Филологические науки/ Теоретические и методологические
проблемы исследования
языка
канд.филол.наук, доценты Рысбай Б.
Казахский национальный университет им. аль-Фараби, Казахстан
Туынды
сөздердің жасалу жолдары
Тіл
үнемі даму, өзгеру үстінде болатын құбылыс. Тіл
дамуында сөзжасамдық процесс үлкен орын алады.
Сөзжасамның басты мәні жаңа мағыналы сөз
жасау болғандықтан, оның өзіне тән жасалу жолдары
мен тәсілдері болады. Сөзжасам тәсілдері арқылы
жаңа сөздер туып, тілдің сөздік құрамы
ұдайы, үздіксіз толығып отырады.
Жалпы
сөз тұлғалары, туынды сөз о баста морфологияда
сөз табы аясында қарастырылып келгені белгілі. Мұнда
сөз таптарының жасалу жолдары жеке-жеке сөз болып, әр
сөз табына қатысты қосымшалардың, синтаксистік
тәсілдің түрлері, олардың қызметі мен
мағынасы сипатталады. Бірақ жаңа мағыналы сөз
жасаудағы тәсілдерді тек морфологиялық аспектіде
қарастыру, олардың сөзжасамдық қабілетін,
жаңа мағына туғызу қызметін т.б. қасиетін
толық көрсете алмады. Яғни, «... грамматикаларда жеке
сөз таптарының шеңберінде сипатталып жүрген сөз
тудыру қосымшалары (жұрнақтары) негізгі мәні
жағынан сол сөз таптарының грамматикалық
шеңберінен аспайды да, таза грамматикалық құбылыс
ретінде қалып қояды» /1,4/. Сонымен, сөзжасамның
аналитикалық және синтетикалық тәсілі арқылы
жасалған түрлерін грамматиканың, ал лексика-семантикалық түрін лексикологияның
шеңберінде қарау, жаңа сөз жасаудағы
тәсілдердің өзіндік ерекшеліктерін толық тануға,
әрі сөзжасамдық мағынаның сырын терең
түсінуге мүмкіндік туғызбады. Сондықтан тілдің
сөз жасау жүйесін зерттеу, жаңа сөздердің жасалу
жолдарын айқындау тілдің сөзжасам саласының
өмірге келуіне себеп болды. Сөзжасам мәселелері тілдің
басқа салаларымен байланыстырыла отырып, өз алдына жеке сала
ретінде танылуы оның теориялық мәселелерінің шешілуіне
жол ашты. «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам
жүйесі» атты еңбекте сөз тудырушы амал-тәсілдер
сөзжасамдық аспектіде қарастырылып, сөзжасамдық
теория негізінде синтетикалық (морфологиялық), аналитикалық
(синтаксистік) және лексика-семантикалық тәсілдер болып
жүйеленуі /2/ сөзжасам тәсілдерінің жаңа
қырынан зерттелуіне мүмкіндік береді. Тілші ғалым
А.Салқынбай «Тарихи сөзжасам» атты еңбегінде сөз
тудырушы тәсілдердің тіл білімінде зерттелуіне шолу жасап,
қалыптасу, даму жолдарын саралай келе, пайда болған жаңа
сөздердің жасалу ерекшелігіне қарай сөз жасаушы
тәсілдерді: фонетика-семантикалық тәсіл, семантикалық
(конверсиялық) тәсіл, синтетика-семантикалық тәсіл
және аналитика-семантикалық тәсіл деп қарастырып,
олардың бір-бірінен сөз тудыру ерекшелігін көрсетеді /3/.
Синтетика-семантикалық тәсіл арқылы сөз тудыру
мәселесі түркологияда, оның ішінде қазақ тіл
білімінде жан-жақты зерттелді. Бұл тәсіл бойынша сөз
жасауға қатысатын негізгі тұлғаларға түбір
мен қосымша, оның ішінде сөз тудыратын жұрнақ
жатады. Сөз тудыратын жұрнақтар өзі
жалғанған түбірдің лексикалық мағынасын
өзгертіп, жаңа мағыналы сөз жасайды. Тіліміз
жалғамалы тіл болғандықтан болар, басқа тәсілдерге
қарағанда, сөз тудырушы жұрнақтар арқылы
жасалған туынды сөздердің сандық жағынан басым
екендігі байқалады. Сөзжасамның өз алдына жеке сала
ретінде танылып, морфологиядан бөлініп шығуына байланысты
«жұрнақ» терминінің қолданылуына мән беріліп,
оның (сөзжасам мен морфологиядағы) атқаратын
қызметіне, тудыратын мағынасына ерекше назар аударыла бастады. Белгілі
ғалым Н.Оралбаева мақаласында сөз тудырушы
жұрнақтарды сөзжасамдық жұрнақтар деп, ал
форма тудырушы жұрнақтарды грамматикалық
жұрнақтар деп атауы, әр саланың өзіндік
ерекшелігін анықтауда маңызды екенін көрсетеді /4/. Тілімізде
сөзжасамның «лексика-семантикалық тәсілі» деп аталып
жүрген тәсілді бір шеңберде қарауға болмайтыны
туралы пікірді тілші ғалымдардың еңбектерінен
аңғаруға болады. Ғалым Б.Қалиұлы: «лексика-семантикалық
тәсіл» деген бір тәсіл емес, ол қосақтауға
болмайтын, әрқайсысы жеке-жеке екі тәсіл. Яғни
аталған тәсіл лексикалық тәсіл мен
мағыналық (семантикалық) тәсілдердің
механикалық қосындысынан тұрады» /5,56/, - дей келіп,
лексикалық тәсілге басқа тілдердің бірінен ауысып
келген кірме сөздерді, ал семантикалық тәсілге
мағыналарының өзгеруі арқылы жасалған
сөздерді жатқызады. «Тіл білімінде сөздің
ешқандай тұлғалық өзгеріске
түспей-ақ, мағыналық даму нәтижесінде екіншілік
мағына беруінің мұндай тәсілін конверсия деп атайды»
/3,181/. Бұл тәсілдің жаңа сөз тудырудағы
ерекшелігін зерттеген ғалым Ж.Сарбалаев: «Басқа сөз табынан
ауысқан сөз өзінің бастапқы лексикалық
мағынасы мен грамматикалық табиғатынан қол үзіп,
сол өзі енген сөз табының жалпы категориялы мағынасы
мен морфологиялық ерекшеліктерін, сонымен бірге, синтаксистік
қызметін қабылдайды. Сондықтан оны сөз
туғызудың бір жолы деп таныған жөн» /6,72/, - дейді.
Яғни, сөз таптарының бір-біріне ауысулары арқылы да
тілімізде жаңа сөздер жасалады. Сонымен қатар тілімізде
сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы да
туынды мағыналы сөздер жасалып, сөздік құрамды
толықтырып отырады. Жаңа мағыналы сөздердің
мұндай жолмен жасалуының ежелгі замандардан қолданылып келе
жатқандығын ғалым А.Салқынбай айта келіп:
«аналитика-семантикалық сөзжасамда тілде бар бірліктерді
парадигмалық және синтагмалық жүйе негізінде біріктіру,
қосарлау, тіркестіру арқылы туынды мағына жасауға
болады»/3,263/, - деп түйіндейді.
Сөзжасамдық
әр тәсілдің сөз жасауда өзіндік ерекшелігі
болады. Мәселен, синтетика-семантикалық тәсіл
(бала-лық, жүз-ім) фонетика-семантикалық тәсіл (тіре -
шіре, оң - өң, көз – көр) бойынша
сөздердің сыртқы тұлғасының өзгеруі
арқылы немесе дыбыстық өзгерісінің нәтижесінде
жаңа мағыналы сөз жасалса, конверсиялық тәсіл
(жаз – жаз) бойынша сөздер ешқандай тұлғалық
өзгеріске түспей, ішкі мағынасының өзгеруі
негізінде жаңа туындылар жасалады. Ал, аналитика-семантикалық
сөзжасамның ерекшелігі толық мағыналы екі
сөздің (өнер-кәсіп) қатысуы арқылы
ортақ мағыналы үшінші (өнеркәсіп) сөз
жасалады. Сонымен, дыбыстардың жіктелуі, сәйкес дыбыстарға
ажырауы немесе тұлғалық өзгеріске түсуі, я
болмаса ішкі мағыналық өзгеріске түсуі
сөздің жасалуымен, яғни жаңа танылған
ұғымды атау қажеттілігімен тығыз байланысты болады.
Сонымен, жаңа сөздердің жасалуында, сөздік
құрамның толығып, дамуында сөзжасам
тәсілдерінің орны ерекше. Сөзжасам тәсілдері туралы
мәселелер жан-жақты қарастырылып, ғылыми
еңбектерге арқау болды. Десек те, сөзжасам тәсілдеріне
қатысты әлі де зерттеуді қажет ететін мәселелер
кездеседі. Мәселен, туынды мағыналы сөз тудыруда лексикалану
тәсілінің алатын орны.
Күрделі сөздердің тарихын еркін тіркестермен байланыстыра
айтылғанда болмаса, лексикалану процесі бойынша сөз тудыру
мәселесі арнайы қарастырылмады. Лексикалану процесі арқылы
жасалған сөздер тілімізде молынан кездеседі. Лексикалану
тәсілі, әдетте, белгілі бір тілдік элементтердің дербес
сөзге ауысуын білдіретін процесс болып табылады да, лексикалық
қасиетке ие болады. Мысалы, сөз тіркестері мағыналық
даму барысында оның ішкі және сыртқы құрылымында
сапалық өзгерістер болып, әртүрлі ктегорияларға
қалыптасады. Сөз тіркестері қолдану жиілігіне түсіп,
құрамы тұрақталып, сыңарлары тұтас бір
лексикалық мағынаны білдіру дәрежесіне жеткенде олар
сөздік құрам қатарынан орын алады. Олай болса,
лексикалану тәсілі арқылы сөз тудырудың өзіндік
ерекшеліктерін, оның сөзжасамның басқа
тәсілдерінен ажырататын белгілерін, тілдік бірліктердің (сөз
тіркесінің т.б.) дербес сөздерге ауысуына, сөйтіп,
соның нәтижесінде тілде жаңа туынды бірліктердің
жасалуына себеп болған факторларды, тілдегі басқа да
құбылыстармен байланысын т.б. мәселелерді зерттеу сөз
жасау заңдылықтарын айқындауда маңызды деп
білеміз.
---------------------------------------------
1. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің
грамматикалық сипаты. А.,1998. 303 б.
2. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам
жүйесі. А., 1989. 367 б.
3. Салқынбай А. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект).
А., 1999. 309 б.
4. Оралбаева Н. Грамматикалық жұрнақ пен
сөзжасамдық жұрнақ //Тіл және әдебиет:
кешегісі мен бүгіні. А., 2006. 42-51 бб.
5. Қалиұлы Б. Сөзжасамдық терминдер жөнінде
//Тіл әлемі – Мир языка. А., 2005. 1-том, 52-56 бб.
6. Сарбалаев Ж. Конверсия туралы //Қазақстан мектебі. А., 1989.
№ 3. 72-75 бб.