Утебаева А.К.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,     практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы

Көркем шығармалардағы мақал - мәтелдердің қолданысы    

      Тілдегі мақал-мәтелдер тұрақты сөз тіркесіне жатады. Бірақ, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің арасында үлкен айырмашылық бар. Мақал-мәтел фразеологизмдерден өзінің сөз қолданыс жағынан, мағыналық жағынан  ерекшеленеді. Фразеологизмдерге кейбір ұқсастықтары бола тұрса да, мақал-мәтел сөз саптаудың дербес түрі болып есептеледі. Мақал-мәтел нақылға, жөн сілтеуге ойысса, фразеологизмдер тек атауыш бейнелеу мәнде келеді.

     Сөйлеу кезінде тыңнан жасалынбай даяр қалпында қолданылуы жағынан мақал-мәтел де фразеологизмдерге ұқсайды. Олар астарлап, мәнерлеп айтатын ойдың бейнелі көрінісі болып, аз сөзбен көп мағынаны білдіреді. Мақал тиянақты ойды білдірсе,мәтелде ой аяқталмайды. Мақалдар негізінен екі бөлімді болып келеді де, алдыңғысында іс әрекеттің шарты мен жағдайы айтылып, соңынан сол пікірді қорытындылап түйіндейді.

           Мақал-мәтелдер мен әр алуан қанатты сөздерді жан-жақты зерттеуге байланысты пайда болған тіл білімінің саласын-паремиология деп атайды.Көркем сөз тәсілдерінің ішіндегі қуаттысы мен құнарлысы болып саналатын мақал-мәтелдер тіл атаулының баршасына тән, өзіндік ерекшелігімен  көзге түсетін универсалды құбылыс.Оларға  өмір шындығын, барлық  болмысты өзінде бейнелеп көрсету қызметі тән.Өйткені мақал - мәтелдер белгілі бір тілде сөйлеуші халықтың өткен  өмірі мен даналығы бойында сақтап, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей ауысып келе жатқан асыл мұра, рухани қазына болып саналады.

     Мақал-мәтелдер жайдан-жай айтылмайды, белгілі  мақсатты ойды жүзеге  асыру үшін қолданылады және де тыңдаушының сезіміне ерекше әсер ету үшін пайдаланылады.

      Фразеологизмдер секілді мақал-мәтелдердің де әбден қалыптасқан, орныққан орны бекем болып келеді. Мақал-мәтелдер қаншалықты ауыс мағынада айтылғанымен, құрамындағы сөздер өзінің байырғы лексикалық мағыналарынан қол үзіп, онша тасаланбайды. Мақал- мәтел мән мағынасымен қатар құрылым-құрылысы жағынан да сан түрлі болатындығы белгілі. Өзінің құрамы жағынан фразеологизмге мақалдан гөрі мәтел бір табан жақын келеді. Мақал-мәтелде ұғымнан гөрі нақтылы ойды түйіндеп айту басым келеді. Сондықтан бұлардың сыртқы құрылым-құрылысы сөйлемге ұқсайды. Ал фразеологизмдер керісінше, нақтылы бір ұғымды астарлап айтып, сыртқы тұлғасы жағынан жеке сөздерге теңесіп тұрады.

     Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер негізінде жай сөйлем түріндегі тұрақты сөз тіркесіне жатады,бұлар тұлғасы жағынан ұзақ уақыттан бері қалыптасып, белгілі бір формада тұрақталған, мазмұны жағынан біртұтастыққа ие болған жай сөйлем түріне жатады.

     Мақал-мәтелдердің әртүрлі өзгерістерге, тұлғалық модификацияларға  ұшырауы салдарынан пайда болған, тіл практикасында бір-ақ рет қолданыс  табатын түрлерін инварианттар деп атаймыз. Инварианттық өзгерістер автордың тек өз еркінде, образы мен бейнелеушілік әсерін, эмоция-экспрессивтік қуатын бойында сақтай отырып, пайдаланатын талантына байланысты. Ол -тұлғалық өзгерістерге душар болып, әр қырынан бір көрініп, әр жерден бір белес беріп  немесе бір жерге келіп шоғырлана қалатын мақал-мәтелдердің барлық жағдайда басын қосып, оның номинативтік қалпын сақтауға негіз, дәнекер болып отырған мағына-мазмұн тұтастығы, логикалық тұжырыммен қабысып келетіні баршаға мәлім, таныс, етене образ, өмір ситуациясы, ортақ тәжірибе. Мақал-мәтел инварианттары бірде олардың компоненттеріне инверсия жасау арқылы, бірде оларды эллипсис түрінде айту арқылы дербес екі түрде мақал-мәтелдің элементтерін өзара шебер қиыстыру арқылы, т.б. жолдармен жасала береді . Бұл құбылыс Әбіш Кекілбаев шығармасында да көрініс тапқан.

Мақал-мәтелдердің халықтық қолданыстан ауытқымай қолданылуына мысалдар келтірейік.

Күштімен  тайталасып абырой тапқан   әлжуаз  болған емес. Қайта  жұрт  ондайларды: «Әлін білмес әлек – деген  осы» деп  табалайды[Ә.К.217 б].

Бұнда берілген мақал халықтық қолданыстан ауытқымай қолданылған.

      «Қызғанғанымызды қызыл итке жем қылып қайтеміз, одан да өзіміз қызығын  көрейік», - деушілер көбейер  еді [Ә.К.231 б.].

     Тағы да бір  мысал: Осы  қазір балаларын жиып алса  ме  екен? Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ, бұның  аяқ астынан балаларын шақыртқаны ондай  қара ниет шаруаны тым шұғылдатып жіберуі де мүмкін ғой[Ә.К.38 б.]. Бұл берілген халықтық қолданыстан ауытқымаған мақал-мәтелдерде тұлғалық өзгерістер болмаса да айтылар ойға эмоциялық реңк үстеп тұрғаны белгілі.

     Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің бәрі негізінен жай сөйлем түріндегі тұрақты сөз тіркестерге жатады, яғни олар тұлғасы жағынан ұзақ уақыттан бері қалыптасып, белгілі бір формада тұрақталған, мазмұны жағынан біртұтастыққа ие болған жай сөйлем типтері. Мақал-мәтелдердегі тұлғалық тұрақтылық, сайып келгенде, оның біртұтас мағынасы мен мазмұнына тікелей байланысты. Ал мағына мен мазмұнның тұтастығы қоғам мүшелерінің өмір тәжірибелерінен алынған тағылым мен танымынан туындаған ой-пікірдің, логикалық тұжырымның әсерлі бейнесі, сан алуан образы қат-қабат астарласа, жалғаса көмкерілуіне байланысты болса керек. Мақал-мәтел тұлғасына тән тұрақтылық қаншама берік және тіл үшін нормаға айналған стандарт болса да, компоненттерін өзгертіп айтуға байланысты инварианттар  да жоқ емес.

     Мысалға: Қазір талай жаудың жүрегін шайлықтырған әскері де  нағыз «сен шап, мен атайын» боп бабында тұр [Ә.К.18 б.]. Халықтық қолданыстағы «Сен тұр, мен атайын» мақалының «тұр» бұйрық райлы етістігінің орнына бұйрық райлы «шап» етістігін алмастыру арқылы мағына үстіне мағына үстеген.

Немесе, Суыт барып, суыт қайтатын ол топтың ендігі оралатын да кезі болып  қалды. «Жолаушының кешіккенінен дәмет» деуші еді [Ә.К. 141 б.].

Бұл сөйлемде халықтық қолданыста «Жолаушының кешіккенінен сүйін» фразеологизмінің «сүйін» компонентінің орнына «дәмет» етістігін бұйрық рай  формасында алып, экспрессивтік мағына тудырған.

    «Айы оңынан туып» боп келетін мақал берілген сөйлемде: Екеуінің де ә дегеннен желі оңынан туа кетті[Ә.К.38 б.]. Мақалдың бірінші сөзі «ай» сөзі «жел» болып өзгеріп қолданған. Жолы болды деген мағынаны білдіреді. «Айы» есім сөзін «желі» есімімен ауыстырғаннан мағынаға нұқсан келтірмеген, керісінше экспрессивтілік мән үстеген.

Мақал-мәтелдердің жеке элементтері ғана сақталған инварианттар:

Мысалы: Азаптың арты – ашу. Ашудың арты – қара  жүрек қайырымсыздық[Ә.К.129 б.].

Бұл сөйлемде берілген мақал халықтық қолданыстағы «Ашу – дұшпан, ақыл - дос».[Ә .К.21 б.] (фразеологизмінің мағынасына беріліп, арасына ( азаптың арты, ашудың арты, қара жүрек) тіркестері қосылып мағына кеңейтілген.

Мақал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі. Сондықтан да бұрыннан келе жатқан даяр материал болғандығына қарамастан, жұрт мақалдарды айтуға да, сонымен қабат тыңдауға да соншалықты құмартып тұрады. Мақал-мәтелдердің адам баласының өмірінде қамтымайтын саласы жоқ. Соның бәрін аз сөзбен көп мағыналы етіп білдіреді. Мақал- мәтел әр заманның өзіне лайық туып көбейіп отырады .

     Фразеологиялық сөз тіркестерінің, мақал-мәтелдердің құрамы мен құрылымында тұрақтылық қасиет бар десек те, сөйлем ішінде әр компоненті түрлендіруші формаларға ие болып тұлғаланады екен.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

 1.Ә.Қайдар «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» А: 1998 ж.

2.Ә.Болғанбайұлы , Ғ. Қалиұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» А: 1997 ж.

3. І. Кеңесбаев «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» А: 1977 ж.

4. Ә.Кекілбаев «Махаббат мұнарасы»