Магистр переводческого дела Мурзатаева Айгерим Толеутаевна Алматинский Университет энергетики и связи, Казахстан

С. Томпсонның персонаж суреттеу негіздері және оның  қазақ тіліне аударылуы

 

Көркем шығарманың әр алуан қырлары мен сырлары болады: табиғат көріністері суреттеледі, адамның ішкі сырлары (монолог) шертіледі, көніл күйі, сезім дүниесі баяндалады, философиялық толғаныстар мен психологиялық тебіреністер ашылады, тағысын тағылар. Бұлар кейде суреттеу түрінде, кейде баяндау түрінде берілсе, кейде асқақ пафоспен, кейде ұтымды афоризммен беріліп отырады. Аудармада осылардың бәрін өз қырымен, өз сырымен, өз бояуымен жекізу керек.

Аудармашы әрқашан өз ана тілінің қырағы, сақшысы болуға тиіс. Аудару үстінде кісі өмір көріністері мен құбылыстарын басқа тілдің (түпнұсқаның) әсерімен елестетіп, сол тілдің құйылу ағынымен отырғанда, өз ана тілінің жүйесінін шығып кетуі ықтимал. Мұның өзі әсіресе орыс тілі мен қазақ тілі сияқты, грамматикалық жүйелері бір–біріне ұқсамайтын тілдерден аударғанда ерекше сезіледі.

Жалпы персонаж (кейіпкер) дегеніміз не? Оған не жатады? Шығарма кейіпкері – образ болып табылады. Яғни, «образ» ұғымы 1) кең ауқымды алып қарасақ, шығармадағы көркем өмірлік шындық; 2) одан гөрі тарлау аяда алар  болсақ, әдеби қаһарман деген мағынада қолданылады [1,154-б.].

Образ деген  сөз, әдебиетте негізінде екі түрлі қолданылады. Бірінші: көркем сөз мағынасында,  екінші, адам образы – тип- мағынасында.

Көркем сөз ұғымында – образға теңеу де, эпитет те, троп, фигуралардың түрлері де жатады. Кейде сөз  образы немесе бейнелеу деп те атаймыз.

Екінші адам образы – тип мағынасында қолданамыз. Бұрын образ (адам образы) деп ұнамды қаһармандарды ғана атап, ұнамсыз қаһармандарды тип дейтін. Ал соңғы кездерде көбіне образ бен типтің арасына онша шек қойылмайды. Қазақша образды – типті – кейіпкер, ұнамды, ұнамсыз кейіпкерлер деп те жазып жүр [2, 75-б.].

Ал енді образ мәселесіне келетін болсақ, онда образ- өмір шындығының көркем шығармадағы, өнердегі жинақталған әдеби бейнесі. С.Томпсон шығармаларындағы негізгі образдар – жануарлар. Дәл осы «Жырық құлақ» әңгімесінде бірнеше образдар берілген: 1) жырық құлақтың өзі, 2) жырық құлақтың анасы Молли, 3) жылан, 4) райхан гүлі. Осы образдар аудармада қалай берілді?  деген сұраққа жауап беретін болсақ, онда сәтті десек болады. Себебі, С.Томпсон қояндардың тіршілік ету ортасын, олардың мінез-құлқын бергісі келген, дәл осы қасиеттердің барлығы да тәржімада сақталды десек қателеспейміз. Бұған жоғарыдағы мысалдар дәлел. С. Томпсонның көптеген әңгімелерінің басты идеялардың бірі – ананың балаға деген махаббаты, яғни жануарлар да адамдар сияқты өз балаларын  қорғайды, әлпештейді, жебейді:

«...Кенет орманның ішінен жебедей атылып енесі шыға келеді. Бұл бұрынғы өз көлеңкесінен өзі қорқып, қашуға бейім тұратын сужүрек Мамық Құйрық Молли емес еді. Ана махаббаты оған ерен бір күш бітірген. Нәрестенің құлындаған даусы кеудесінде ерлік отын үрлеген ол бір-ақ қарғып, артқы аяғының  өткір тырнақтарымен жыланды осып кеп кетті...» [3, 17]. Сетон Томпсонның « Жырық құлақ» әңгімесінде жыланға тән озбырлық та, қоянға тән қорқақтық та дәл әрі көркем берілген. Аудармашы С.Ақтаев болса түпнұсқа идеясын сақтап, дәл аударған.

Бұл мәселе «Титтей бөрі» әңгімесінде сөз болады:

Орысшасы: Матери не нужно учиться любить своих беспомощных детей. В своей темноватой теплой берлоге тито, нянчила, лизала и ласкала своих детенышей [4, 32.].

Но любовь к детям так же велика, как и беспокойство за их жизнь.

Қазақшасы: Аналарға дәрменсіз сәбилерді сүюді үйретудің қажеті жоқ. Өзінің қара күңгірт жып-жылы апанында Тито балалырына бәйек болып, аймалап, аялады да жатты.

Балаларға деген махаббатта олардың өмірі үшін алаңдау тәрізді ұшы қиырсыз [3, 39.]

Ауыстыру жеке сөздерде немесе сөйлем ішінде ғана ұлғаюмен тынбай, кейде бүкіл шығарманың өн бойындағы бейнелеу тәсіліне көшуі де мүмкін. Мәселен, Эрнест Сетон- Томпсонның «Ruggylug, the story of a Coffohtail Rabbit» (Жырық құлақ) атты шығармасы өне бойы тұнып тұрған – кейіптеу, жансыз табиғат жандандырыла суреттеледі. Осындай бір тамаша бейнелеу үлгісінде жазылған әңгімені С.Ақтаев аударма арқылы қазақ топырағына танытады.

Орысшасы: «-Мама!» - в смертельном испуге крикнул бедный маленький кролик, когда чудовище бросилось на него.

Он напряг все силы своих кроличьих ножек,  чтобы убежать, но змея с быстротой молнии схватила его за ухо и обвилась кольцами вокруг тельца беспомошного, маленького создания, пойманного ею на обед.

Мама!...Мама!...- пищал маленький бедный кролик в то время, как жестокое чудовище медленно душило его своими кольцами [4, 32]. Жазушы өз әңгімесіндегі сұр жыланның көжекке шабуыл жасағандағы тұсын, көжек жанның қиналысын, жыланның өткірлігін суреттейді. Осы көрініс қазақ тілінде былай аударылады:

Қазақшасы: Мама!...- деп дайсы шықты, албастыдай бас салған жыланнан зәресі ұшқан бейшара көжектің.

Жай оғындай жылдамдықпен құлаққа шап еткен жылан құйтықандай аяғын тырбаңдатып жалт бермек болған көжектің дәрменсіз денесін әп-сәтте құрсаулап орады да тастады. Қатыбас дұшпаны қатты құрсаумен қыса түскен түста: Мама!... Мама!... – деп бейшара көжектің шыбын жаны шырқырады [3, 17.]

Аударама бейнелік сөздермен жақсы аударылған. Осы сөздер арқылы шығарманың мазмұны ашылып, мағынасы тереңдетілген. Чудовище – құбыжық жәндік, барып тұрған жауыз,  мейірімсіз деп аударылады. Осыны С. Ақтаев «албасты» деп береді. Сәтті шыққан. Чудовище сөзінің барлық аударма баламаларының  бір жерге тоғысқан түйіні сияқты. Бұл сөз түпнұсқа екі жерде кездеседі. Ал, аудармашы оның алғашқы кездескендегі жерін аударады да екіншісін жай жауып қоя салған. Екінші жерінде «пищал бедный маленький кролик в то время, как жестокое чудовище медленно душило его своими кольцами»  деп беріледі. Осы тұста қазақ шебері «бейшара көжектің шыбын жаны шырқырады» деп ұсынады. Аудармада жарты сөйлем ауларылмай қалған. Пищать – шырылдау, шиқылдау. Шырылдау да шиқылдау да  осы жерге сай келеді. Осыны С.Ақтаев қазақшаға аударғанда жаңаша құбылыста отырып, «шыбын жаны шырқырады» деп береді. Сәтті шыққан. Олицетворение түрінде жазылған шығарма, қазақ тілінде де сол қалпында сақталған.

Аударма саласында кездесетін тағы бір кемшілік – бұл аудармаларымызға үстірт зер салып, зерттелмеуінде. Аудармалар шағарылғанымен, оларды ортаға ала отырып, аударманың кемшіліктері мен жетістіктерін талдап зерттеу жоқтың қасы. Соның бірден бір айғағы  С.Ақтаев аудармалары.

С.Ақтаев аудармалары үлкен зерттеуді талап етеді. Төл тумадай аудармалар тудырған С.Ақтаевтың қазақ әдебиетінде, соның ішінде аударма саласында алатын орны зор. Ерен ердің еңбектерін талдап, зерттеу арқылы, оның аудармашылық шеберлігін елімізге паш ету болашақ аудармашылар мен әдебиетшілер, яғни біздің еншімізде.

Аударма – өнердің бір түрі, сөз өнері дедік. Ал өнер жайлы сөз қозғап, сол өнерді жасаушы шебер жөнінде үндемей өтуге болмайды.

Әрине, бұл – тым күрделі мәселе.  Мұны жан-жақты сөз ету шығармашылықтың психологиясын байыптау болып табылады. Ал шығармашылықтың психологиясы – өз алдына жеке пән. Демек, аударманың теориясы мен шығармашылықтың психологиясын шатыстырмау керек. 

   Дегенмен, аудармашы кім, оның қоғамдық тұрпаты, тұлғасы қандай? Талант табиғаты деген не? Мұны жауапсыз қалдыру жөнсіз.

Асылы, аудармашы сипатын оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен бастаған жөн. Тума көркемдік қабілет кез келген кісі де бар. Олай болмаса, кез келген кісі, өнерді де көркем әдебиетті де жан жүрегімен қабылдап, сезіне түсіне алмас еді. Дегенмен, материалистік эстетика нағыз аудармашыға тән бірнеше ерекшеліктерді тізіп, талдап сол арқылы талант табиғатын сипаттайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.   Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – А.: Мектеп, 1969, 243-б.

2.   Қабдолов З. Сөз өнері. А.: Қазақ университеті, 1992, 352-б.

3.   Томпсон С. Тарпаң жорға, А.: Жазушы, 1974.

4.   Томпсон С. Рассказы о животных. – М.: Детгиз, 1955.