Д.М. Арыстанғалиева

Алматинский университет энергетики и связи

Шәңгерей Бөкеев шығармашылығы Ханғали Сүйіншәлиев зерттеулерінде

Қазақ әдебиеті тарихындағы аса әйгілі есімнің бірі – Шәңгерей Бөкеев. Ақынның онсыз да жұмбақтау, дара күн кешкен өмірі кешегі кеңестік жүйе кезеңінде туған халқының танымынан тысқары қалды.

Шәңгерей Бөкеевтің ақындық ғұмырбаянын әдебиет тарихында орнықтыру бағытында жасалған зерттеулерді негіз ете отырып, ақын мұрасын әдебиет тарихы оқулықтарына енгізуде қазақтың белгілі әдебиеттанушы ғалымы, жоғары мектепте оқытылатын әдебиет тарихына арналған іргелі оқулықтардың авторы Ханғали Сүйіншәлиев елеулі еңбек жасады.

Әр жылдары Шәңгерей Бөкеев шығармашылығына арнап жазылған академиялық мақалаларында Ханғали Сүйіншәлиев заман ағымына орай пікір-ойларын толықтырып, жаңғыртып отырғанын байқаймыз.

Ғалым-ұстаздың 2006 жылы  «Санат» баспасынан толықтырылып, өңделіп қайта басылым көрген  «Қазақ әдебиетінің тарихы» оқулығында да Шәңгерей Бөкеев туралы арнаулы тарау бар [1]. Осында ақын мұрасын танудың қайсыбір фактілеріне қатысты автор мынадай пайымдау жасайды: «Шәңгерей Сейіткерейұлы – ақтаңдақтар қатарына ілініп, көп жылдар бойы халқымыз көз жазып қалуға айналған көрнекті ақындарымыздың бірі, ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің ірі өкілі, өз дәуіріндегі ақындық өнерде өз үлесі, өшпес орны айқын қайталанбас қаламгер. Сонымен бірге ол – қазақтың жазба әдебиетін өркендету, оның образдылығы мен көркемдігін жетілдіре түсу жолында елеулі еңбек еткен шын мәніндегі жазушы да. Бірақ, жетпіс жылдан астам тарихы бар кеңестік мәдениетіміздің назарына жете ілінбей, шығармашылығы көмескі қалпында қалып, орынсыз кінәлар тағылып, тарихи бағасына ие бола алмаған асыл сөздердің авторының бірі осы Шәңгерей» (1, 766 б.).

Шәңгерей шығармашылығы туралы тиянақты, негізді, жан-жақты мәліметті бере отырып,  Х. Сүйіншәлиев ақын мұрасындағы жазба әдебиеттің даму, қалыптасу фактісіндегі орнына назар аударуы бекер емес. Бұл мәнде Шәңгерей шығармашылығы арнайы зерттеуге тартылуы құба-құп болмақ.

Шәңгерейдің тұспал мен таңбалық нышандары басым озық лирикасының құны мен мәні Ханғали Сүйіншәлиев танымында тағы да аса бағалы бір қыры.

«Ол адам жанының құпия сырларын аша-ақтара жыр шерткен ең сезімтал лирик, қазақтың адамгершіл, сыршыл, мәнді де мәнерлі поэзиясының аты әйгілі ақыны» (1, 767 б.).

Ханғали Сүйіншәлиев дара дарын Шәңгерей поэзиясының көркемдік қуат, құндылығымен тұтас ашылып, айқындалып зерттелмеу себебін дәуір ақиқатынан табады.

«Кеңестік дәуірде қалыптасуға бет алған қазақ әдебиеті сынының Шәңгерейдей сән-салтанат жыршысын тап басып тануға шамасы жетпеді. Ол өзінің кенжелілігіне сай бірден ғылымның сара жолына түсіп кете алмай, әр түрлі тұрпайы да, анайы ағымдар жетегіне ілесіп, солшылдыққа ұрынды.  Ғылыми-тарихи көзқарастан ауа жайылды» (1, 767 б.).

Ғалым әдеби танымдағы тапшылдық талаптардың тарихи салдарлары Шәңгерей шығармашылығын зерттеуде де көп көлденең тұрғанын орынды атап көрсетеді.

Шәңгерейдің туып-өскен ортасы, ата-тегі де ақын мұрасының кеңінен таралып, насихатталып, танылуына аз кедергі келтірмегені рас.

Бұл жөнінен Ханғали Сүйіншәлиев те Шәңгерейді «Қандыбалақ төрелерден шыққан, озбыр ортаның түлегі» деп таниды. Оны шын өнер иесі, ақын есебінде тани алмай келуіміздің негізгі себебі де осы тегіне байланысты болғанын атап көрсетеді. Ақынның шыққан тегі, өскен ортасы, бала шақтағы мұсылманша сауат алу жолын баяндай келіп, оның ендігі кең өріс, дүние болмыстың терезесін айқара ашуға бет алған кезеңіндегі өмір фактілерін айтуында да Х. Сүйіншәлиев ақындық тағдырдың қалыптасу тарихынан хабар беретін елеулі жайларды тізеді.

«Асылы, Шәңгерейдің оқу, іздену жолындағы сапары оң болған. Ол өз кезіндегі білім, ғылым жолына жеткізетін дүнияуи мектептен оқып жетілген. Әуелі, Астрахан реальное училищесінде, одан кейін Орынбар кадет корпусында оқыған. Өз тізгіні өзіне тигеннен кейін білімді, зиялы орталарда болыңқырап, өзінің дүниетанымын кеңейте түскен. Сартау, Самар, Орал, Қазан, Уфа шаһарларында  жергілікті ұлықтар қатарында қызмет те атқарған» (1, 768 б.).

Шәңгерейдің әкімшілік билік саласынан көп жайды көңіліне түйіп, онан кейін де ешқандай жұмысқа араласпау себептерін егжей-тегжейлі тарқата айтқан Х. Сүйіншәлиев ақынның аса биік өредегі адамгершіл мінез-құлқына тоқталып, мән береді.

Шәңгерейдің елде жоқ үрдістен орыс дворяндарынша тұрмыстық мәселелерге көңіл бөлуі өз алдына бір дүние болатын. Х. Сүйіншәлиев патшадан дворяндық атақ алған қазақ төресінің, Шәңгерей  ақыннның бұл өмір салтына қатысты мынадай деректерді көпшілікке жеткізеді.

«Патша тарапынан өзіне дворяндық атақ алып, мекен-жайға лайық жер бөлдіріп, өзінің меншігін белгілеп, сол жерінде білгенін, ойына келгенін жасап, адамгершіл істер атқарған.

Тәуелсіз өмір кешіп, еңбеккке, өнерге негізделген жаңаша тұрмыс құрып, шаруа кәсібінің жүйесін жасамақ болған. Сол кездегі орыс помещиктерінің имениесі, хуторлары оған үлгі болса керек. Әсіресе, Л.Н. Толстойдың  Ясная Полянадағы меншікті шаруашылығының үлесін қатты ескерген. Сол ұлы жазушының зор гуманистік бағытын қолдап, қолынан келгенінше қазақ жағдайына лайық істер жүргізген» (1, 769 б.).

Шәңгерей «Көлборсы» атты құнарлы алқаптың игілігін ағайын-туыс, ел-жұртпен бөліскен. Қазақ шаруаларының жаңа тұрмыс жасауына қолайлы жағдайлар туғызады. Үй салдырады, қора-қопсы салдырады. Мал өсіріп, егін егумен айналысқан елге керегін тауып бергізіп, дүкен ашқызып, базар саудасын дамытқызған. Балаларды оқытуды қолға алған. Көптеген білімді оқытушы жалдаған. Тұрмысқа қажетті заттар соғатын ұстаханалар жұмыс істеген. Монша да салынған, көңіл көтеріп, өнермен айналысатын орындар да ашылған.

25-тен енді асқан шағында Шәңгерей орыс помещиктерінің үлгісіндегі өмір ортасын туғызады. Сонымен бірге Көлборсыда ұлттық өнер саятшылық, аңшылық, әншілік те қызу жанданады.

«Қазақтың қалың ортасында сауық-серуені мол Орда тұрғындары ішінде өткендіктен, оның өткен-кеткен тарихынан, өнерпаз адамдарынан хабардар болып, ол білігін толық игеруге күш салады. Елдегі аттары әйгілі ақын, жыраулар мен әнші, күйші музыканттар Бөкей ордасына, Шәңгерей мекеніне соқпай өтпейтін болады. Олардың кейбірін айлап ұстап, өнер үйренер жас қауымға үлгі етеді. Осы Шәңгерей сияқты өнерге құштар қайраткерлердің еңбектері арқасында болса керек, Батыс өлкесіне мәлім бөкейлік әуен, ән-күй, саз қалыптасады. Бөкейлік саздың өзгешелігін музыка зерттеушілер назарға алмай жүр» (1, 770 б.).

Осы мәселе қазақ ән-саз мектептерінің бір ерекшелігіне қатысы бар мәселе сияқты. Ханғали Сүйіншәлиев өте орынды назар аударыпты. Ғалым бөкейлік саз өнері туралы кәнігі маман болмаса да біршама ұғындыру жасаған екен.

«Ол туралы маманданған түсінік беру біздің қолымыздан келе бермейді. Тек айтарымыз: аталмыш әуеннің жыршылар толғауында да, әншілер әуенінде де, күйшілір саз-сарындарында да өзгеше орындалатыны ғана.

...Бөкейлік саздың өзгешілігі қоңыржай бірқалыптылығында, бапты, жайлы, салтты сыршылдығында сияқты. Ән көтеретін тұста ғана дауысталып, орынды, орамды сазбен орындалады. Кейде төкпе желісті желдірме термелер, кейде ақтарыла төгіп-төгіп жіберіп барып бәсеңдейтін жыр-толғау мақамдары бөкейлік саз ерекшеліктері дер едік» (1, 770 б.).

Х. Сүйіншәлиев қазақ ән мектебінің аймақтық ерекшелігінің бір дерегін осылайша тарқатып айтып берген. Көңіл бөлетін, маңызы бар ойлар.

Х. Сүйіншәлиевтің «Бөкейлік саз музыкасымен де біраз ілгері болған» деген пікірі де дәлелмен дәйектелген. Бұл әуенннің үздік өкілдері болған еді деп Ханғали Сүйіншәлиев  Құрманғазыны, Дәулеткерейді, Мұхит пен Абыл, Динаны атайды. Көлборсыда жыршы, термешілердің де небір айтулысы ат басын бұрғанын да көпшілік біле бермейтін мәнді деректер. Мұрат, Нұрым, Байтоқ, Жанұзақтардың да өнер көрсетуі әбден мүмкін дейді зерттеуші. Осылайша Х. Сүйіншәлиев ақындық алымы арғыда да, бергіде де ешкімге ұқсамайтын, бөлек дарын Шәңгерей Бөкеевтің әдеби шығармашылыққа қандай орта, қандай тарихи жағдайда бет бұрғанын бүге-шігесіне шейін  баяндай келіп, ақын поэзиясындағы алабөтен сарындар, алақұйын сезімдер жұмбағының бір шешімдеріне бастар сыр ұшығын ағытады...

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ:

1 Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. – Алматы: Санат, 2006. – 904 б.

РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются некоторые научные аспекты исследовательских работ профессора Хангали Суюншалиева по шангерееведению.

SUMMARY

This article covers some scientific aspects of the research work on Mr. Shangerey Bokieev’s work by Mr. Khangali Suyunshaliev.