Қазақ тілі морфологиясының зерттеу аясы туралы  

 

Иманқұлова Салтанат Меркібайқызы

Рамазанова Шайгүл Әмірғалиқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценттері, ф.ғ.к.

Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Қазақ тілінде морфология атауы мен зерттеу нысандары түрліше аталып және анықталып келді. Сол басы даулы басталған мәселенің әлі күнге дейін шешімі толық табылды деп айта алмаймыз. Өткенге көз жіберсек, қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалым А. Байтұрсынов еңбегінде «морфология» деген термин қолданылмайды, морфологияның зерттейтін объектілерін «сөз тұлғасы», «сөз мағанасы» [1] деп береді. Яғни, ғалым нақты атап көрсетпесе де, этимология деп қабылдағанды дұрыс көреді. Себебі, оған дейінгі ғалымның негізге алған еңбектерінде кейде фонетика саласы грамматиканың бір бөлігі ретінде енгізілсе, морфология «этимология» деп аталып, оған синтаксистің кейбір элементтері де кіреді. ХІХ ғасырдың аяқ кезіне дейін этимологияны грамматиканың бір тарауы, оның нысаны – фонетика мен морфологияның негізгі ережелерін зерттеу деген түсінік қалыптасқаны белгілі.  

Профессор Қ. Жұбанов морфологияны «сөз құрылысы» деп алып, «сөз-сөздің қалай құралатынын жалпы түрде қарайтын ғылымды жалпы морфология дейміз» [2,163б.] деп анықтама берсе, С. Аманжолов «морфологияның қарайтын объектісі – сөздің құрылысы, құрамы, өзгерісі» деп, «оның себебі ‑ әр тілде жаңа сөз тудыру жолы әр түрлі» [3, 66б.]  деген уәж айтады. К. Аханов «сөздердің морфологиялық құрылымы мен типтері, морфема мен оның түрлері, сөздердің түрленуі, олардың формалары мен сөздердің лексика-грамматикалық топтары туралы ілім» [4,269 б.] деген анықтама береді. 1967 жылғы «Қазақ тілінің грамматикасы» (І бөлімінде) және «Қазіргі қазақ тілі» оқулығындағы                   А. Ысқақовтың «сөз және оның формалары туралы ілім» [5,10 б.] деген анықтамасы қазіргі таңда негізгі бағдар ретінде қолданыста. Бұл оқулықтың морфологиялық зерттеулердің көш басында тұратын еңбек екендігінде күмән жоқ. Онда сөз және оның  морфологиялық құрылымынан бастап, сөздің морфологиялық құрамы мен жасалу жолдары, сөз формалары мен олардың жасалу тәсілдері, сөз таптары мен олардың жасалу тәсілдеріне қатысты мәселелер ғылыми тұжырымдар арқылы нақты көрсетілген.  

Н. Оралбай «тілдің морфологиялық құрылысын зерттейтін, яғни сөздің грамматикалық түрлену сипатын зерттейтін ғылым» [6, 4б.], Т. Сайрамбаев «Морфология – әрбір тілдегі сөз таптары туралы ғылым, ол тілдегі бүкіл сөздердің мағыналық жиынтығы, ол он сөз табына қатысты сөздердің ішкі құрамын зерттейді», Б. Қасым «морфема ретіндегі сөз және сөздің формалары, сөз тұлғаларын білдіретін грамматикалық мағыналар туралы ілім» [7,197 б.] деген анықтама береді.

 А. Салқынбай «Сөз құрамы» терімсөзін (термин – автор) морфологияның баламасы ретінде қабылдап, оған ерекше терімдік мағына береміз. Сөз құрамы – сөз таптарын біріктіретін, олардың грамматикалық тұлғалары мен категорияларын, сөздің тұлғалануын зерттейтін грамматиканың бір саласы» [8,198-199 б.] деп жаңа балама ұсынады.

Морфология грек тіліндегі morphe – форма және logoz – ілім деген мағынаны білдіреді. Яғни, сөз формасы, тілдің морфологиялық құрылысын зерттейтін ғылым. Тілші‑ғалымдардың анықтамалары бойынша, тіл білімінің морфология саласы сөздерді жеке алып қарастырмай, оларды жалпы алып, сөз топтарына топтастырып, әр сөз табының өзіне тән грамматикалық ерекшеліктерін қарастыратын ғылым. Жеке дара тұрғандағы сөздің лексикалық мағынасы болғанымен, басқа сөздермен байланысқа түсуі үшін грамматикалық мағынаны қажет ететіні белгілі. Лексикалық мағына да, грамматикалық мағына да сөздердің байланысуынан анық аңғарылады. Екеуінің де обьектісі – сөз. Морфология осы сөздердің формасын, яғни, сөздің негізгі түбірін, сөздің түрлі қосымшалар қосылғандағы түрлерін, сөз тіркестерін тексеретін ғылым. Сонымен қатар, тілдегі сөздердің атқаратын қызметтеріне қарай топтарға бөлу, әр сөз табына тән категорияларды анықтау міндетін де қоса атқарады.

Десек те, соңғы кезде морфологияның зерттеу аясы тарылып барады. Морфологияның зерттеу нысаны болып табылатын қосымшаларды сөзжасамға бөліп, ал жалғауларды синтаксистің үлесіне тиесілі деген пікірлер бой көтеріп келеді. Осы мәселеге қатысты профессор‑ғалымдар да өз күмән‑күдіктерін де жариялаған болатын.

Профессор Б. Момынова «Соңғы жылдардағы ғылымның дамуына сай сөзжасам сала ретінде жеке бөлініп шықты. Жеке сала болып таныла бастаған сөзжасамның аналитикалық, синтетикалық және лексика‑семантикалық тәсілдері осыған дейін жекелеген сөз таптарының грамматикалық сипатын тудырушы амалдар ретінде, мысалы, қосымшалар арқылы туындауы (синтетикалық) және сөздердің қосарлануы, бірігуі, тіркесуі (аналитикалық) жеке сөз таптарының аясында қарастырылды. Яғни есім сөздерден етістік тудыратын қосымшалар немесе етістіктен зат есім, сан есім, т.б. жасайтын жұрнақтар, есім сөздерден зат есім, сын есім, үстеу тудыратын жұрнақтар, т.б. сөз таптарына байланысты ескерілді. Сонымен бірге сөз мағынасының кеңеюі, тарылуы, ескі мағынасының мүлдем жойылып жаңа мән иеленуі, трансформациялану нәтижелері лексика деңгейінде тіліміздің сөздік қорының лексикалық деңгейде баюы деп танылды, әлі де солай деп саналғанмен, осыған дейінгі морфологияға байланысты принципті түрдегі ұстанымдар (сөз тудырушы жұрнақтарға, сөз таптарының жасалу жолдарына, т.б. қатысты) айқындығын жоғалтқандай әсер тудыра бастады» [9, 6 б.] деп сөздерді сөз топтарына бөлудегі үш принциптің бірі – морфологиялық принциптің бағдары өзгеріп бара жатқандығын айтса, профессор Т. Сайрамбаев «Морфология: кеше, бүгін» атты мақаласында: «Жұрнақ түбір күйіндегі сөз таптарының аясын кеңейтуші, жаңартушы, олардың санын көбейтуші қасиетімен ерекшеленеді. Жұрнақтардың осындай қасиеті бола отырып, сөзжасам пәнінің дүниеге келуі морфология саласына үлкен қиындық тудыруда. Солай болатын болса:

морфология саласының аясы тарылады;

морфология қосымшалардан тек жалғаулармен ғана шектеледі;

зат есімнен зат есім, басқа сөз табынан зат есім тудыру мәселесі ескерусіз қалды.

басқа сөз таптары да осылай;

бір сөзде, мысалы білімсізге – сөзіндегі қабаттасып келген жұрнақтар бұл сөзден алынып, сол сөздің түбіріне тек жалғау жалғасақ қандай күйге түспек?

жұрнақсыз әр сөз табына қатысты сөздер не болмақ ?

жұрнақсыз әр сөз табының не болатынын ойлау керек. Сонда қозылы қойдан қозысын ажыратқан кезде екеуінің маңырағанындай, әр сөз табы өзінің  аясын көбейтуші жұрнақтардан мүлдем қол үзбей ме?

Ал осыдан сөзжасамнан не ұттық?» [10, 232-233б.] деген мәселені ашық қойып, қосымшасынан айырылған морфология саласының келешегіне жанашырлық танытады. Ғалымдар бұл мәселені орынды көтеріп отыр. Қазіргі таңда күмәнді мәселенің басы ашылмаса, морфологияның келешегі де, зерттеу нысандары да бұлыңғыр болып, ертеңгі ұрпақ алдында көптеген сұрақтарға жауап таба алмауымыз мүмкін. 

Кезінде Ы.Е. Мамановтың: «Қазақ тілінің, басқа түркі тілдері сияқты, сөздерінің морфологиялық құрылысын тануда ең басты роль атқаратын оның алуан түрлі аффикстері болып саналады» [11] деген пікірі қазір де негізге алынғанымен, одан бергі жылдарда сөздердің морфологиялық құрылымы, олардың сөз тудыру, форма тудыру тәсілдері мен жүйелері өздерінің даму процесін бастан кешірді. 

Қазақ тілінде жазылған грамматикаларда, атап айтсақ, 1967 жылы жарық көрген академиялық “Қазақ тілі грамматикасында” сөз тудыратын, сөз түрлендіретін, сөз жалғастыратын қосымшалар деп берілсе, А. Ысқақов[5], Т. Аханов[4], А. Қалыбаева (жұрнақ, жұрнақша, жалғау) [12] т.б. ғалымдар еңбектерінде, сол сияқты қазақ тілі морфологиясы бойынша жазылған еңбектерде қосымшалар сөз тудырушы, форма тудырушы, сөз байланыстырушы болып үш топқа бөлінеді. Ы. Маманов, С. Исаев сөз тудырушы және форма тудырушы (жалғаулар, жұрнақтар) [13] деп екіге жіктейді. Н. Оралбай грамматикалық мағыналы қосымшалар (жалғауларды, грамматикалық жұрнақтарды жатқызады) мен сөзжасамдық қосымшалар (сөзжасамдық жұрнақтарды жатқызады) [6, 5б.], деп жіктесе, А. Салқынбай қосымшаларды «негізгі мазмұны мен ішкі мағынасына қарай сөз тудырушы және тұлға тудырушы деп бөледі де, сөз тудырушы тұлғалар атау жасау қасиетіне ие болғандықтан, сөзжасамдық мағына бар болғандықтан, сөзжасам саласының зерттеу нысаны ретінде морфологияда қарастырылмайды» деп есептейді. Тұлға тудырушы қосымшаларды қызметі мен ішкі грамматикалық ерекшеліктеріне байланысты былай жіктейді:

Лексика-грамматикалық тұлға тудырушы қосымшалар (сын есімнің шырай жұрнақтары, рең мәнді жұрнақтар, сан есім жұрнақтары, салт-сабақты етістік, етіс, болымды-болымсыз етістік категориялары);

Грамматикалық тұлға тудырушы қосымшалар: рай, шақ, жақ тұлғалары; зат есімнің жалғаулары (септік, көптік, тәуелдік), жіктік жалғауы;

Қызметтік мән туғызушы қосымшалар: қимыл есім, есімше, көсемше;

Қос қызметтегі (қос функциялы – Е. Шаяхметов) тұлға тудырушы қосымшалар [8, 214 б.].

         Демек, ғалымның пікірінше, жоғарыдағы тұлға тудырушы қосымшалар морфологияның үлесіне тиеді де, сөзжасам негіз сөздің мағынасы арқылы жаңа туынды атаудың жасалу жолдары мен тәсілдерін анықтайды. Морфологияда негіз сөз сөздің түбірі делініп зерттелсе, сөзжасамда сөзжасамдық тұлға ретінде айқындалады.  Яғни, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық саты, сөзжасамдық тарам, сөзжасамдық тізбек бойынша қарастырылады, оның өзіндік ұғымдары, бірліктері бар сала. Негізгі зерттеу нысаны – туынды сөз. Ал туынды сөз морфологияның зерттеу нысанына айналған  қосымшалар арқылы да жасалады.

Бұл мәселе сөздердің грамматикалық категорияларына қатысты. Мысалы, сан есім, есімдік, үстеу т.б. сөз таптарының грамматикалық категориясы болмауы мүмкін, себебі, бұл сөз таптары белгілі парадигмалық жүйеге бағынбайтын, грамматикалық, тұлғалық түрлері жоқ сөздер. Ал грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім, сын есімнің сапалық түрі, етістік. Таратып айтар болсақ, зат есімнің сан‑мөлшер (көптік) категориясы, сапалық сын есімнің шырай категориясы, етістіктің салттылық‑сабақтылық категориясы, етіс, рай, шақ, жақ категориясы. Байқап отырғанымыздай, грамматикалық категориялардың түрлену жүйесі біркелкі емес. Олардың морфологиялық көрсеткіші болып табылатын грамматикалық тұлғалары бірде таза грамматикалық мағына үстеп тұрса, бірде лексика‑семантикалық сипатқа ие болып тұр.

Ал тіліміздегі көптік, септік, тәуелдік жалғаулары түбір білдіретін грамматикалық заттық мағынаға ешбір нұқсан келтірмей, сандық, мөлшерлік, меншіктілік т.б. мағыналар үстеп, сөйлемді байланыстыру қызметін атқарады. Соңғы қызметіне қарап ол жалғауларды синтаксис саласының зерттеу нысанына беру керек пе, жоқ па деген ой да қылаң беріп қалады. Қазақ тілі грамматикасының көшбастауы болған еңбектерде жалғауларды синтаксисте қарастыруы да ойланарлық жағдай.

Қорыта келгенде, морфологияда басы ашылмай жатқан мәселе жетерлік. Мақаламызда морфология саласына, оның зерттеу нысанына қатысты ғалымдардың айтқан ой‑пікірлерін, тұжырым, қағидаларын  қайта қарауды, тереңірек зерттеуді қажет ететін тұстары бар екендігіне көз жеткіздік.

          

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1.     Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, Ана тілі, 1992. – 446 б.

2.     Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, «Ғылым», 1966. – 362 б.

3.     Аманжолов С. Тіл және жазу/ Язык и письмо. – Өскемен, 2005. – 403 б.

4.     Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы «Мектеп», 1978, 492 б.

5.     Ысқақов А.Ы. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы, 1991. – 385 б.

6.     Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы, 2007. – 388 б.

7.     Оразбаева Ф. Ш., Сағидолда Г., Қасым Б., т.б. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 2001. – 534 б.

8.     Салқынбай А.Б. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 2008. – 462 б.

9.     Момынова Б. Саткенова Ж. Қазақ тілі морфологиясы. Есімдер. – Алматы «Арыс», 2007, 117 б.

10. Сайрамбаев Т. Морфология: кеше, бүгін. Түркі әлемі: тарих, қоғам, табиғат. Халықаралық ғылыми‑теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2009. – 232‑240 б.

11. Маманов Ы.Е. Қазіргі қазақ тілі. Лекциялардың текстері. – Алматы, 1973. – 89 б.

12. Қалыбаева А., Оралбаева Н. Қазақ тілінің морфемалар жүйесі. – Алматы, Ғылым, 1986. – 181 б.

13. Исаев С.М. Қазақ тілі. Алматы, 1998. – 207 б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«МӘДЕНИЕТТЕР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТІЛ, ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ АУДАРМА МӘСЕЛЕЛЕРІ»

29-30 сәуір 2011

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушысының

өтініш беру формасы:

 

  1. Тегі, аты-жөні

 

Иманқұлова Салтанат Меркібайқызы

  1. Мекеме (жұмыс орнының толық атауы)

 

Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қазақ тілі кафедрасы

  1. Мемлекет, қала

 

ҚР Алматы қаласы

  1. Лауазымы (қызметі)

 

аға оқытушы

  1. Ғылыми дәрежесі/ ғылыми атағы

 

филология ғылымдарының кандидаты

  1. Мекен-жайы (үйдің адресі, почта индексімен)

 

Алматы, Айнабұлақ‑2, 46-үй,  45-пәтер

  1. Байланыс телефоны (халықаралық байланыс кодымен)

 

2524325, 87058145556

  1. Электронды пошта (е-mail)

 

isalta_69@mail.ru

  1. Баяндама тақырыбы (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде)

 

Қазақ тілі морфологиясы: күмән мен күдік

Сомнительные проблемы морфологии казахского языка  

Doubtful problems of morphology of the Kazakh language 

  1. Секция атауы

 

Тiл білімінің мәдениеттер тоғысында алатын орны