СӘУЛЕ ЕРЖАНОВА
ҚМҚПУ профессоры.,ф.ғ.д.
Алматы
Қазіргі қазақ поэзиясындағы түркілік рух
мәселесі.
Ата-бабамыздың бостандық пен еркіндік
таңын аңсаған арманының тамыры
көктүркілердің тынымсыз майдан, азаттық жолындағы
арпалыс дәуірінен бастау алады. Оған тарихи айғақ -
Тоныкөктің, Білге қағанның,
Күлтегіннің тасқа таңбаланған жырлары.
«Күлтегін» жырында көрінетін тәуелсіздік идеясы
халқымыздың арман-тілегі қазіргі таңдағы
азаттық таңының алауынан от боп өріліп көрінеді.
Жырдағы:
Тауғаш халқына бек ұлдары
құл болды,
Пәк қыздары күң болды,
Түркі бектер түркі атын
жоғалтып,
Тауғаш бектерінің тауғаш атын
тұтынып,
Тауғаш қағанына бағынды
Елу жыл ісін-күшін берді. [1]
Бұл шумақтардағы «... ой арнасы
- елдің тәуелсіздігі, береке- бірлігі» [2, 19 б.]. Тарих
көктүріктер мен қытайлардың арасындағы жаугершілік
заман болғанын, екі мемлекеттің бір-бірінің жерін басып алып,
ұлын құл, қызын күң еткенін
көрсетеді. Бұл туралы жалпы түркі халқының пайда
болуы, дамуы, мәдениеті мен тарихы, тарихи қоғамдық
өмірде алатын орыны туралы ғұлама ғалым Л. Гумилев
«Көне түріктер» атты іргелі еңбегінде егжей-тегжейлі
баяндайды [3, 19 б.]. Тасқа басылған көне жырлар
ата-бабаларымыздың рухани мұраларының сан қырлы
болғандығын көрсетеді. Адамзат баласының эволюциялық
даму жолында жүріп өткен жолы, атқарған істері
бүгінгі күнге жетуіміздің негізгі бастау-қайнары екенін
көреміз. Жалпы халықтың бостандыққа деген
құлшынысы оның басынан өткерген күрестерімен
өлшенеді. Жаугершілік көрмеген халық, бейбітшілік пен
еркіндіктің де қадірін білмесе керек.
Қаның судай ақты,
Сүйегің тау боп жатты.
Бек ұлдарың құл болды...
Пәк қыздарың күң
болды...
Тізеліні бүктірдік,
Бастыны еңкейттік...
Еліміз қайта ел болды,
Халқымыз қайта халық болды.
Кешегі тарих бүгінгі
ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, бүгінгі ел
басқару мәселесінде идеологияның рөлін атқарады.
Осы ретте Күлтегіннің көк тасының елімізге
әкелінуінің ұрпақ үшін маңызы зор екендігін
айта кеткен орынды. «...
Ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен
тәуелсіздік жайында тебірене толғайтын ғажайып жыр жолдары»
[3, 33 б.] бүгінгі таңға бабалардың ерлік рухын,
азаттық аңсаған аласапыран көңілдерін жеткізіп
тұр. Уақыт жалғаса бергенімен, тарих жаңа
құндылықтарды алдыңғы қатарға алып
шыққанымен елдің еркіндік мұраты өзгерген емес.
Дүниені құрайтын алтынөзек желілер жалғасын
тауып, қазақ хандығы құрылған
уақыттағы жыраулар әдебиетінен де көрініс тапты.
Көнетүркілік сарын қазіргі
әдеби шығармаларға көптеп ене бастады. Күлтегін,
Тоныкөк, Білге қаған жазбаларындағы елдік,
халықтық рухтың сақталуы өз алдына да,
ондағы сарынның жетуі бөлек дәлелдеуді қажет
етеді. Ең алдымен тәуелсіздік алған елдің
тарихи-генетикалық танымымен, ұлт болып қалыптасу арналарымен
тығыз байланысты рухани құндылықтар болады. Тәуелсіздік
әдебиетте үлкен арналардың жолын ашты. Ең бастысы
шығармашылық иелерінің ой саумалдау кеңістігі
кеңейіп, сана бостандығы қалыптасты. Сол арқылы
ақындарымыздың көнетүркілер сарынына бойұсынуы
жиілей бастады.
Әрине бұл жерде тақырыпқа
бару немесе идеяны айту бір басқа да, тақырыпты меңгеру
һәм идеяны жеткізу басқадай мәселе. Сол тұрғыдан
алып қарасақ, оған сыни көзқараспен баға
беруге болар, бірақ біздің қазіргі уақытта
көңіл тоғайтатынымыз олардың осы тақырыпқа
қалам тартуының өзін негізгі жетістікке балауға
ұласады. Ең бастысы бабаларымыз мұрасына, ұлттық
раханиятымызды құрайтын құндылықтарға деген
жаңаша көзқарастың қалыптасуында жатыр.
Көне түркілік сарын қазіргі
поэзияның айқындаушы бағыттарының біріне айналып
келеді. Түркілер сарыны арқылы біздер ата-бабамыздың
қалдырған мұраларының ерекшеліктері мен олардың
әдеби туынды ретіндегі көркемдік қуатын бағамдай
аламыз. Дәстүр және жаңашылдық
тұрғысынан келгенде зерттеу еңбегімізде қазіргі
ақындар өлеңдеріндегі түркілік сарын арқылы
жасалған көркемдік стиль туралы сөз
қозғамақпыз. Түркілік сарын бағытында жазып
және жетістіктерге жетіп жүрген ақындар ретінде Т.
Медетбек, . Есдәулет, Н. Айтов,
С. Ақсұңқарұлы, Н. Мәукенұлы, Е.
Раушанов тағы басқалармен қоса Ж. Әскербекқызын
атауға болады.
Қазақ әдебиет тарихының
бастау және ерекше бір ғасыры болып есептелетін көне
түріктер заманында пайда болған әдебиетті зерттеу ісі
әдебиет тарихында кеңінен қолға алынып келеді. Осы
салада жазылған қаншама еңбектерді барлығымыз
білетіндіктен біздің негізгі мақсатымыз түркілер сарыны
бойынша жазылған тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетке
сараптама жасау.
Кеңестік дәуір қазақ
халқын басып-жаншып, оның рухани құндылықтарын да
жоққа шығаруға тырысты. Соның бірі
қазақ әдебиеті тарихының дұрыс оқытылмауы,
жіктелу тарихының дұрыс жолға қойылмауы. Айтуға
және оқылуға тыйым салынған жекелеген
тұлғалар шығармаларының болуының өзі
қазақ халқының қаншалықты зобалаңды
басынан кешіргенін көрсетсе керек. Бірақ уақыт өз
дегенін орын-орнына қойды. Аңсаған азаттықтың
таңы атты. Тарих туралы, рухани құндылықтар туралы
қанша айтсаңыз да еркіңізде. Осыған байланысты көне
түркі әдебиетін зерттеушілер жаңа табыстарға да
жете бастады. Осы әебиетті
зерттеуші ғалымдарымыздың бірі Алма Қыраубайқызы былай
дейді: «Қазақтың ілкі ата-бабалары – түріктер,
ғұндар, сақтар. Өз алдына қазақ
хандығы құрылғанға дейінгі дәуірлерде бізді
жалпы атпен түріктер деп атаған» [4]. Олай болса біздің
әдебиетімізде түркілер сарынының болуы және сол
дәстүрде шығармалардың жазылуы өте орынды деп
есептейміз.
Биікте көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы
жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемі қаған
отырған.
Отырып, түркі халқының
ел-жұртын
Қалыптастырған иелік еткен [5, 46 б.].
Жоғарыда келтіріп отырған үзінді
арқылы төл әдебиетімізде бар түркілер сарынын
көрсеткіміз келді. Жалпы алғанда сарын дегеніміз не? Ол сарынды
әдебиетте қалай көрсетуге болады. Сарын негізінен
алғанда сазға, музыкаға қатысты нәрсе.
Сөзбен сазды қалай жеткізуге болады. Ең алдымен алып
қарағанда сарын өлеңнің
құрылымдық жүйесі арқылы жеткізіледі.
Түркілер әдебиетінің өкілі Иоллығтегін
өлеңнің буын, бунақ, тармақ, ырғақ
жүйені пайдалана отырып, ерекше бір сарынды, сазды беруге тырысқан.
Төрт бұрыштың бәрі
дұшпан екен,
Сарбаздарымен аттанып,
Төртбұрыштағы халықты
Көп алған екен, бәрін бейбіт
еткен,
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген [5, 46 б.].
Бабалар жырының бұл сарыны Жанат
Әскербекқызының шығармаларында былайша жалғасын
тапқан:
Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік.
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні - жоқ қылдық.
О, түрік-сір жұрты!
Басымнан бақ тайды ма,
... Өртенеді өзек,
Жақыным жаттай мына
Ажал тұр оғын желкеме кезеп [6, 192
б.].
Басталған жолдарынан-ақ
ақынның көне түркілер сарынын терең
түсініп-танығаны байқалады. Іргелі поэманың
«Бұрынғы әуен» деп аталатын бөлімінде «Білге
қағанның бақұлдасуы», «Күлтегіннің
қаһары», «Тоныкөктің толғауы»,
«Иоллығ-тегіннің аманаты» атты тараулары топтастырылған.
Білге қағаның өзінің атынан жазылған
монолог ретіндегі туынды да ақын түркілер дәуірінің
сарынын сақтай білген. Жоғарыда біз атап өткен
ырғақтық, құрылымдық ерекшеліктер де
сақталған. Сөз қайталаулардың өзінен де
ақынның сарынды сақтай білуге ұмтылғанын
байқаймыз. Сонымен қатар поэма құрылымынан жыраулар
әдебиетінің де үлгісін байқауға болады.
Ақын сарынды шумақтық қайырымдарға түсіре
білген. Сол арқылы сарынға лирикалық саз қосуға
деген ұмтылысын да көреміз. Елім-жұртым деген
перзенттің, халық мүддесін қорғаған
қағанның жан тебіренісі көрінетін
шығарманың құндылығы қашанда жоғары.
Алтай асуын
Асқанмын талай,
Ертіс кешуін
Кешкенмін талай,
Ажалдан мынау
Жасқандым қалай,
Өмірден мынау
Сескендім қалай [6, 110 б.].
Қаһарлы қағанның
дүниенің өткіншілігін сезініп, жалғанның
опасыздығын мойындап жатқан шағы. Өз
дәуренінің өткеніне қиналмайды, артында қалар
ел-жұрттың амандығын тілейді. Жалпы көне түркілер
жырларында – Күлтегіннің үлкен және кіші жазуларында,
Тоныкөк жырында қағанның алатын орыны ерекше аталып
көрсетіледі. Қаған Тәңірінің мейірі
түсіп, күллі жұрт төбесіне көтерген адам. Оған
халықтың құрметі де ерекше болуға тиіс. Ел,
халық тағдыры білікті қағанның қолында.
Күлтегін жырында айтылатын білге қағанның мына
сөздері арқылы оның ел үшін сіңірген
еңбегін көруге болады:
Түркі халқы үшін,
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Інім Күлтегінмен бірге
Екі шадпен бірге
Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым [6,
111 б.].
Тастағы жазбаларда бірінші жақтан
баяндаушы атынан айтылады. Ақын шығармаларында да
өзінің кейіпкерлері Білге, Тоныкөк, Күлтегіннің
өздерін сөйлетеді. Ақын жырлардың көркемдік
ерекшелігін сақтай отырып, көркемдік қуаты зор шығарма
тудыра білген. Поэманың сөз қолданысында көне жазбаларда
берілген кейбір тіркестерді де ұтымды пайдаланған.
«Күлтегіннің қаһары»
бөлімінде жырланатын батырдың ерлігіне назар салсақ,
жырдағы аттардың, жерлердің атаулары да толық
сақталған. Бұл бөлімнің жазылуында аздаған
ерекшеліктер бар. Монолог түріндегі туынды қазақы қара
өлең үлгісінде шумақтарға бөліне
жазылған. Білге қағанның монологында берілетін
жырлардың құрылымдық ерекшелігін біз Күлтегіннің
ішкі сырынан байқай қоймаймыз. Алайда тастағы таңбалар
сарынының толығымен сақталып қалғанын
айтуға болады.
Алып шалшы атқа міндім,
Көк сүңгіні жарақ
қылдым.
Он жасымда толғаныспен,
Ұлы ерлікке талап қылдым, – деп
басталатын поэма Күлтегіннің ерлігін дәріптеу сипатында
жалғасын таба береді. Біз Күлтегін жырында да батырдың
ерлігін дәріптеудің берілетінін байқаймыз. Мүмкін
аталған шығарма кейіннен кейбір батырлар жырының туындауына
себепші де болған шығар. Жырда Күлтегін бейнесі жоғары
дәріптелген. Оның әрбір ерлігі егжей-тегжейлі суреттеліп, баяндалған.
Алып шалшы атқа мініп,
Шабуылға ұмтылды.
Екі ерін найзамен шанышты.
Қарлықтарды қырдық,
алдық.
Жанат Әскербекқызының
ақындық дүниетанымы ұлттық таныммен соның
ішінде ұлттық әдебиетіміздің қайнары ауыз
әдебиетімен, көне жазбалармен тығыз байланысты екенін
көреміз. Қазақ халқының ел болып қалыптасу
идеясын көтерген поэманың бірінші тарауы көне
жазбаларға арналса, келесі тарауында қазақ хандығы
дәуіріндегі оқиға суреттелген. Ұлт-азаттық
идеологияны көтерген туындының көркемдік құндылығы
өте жоғары.
Тоныкөктің толғауы ретінде
берілетін келесі бөлімде жыраулық үлгідегі сөз саптау
бар. Жалпы Төныкөк «қазақтың жыраулық
дәстүріндегі Бұқар жырауды, Қорқыт атаны,
«Оғыз қаған жырындағы» Ұлық түрікті еске
түсіреді» [2, 21 б.]. «Ол – Білге қаған кезінде төбе би
болған, Білге қағанға қызын берген қайын
атасы. Алтайдағы қара Ертісті жайлаған
қарлықтардың Сәбек тайпасынан шыққан.
Жасында Тауғаш елінде тәрбиеленген» [3, 46 б.]. Жанат
ақынның туындысында Тоныкөктің монологы былай берілген:
Кердең де кердең
басқан күн,
Кеудеміз жаудан
асқан күн,
Қағаным таққа
мінгенде
Қай дұшпанымнан
жасқандым?!
Қызыл да тілді
жебелеп,
Алқалы топтан
асқанмын.
Қылыштай сөзбен
қын тылып,
Тауды да бұзып,
тас жардым [6, 112 б.].
Тоныкөк қағандарға
ақыл беруші дана ретінде көрінеді. Қазақ тарихында
ханға сөзін өткізген ақылман қария қаншама
болған. Алма Қыраубайқызының пікірі бойынша ол «...сол
кездегі түркі қағанатының саяси-әлеуметтік
және әскери ісінің барлығын қолынан
өткізген дана абыз» [6, 22 б.]. Жанат ақында оның осы
ерекшелігін көрсету үшін жыраулық дәстүрде
толғауын өрген. Толғауының соңында келтірілетін:
Жерімізге тыныштық,
Жерімізге ырыс-құт,
Тұрақтап қала ма деген
Тәңірге қояр
сұрағымыз еді, – деген жолдарда ақынның оның абыз
ретіндегі бейнесін толық
танып-түсінуінен туындаса керек.
Бұрынғы әуеннің
соңғы бөлімі Иоллығ-тегіннің аманаты ретінде
берілген. Шығарманың құрылымдық желісі бойынша
жоғарыда келтірілген монологтардың барлығының авторы
ретінде Иоллығ-тегіннің көрінуі байқалады. Бұл
туралы жырда «Бұл жазуды жаздырғанның аты Иоллығ тегін»
деп көрсетілсе, Жанат Әскербекқызының шығармасында:
Мәңгіліктің
Қағанаты - жыр,
Шықпасын деумен
Жаманат бір,
Шежіре шерттім
Тас кеудесіне,
... Иоллығ-тегіннің
Аманаты бұл, – деп айтылған.
Шығарманың өн-бойында
Иоллығ-тегіннің ішкі тебіренісі көрініс алған. Келер
ұрпаққа аманат ретінде бабалар сөзін қалдырған
тұлғаның жан-дүниесін автор шығармасында
түсіндіруге тырысқан. Жалпы алғанда Ж.
Әскербекқызы өз туындысында бабалар сөзінің асыл
қасиеттерін сақтай білген. Сол арқылы көркемдік
қуаты зор, жаңа сипатты шығарма жазып шығарған.
Осындай нышандардың лирикалық шығармалардағы
сипатын жапс ақын
А.Темірбайдың «Көк бөрінің қайғысы немесе
қазақ рухы» атты өлеңінен де байқаймыз. Көк
бөріні символ ретінде ала отырып, мәнісін ұғуға
талпынады. Тіпті, өзінше байлам жасайтыны да бар:
Көк Тәңірге
сыйынып,
Көктен күткен
тілегін,
Көк бөрінің
ұрпағы,
Көк байрақты
ұлы елім!...
Көк бөрінің
мінезі қандарында бар ма әлі,
... Бұрын жерік анамыз
жепті қасқыр жүрегін.
Жанарында жарқ еткен
найзағайлы намысы,
Қазақи рух
бейнесі- түздің текті тағысы!
Түсімде, сол Көк
бөрі ұлиды жер тырмалап,
Жанында оның...
көмусіз қалған Алаш арысы!...[7, 178 б.]
Жоғарыда аталған
ақындардың шығармаларына үңіле отырып,
көктүріктер сарынының ғасырлар арасынан қалайша
жетіп жатқанына құлақ
түреміз. Көркемдік және рухани сабақтастық
негізінен қарасақ, көктүріктер сарыны мен жыраулар
толғауларының арасындағы байланысты көреміз. Ең
бірінші байқалатын ерекшелік олардың спецификасы, яғни
көшпенді елдің дәстүрлі поэзиясы болатындығында
жатыр. Әдебиетіміздің екі түрлі саласы болып есептелетін
көне түркі жазбалары мен жыраулар әдебиетінің
ортақ идеялық негізі олардың азаттық сүйген,
тәуелсіздік тілеген һәм ұлт тағдырын
ойлаған ділінде жатыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Келімбетов Н. Ежелгі дәуір
әдебиет.–Алматы:Мектеп,1986.– 350 б.
2 Современный философский
словарь.–Бишкек:Одиссей,1990. – 610 с.
3 Күлтегін, Тоныкөк; Ежелгі
Түркі рун жазбалары.–Алматы: Өлке, 2001. – 144 б.
4 Қыраубаева А. Ежелгі дәуір
әдебиеті.–Астана: Елорда,2004. – 280 б.
5 Гумилев Л. Көне түріктер. –
Алматы: Ана тілі, 1994.– 310 б.
6 Әскербекқызы Ж. Қаз
қанатындағы ғұмыр.–Астана:Елорда, 2007.– 210 б.
7 Қоңыратбаев Ә.
Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 290 б.
8 А.Темірбай.
Автопортрет. Алматы: Қазығұрт, 2005. -258 б.
9 Медетбек Т. Кірпігіне
қан қатып тұр қоғамның // Жас
қазақ–2008–28 наурыз.
10 Қыраубаева А. Ғасырлар
мұрасы. – Алматы: Мектеп, 1988. –163 б.
11. Жеті ғасыр жырлайды. – Алматы:
Жазушы, 2004. – 409 б.