Филологические
науки/6. Актуальные проблемы перевода
Магистрант Худайбергенова С.С
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
Университеті
Қазақ
ертегілерінің аударылу тарихы
және топтастырылуы
Қай
елдің ауызша шығармаларын алсақ та, барлығында ертегі
халықтық шығармалардың
мол саласы екенін көреміз. Әр елдің фольклорында ертегі саны жағынан
мол, әрі сан түрлі болып келетін шығармалар тобына жатады.
Ертегілер негізінде қоғамдық құрылыспен,
тарихпен, халықтың наным-сенімімен, тұрмыс-тіршілігімен
байланысты.
Қазақ
ертегісін зерттеу және аудару жұмыстарының басы ертегілерді
жинап жариялаудан басталады. Зерттеуші-ғалымдар қазақ
ертегілерін қазақ айтушылардың ауызынан қазақша
жазып алып, жинап бастырған. Ал тағы бір топ зерттеушілер
қазақ ертегілерін орысшаға аударып, орыс тілінде
жариялаған. Бұл салада еңбек еткендер В.В.Радлов, А.Диваев секілді зерттеуші-ғалымдар. Орыс тілінде қазақ
ертегілерін, аңыздарын мол жариялаған зерттеушілер тобына А.Алекторов, А.Диваев, Г.Н.Потаниндерді
енгізе аламыз. Қазақ халқының ертегілерін,
аңыздарын орыс тіліне аударып, оның ел арасында кең тарауына
өз үлестерін қосқан бірталай баспа орындары да бар.
Қазақ
ертегілерінің ел арасынан жиналып, хатқа түсуі, баспа
жүзінде шығуы ХІХ ғ. ІІ жартысынан басталады деуге болады.
Бұл ретте Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, Ә.Диваев т.б.
ғалымдардың айрықша еңбек сіңіргендігін айта
кетуіміз керек. Сол сияқты А.Алекторов, А.Васильев, Н.Пантусов,
Б.Дауылбаев, Т.Сейфуллин, О.Әлжанов, Ж.Айманов, М.Ибрагимов және
т.б. зерттеушілер қазақ халқының ертегілерін жинап, сол
кездегі баспасөз беттерінде үзбей жариялап тұрды.
А.Васильев
қазақ ертегілерін жинауды 1890 жылдары бастады. Ол көбінесе
ертегілерді Торғай облысында тұратын қазақтардан жазып
алып отырған. Кейін қызмет бабында ел аралаған кезінде
көптеген ертегілерді қағазға түсірген. Соларды
жинақтай келіп 1898 жылы жарық көрген «Образцы
киргизской народной словесности» деп
аталатын кітабына тек қана қазақ ертегілерін кіргізген.
А.Васильев 1906 жылы Ы.Алтынсаринның
«Қазақ хрестоматиясынан» қайта шығарған
кезде ағартушының өзі қалдырып кеткен жазбалардан деп
«Қара батыр», «Алтын Айдар», «Тазша бала» ертегілерін қосқан.
Бұл нұсқалардың
соңғы екеуі Васильевтің 1898 жылғы өз кітабынан
алынған үлгілер болды. Сөйтіп жинаушы барлығы 23 ертегі
жазып алып, жариялағаны белгілі болып отыр. Қазірде осы
үлгілердің 13-і қазақ ертегілері жинағына кіріп,
рухани айналымға қосылған.
А.Васильев
жариялаған ертегілерді жинау әдісіндегі кемшілік – олардың
кімнен, қай жерде жазып алынғанын көрсетілмеген. Сол себепті
аталмыш ертегілерді айтушыларды анықтау, нұсқалардың
таралу аймағын белгілеу қиынға түсіп отыр. Дегенмен,
мұның өзі Васильев жариялаған ертегі
нұсқаларының бағасын кеміте алмаса керек. Бұл
үлгілер көптомдық «Ертегілер» жинағына енген 372 қазақ
ертегісінің сапында ұлттық рухани дүниеміздің
алтын қорын құрап отыр .
Қазақ
ертегілері не үшін қажет екенін әдебиет зерттеуші,
ғалым А.Байтұрсынов: «Ертегінің қадірі қанша деп
сұрағанда, кезектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің
керек орындары:
1.
Халықтың ұмытылған
сөздері ертегіден табылмақ. Олай болса, ертегі тіл жағынан
керек нәрсе.
2.
Бала әдебиеті жоқ жерде баланың рухын, қиялын
тәрбиелеуге зор керегі бар нәрсе. Баланы қиялдауға,
сөйлеуге үйретеді.
3.
Бұрынғылардың
сана-саңлау, қалпы-салты жағынан дерек берумен керегі бар
нәрсе» - деп айтқан болатын.
А.Байтұрсыновтың
пікірінде ертегінің балалардың қиялын өрістетудегі,
тілін дамытудағы, рухын тәрбиелеудегі қызметінің
маңызы мен мәні өте жоғары бағаланады. Бұл
пікір бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан
жоқ.
Қазақ
халық ертегілері мейірімділікке, адалдыққа,
әділеттілікке үйретеді. Жамандықтан, өтіріктен,
зұлымдылықтан аулақ болуға тәрбиелейді.
Әрдайым татулық, бірлік, ынтымақ жеңетінін
көрсетеді .
М.О.Әуезов
қазақ халық ертегілерін үш үлкен дәуірге
бөледі
Бірінші
дәуірі - есте жоқ ескі
замандардан басталып, өткен ғасырдың 60 – шы жылдарына дейін созылған
Қазақстандағы феодализм дәуірімен байланысты ертегілер
болады. Екінші топ ертегілер 60 - шы жылдарғы Ресейде және
Қазақстанда болған реформалардан соңғы тарихи
дәуірдің шаруашылық – қоғамдық,
тарихтық ерекшеліктерімен байланысты болған ертегілер тобы.
Үшінші топ социализм дәуірінің ертегілері.
Ертегінің
мағынасында екі элемент сақталынған: фантазия және
ақиқат. Осы негізінде ертегінің классификациясы туындайды.
Шартты түрде – жануарларға арналған ертегілер, ерекше
және ғажайып ертегілер, оқиғалық және
әлеуметтік–тұрмыстық ертегілер, сатирикалық ертегілер,
анекдот ертегілері және т.б. Аталмыш типологияны алғаш болып
зерттеген ғалымдардың бірі орыс фольклористикасын зерттеген И.И.Срезневский
болып табылады. Ол ертегіні мифтік, болмаған және
фантастикалық– юморлы деп бөлген. Басқа да
ғалым-зерттеушілер аталмыш типологияны әрі қарай жетілдіре
түсті және оған көптеген өзгертулер мен
толықтырулар енгізді.
Нартов К.М.
жанрлық–мазмұндық принципі бойынша ертегілерді
топтастыруға тырысты:
1. Жануарлар туралы ертегілер. Ұлттық поэзия
бүкіл әлемді құшағына алды, оның объектісі
тек адамға ғана тән емес ғаламщардың бүкіл
тірі мен тірі емес заттарда кіреді.
2. Сиқырлы ертегілер. Сиқырлы ертегінің
басқа ертегілерден бөлу өте күрделі: өйткені
ойдан шығарылған және ғажайып ертегілердің
көбісінде кездеседі.
3. Тұрмыстық ертегілер. Тұрмыстық
ертегінің сипаты ол күнделікті өмірдің суреттелуі.
Тұрмыстық ертегінің конфликті келесіде: парасаттылық,
шыншылдық, мейрімділік, адамгершілік адамның жағымсыз
қасиеттеріне қарсы турады. Олар қызғаныш,
сарандық, кекшілдік, жалғандылық.
Қазақ
фольклористері батырлық ертегі жанрын бөліп алып, оны
қиял–ғажайып ертегі мен новеллалық ертегінің,
сондай–ақ қиял–ғажайып ертегі мен қаһармандық эпостың аралығындағы
жанр деген пікірге келді. Қазақтың батырлық ертегілері
екі сипатта болады. Бірі – көне заманда миф пен хикаялар, нанымдар мен
ғажайып ертегілер негізінде пайда болған дамыған көркем
ертегілер. Мысалы «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай»
сияқты классикалық фольклор үлгілері. Бұлар
қиял–ғажайып ертегілерінен кейінгі жанрдың үлгілері.
Сол себепті мұнда архаикалық элементтер көп. Екіншісі –
қаһармандық эпостың ертегі түрінде айтылған
нұсқалары. Олардың ішінен бір жағынан көне
түрлері, яғни жырға жақындайды. Бірақ толық
ертегіге айналып үлгермеген шығармалар бар. Ал екінші жағынан
классикалық батырлар жырының қара сөзге ауысқан
үлгілері де кездеседі.
Ертегілердің
жиналу және аударылу тарихын, оларды түрлі ғалым-зертеушілер
қалай топтастырғанын білу ісі өте үлкен
маңызға ие іс болып табылады. Аталмыш саланы зерттей, зерделей
отырып біз халқымыздың бай фольклорық мұраларымен
өзге әдебиет өкілдерінің танысуына, сол бай фольклорымызды, рухани-тарихи
құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға
өз үлесімізді қосар едік.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. М.Әуезов “Ертегілер”
Алматы, 1957
2. М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз
әдебиеті» Алматы 1974
3. В.Радлов «Алтын сандық»
Алматы, 1993
4. Казахски фольклор в
собрании Г.Н.Потанина, Алматы,1975
5. Б.Кенжебаев Қазақ
ертегілері туралы , 1940
6. А.Марғұлан «О характере
и исторической обусленности казахского эпоса », Алматы, 1958
7. С.А.Қасқабасов «Қазақ сиқырлы ертегісі»
Алматы, 1972