Аджибаева Г.М.
филология мамандығының 1-курс
магистранты
А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университеті
Қазақстан, Қостанай
қ.
ШЕШЕНДІК СӨЗДЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ жұрты жаратылысынан шешен
сөйлеуге бейім халық. Сондықтан да қазақ тілі –
бай, ғажап тіл. Оның тереңіне сүңгу, сан
қырлы даму заңдылығын түсіну бізге үлкен
ләззат береді, рахат сезімге бөлейді. Шешендік – сөз
өнерінің майталманы. Тауып айтылған бір ауыз сөзге
қауым елдің тоқтамдығы, дауласқан екі
жақтың әділ биге жүгінетіндігі де халықтың
тіл өнеріне деген ыстық махаббатының белгісі. Шешендік сөздердің мазмұндық-пішіндік
тұтастығы болады, яғни мағынасы мен
құрылымы бірін-бірі толықтырып, үйлесіп тұрады. Тек
бір-бірінен алшақ болғанымен, олар
мағыналық-құрылымдық болмыс-бітімі жағынан
бір-бірінен бөліне алмайды.
Мағыналық-құрылымдық жүйенің
біртұтастығы болмаса, шешендік сөздің де мәні
төмендейді.
Аристотель «Риторика» атты
еңбегінде шешендік сөздің, негізінен, құрамдас
төрт бөліктен тұратынын көрсетеді: 1) бастамасы; 2)
ұсынбасы; 3)
дәлелдеме; 4) қорытпасы [1]. Шешендік сөздің осы
құрамдас бөліктерінің ішінен ұсынбасы мен
дәлелдемесінің алатын орны да, атқаратын қызметі де
ерекше. Белгілі бір даулы мәселе туралы әңгіме бастамай
тұрып, белгілі бір қасиетін дәлелдеу мүмкін емес.
Мәселенің мән-жайы туралы әңгіме бастаған
соң, оның белгілі бір қасиетін дәлелдемей кетуге
және болмайды, дәлелдеу шарт. Шешеннің анық
сөздерінің бір тобы екі емес, одан да көп
құрылымдық бөліктерден тұрады. Ал М.Цицерон шешендердің
тәжірибелерін сарапқа салып, талдай отырып, олардың
іс-әрекетін жан-жақты байымдап, шешендік сөзінің басты
сатыларын сипаттайды [2]. Ең алдымен шешен өзі сөз ететін
мәселенің жайын 1) жан-жақты терең біліп алады. 2) Сол
мәселені талдап, талқылайды. Сөзінің қай
тұсына ерекше көңіл бөлу қажет екенін
анықтайды. Шешеннің мынадай екі мақсаты бар: а)
тыңдаушының көңілін жаулап алу; ә)
тыңдаушының ақыл-ойын өз мақсатына орай аударып,
бұрып әкету. М.Цицеронның тәжірибесіне
қарағанда, шешендік сөздің қуат-күші,
ілгеріде көрсетілгендей, үш негізге келіп тіреледі: а)
дәлелдеу; ә) ел-жұрттың ықыласын баурап алу; б)
ел-жұрттың ақыл-ойын өзі қалаған
бағытқа бұрып алу. Аталған мақсатқа
жетудің жолы – елдің көңілін балқытып, мейірін
қандыру. Бұл арада шешеннің жеке басының кішіпейілділік,
әділеттілік қасиеттері маңызды. Шешен сөзінің
бұл сатысын зерттеуші Ж.Дәдебаев балқытпа (услаждение) деп атайды. Шешен тыңдаушы
әрі шешім қабылдаушы ел-жұрттың салқын
көңілін баурап, балқытып алған соң,
сөзінің келесі сатысында, оны тербеп, толқытуға
күш салады, төрелік етуші топтың жұмсарып,
балқыған көңілінен сүйініш не күйініш,
жақсы көру не жек көру сезімдерін оятады. Шешен
сөзінің бұл сатысын
ғалым толқытпа (волнение)
деп атайды.
Сонымен, әдебиеттанушы
Ж.Дәдебаевтың көрсетуінше, М.Цицеронның шешендік
сөзінде мынадай басты сатылар бар: 1) Бастама; 2) Талқылама; 3) Дәлелдеме; 4)
Балқытпа; 5) Толқытпа; 6) Қорытпа [2]. Ал орыс ойшылы
М.В.Ломоносов шешендік сөздің құрылым жүйесін
төртке бөледі: 1) Бастама (Вступление); 2) Талқылама
(Истолкование); 3) Бекітпе (Утверждение); 4) Қорытпа (Заключение) [3]. Байқап
қарасақ, бұл пікірлер жоғарыдағы Цицеронның
ойларымен үндесіп жатқанын көреміз. Бұның
өзі шешен сөзінде қашан да рет пен жүйе, мазмұн
мен пішін тұтастығы болатынындығын көрсетеді. Ал
қазақ әдебиеттануының атасы А.Байтұрсынов
«Әдебиет танытқышта» шешендік сөздің
құрылым жүйесін беске бөліп қарайды: 1)
бастамасы; 2) Ұсынбасы; 3) Мазмұндамасы; 4) Қыздырмасы; 5)
Қорытпасы [4]. Көріп отырғанымыздай, Аристотель айтқан
«дәлелдеменің» орнына «мазмұндама» және
«қыздырма» секілді екі бөлікті қосады. Мұндағы
«мазмұндама» мен «қыздырма» ғалым Ж.Дәдебаев айтатын
«балқытпа», «толқытпа» сөздеріне сәйкес келеді.
Бұл ретте А.Байтұрсынов шешендік сөздердің
ұлттық болмыс-бітімге лайықтағанын
көреміз.
Шешендік өнердің тарихы
мен теориясы туралы еңбектердегі шешендік сөз жүйесін
түзуші құрамдас бөліктер, сатылар туралы пікірлерді
жинақтай келгенде байқайтынымыз, кез келген әдеби туынды
тәрізді шешендік сөз де үш құрамдас
бөліктен тұрады: а) басы; ә) ортасы; б) аяғы.
Жоғарыда айтылғандардың қай-қайсысы да осы
үштіктің аясында болады. Сөздің бастамасы мен
қорытпасы сөздің ортасы немесе басты бөлігін
түзеді. Мұны әдебиетші Ж.Дәдебаев «үш
таған» немесе «үштік тұтастық» деп атайды [5, 24-31].
Төле би мен Едіге би шешкен
бір құн дауы шешендік билікті мысал ретінде алайық.
«Ұлы жүз Үйсіннен шыққан Ошақты деген ел
орта жүздегі Малай, Жәдігер деген таптан бір Құлназар
дегенді өлтірген екен.... Есенбай, Еспембет деген Малай, Жәдігерден
шыққан екі батыр екен. Ошақты Есекесін керек те
қылмапты, құлағына да қыстырмапты, кете беріпті.
Замандардан заман өткенде осы құнды жоқтап он
төрт жасар күнінде Едіге би атқа мініпті. Арғыннан
Едігенің соңына ерген жүз кісі болып жүріпті. Шу деген
өзеннің бойына барып түсіпті... «Намаздыгер болып
қалыпты, намаз оқиық», - деп көп ру түрегелгенде,
ұлы жүздің
кісілерінің ішінен ұзын бойлы, нар жонды, шекпенді, ер қара
кісі түрегеліп тұрып, орта жүз кісілеріне қарап
сөйлейді:
- Алты атасын арқалап
жүрген бар ма екен, жеті атасын жетелеп жүрген бар ма екен.
Алмасың болса – мойным бар, асылың болса – қойным бар.
Бұл сөзімді ойлай бер, - деп аяғын баса бергенде, Едіге:
- Ақсақал, кішкене
мойныңызды бұрыңыз, киіз кімдікі болса, білек соныкі, ауыз
кімдікі болса, сөз соныкі... Жарлық өзіңізден болды,
жабдық та өзіңізден... – деп қала беріпті» [6]. Даудың қалай бітіп, іcтің қалай тынғанын
сұрап аңтарылған серіктеріне Едіге мынаны айтқан екен:
« - Ертең таң атысымен
алты атаның ұлы Арғынға алты ат бастатқан
тоғыз жібереді, төрт
атаның ұлы Төртуылға төрт түйе
бастатқан тоғыз жіберіледі. Оны қылса, қолынан ұстап
жалаңаш қыз береді. «Жарқын» деген құн осы
болады, - депті [7, 65-67].
Төле би айтқан шешендік
билік астарлы да бейнелі. «Алты атасын арқалау» - арада алты ата – алты
ұрпақ – өткендей уақыт өткен соң
қуған дау, даулаған күн, ескірген дауды қуу,
ескірген құнды даулау болып шығады. Құн даулау
үшін тым кеш келгенін меңзеп тұрған Төле
бидің сөзінде даудың ескіргені туралы ескерту бар. Екіншіден,
Төле би құн даулап келген жақтың неше ата болып
өскен ру екенін мезгеп сөйлеген болуы мүмкін. Алты
атаның баласын алып, алты атаның атынан құн даулап
келген бидің ісі атасын арқалаған кісінің ісіне
ұқсайтыны да рас. Осыны негізге алып, Төле би ердің
құнын даулаған алты атаның алты тобына лайық
жөн-жобаны ұсынады. «Жарлық өзіңізден болды,
жабдық та өзіңізден» деген қанатты сөз
арқылы Едіге Төле бидің билік шешімін мақұлдайды.
Орындалуын да бидің еркіне қалдырады. Бұл жерде айтушы мен
қабылдаушының арасында тығыз байланыс бар. Түрлі
мағынамен құбылып тұрған билік сөзді
ұғу кез келген кісінің қолынан келмейді. Мұндай
қалың қатпарлы билік сөзді айтқан кісі оны
ұққан кісіге, таныған кісіге салғырт қарай
алмайды. Мұндай сынға төтеп берген Едіге биге Төле
бидің ықылас танытуы шешендік биліктің халықтық
сипат алғанын көрсетеді. Бұл шешендік биліктің
мән-жайын зерттеуші Ж.Дәдебаев былайша түсіндіреді: «Қазақтың әдет
заңында кісінің құны 100 жылқы, түйеге
шаққан 50 түйе. Құнның жартысы «Алты
жақсы» деп аталады. «Алты жақсы» таңдаулы малдан
іріктелгенде, құнның қалған жартысын
толтыруға қандай мал да жарай береді. Төле би құн
даулаушыларға «алты жақсы» ұсынумен шектеліп қалмайды,
«Жеті атасын жетелеп жүрген бар ма екен» деген сөзімен жеті
түйе бастатқан тоғыз беруге даярлығын астарлап айтады.
Құн даулаушылар бұған көнбейтін жағдайда,
билікті солардың айтуына ықтияр екенін де аңғартады.
«Алмасың болса – мойным бар» деу осыны көрсетеді. Құн
даулаушылар басқа ілік іздемей, мәмілеге келер болса,
қалыңсыз беруге даярлығын және аңғартады.
«Асылың болса – қойным бар» деген сөз – осының
айғағы.
Ғалымның айтуынша,
әңгіме арқауы болып отырған билік сөз
ұрпақтан-ұрпаққа әуелде ауызша таралып,
хатқа кейінірек түскен. Сондықтан ондағы «алты ат бастатқан
тоғыз», «төрт түйе бастатқан тоғыз» атаулары мен
ұғымдары қазақтың әдет-ғұрып,
салт-дәстүр өлшемдерімен толық үйлесіп кете
қоймайтын. Әдет заңында «тоғыз» айып мөлшері
ретінде бағаланып, оның мынадай түрлері көрсетілген: 1)
түйе бастатқан тоғыз; 2) ат бастатқан тоғыз; 3) өгіз
бастатқан тоғыз. Аталған үш тоғыздың
әрқайсысының бекітілген құрамы мен мөлшері
бар. Мысалы, түйе бастатқан тоғыздың құрамы
мынадай: 1) боталы түйе тайлағымен (3 түйе); 2)
құлынды бие тайымен (3 жылқы); 3) бұзаулы сиыр
тайыншасымен (3 сиыр). Түйе бастатқан тоғыздың ең
толық және басты түрі – осы Екі бидің шешендігі мен
көсемдігі, ақылдылығы мен алғырлығы
даралығы мен даналығы ердің құнын екі ауыз
сөзбен бітірегн ірі қасиетке иеленеді. «Ер құны есебін
тапқан сабазға екі-ақ ауыз сөз екен ғой», - деп
сондағы көзкөргендер осындай жағдайда сөйлеген. Осы
мысалға композициясы тұрғысынан келсек, билік сөз
бірнеше сатыдан тұрады: а) алты ат бастатқан тоғыз беру;
ә) төрт түйе бастатқан тоғыз беру; б)
қалыңсыз қыз беру; в) құнның аяғын
Төле бидің босағасына байлау; г) құнның
басын Едіге бидің еліндегі Бабыр бидің босағасына байлау; д)
билік шешімді елдің қабылдауы мен бағалауы. Шешендер
бұрынғы замандарда неше түрлі тақырыпта ой мен
сөз жарыстырып отырған. Тақырыптарды шешендер
өмірдің өзінен, халықтың тілек-ұсыныстарынан
іріктеп алып отырған.
Қорыта келгенде қазақ
шешендерінің қай-қайсысы да, адам өміріндегі
маңызы жоғары «үш ғарып», «үш арсыз», «жеті
жетім» т.б сауалдарға жауап
іздеген, әр қырынан аша білген. Бұл шешендердің
бәріне ортақ, жалпы шешендік өнерге тән стильдік
ерекшелік деуге болады. Әр шешен сөздеріндегі жұмбақтар
мен теңеулер, олардың
құрылымдық ерекшеліктері, бәрі де белгілі
дәрежеде стилдік тәсілдер болып табылады.
Әдебиеттер
тізімі:
1. Аристотель. Риторика. //Аристотель и античная
литература. -М., Наука, 1978.
2. Цицерон М.Т. Три трактата об ораторском искусстве.
-М., 1972. -41c.
3. Ломоносов М. В. Полн. Собр. Соч. Т. 7. М.,
Ленинград., 1952. -63 б.
4. А.Байтұрсынұлы. Шығармалар жинағы. А., Алаш,
2003. -114б.
5. Әлменұлы Б. Шешендік сөздер. -А., Қазақ
университеті, 2007. -82 б.
6. Ел аузынан. //Құрастырғандар: Адамбаев Б.,
Жарқынбекова Т. -А., 1998. -100б.
7. Сейфуллин С. Шығармалар. Алты томдық. -VІ том. -А., 1964. -47б.