Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы , гуматинарлық
ғылымдар магистрі.
Көркем мәтіндегі
қос сөздердің жасалуы
Жалпы айтқанда,
романдағы қос сөздер өзіне тән бірнеше заңдылықтар арқылы
жасалған. Туындыда қос сөздердің сыңарлары
кез-келген сөзден бола бермей, екі сыңары да бір сөз табынан
жасалған. Мысалы, Сол
көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ
аттылар – Абай мен оның жас достары, кей ақын-әншілер (Абай жолы, 3-кітап, 4-б). Бұл отырғандар өз
шаңырақтарына немесе іні-туысқандарына
шығынды салмайды(Абай жолы, 3-кітап, 30-б). Құзғындар таласы боп кеткен айла-тәсілдерінің сойыл-шоқпары етпек болады
Базаралыны(Абай жолы, 3-кітап, 3-б). Ішінен
осы сияқты зәр аралас қошемет-құрметті
ұнатқан да жоқ(Абай жолы, 3-кітап, 45-б).
Осы жоғарыда келтілірген сөйлемдердегі
ақын-әнші, іні-туысқан, сойыл-шоқпар, айла-тәсіл,
қошамет-құрмет деген қос сөздердің екі
сыңары да бір сөз табынан, яғни зат есімнен жасалған.
Туындыда ең көп ұшырайтын сөз таптарының бірі –
зат есімдер.
«Қазақ
грамматикасында» қосарлы зат есімдерді қазақ тіліне тән
айрықша құбылыс және заттың,
ұғымның, құбылыстың, түсініктің
атауларын жинақтап беру үшін қолданылатын сөзжасам
амалының бірі дей отырып қосарлы зат есімдерді: а) Көне
замандардан қалыптасқан тілдік бірліктер. ә) Тілдің
даяр нұсқасы. б) Сөзжасамның аналитикалық
тәсілімен жасалатын құнарлы түрі деп көрсетеді.
Романда зат есімдерден басқа
да сөз таптарынан жасалған қос сөздер кездеседі.
Бірақ бұл сөз таптардың саны зат есімдерден
жасалған сөздерге қарағанда айтарлықтай көп
емес. Туындыда сын есімдерден жасалған қос сөздердің
мағыналарының көпшілігі, бір-біріне қарама-қарсы
болып келеді. Мысалы, Кәрі-жасынан тегіс бір адамгершілік дос көмекті
көресің(Абай жолы, 3-кітап, 52-б). Ол әлеумет азаматы болған ақын Абайдың
өзіне де, алыс-жақынға
да сынмен, әділ талаппен қарайтын ойынан туады(Абай жолы,
3-кітап 172-б). Бірақ сонымен
қатар Әбіш әкесінің жүзіне қараса,
оның ақ-қарасы
әлі де айқын шошақтау біткен көздерінде салқын күлкі
ащы бір мысқыл аралас отырғанын байқайды(Абай жолы,
4-кітап, 97-б). Бұдан былайғы
тірлікте Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса,
олармен тату-тәтті
болмақтан бөтен ой, басқа мінез өзінен
шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды(Абай
жолы, 4-кітап, 116-б). Ат кекіліне, жал
құйрығына, қызыл-жасыл
әлем байлаған, кең шанаға кілем орнаған
жүргіншілер(Абай жолы, 4-кітап, 136-б). Осы мысалдардағы
қос сөздердің
біразының жеке мағыналары бір-біріне қайшы болып
келеді. Туындыдағы қайшы мағыналы сын есімнен жасалған қос
сөздерге мыналар жатады: кәрі-жас, алыс-жақын. Ал,
мағыналас қос сөздерге: тату-тәтті, қызыл-жасыл жатады.
Туындыда қос
сөздердің біразы етістіктен де жасалған. Мысалы, Ол төрттік жырды төрт ақын
болып, іліп-қағып
айтатын бір дәстүр (Абай жолы, 3-кітап, 4-б). Әзімбай тағы қатты
боқтап кеп, қамшымен тартып-тартып
жіберді (Абай жолы, 3-кітап, 15-б). Таңертеңгі
шайдан бері кіріп-шығып
жүрген Зылиқадан екі рет: - Күн қалай? Бұл
қалай?
- Күн ашылатын реңі бар ма? – деп сұрай берген (Абай жолы, 3-кітап, 19-б). Үлкен қойды алып
соққан өлекшін тыпырлаған қойлардың
тамағын орып-орып жіберіп
жайратып тастап, енді басын көтере беріп еді, дәл осы шақта
үнсіз жеткен Иса шоқпарын құлаштап көтеріп ап
ақ қасқырды дәл қара тұмсықтан періп
кеп кетті (Абай жолы, 3-кітап, 81-б).
- Әй, шырағым-ай, ата кәсіп аздырып-тоздырып болды ғой (Абай жолы, 3-кітап, 158-б).
Осындағы қос
сөздер тек етістіктерден жасалған. Туындыда негізінен етістіктерден
жасалған қос сөздердің саны өте көп
кездеседі. Романдағы етістіктен жасалған қос сөздерге
мыналар жатады: іліп-қағып,
тартып-тартып, кіріп-шығып, отырып-отырып, басып-басып, орып-орып,
азып-тозып т.б.
Романда жалпы
қос сөздердің бір буынды, екі буынды, үш буынды
сөздерден жасалғанын көруімізге болады. Бір буынды қос
сөздерге: жым-жырт, көп-көп,
арс-ұрс, жер-су, мән-жай, қол-аяқ, сарт-сұрт,
ұл-қыз, дір-дір, тіп-тік, мең-зең, дос-жар,
шаң-шұң; екі буынды қос сөздерге: бала-шаға, сүйек-сорпа,
үлкен-кіші, сырлас-мұңдас, қысы-жазы,
қуғын-сүргін, көрпе-жастық, ата-ана,
оқта-текте, бөліп-жарып т.б; үш буынды қос
сөздерге: үзілді-кесілді,
ерсілі-қарсылы, қызылды-жасылды, үлкенді-кішілі,
таршылық-тапшылық, аздырып-тоздырып деген қос
сөздер жатады. Бір буынды және екі буынды сөздерден
жасалған қос сөздер туындыда өте көп
қолданылған. Ал үш буынды сөздерден жасалған
қос сөздер аз қолданылған, төрт буынды
сөздерден жасалған қос сөздер тіпті кездеспейді.
Буын саны тең
сыңарлы қос сөздердің жасалуы, олардың айтылуы да
үндесімділігін көздеуден туған деуге болады. Өйткені
романдағы қос сөздердің басым көпшілігінде буын
үндестігі яғни сингорманизм заңы сақталған.
Мысалы, Дәл қазір екі
абысынды оңаша қалдырып, ендігі тың сөзді емін-еркін сөйлеттіруге де
сырттан үйшік құрып жүрген Әзімбайдың
өзі (Абай жолы, 3-кітап, 232-б). Қылмыстардың
атын санасақ: ұрлық, өтірік, куәлік, талан-тараж, кісі өлтіру,
үлкен шайкалар жасап, бір елден шығып екінші елге барып, мал талап
қайту (Абай жолы, 3-кітап, 280-б). Тілмаштарға берген паралары арқылы қыбыр-сыбырды алдын ала біліп жүрген сақ,
пысық болыстар мына жаңалықты елден бұрын
аңғарыпты (Абай жолы, 3-кітап, 284-б). Осындағы емін-еркін, пішін-бітім, талан-тараж,
қыбыр-сыбыр деген қос сөздер не бірыңғай
жуан, не бірыңғай жіңішке сөздерден жасалған.
Романда мұндай қос сөздердің саны көптеп
кездеседі. Олар: ауыл-аймақ,
айна-тарақ, азын-аулақ, тамыр-таныс, үзілді-кесілді,
ерсілі-қарсылы, айқыш-ұйқыш, алыс-жақын,
ірік-шірік т.б. Алайда романдағы қос сөздердің
жасалуындағы бұл заңдылықтарда қайшылықтар
жоқ емес, бірақ олар негізгі заңдылықтарға
қарағанда өте аз. Романда қос сөз сыңарларының
буын саны жағынан тең болмайтындары да бар. Олардың іштей
ерекшеліктері мыналар:
1. Таза мағыналық
байланыстан туған сыңарлардың буын соңының
теңсіздігі: қыз-келіншек,
ер-азамат, ер-тоқым, әл-қуат, би-болыс, бай-бағлан,
қыз-бозбала, той-думан, ар-ождан т.б. Мұндай қос сөздер сыңарларының
мағына байланысының күштілігі негізінде жасалған
сияқты.
Сондай-ақ
романдағы қос сөздердің көпшілігі араб, парсы
тілдерінен енген сөздер арқылы жасалған. Мысалы мына
сөйлемдерді алайық: - Сонда
бар дүние-мүлік қолыңнан
кетіп қалғанда, сенің табатын олжақ қайсы! – деп,
бұны да шенеп қояды (Абай жолы, 3-кітап, 231-б). Дүние –
қазақ тіліне араб тілінен енген бүкіл әлем, бүкіл
жер жүзі деген мағынаны береді. Мүлік сөзі де араб
тілінен енген. Меншікті бұйым, дүние, дәулет
мағынасында жұмсалады. Енді келесі мысалға назар
аударсақ, Асауды құлақтан басып мойындатқандай, демді
құртқан қауіп-қатер
болса да, Мағаш қайтыс болғалы Дәрмен үшін
дәл осы жалғанның бір үлкен жарымы көшіп,
өшіп кеткендей болды (Абай жолы, 4-кітап, 304-б). Мұндағы
қос сөздер сыңары араб тілінен енген. Қауіп – (арабша
хәуіор) – қорқыныш, қатер, құт қашу,
зәре ұшу. Қатер (арабша-хәтар) – қауіп, қорқыныш,
бақытсыздық, төніп келе жатқан пәле.
Ендігәрі кісілерің өлсе жайшылықтай
емес, молла-қожаны
шақырмаңдар, көп жұртты жиып ас бермеңдер (Абай жолы, 4-кітап, 36-б).
Молла (мулла)
сөзі – араб тілінен енген. Ислам дінінің рухани қызметкері.
Қожа (худжә, хадже) – парсы тілінен енген. 1) Бас, басшы,
бастық. 2) Ұстаз, тәрбиеші, дін иелері. 3) Төре
нәсілі, ақ-сүйек. 4) Дін ұғымы бойынша Мухамбет
пайғамбардан кейінгі төрт халипалардан тараған
ұрпақтардың атағы. 5)Кісі аттарында кездеседі,
құрметтеу мағынасын білдіреді.
Осындай қос сөздерді
М.Әуезов өзінің туындысында өте шебер
қолданған.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі.
1 М. Әуезов «Абай жолы» 1-кітап А. Жазушы 2002 ж. 117-б
2 М. Әуезов «Абай жолы» 2-кітап А. Жазушы 2002 ж. 117-б
3 М. Әуезов «Абай жолы» 3-кітап А. Жазушы 2002 ж. 215-б
4 М.
Әуезов «Абай жолы» 4-кітап А.
Жазушы 2002 ж. 215-б
Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы , гуманитарлық ғылымдар магистрі.
Көркем
мәтіндегі қос сөздердің құрылымы
жағынан түрлері және олардың лексика-грамматикалық
ерекшеліктері
М.Әуезов өзінің
туындысында қайталама қос сөздер мен қосарлама
қос сөздердің барлық түрлерін өте
шеберлікпен қолданған. Енді осы жайында айта кетейік.
Қайталама қос
сөздер бір сөздің я қосымшасыз, я қосымшалы
түрінің екі рет қайталануы арқылы, я сол
сөздің не бір я бірнеше дыбысының немесе бір буынының
өзгеріп қайталануы арқылы жасалады. Қайталама қос
сөздер компоненттерінің ерекшеліктеріне сәйкес, қалыптасқан
дыбыстық және морфологиялық формаларының
өзгешеліктеріне қарай, төрт түрлі болады.
1)
Қосымшасыз
түбірдің қайталауынан құралатын қос
сөздер.
2)
Қосымшалы
түбірдің қайталауынан құралатын қос
сөздер.
3)
Түбірдің
бір дыбысы өзгеріліп құралатын қос сөздер.
4)
Түбір
ықшамдалып құралатын қос сөздер.
1)
Ешқандай
да қосымшалар жалғанбай-ақ, бір түбір екі рет
қайталау
арқылы жасалатын қос сөздерге жалтақ-жалтақ,
қарқ-қарқ, тартып-тартып, мылжа-мылжа,
қора-қора сияқты қос сөздер романда
көптеп кездеседі. Мысалы, Үлкендер
ақырын мырс-мырс күліп
қойды (Абай жолы, 1-кітап, 12-б). Әрқашан
жанкүйер жақын қабіріне ыстық-ыстық
жастар төгеді (Абай жолы, 1-кітап, 25-б). Үндемей иіндері тиісіп, көздерін алмай ұзақ-ұзақ отырысады (Абай жолы,
1-кітап, 25-б). Осы келтірілген сөйлемдердегі мырс-мырс, ыстық-ыстық, ұзақ-ұзақ
қос сөздері әуелгі түбір қай тұлғада
тұрса, сол тұлғада тұрып жай қайталану
арқылы жасалады. Осы себептен бұл топты жай (қайталама)
қос сөз деп атауға болады. Бұндай қос
сөздердің бірде-біреуі бастапқы түбірден мағына
жағынан өзгеше болып түсінерліктей жаңа
лексикалық мағына білдірмейді, тек олардың семантикасына
саралау, топтау мағынасы жамалып, стилистикалық қызметіне
өзгеріс енеді.
2) Қосымшалы
түбірдің қайталануы арқылы жасалатын қос
сөздерге түбірге жұрнақтар да, жалғаулар да
жалғанып қосарланатын сөздер жатады. Мысалы, Аттың екпінімен кеп сойылды соққанда,
ат үстіндегілер жаяуларды қағып жығып, домалатып-домалатып кетті(Абай
жолы, 1-кітап, 67-б).
Сүйіндік пен Асылбек Абайды қайта-қайта:
- Же шырағым.
-
Жесеңші Абай! Алмадың ғой! – деп әлденеше
қозғап көріп еді, Абай жей алған жоқ(Абай жолы, 1-кітап, 117-б). Шапқа түрте-түрте барып, ақыры бір күн
«өлермен бол да, отқа түс, соныңды көрмей
тоқтаймын!» дегені ғой мұнысы(Абай жолы, 1-кітап, 126-б).
Осындағы қос сөздерде қайталанған
түбірдің екеуіне бір түрлі жұрнақ (-ып, -а, -е)
жалғанып тұр. Қосымшалар жалғанып
қосарланған бұл сөздердің де лексикалық
мағыналары өзгермей, тек семантикалық мағынасы мен
стилистикалық қызметтеріне ғана қосымша реңктер ғана
жамалады. Бұл қос сөздер қайталанатын
түбірдің я біреуіне, я екеуіне де бірдей қосымша
жалғанып жасала беретіндіктен, оларды қосымшалы қос сөз
деп атауға болады.
3)
Бір
сыңарының дыбысы өзгеріп (трансформацияланып)
құралатын
қос сөздер де туындыда кездееді. Бұл
топ та түбірдің бастапқы кездегі жай қайталауынан
шыққан, олардың екінші компоненттері бірінші
сыңарларының ритмикалық жаңғырығы ретінде
жұмсалатын болып қалыптасқан. Бұндай қос
сөздерден де жаңа лексикалық мағына тумайды;
олардың екінші сыңарлары бірінші компоненттерге қосымша
реңк қана жамайды. Бірақ жамалатын мағыналық
рең бұл топтағы қос сөздердің бәрінде
біркелкі болмайды. Олардың сыртқы дыбыстық
өзгерістерінің ерекшеліктеріне қарай, семантикалық
айырмашылықтары да болады.
Бұндай қос
сөздердің жасалу заңдылықтары мынадай: а) Егер
сөздің бірінші дыбысы дауыссыз болса, ол дыбыс
қайталанғанда көбінесе м, с, п, дыбыстарына ауысады. Мысалы
романдағы мынандай сөйлемдерге назар аударайық: Егер жеке бақса, отыз шақты
ауылдың аз-маз,
бөлек-бөлек шоғыр жылқылары тырым-тырақай
жайылар еді де, солардың қайсысына кеп соқтықса да,
жаудың алдынан шығар, басы бір жерге құрылған
көп бақташы сойыл соғар болмас еді (Абай жолы, 7-кітап,
172-б). Жақсының ең
алдымен адамға, әсіресе, біздей олпы-солпысы көп адамға, тілеуі жақсы болады! –
деп Дәркембай қолағашты аудара қарап, әлі де
қағаздай мін қалдырмай мүсіндеп отыр (Абай жолы,
3-кітап, 175-б).
ә) Егер сөздің
бірінші дыбысы дауысты болса, қайталанатын сыңарға сол
дауысты дыбыстан бұрын дауыссыз дыбыс қосылады. Мысалы: Абылғазының үрдіс
ұрған қара шоқпар зілінен бұл кезде үш
жылқышы ұмар-жұмар
түскен-ді (Абай жолы, 3-кітап, 73-б). Оспанның жылын берер алдында Қнанбай ауылдарын осындай бір
үлкен қақтығыс ұйды-тұйды
еткен еді(Абай жолы, 3-кітап,
207-б).
- Турасын айтса біреу ат-шапан ала ма? Мысалы, несі? Тағы
әрі-сәрі, тағы әуре-сарсаң (Абай жолы, 1-кітап, 223-б). Және Тәкежан мен
Ысқақ сені сонда кіргізуді ұйғарған соң,
сен орнықпай, тағы маған еріп кетсең ыбыр-жыбыр қоздана береді
(Абай жолы, 1-кітап, 257-б).
б) Егер қайталанатын бірінші
түбірде ашық дауысты дыбыс болса, қайталанатын екінші
жаңғырық сөзде ол дыбыс еріндік қысаң
дауысты дыбысқа ауысады. Мысалы, мына сөйлемдерге назар
аударайық: Ырғызбай
Құнанбайды бөктіріп, бұрқ-сарқ
еткізіп, тулатып жатқан тартысқа Ақшоқыдағы ауыл
қатысқен жоқ (Абай жолы, 3-кітап, 90-б). Осымен келесі күннің екінді
шағында ауыл үстінде бір шаң-шұң
шығып қалды(Абай жолы, 3-кітап, 204-б). Дәл осы кезде бұлардың қасына үсті-басы шылдырлап, аяғын сарт-сұрт басқан біреу
келіп қалды(Абай жолы, 3-кітап,
259-б). Аттылар бұрылып
келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп, амандасып қалды(Абай
жолы, 2-кітап, 271-б). Қайталама қос сөздердің осы
үшінші топқа жататын түрі туындыда өте сирек қолданылған. Жазушы ондай
қос сөздерді өте шебер пайдаланған.
4) Бір сыңары ықшамдалып қайталанатын қос сөздер туындыда көптеп кездеседі. Қос сөздердің бұл түрі үстеме буынды немесе күшейтпе буынды қос сөздер деп те аталады. Бұл сөздердің үстеме (я күшейтпе) буындары тиісті сын есімнің әуелгі толық компонентінің әрі ықшамдалып, әрі соңына «п» дыбысын жамап алып бір тұйық я бітеу буынға айналуынан пайда болған. Бұндай күшейтпе сын есімнің негізіне мынадай екі түрлі жолмен үстелетін болып қалыптасқан: а) Егер қайталанатын негіздің бірінші буыны ашық болса, алғашқы буынына қатаң еріндік «п» дыбысы қосылып, үстеме буын я бітеу, я тұйық буынға айналады. Мысалы: Дәркембайдың көзі Абайға түскенде, оның жүзі боп-боз боп, екі көзі қанталап, Майбасар мен Тәкежанды жарып өткендей, алдына тып-тыныш тұрған апан суға кесек атып толқытқан әрекет елестейді(Абай жолы, 2-кітап, 17-б). Оң жақ бетіндегі әдемі қап-қара меңі айқындап сілкіп тастап, кегі қайтқандай рақаттанып, сақ-сақ күлді (Абай жолы, 2-кітап, 71-б). Романда мұндай қос сөздерге тап-таза, сап-сары, қап-қара, оп-оңай, тып-тыныш, боп-боз жатады.
ә) Егер қайталанатын
негіздің бірінші буыны жабық я бітеу болса, сол алғашқы
бітеу буынның соңғы дауыссыз түсіп қалады да,
оның орнына «п» дыбысы жалғанып, үстеме буын
жоғарыдағыша – я тұйық, я бітеу буынға айналады.
Мысалы; - Жаным, жарығым! – деп,
жігіттің бетіне ып-ыстық
бетін басты (Абай жолы, 2-кітап,
77-б). Кәмшат
бөркінің үкісі мен қозасының, маржаны мен
шоғынан бастап, кішкентай аяғындағы тұмсығы үп-үшкір, жылтырауық
әміркен кебісіне шейін бөлек сәнді Үмітей келеді
(Абай жолы, 2-кітап, 173-б). Өңі сұп-сұр, дырау қамшысын қымтып ұстап
алған салалы саусақтарында сабырсыз діріл бар (Абай жолы,
2-кітап, 65-б). Дәл осы
Балқыбек жиынының үстінде ақ адал малын түп-түгел алдарына
салыңдар! (Абай жолы, 2-кітап, 278-б).
Пайдаланған әдебиеттер тізімі.
1 М. Әуезов «Абай жолы» 1-кітап
А. Жазушы 2002 ж. 117-б
2 М.
Әуезов «Абай жолы» 2-кітап А.
Жазушы 2002 ж. 117-б
3 М. Әуезов «Абай жолы» 3-кітап А. Жазушы 2002 ж. 215-б
4 М.
Әуезов «Абай жолы» 4-кітап А.
Жазушы 2002 ж. 215-б