Қазақ
мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
1-курс магистранты
Болатбекова Арина
Жетекшісі: ф.ғ.д.,профессор
Ержанова Сәуле
ТЫНЫМБАЙ
НҰРМАҒАМБЕТОВ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ЛИРИЗМ
Қазақ халқының ұлттық
мәдениеті мен әдебиетінің қалыптасып даму
кезеңінде өшпес үздік өнеге қалдырып, рухани
болмысымызды жетілдіру жолында таусылмас терең тағылым
көрсетіп, әдебиет әлеміне ұлттық нәр, сан
қырлы нақыш сыйлаған жазушыларымыздың бірегейі –
Тынымбай Нұрмағанбетов. Жазушы қаламынан туған
сан-салалы шығармалары қазақ халқының басынан
өткерген тарихи
кезеңінің, өз заманының көкейкесті
мәселелерінің талай тылсым тұстарынан хабардар етеді.
Т.Нұрмағамбетовтің
шығармаларының көбіне тән бір ерекшелік
кейіпкердің жан әлемін бейнелеудегі нәзік сыршылдық,
көңіл күйінің толқымалы құбылыстарын
сезімталдықпен аша білу, шығармада парасат нышанының
адамгершілік сипаттарымен үйлесімді дамуы болып табылады. Жазушының
шығармаларында басты идея кейіпкердің іс-әрекеті,
әлеуметтік тіршілігі арқылы ғана емес,
тебіреніс-толғаныстары, қуаныш-сүйеніші, өмірге
көзқарасы, әр түрлі сезім күйлері арқылы да
көрініс табады.
Мәселен, «Қош бол, ата» повесі – адамгершілік
пен ізгілікті, сезім тазалығын, адам бойындағы асыл
қасиеттерді кейіпкердің іс-әрекеттері,
қарым-қатынасы арқылы шыншылдықпен бейнелеген
шығарма. Бұл шығарманың терең психологизмі мен
идеялық мазмұны оқырманды бірден баурап алады.
Жалғыз баласы қызмет қуып,
қарайламай кеткен Жөкең қарттың күні
немере інісі Шәденге қарап қалады. Соның балаларының ішінен өзіне
Көктембайды жақын тартады. Ешқашан көрмеген өз
немересінің атын есіне түсіре алмаса да, баласын
жамандыққа қимайды. Сол баласынан аз күнге соғып,
немересін тастап кететінін айтып хат келгендегі қарттың
көңіл-күйі, қимыл-қозғалысы шығармада
табиғи, шынайы түрде бейнеленеді. Бұған дейін екі жыл
бұрын шешесі қайтыс болғанда екі-үш күнге
жалғыз өзі келіп кеткен еді. Сондықтан бұл шалға
қатты әсер етеді. Жазушының оның сезімін әсерлі
етіп жеткізгені соншалық, Толасбайға тасбауыр екен деп ренжіген
оқырман да оны қартпен бірге тағатсыздана күтеді.
Оның келуінен бір өзгеріс, жақсылық болатындай
әсер береді. Ақыры сағындырып келген баласымен
қарттың кездескен сәті шығармада былайша суреттеледі:
«Шал баласын жібермей кеудесіне ұзақ қысты. Көзінен жас
парлап, иегі кемсеңдеп тұрып, «айналайын, айналайын» деп
әлсін-әлсін күбірлеп қояды. Сонан соң келінін
құшақтап маңдайынан сүйді. Ал бойы Жорабайдан
сәл ұзындау, маңдайына кішкене кекіл қойған,
мұрыны Толасбайдың мұрыны сияқты
қоңқақтау, бірінші көріп тұрған
немересін құшақтай алып, Жөкең еңкілдеп
жылап жіберді. Баланың бетінен, мойнынан, кішкене қолдарынан
сүйіп-сүйіп, иіскеп ағыл-тегіл жылады кеп...
«қайтсын-ай енді» деп Салжан да жаулығының ұшымен
көзін сүртіп жатты» [ 1,145-б].
Осылай талай жылғы сағынышын басып, бір жасап
қалған Жөкең қарт өмірінің
жалғасы немересін айналып-толғанудан жалықпайды.
Бұған кей кезде Көктембай іштей өкпелеп қалып
жүреді.
Шатастырып жүрген немересінің аты Шеген екен.
Ал жалғызым деп бар мейірімін төккен Толасбайды әке
жалғыздығы қынжылтпайды, тіпті, ойына кіріп шықпайды.
Жазушы мұны әке мен бала арасындағы қысқа
әңгімеге сыйғызады. Баласының елге келгенін қалайтынын,
қартайғанда жалғыздықтың қиын екенін айтып,
өлсе көмусіз қалам ба деген қорқынышын жеткізгісі
келген әкесіне: «Мұнда да ел-жұрт бар ғой» деп берген
жауаптан кейін әңгіме шарт үзіледі. Осы кішкене ғана
диалог Толасбайдың болмысын одан да тереңірек ашып тұр.
Повестегі жазушының өзгеше
қолтаңбасы ауылға әртістердің келіп,
«Еңлік-Кебекті» қойғаны мен Көктембайдың
ондағы абызды атасына ұқсатуы мен өздерінше әртіс
болып ойнауынан көрінеді. Және атасының өзіне
атаған ақ қодығы тайқар болып
қалғанда иемденіп кеткен Шодырдың әлімжеттігіне
Көктембайдың ызасы келеді. Қанша танып тұрса да
ыңғай бермеген Шодырдың өзінің әкесіндей
адамға қол жұмсауы Көктембайды іштей ширықтыра
түседі. Сол ойлары атасы қайтыс болған соң тіпті
өршиді. Бала үшін үлкендердің өлген адамды тез
ұмытып кететіні де түсініксіз. Бұл
оқиғалардың бәрінен Көктембайды
жақынырақ танып, оның жылы жүрегінің
нәзіктігін сезуге болады.
Атасы берген тайқарды қалай да алам деп
Шодырдың шалғайына жармасқан Көктембай әкесінен таяқ жейді.
Үлкендердің екіжүзділігіне ашынған ол қайтыс
болған атасының басына келіп, өксіп тұрып жүректі
шымырлатарлықтай сөздер айтады.
Ал туған әкесінің өлігіне келіп
бір уыс топырақ салмаған Толасбай бейнесі оқырманды
ойға қалдырады, онан әрі түңілдіреді. «Арада
жиырма күн өткенде барып Толасбай келді. Жалғыз өзі. Ол
келгенде үйде Шодыр және бата қыла келген екі-үш шал
отырған. Толасбай жылаған жоқ» [1,183-б]. Жазушы бар айтарын
осы сөздер арқылы береді, одан артық ештеңе айтпайды.
Осындай көріністер арқылы өз кейіпкерінің бар болмысын
танытады, ал шешімді оқырманның өзіне қалдырады.
Шығарманың соңында оқуға
кетіп бара жатқан Көктембайды көреміз. Тағы да
атасының басына келіп, өз ішіндегі сезімімен, ойымен
бөліседі: «Мен оқуға бара жатырмын, ата, мен әртіс
боламын. Ата, сені ұмытпаймын, жиі-жиі келем ғой. Келемін... Мен
сені алдамаймын. Қош бол, ата!
- Баланың көзінен шыққан жас
тамшыларын жел іліп әкетіп жатты. «Мен кетіп барам. Ата, қош бол...
Айтпақшы осыдан екі күн бұрын ақ тайқар
үйге қашып келді. Ол қораны айналып қайта-қайта
ақырумен болды. Енесін іздегені шығар. Бәлкім сізді де ата...
- Ата. Ол әлі талай қашып келеді. Біржола келуі де мүмкін. Ал
Толасбай көкем...
- Оны білмеймін...» [1,189-б].
Баланың осындай сөздерінен ащы шындықты
аңғарамыз. Жазушы шығармасының негізгі айтар ойы да
осында жатса керек. Оның көңілі өзі мәпелеп
өсірген қодығының өз қорасына айналып
соғарына, тіпті, біржола келуіне әбден сенімді. Ал
адамдардың, әсіресе, Толасбай сияқтылардың туған
жерге, өскен ұясына оралуы күмәнді...
Өз прозасында лиризмнің нәзік
өрнектерін тап басып танып, кейіпкердің жан сұлулығын,
арман-тілегін, сағыныш аңсарын, ұлттық мінезін,
тұрмыс-тіршілігін тек шынайы суреттегенде ғана көркем шығарманың
өміршең сипаты айқын ашылатынын терең
ұғынған жазушының бұл повесіндегі кейіпкердің
сөздері оқырманға қатты әсер етіп, жүрегіне
мұң, жүзіне кірбің ұялатады.
Қаламгердің осындай кейіпкердің жан
әлемін толқытқан сезім шуағын,
қуаныш-сүйінішін, қасірет-мұңын дәл
өмірдің өзіндегідей айшықты суретке айналдырып, оқырманды
баурап алатын шығармаларының қатарына
«Қарлығаштың ұясы» повесін де жатқызамыз.
Бұл туындының сыршылдығы өте терең. Мұнда
адам тағдыры, қоғам өмірі психологиялық
тұрғыдан көрсетіледі, идеялық мақсаты да
терең. Шорман бейнесі арқылы жазушы өзінің
эстетикалық мұратын танытады. Шығарманың сюжеттік
желісі де осы кейіпкер бейнесіне қатысты өрбиді. Қарапайым
ғана сөздер жан-жүрегіңе ерекше әсер етеді.
Жазушы шеберлігіне таң қаласың.
Осы орайда Т.Ақшолақовтың:
«Өмірдің қай саласында болсын шынайы суреткер өзіндік орнымен,
нақышымен
көрінеді.
Ақын-жазушы тек өзіндік қолтаңбасымен,
даралық суреткерлігімен, өз стилімен айқындалады. Онсыз
өнер иесі жоқ» [2, 194-б], - деген пікірімен келіспеуге болмайды.
«Қарлығаштың ұясы» - терең
психологизм мен лиризмге толы шығарма. Барлық
көркемдік-эстетикалық көріністерде лиризм
психологизмнің, психологизм лиризмнің ажырамас өрімі ретінде
стиль түзушілік қызмет атқарады. Лирикалық прозаны
зерттеуші ғалым Я.Эльсберг
лирикалық проза мен психологизмнің туыстығын айта келіп: «Шын
мәніндегі лирикалық стильдің тазасында өз ойлары,
сезімдері мен тебіреністері немесе солардың кейбір қырлары мен
қасиеттері туралы айтуына хақы бар адам тұруы шарт»
[3,167-б], - деген болатын. Бұл
шығармада автор адамның жан-дүниесіне үңіле
түсіп, өзінің шынайы психологиялық, романтикалық
суреттеуге бейім ерекшелігін танытады.
Шығарманың негізгі тақырыбы – панасыз
жетім балапан тағдырымен ұқсас тірі жетім тағдыры.
Лиризм нағыз махаббат, сағыныш, адалдықтан
өрістейтіндігіне қарамастан мұндай ыңғайдағы
туындыларға тіршіліктің көлеңке қалтарыстарына
көз тігу де мүлде жат сипат емес. Рас, лиризм көңіл
шуағынан қанат жайғаны дұрыс-ақ, алайда, біраз
белгілі суреткерлер сияқты, Т.Нұрмағамбетов те айтылмыш
стильдік арнаның бейнелеу мүмкіндігін өсіре түседі.
«Қарлығаштың
ұясы» повесінің басты кейіпкері – жеті жасар Шорман
әжесінің қолында тәрбиеленеді. Кәрілік
жеңіп, күні таянғанын сезген әжесі оны жақын
ағайыны – Қиянбектің үйіне жібереді. Сандықтан
көрші кемпірдің алып берген судай жаңа киімдерді киіп,
Шоқатайдың тракторына мінуге асыққан Шорман еш
алаңсыз. Үйге келе сала Шабаркүл кесек тасытып қойса
да, тосырқамай қолынан келгенше көмектеседі. Автор
шығармада баланың нұрлы жан дүниесі мен кіршіксіз
сезімдерімен қоса, Қиянбек, Шабаркүл бейнелерінің
тартымды жасалуына да мән берген. Бейтаныс ауылды жатсынбаған
Шорманның таза көңілі мен әдемі қиялдарының
астан-кестенін шығарған, жүрегін аяусыз тілгілеген оқыс
жағдай - әжесінің қайтыс болғанын Қиянбек
пен Шабаркүлдің әңгімесінен кенеттен естіп қалуы
болды.
Осылайша, өмірдегі
жалғыз жанашыры мен тірегі болған әжесінің енді
жоқ екенін, қаласа да, қаламаса да енді осы үйде
тұруға мәжбүр екенін сезінген бала
жалғыздықпен іштей арпалысады. Өз көзімен
көрмегесін сенбеген ол «үйіме ала кет» деп Шоқатайдың
тракторының соңынан жүгіреді. Ештеңеге
көңілі соқпай, іштей егіледі. Шорман
әке-шешесінің тірі екенін, әкесі - Есенжол, шешесі - Айбарша
екенін бірнеше рет естіген. Мұның бәрі балаға
қатты әсер етеді. Әжесінің айтқан ертегісі есіне
түседі. Осы тұрғыда жазушы бала психологиясын
тұнық күйінде жеткізу үшін балапанға
Шорманның қамқорлық жасауын, онымен тілдесуі секілді
нақты детальдарды – көркемдік детальдар ретінде шебер пайдаланып,
авторлық суреттеу мен бейнелеу арқылы баланың рухани
әлемін жан-жақты ашып, Шорман образы арқылы өмірдегі
жағдайлардың көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік
мәселе ретінде бейнеленуіне күш салады. Кейіпкердің сезімге
толы жан тебіреністері, іс-әрекеттері арқылы оқырманды баурап
алумен қатар ойландырады да. Және
бұл турасында өзінің тұжырымдарын
ұсынады.
Бар үміті ұшып
бара жатқан қарлығаштың балапанында болып, соған
үздіге қарап тұрған Шорман бірден
оқырманның көз алдына елестеп, жан-дүниесін
алай-дүлей етеді. Шабаркүлдің үйіне қызы мен
Гүлжан есімді жиен немересі келгендегі бәйек болуы, өзгеше
мейірім көрсетуі бала сезіміне үлкен әсер етіп,
жабырқау тартады. Сәби көңілі аяулы алақанды,
мейірім шуағын аңсайды. Қарлығашқа келіп
айтқан сөздері еріксіз көзге жас алдырады. Сол арқылы
өзінің тастап кеткен әкесі мен шешесіне сәлемін
жеткізуін сұрайды, өкпесін, сағынышын айтады. «Екеуіне де
айтшы. Сағынып жүр деші. Ең болмағанда бір күнге
келіп көріп кетсінші. Бір күнге...
Балапан бірте-бірте
биіктеп, алыстап кетті. Бірақ оны енді Шорман көре алған
жоқ. Көзін жас жуып кетті. Қырлы тастардың табанын
тіліп кеткенін де елеген жоқ. Жүгіре берді» [1, 55-б].
Шормандай тас тағдыр
балалар өмірде аз емес. Соларға қарап отырып, олардың
да өз қиялымен, арманымен арпалысып, шартарапты шарлап, ыстық
алақан, мейірім іздейтіні жүрегіңді ауыртады.
Жазушының өз
шығармасында ертегіні қолданып, шығарманың
тақырыбына, идеясына сәйкес көркемдік құрал
ретінде пайдалануы да шығарманың лирикалық сипатын арттырып
тұр. Бұл тұста профессор Ж.Дәдебаевтың:
«Жазушының өмірде болған, нақты ақиқат
алдында құбылыстарды ғана суреттеп қоймай, қажет
болған жағдайда, құбылыстардың мәніне
тереңдеп барып, оны жан-жақты ашып көрсету мақсатында,
ақиқат деректер беретін шындықты өз мұратына орай
өзгерген немесе толықтырылған түрде пайдалануы елеулі
табыстарға жеткізеді» [4,55-б], - деген пікірімен келісуге болады.
Т.Нұрмағамбетовтың
шығармаларын оқи отырып, бәрінде де нәзік лиризм басым
екенін аңғару қиын емес. Оның кез келген туындысында
кейіпкерлермен іштей сырласып, жүздесіп, сөйлескендей сезімде
боласың. Жазушы өз кейіпкерлерінің жан дүниесін,
нәзік сезімін, сырын ашуда жасандылыққа бой алдырмайды. Олар
туралы кесіп-пішіп ештеңе айтпайды. Олардың іс-қимылы,
сөйлеген сөздері, монологтары арқылы бар болмысын танытады.
Оқырман сол арқылы қай кейіпкердің қандай
екенімен таныс болып, өз бағасын береді. Шығарма кейіпкерімен
бірге қуанып, бірге жылап, бірге қобалжып, уайымдап отырады.
Мұның өзі жазушының өзіндік стилін анықтап,
шеберлігін көрсетсе керек. Оның шығармаларының
шынайылығы автордың кейіпкерлерінің психологиясын, сезімін
өз көзімен қарап,
жүрегімен сезініп барып оқырманға жеткізуінде болса керек.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Нұрмағамбетов Т.
«Қош бол, ата». Алматы: Рауан, 1993.-224 б.
2.
Ақшолақов Т. Шығарманың
көркем айшықтарын талдау. Алматы: Рауан, 1994.-224 б.
3. Эльсберг. Я. Актуальные проблемы социалистического реализма. М., 1969.
4. Дәдебаев Ж. Қазіргі
қазақ әдебиеті. Алматы: Қазақ университеті,
2003.-284 б.