, олардың шығармалары мен өмірбаяны бүркемеленіп,
көпшілік оқырман қауымының назарынан тыс қалып
отырды.
Егемен ел, тәуелсіз мемлекет
болғанымызға 20
жылдан асса да XIX ғасырда өмір
сүрген, сол кезде бүкіл қазақ халқына танымал болған, мәдениетімізге баға
жетпес асыл мұра қалдырған, өз халқы
үшін отаршыларға қарсылық көрсеткен тұлға Сегіз
сері әлі қоғамымыздан тиісті тарихи бағасын алмай
отыр. Осы күнге дейін
Сегіз серінің классикаға айналған көп ән
туындылары мен өлеңдері
ақпарат құралдарында оның нақты атымен аталмай, халық әндері деп жарияланып келеді. Бұның өзі сері шығармашылығының
толыққанды зерттелмегендігін танытады.
Тәуелсіз Қазақстанда
мемлекеттік идеологияның өзгеруіне байланысты кеше ауыз
ашуға болмаған әңгімелер бүгін
ашық түрде айтылып, зерттеу керек болса, мемлекет
тұрғысынан қолдау тауып
келеді. Осының нәтижесінде тіл, әдебиет, тарих парақтары кеңінен
ашылып, кеңестік идеологияның қыспағына ұшырап,
сол идеологияның құрбанына айналған небір талантты қоғам
қайраткерлері мен әдебиет пен өнер иелерінің туындылары
әдебиет әлемінен өзіндік орнын алып та жатыр, бірақ әлі
де кезек күттірмейтін, оқырман қауымның көкейінен
орын алуға тиісті тың туындылар мен оның авторлары өзіне
тиісті бағасын алды деуге әлі ертерек. Яғни әдебиет әлемінде атқарылатын
істер қыруар. Сондай ауқымды
істің бірі, тіпті бірегейі деп, көптеген шығармалары жұртқа беймәлім, өмірбаяны да қазақ халқына жақсы таныс емес Сегіз
серідей үлкен өнер иесінің көптеген шығармалары
осындай олқылықтардың орнын
толтыруда атқарар рөлі
зор екенін осы зерттеу жұмысы арқылы жеткізе айтуға
тырыстық. Сал-серілер шығармаларын зерттеу Е.Тұрсынов,
С.Негимов, Т. Сүлейменов, Н.Әбуталиев, Б.Әбілқасымов,
Ш. Керімов, т.б. ғалымдар еңбектерінде жалғасын табуда.
Кейінгі олқымыздың орнын толтырып жатқан уақытта ел
аузынан түспей келе жатқан сондай саңлақтардың
бірі-Сегіз сері.
Біржан
сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі
Ыбырай, Мұхит, Балуан Шолақ т.б. көптеген әнші ақын,
сал - серінің шығармашылық мұрасы белгілі бір дәрежеде
айқын анық, зерттелді. Ақан серінің «Құлагер»,
Біржанның «Жанботасы» мен «Теміртасына», Ыбырайдың «Гәккуіне»,
Балуан Шолақтың «Ғалиясына»,
Жаяу Мұсаның «Ақ сисасына», ешкімнің дауы жоқ.
ХІХ
ғасырдағы қазақтың әйгілі серісі, әнші,
ақын, композитор Сегіз Сері Мұхаммедханафия Баһрамұлы
Шақшақов туралы соңғы 20 жылдай
уақыт көлемінде аз айтылған жоқ.Сегіз Сері жайлы
біршама деректер мен бірнеше шығармасының толық мәтінін
Мәди Болатовтың ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер
институтының қолжазба бөліміне өткізген (08.V.78)№863
папкадан (1-10 дәптер) табуға болады [1]. ХХ ғасырдың сексенінші жылдары Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты мен
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының дайындауымен «Жас шама», «X1X ғасырдағы
қазақ поэзиясы», «Ел
аузынан», «X1X ғасырдағы қазақ ақындары»,
«Айтыс» атты жинақтар жарық
көрді.
Осы аталған кітаптарда Сегіз
серінің шығармаларынан көптеген үзінділер берілген. Мәселен «Ғылым»
баспасынан жарық көрген “ XІX ғасырдағы қазақ поэзиясы“ атты кітапта “ Гауһармын таразыға салынбаған
“ деген Сегіздің өлеңінен үзінді бар. Онда сері былай деген:
Гауһармын таразыға
салынбаған,
Қылышпын қынабынан
алынбаған.
Керейдің Сегіз атты саңлағымын,
Секілді жанған оттай
жалындаған. [2.103б.].
Сегіз
серідей өнер иесінің мәдени мұрасы ұшан - теңіз, батырлығы бас иерлік. Осындай тарихи тұлғаның
мәдени мұрасынан мектеп оқушылары, студенттер, жалпы оқырман
қауым мақұрым қалып келеді. Себебі Сегіз серінің өмірбаяны
мен әдеби шығармалары оқулықтарға түспей
келеді, оқу
жоспарында арнайы сағат бөлінбейді, әдеби кітаптар жоқтың
қасы. Осы кемшіліктің орнын толтыру
үшін де арнайы зерттеудің маңызы зор деп есептейміз. Сегіз сері туралы оқырманға алғаш мәлімет Ғабит
Мұсіреповтың «Ұлпан»
атты шығармасын белгілі онда мынандай мәлімет берілген: «Бұл келген Керей аталатын көп рулы елдердің
аты шулы ақын әншілер, жыраулары еді. Ақын Шәрке сал, Тоғжан ақын, Нияз сері,
Сапарғали ақын, тағы үш -төрт пәрілер.
Бәрі де атақтының атақтысы-Сегіз сері ақынның
мұрагерлері »,- деген пікір келтірген болатын.
Сегіз
сері ақынның тағдыры мен
шығармалары бірқатар ғалымдардың да назарына
ілккен. Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан бір мақаласында «Тәттімбетпен қатар сахарада аты
кеңінен тараған, қазақтың аяулы ұлы -Сегіз сері. Көкшетау мен Обаған өлкесінде бірінші жарқырап
шыққан өнер иесі -
Сегіз сері»,-деген [3,182-183б.]. 1991
жылы филология ғылымының кандидаты Т.Сүлейменовтың «Сегіз сері» атты кітабы жарық көрді.
Онда автор Шақшақовтың шығармаларынан үзінді
келтіре отырып, оның өмірбаянын толық баяндауға тырысқан,
десек те Сегіз сері шығармашылығы жан-жақты зерттелді деп
айта алмаймыз.
Т.Сүлейменов
Сегіз сері жайлы кітап жазу мақсатын былай түйіндейді: «Сонымен
Сегіз сері Шақшақовтың өмір тарихын және оның әлеуметтік ой-
тұжырымдадарын дұрыс түсініп, жан - жақты қамтып
баяндау үшін кітапты негізгі үш тараудан құрдық. Cөйтіп, өнер иесінің
балалық шағына, қашқын болып жүрген кезінде,
патшадан кешірім алып, туған жерінің аясында кешкен ғұмырына
көңіл аудара отырып, Серінің
әншілік, ақындық ән шығарушылық қабілетіне
зер салдық. Ел қорғаны болған батырдың бейнесін жүйелі
түрде сипаттадық деп ойлаймыз», – дейді [4, 8 б.].
Қазақ даласында
қайталанбас өнерімен
ізі қалған, атағы аңызға айналған, қара халықтың мұңын мұңдап,
жоғын жоқтап қуғынға түскен, қазақ
өнерінің қайталанбас өкілі, әнші, композитор
Сегіз серінің өмір жолы мен шығармашылығының
ерекше маңызды зор.
Қазақ
ауыз әдебиетін, ән өнерін қайсыбір елдің
туындыларымен салыстырар болсақ, оның барлық жағынан да
ешкімнен кем түспесіне шүбә
жоқ. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге
жарар ол»,- деп ұлы Абай айтқандай, халқымыздың асыл мұраларының,
соның ішінде ән өнерінің осылай өзгеше сипат
алуына бірден-бір үлес қосушы
алаш ұлдарының да саны аз
емес. Әйтсе де, туған
даласын әнмен тербетіп, қысқа
ғұмырында жүзден
астам ән, жыр-дастан жазып қалдырған ірі тұлғалардың,
сазгерлердің есімін кейде уақыт құрбанына айналдырып
жіберетініміз жасырын емес. Әсіресе,
қазіргі кезде радио, теледидар арқылы музыкалық консерттерде
дәстүрлі классикаға айналған әндерді осы күнге дейін көрермендер мен тыңдармандарға
халық әні деп жариялайды. Авторы белгісіз болғандықтан
“халық әні” деп айтылып жүр. Сегіз серінің әндері
«Гауһар тас», «Ақбақай», «Алқоңыр», «Наз қоңыр»,
«Ғайни». Осы әндерді осы күнге дейін бізге сахнадан жеткізіп
тұрған атақты әншілер: Ермек Серкебаев, Бибигүл Төлегенова,
Әлібек Дінішев, Рахима Жұбатырова, Майра Мұхамедқызы.
Енді Сегіз сері кім, ол қандай әнші,
ақын, композитор болғанына нақтырақ шолу жасайық.
Сегіз сері Баһрамұлы (1818-1854ж) қазақ халқының
XIX-дың I жартысында өмір сүрген суырып салма ақын, әнші,
күйші, композитор әрі халық батыры.
Сегіз сері шығармаларының
толық жинағы әлі күнге дейін жарық көрген
жоқ. Ал, Ер Сегіздің жастық шағының бір көрінісін алға тартатын, әлі
күнге дейін баспа жүзін көрмеген тарихи, көркем
туындылардың бірі - «Қыз сипаты». Ауыз әдебиетін зерттеуші Әскер Кенжеғозұлы «Қазақ
батырлары» газетінің 1999ж. №10
санында жариялаған мақаласына көз жүгіртейік. Бұл
дастан Байұлы, Ысық руының өкілі Ғайнижамал Қолдыбайқызына
арналған.
Жүйрік ат, лашын, бүркіт,
тазы баптап,
Шығардым гөзелдерге
ән-күй арнап.
Ішінен көп сұлудың
ұнатқаным,
Ысықта Ғайнижамал құрбым болмақ....
Міне, осы дастаннан
байқағанымыздай, Сегіз сері Ғайнижамалға ән шығарған.
Ол «Ғайни» деген атпен ұрпаққа жетіп, бүгінде
Ермек Серкебаевтың орындауында бізге
де жетті.
Сегіз серінің
ақындығын, композитор, әншілігі бәрімізге белгілі Жаяу
Мұса Байжанов өзінің “Ер Сегіз” толғауында
айтып кеткен. Бұл толғауды ауыз әдеиетін жинаушы, шежіреші
Сейтқали Қараменде газетке жариялаған. Сегіз серінің шәкірті
болған ақын, композитор, әншінің осы толғауынан үзінділер
келтірейк.
Жігіттер
өнер құрсаң Сегіз ұқса,
Шәкірті
Сегіз серінің атым Мұса.
Қазақтың
ел қорғаны мақтаныш қой,
Үш
жүзде Сегіз серідей көп ұл туса.[5]
Жаяу Мұса өз
толғауында Сегіз серінің өлең, әндерін кімге, қандай
жағдайда шығарғанын тамаша ақындық өнермен
суреттеп берген.
Тараған
қолтаңбамен Кіші жүзде,
Сегіздің
“Айман-Шолпан”, “Қыз Жібегі”,
Сегізде
толып жатыр тамаша әндер,
“Әйкен-ай”,
“Жылой”, “Қарғаш”, “Бес Қарагер”,
“Шолпан
қыз”, “Дайдидау”, мен “Бозқараған.
Сегіз серінің
“Назқоңыры” осы кезде кең таралған ән. КСРО халық
әртісі Әлібек Дінішев орындаған. Қазіргі эстрадалық
жас әншілер тобы да концерттерде жиі орындап жүр. “Құлақтан
кіріп, бойды алар”, -деп ұлы Абай айтқандай, осы жерде сәл ғана
әннің тарихына тоқталайық.
Сегіз сері Омбыда Азиялық мектептің соңғы
курсында оқып жүргенінде Ахметқали деген ауқатты кісінің
Мукәрима атты қызына кездеседі. Бірақ Ахметқали патша
офицеріне қызын бергісі келмей, екеуін кездестірмеудің жолын қарастырады.
Осы себептен, ол қызы – Мукәриманы
туыстарының үйіне жібереді.
Мукәрима Сегізді шын сүйгендіктен, оған барған жерін
білдіріп, келіп кетуін өтінеді. Жас
Сегіз Мукәримаға бара жатып «Назқоңыр» атты төрт
шумақтан тұратын әнін шығарады. Қазір әншілер
тек алғашқы екі шумағын ғана айтады:
Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл
ерін,
Кел десең неге аяйын аттың
терін.
Сары ағаш сазға біткен
секілденіп,
Қай жерде отыр екен бұраң
белім.
Бірақ Сегіз
Мукәриманы туыстарының үйлеріне іздеп барғанында
кездестіре алмайды. Сегіз алғашқы махаббаты Омбыдағы Мукәриманы
есіне алып, елестетіп «Ақ ерке» атты ән шығарады. Бұл ән
1986 жылы шыққан «Ән-көңілдің ажары» атты
жинақта «халық әні» деп жазылған.
Осы күнге
дейін Сегіз серінің өлеңдері, классикаға айналған көп ән
туындылары ақпарат құралдарында авторы
аталмай, халық әндері деп жарияланғанын жоғарыда айтып
өттік.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет атанғанда , өз кезеңінде бүкіл қазақ халқына танымал болған, мәдениетімізге баға
жетпес асыл мұра қалдырған, өз халқы
үшін отаршыларға қарсылық көрсеткен тұлға Сегіз
серінің шығармашылығын әдебиет пен өнер алаңынан өзінің
тиісті орнын алуына зор мүмкіндік
туып отыр.
Бүгінде ұлттық идеологияның өзгеруіне байланысты
кеше ауыз ашуға
болмаған әңгімелер бүгін
ашық түрде айтылып, оның кең түрде
зерттелуіне мемлекет тұрғысынан мол мүмкіндік туып, қолдау көрсетілуде.
Сегіз серінің өмір жолы қысқа болғанмен, артына қалдырған мәдени, әдеби
мұрасы ұшан-теңіз.
Осындай бай мұраны жоғалтпай,
жинастырып, халық алдына тарту әр
қаламгерге, зерттеушіге парыз. Сегіз серінің өмірбаяны мен шығармаларын мектеп және
жоғары оқу
орындарының оқулықтарына енгізіп, әдеби кітаптар шығару-кезек күттірмейтін
мәселе. Осыған ғалымдар
мен жазушылар және баспа қызметкерлері
жанашырлық көрсетсе дұрыс-ақ.
Сегіз серінің батырлық
істері мен әдеби-тарихи
бай мұрасының тәрбиелік мәні зор. Ақынның жалынды сөздері жас азаматты халқының азаттығы үшін күреске шақырып, Отан қорғауға дайын болуға үндейді, патриоттық сезімін
оятады. Сондықтан Сегіз серінің
еңбектерін тәрбие жұмысында кеңінен пайдалануға болады.
Көп уақыт бойы Сегіз серінің өмірі мен өнері зерттелгенімен, оның тарихи бейнесі назардан тыс қалып
келді. Ғылыми мақаламыз осы
олқылықтың орнын
толтырар деген үміттеміз. Сегіз сері бір өлкенің ғана емес, бүкіл қазақ
халқының мақтан етер
батыры, өнер қайраткері. Көне заманнан келе жатқан
әдебиетті, мәдениетті бойына сіңірген, осындай қоғам
қайраткерлерінің артына қалдырған мол мұрасын
зерттеп-зерделеу арқылы қазақстандық
жастарды рухани тәрбиелеуде таусылмайтын қазына деп
есептейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
мен деректер:
1.Болатов
М. ҚР ҰҒА әдебиет өнер институтының қолжазба
бөліміне өткізілген (08.05.78 ) №863
папкадан
(1-10 дәптер).
2. ХIХ ғасырдың қазақ ақындары –Алматы: «Ғылым»баспасы, 1981. –103б
3. Марғұлан Ә. Күйді суреттеп, әнді меңгерген
қаламгер. « Жұлдыз» журнал №9,1983 –182-183б.
4.Сулейменов Т. Сегіз сері. –
Алматы: Өнер, 1991, - 255 б. /8/
5. Қараменде С. « Ер сегіз».
Алматы ақшамы,№6. 1991.