Утебаева А.К.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,     практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы

 

Ә.Кекілбаев шығармаларындағы эпитет түріндегі фразеологиялық тіркестер

 

       Көркем шығармаларда образды айқындап, оны әр қырынан танытар өрісін кеңейтетін көріктеу құралын әдебиеттану ілімінде эпитет деп атайды.Бұл терминді А.Байтұрсынов көркейту немесе көркейте айқындау деп атаса, Қ.Жұмалиев халықаралық ортақ термин – эпитетті қолданады.

      Эпитет – адамның, заттың, құбылыстың бір белгісін: сырын, сипатын, қасиетін, атап көрсететін сөз, бірақ осы қызметте келетін жай анықтауыш сөзден эпитеттің айырмасы бар. Жай анықтауыш заттың, құбылыстың, адамның өзіне тән қалыпты сынын (белгісін, қасиетін, түрін, түсін т.б.) білдірсе, эпитет өзі атайтын белгіні бейнелеп ( образдап) көрсетеді, өйткені бұл белгі сол  заттың, адамның, құбылыстың табиғи, қалыпты белгісі емес.

      Қазақ прозасы қай кезеңде де тұрақты эстетикалық өрісі бар образдарды пайдалануды көріктеу тәсілдерінің бірі етіп келген. Олар образ болып жұмсалуы үшін жай өздері ғана аталмауы керек, образ әсемдік, әсерлілік үшін ұсынылады, демек, осы әсемдікті, әсерлілікті беретін анықтамалардың – эпитеттердің қажеттігін проза тілі жақсы сезінген[1,23 б.].

      С. Негимов: «Шын мәнінде, эпитет сөздер ақынның  өмірді, табиғатты терең білуімен, жан-жақты зерттеп жүруімен, соның бәрін ойда сақтарлық  алғырлық, жітілік, байқампаздық қабілетімен туындап жатады»[2,102 б.].

       Тіл білімін зерттеушілердің бірі эпитетті таза стильдік тұрғыдан түсіндірсе, екіншілері грамматика тұрғысынан, үшіншілері көркем әдебиеттің объектісі деп  түсіндіреді.

       Кейбір сөздіктерде: «Эпитет  дегеніміз – тек сын есім ғана емес, кез келген сөз табының зат есімге қоса тіркеліп, оны анықтауы», -деп түсіндіреді. Әдеби терминдер сөздігінде: «Эпитет – зат есімге тіркелген немесе зат есімнің орнына  жүретін суреттеуші термин», - деп анықталады.[3,20 б.].

        Арнайы зерттелмеген, троптың түрлерін зерттеу барысында қазақ ғалымдары эпитеттің басты қасиеттері жайында бағалы пікірлер айтып отырған. Ол жайында «Әдебиет танытқыш» атты  еңбегінде алғаш теориялық тұжырым жасаған қазақ ғалымы А. Байтұрсынов: « Бір нәрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтқымыз келсе, ол нәрсенің атынан айқын көрсеткендей сөз қосып айтамыз. Мәселен, қара Мұқан, сары Мұқан, болыс Мұқан, дейміз, айқындаудың бұл түрі тек айқындау болады, басқа көріктеу мақсатымен айқындау бар. Асылында, айқындау нәрсені я көркейту, я лақаптау үшін», - деп тұжырымдаған [4,354 б.].

       Қ.Жұмалиев эпитетті поэтикалық тілдің негізгі саласы дей келіп, басқа тілдердегі сияқты қазақ тілінде де эпитеттер сын есім, тағы бір түрі көсемше мен өткен шақты есімше арқылы жасалатынын, ал сөйлемнің мүшесі жағынан көпшілігі анықтауыш, кейде толықтауыш, пысықтауыш болып келетіндігін айтады[5,658 б.]. Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» атты еңбегінде «.Тілдегі барлық сын есім, барлық анықтайтын сөздер кез-келген жерде эпитет бола бермейді., Өйткені, сын есім жай ғана өз мағынасында қолданылса, бір нәрседен екінші нәрсені айыру үшін ғана айтылса, ол эпитет болмайды. Эпитет болу үшін, тиісті  нәрсені анықтай көрсетумен қатар сол эпитеттің әсері болуы керек. Ал болмаса, нәрсенің жай қалпын, сынын білдіру үшін қолданылса, эпитет емес, сын есім, не анықтайтын сөздер ғана болады», - деп сипаттайды. [5,256 б.]

      Академик М. Балақаев өз еңбегінде: «Суреткердің шеберлігін, сөздің көркемдік қасиетін  аша білу қасиетін талдағанда сөз бен образ арасындағы осы бір стильдік нәзіктікті, яғни жеке сөздердің қолданылуындағы ерекшеліктердің бәрі жиналып келіп тұтас контекстік мән алатындығын ойды бейнелі, нақты, шынайы көрсету үшін эпитетсіз елестету мүмкін емес» -деп өте ұтымды тұжырым жасаған[6,80 б.].

       Эпитеттер еркін (поэтикалық) және тұрақты (тілдік) болып екіге бөлінеді. Еркін эпитеттің де тұрақты эпитеттің де негізгі мағынасы – эпитеттік мағына. Бұл екеуінің арасында семантикалық айырмашылық жоқ. Олардың атқаратын стильдік қызметі де ұқсас болып келеді. Эпитет категориясының бұл екі түрі затты болмаса құбылысты эмоционалдық жағынан тиімді, экспрессивтік жағынан әсерлі етіп суреттеуді мақсат етеді. Бұл екі түрі семантикалық жағынан ұқсас болып келгенімен, олардың бір-бірінен айырмашылығы да бар. Тұрақты эпитетке –тілдің фразеологиялық жүйесіне енетін сөздер жатса, ал еркін эпитеттерге жеке авторлық сөз кестелері жатады. [7,7б.].

       Тұрақты эпитеттің де, фразеологизмдердің де құрылымдық және семантикалық қызметтері ұқсас болады.

      Тұрақты эпитет грамматикалық сипатына қарай есім , етістікті тұрақты эпитеттер болып бөлінеді. Ал құрастырушы сыңарларының санына қарай екі мүшелі, үш мүшелі, көп мүшелі тұрақты эпитеттер болы топтастырылады.

      Эпитеттер субстантивті, адьективті болып бөлінеді. Субстантивті тұрақты эпитеттерде ұйтқы сөз зат есімнен жасалса, адьективті тұрақты эпитеттерде ұйтқы сөз сапалық, қатыстық сын есімнен жасалады[7, 8 б.].

      Тұрақты зат есімді тіркестерден жасалған эпитеттерден гөрі сын есімді тіркестердің эпитет жасау мүмкіндігі мол. Сонымен бірге, эпитеттің өлшемі – көркемдік. Ал көркемдікке зат есімнен гөрі сын есімнің бір табан жақын екендігі белгілі.

      Түр-түс атаулары өзінің номинативті мағынасынан алшақтап, ауыспалы немесе символдық мағынада қолданылып, қазақ тіліндегі тұрақты эпитеттердің ерекше бір өрнегін жасайды.

                           Маужыратқан, жадыратқан жаныңды

                           Самал желдің лебі бар сөзінде[Ә.К.22 б.].

 

                           Басында қыраны жоқ құз қалыпты,

                           Қасында құмары жоқ қыз қалыпты.

                           Алқаптың балбыраған шалғыны жоқ,

                           Орнында көк сүмелек мұз қалыпты[Ә.К.24 б.].

 

                           Күн сайын өңір өңі сұйылады,

                          Сұр тұман жер бетіне жиылады.

                          Жынды жел туырлығын жұлқып тартып,

                          Онда да біздің ауыл бұйығады[Ә.К.25 б.].

     Өлең жолдарында берілген самал желдің лебі, көк сүмелек мұз, сұр тұман, жынды жел эпитеттері грамматикалық сипатына қарай есімді эпитет, оның ішінде сапалық сын есімнен жасалған эпитет болып, мәтін ішінде көркемдік қызмет атқарып, әсем бейне сомдау үшін қолданылған.

     Эпитеттер поэзия тілінде ғана емес, проза тілінде де көп кездеседі.

     Жазушы Ә.Кекілбаев та эпитет түріндегі фразеологизмдерді көркем шығармаларында көріктеу құралы ретінде жиі қолданған.

     «Сариған сары даланың төсінде көң қотырдай қоңырайып көрінетін қара құрым шаһарла көзіне көрінсе болды, қалың түмендер суға шапқан киіктей жөңкіліп, лап қоятын» [Ә.К.16 б.]

Бұл сөйлемдегі «сар дала» - ұшы-қиырсыз теп-тегіс  дала мағынасында қолданылған.

Атау тұлғадағы сын есім мен зат есімдердің тіркесуінен болған эпитет сипатындағы тұрақты тіркес контексте бірінші мағынасына ие болып қана тұрған жоқ, өзі тіркескен «шаһарлар» сөзіне бейнелілік әсер беріп тұрғандай. Сөйлем соңында баяндауыш қызметіндегі «лап  қоятын» тұрақты тіркес берілген.

Жалпы тілдік қолданыста бұл тұрақты тіркес екі мағынаға ие.

«Лап қойды» - біріншіден, лезде тұтанды, жанды, бұрқ етті, екінші, тұра ұмтылды, бас салды, легімен қаптап кетті деген мағынада да  қолданылады.

Контексте соңғы  мағынасында келіп, грамматикалық  өзгеріс ретінде «-атын» көсемше жұрнағы жалғанған. Жер қайыстыра қаптап келе жатқан Шыңғысхан әскерлері кең дала төсінде қарайып бір шаһар көрінсе болды, оны жаулап алмай тоқтамайтындығын жоғарыда  келтірген тұрақты тіркестермен әсем суреттеген.

     «Жыл он екі ай жүрегін сыздатқан қасірет те, төбе құйқасын шымырлатқан үрей де, көкірегінің басын көмірдің шоғындай тызылдатқан ыза да – бәрі де жым- жылас...жоғалған....өшкен....құрыған.»[Ә.К.265 б..]

     Дағдылы қолданыста «жүрегін сыздатты » тұрақты тіркесі «жанына батты, жанын ауыртты» мағынасын береді. Осы қолданылған тұрақты тіркестің соңғы компонентін өткен шақ есімше тұлғасына қоя отырып, өзімен тіркесе келген «қасірет» сөзінің айрықша белгісін білдіретін бейнелі сөз ретінде шебер қиюластырған. Осылайша өткен шақ тұлғасындағы тұрақты тіркестермен атау тұлғадағы зат есімдердің тіркесуінен эпитет түріндегі тіркес жасалған.

Сол сияқты, «төбе құйқасын шымырлатқан үрей» тіркесі де дәл осы  формада автор қолданысына түскен.«Төбе құйқасын шымырлатты» - шошытты, қорқытты, үрейлендірді; шошыды, тұла бойы түршікті, зәресі ұшты деген мағынада халық аузында қолданыс тапқан.

     Бұл жерде нақтылап айта кетер жайт – сөйлем құрамындағы тұрақты тіркестер өздері жеке тұрып эпитет болып тұрған жоқ, өзінен кейін келген сөзге айқындаушы, бейнелеуші сөз ретінде тіркесіп, эпитет - көріктеуші құрал ретінде жұмсалған.

     Формасы жағынан тағы да осы тұрақты тіркестерге сай келетін, жазушы

Ә. Кекілбаевтың өз қаламынан шыққан – «көкірегінің басын көмірдің шоғындай  тызылдатқан ыза» эпитет түріндегі тұрақты тіркес. Бұл сөйлемдегі «ыза»  сөзінің ерекшелігін бейнелеп тұрған – «көкірегінің  басын  тызылдатқан» деген тұрақты тіркес болмақ. Автор тұрақты тіркестің әсерлілігі мен бейнелілігін арттыра түсу мақсатында тіркес арасында «көмірдің шоғындай» теңеуін енгізген. Сөйтіп, автор бір жағынан «тызылдатқан ызаны» «көмірдің шоғына» баласа, екінші жағынан сол ызаның «көкірегінің басын тызылдатып» тұрғанын айтып бейнелілік, нақтылық сипат бере пайдасына жаратқан.

     Берілген мысалдағы үш тұрақты тіркес өзінің лексикалық мағынасын беретін сөздермен  тіркесе келіп эпитет  болған. Бұдан біз жазушының ойының экспрессивті – эмоционалды  бояуы өте жоғары екенін көре аламыз.

«Сұлудың тұла бойында қару жасыратындай қалтарыс атымен жоқ. Шыңғысхан алма мойын аруды сұғанақ көздерімен тағы бір тінтіп өтті»[Ә.К.40 б.]

«Алма мойын» тілімізде көп қолданылатын тұрақты эпитеттердің бірі. Бұл тұрақты тіркес «әдемі, ат сағақ, үзілме сұлу мойын» мағынасында, көркем сұлу әйелді суреттеу барысында қолданған. Атау тұлғадағы сындық мағыналы зат есімдердің ( алма және мойын) тіркесуінен эпитет түріндегі тұрақты тіркес жасалған.

     Жалпы халықтық қолданыста кездесетін «сұғанақ көзі» тұрақты тіркесін автор еш өзгеріссіз пайдаланған. Көршілес сөздермен байланысқа түсірілуі барысында тәуелдік жалғауынан кейін (-і) көмектес септік жалғауы жалғанған.

     Шыңғысхан тағы бір жорығында таңғұттарды жаулап алған соң еркек кіндіктілердің бәрін де өлтіртеді. Тіпті таңғұттардың әміршісі Шидергені де өлтіріп, оның ең сұлу әйелі Гүлбелжің ханыммен шатыр ішінде оңаша қалуды күтеді. Күтушілер ханымның үстіне лыпа қалдырмай шешіндіріп, ұлы әміршіге әкеледі. Сол сәттегі арудың сұлулығын автор «алма мойын» эпитетті тұрақты тіркес арқылы бйнелесе, еш қарусыз , қақпанға түскен еліктей өз-өзінен үркіп тұрған аруға қарай төне түсіп, оған сұқтана қараған Шыңғысханның жағымсыз, жауыздық әрекетін «сұғанақ көзі» тұрақты тіркесімен өрнектей алған.

     Сонымен, эпитет – адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олардың бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой-қиялына әсер ету үшін қолданылатын көркем сөз образы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Сыздықова Р. Абайдың сөз өнері. А: «Санат», 1995 – 208 б.

2. Негимов С. Ақын - жазушылар поэзиясының бейнелілігі. Аламты: Ғылым, 1991 – 199 бет.

3.Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (құрастырушы З.Ахметова, Т. Шаңбаев) Алматы: «Ана тілі», 1998. – 384бет.

4.Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Алматы,  2003. – 208 бет.

5. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1969 ж.

6. Балақаев М. Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері. – Алматы, 1976ж.

7.Мұхаметқалиева Г.Ө. Тұрақты эпитеттің табиғаты.ҚРҰ ғыл.акад. А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты: Филология ғыл.кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайын. Дисс., 10.02.06. – Алматы, 1995, 164 б.