Ешимов М.П.

 

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

филология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.

 

Бейвербалды амалдардың ерекшелігі: қол қимылдары

 

Тілдік ортада қарым-қатынасты іске асыру үшін қарым-қатынас кезінде ойды жеткізу мақсатымен түрлі-түрлі тілдік, тілдік емес және тіл айналасындағы амалдарды қолдану дағдысы қалыптасқан. Осы тіл айналасындағы амалдарға көзбен көретін, құлақпен еститін тілдік және тілдік емес амалдар жатады. Осында айтылған тілдік деп отырғанымыз вербалды амалдар да, ал тілдік емес деп отырған бейвербалды амалдар болып табылады.

Бейвербалды амалдар – адамның эмоционалды қалпынан хабар беретін, құрамына ым-ишара, дене қалыбы, визуалды байланыс, дауыс ырғағы, дауыс екпіні, жанасу сынды амалдар кіретін қарым-қатынастың тілдік емес формасы.

Зерттеуші-ғалымдардың пікірінше, бейвербалды амалдар вербалды амалдарды толықтырып, оларға қосымша мағына үстейтін, коммуникативтік актіні жалғастыруға қызмет ететін, адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз етуге көмектесетін қарым-қатынастың түрі болып саналады.

Әртүрлі қарым-қатынас түрлерін зерттеген Батыс елдері ғалымдарының зерттеулері сәттілік пен сәтсіздіктің болуы қарым-қатынастағы ақпараттың қандай құралдармен, сонымен қатар қандай тәсілдермен жеткізілгендігіне байланысты деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Тұлғаралық  қарым-қатынаста ақпарат алмасу вербалды, бейвербалды, паравербалды амалдар арқылы жүзеге асады. Бұдан шығаратын қорытынды, қарым-қатынасқа түсерде адресант бейвербалды амалдарды қолдануда ағаттық жібермеуі тиіс дегенге саяды. Яғни адресант бейвербалды амалдарды өз орнымен қолданғаны дұрыс. Ишара, ым, тон, дауыс тембрі арқылы өзара түсіністікке жол ашылып, тілдік қарым-қатынастың ойдағыдай болуына ықпал етеді.

Жер бетінде ым тілін қолданбайтын бірде бір адам жоқ. Колумбияда 2000 ым-ишараның мағынасын ашып түсіндіретін арнайы сөздік те құрастырылған. Көптеген ым-ишаралар бізге ежелгі дәуірден жеткен және оның өзіндік тарихы да бар. Келісу мен келіспеуді білдіретін жоғары көтерілген немесе төмен бағытталған бас бармақ ежелгі римдіктердің қарым-қатынасында қолданылып, өзіндік мағынаға ие болған. Жекпе-жектің аяқталғанында император гладиатордың жанын сақтап қалу не оның өмірін қию туралы ақпаратты осы ишараны қолдану арқылы білдірген.

Әлем халықтарының қарым-қатынасындағы бейвербалды амалдарды зерттеген ғалымдар оларды, яғни ым-ишараттарды әртүрлі қырынан қарастырған. Олардың барлығы да белгілі бір халықтың күнделікті қарым-қатынасында қолданылатын ым-ишараттардың беретін мағынасы, сол қимылды көрсетуде қандай дене мүшелерінің қатысатындығы туралы ғылыми еңбектер мен мақалалар жазған. Сонымен қатар, бейвербалды қарым-қатынастағы сан санауды көрсететін ым-ишараттар туралы да бірқатар еңбектер жазылған. Атап айтар болсақ, американ және басқа да халықтар коммуникациясындағы ым-ишараттарды зерттеген А. Пиз, орыс және неміс тілдеріндегі бейвербалды амалдарды қарастырған И.А. Стернин, жапондықтардың күнделікті тұрмысындағы паралингвистикалық амалдарды зерттеп, зерделеген П.С. Тумаркиннің және т.б. ғалымдардың еңбектерінен сан санауда қолданылатын ым-ишараттар туралы жазылған мәліметтерді кездестіруге болады. Алайда қазақ тіл білімінде осы мәселеге (сан санау мен оны көрсетуде қолданылатын ым-ишараттарға қатысты) арналған ғылыми тұрғыдағы еңбектер мен зерттеулердің қатары жоқтың қасы.

Қарым-қатынаста ым-ишаралардың халықаралық және баршаға түсінікті түрлері де баршылық. Мысалы, адам өзгенің өзіне назар аударуын немесе оның қойған сұрағына жауап беруін өтінуді білдіретін ым-ишара – қолын көтеру болып табылады. Алайда бұл көптеген ым-ишаралар барлық халықта бірдей түсінікті, бірдей мағынада қолданылады деген сөз емес. Бір халықтың қарым-қатынасында қолданылатын бейвербалды амалдар, басқа бір халықта түсініксіз болып келуі де мүмкін. Амандасу кезінде адамдар бір-бірімен қол алысып амандасады. Бұл – баршаға бірдей түсінікті ым-ишара.

А. Пиз бір халықтың коммуникациясында қолданылатын белгілі бір кинема санау ұғымын білдірсе, басқа бір халықта дөрекі қимылды немесе мүлдем басқа мағынада қолданылатын бейвербалды амалды аңғартатындығы туралы жазады [1]. Осы пікірге сүйене отырып, қандай да бір халықтың қарым-қатынасындағы сан санау мен санды көрсетуде қолданылатын бейвербалды амалдар екінші бір халықтың қарым-қатынасында вербалды амалдың орнын ауыстыра алатын немесе соған қосымша мағына үстеп, оны толықтырып тұратын ым-ишарат ретінде жұмсалуы мүмкін. Дегенмен мағына жағынан сәйкес келмеуі әбден ықтимал. Бұған мысал ретінде мынаны келтіре кетейік. Мысалы, неміс халқының қарым-қатынасындағы сан көрсетуде қолданылатын бас бармақты көрсету қимылы 1 деген санды бейнелесе, гректерде аузыңды жап деген мағынаны аңғартады. Осыған орай белгілі бір халықтың коммуникациясында қолданылатын бейвербалды амал, екінші бір халықтың қарым-қатынасында мүлдем басқа мағынаға ие болады, сонымен бірге мағынасы жағынан мүлдем сәйкеспейді деген қорытынды жасауға болады. Бірақ бізді әртүрлі халықтар қарым-қатынасында қолданылатын ым-ишараттардың ерекшеліктері мен ұқсастықтары емес, түрлі халықтардың сан санау мен санды көрсетуде қолданатын бейвербалды амалдары қызықтырып отыр.

ТМД елдерінің біраз бөлігінде қандай да бір затты санау барысында саусақтарын алақанға бүгіп санақ жүргізеді, ал немістер мұндай жағдайда, керісінше, саусақтарын жазып санайды.

Мысалы, – Енді сізді «ағай» дегенін қойды ма?

     Қойды, – дедім мен күліп.

     Бір, деп Майра сол қолының шынашағын бүкті. «Сіз» дегенін қойды ма?

     Қойды. Бірақ бірнеше рет репитиция жасауға тура келді. Ұмытып кетіп қайта-қайта «сіз» дей береді.

     Әйтеуір сізді «сен» деуге тілі келді ғой.

     Келді.

     Екі, деп Майра аты жоқ саусағын бүкті (Ә. Нұршайықов, Махаббат, қызық мол жылдар).

И.А. Стернин сан санауда немесе көрсетуде 1-ден 10-ға дейінгі санды оң және сол қол саусақтарының көмегімен көрсетуге болатындығы жайлы айта келе, адамдардың 10-нан басқа санды саусақтарын бүгіп-жазу арқылы көрсете алмайтындығын жазады [2, 29 б.]. Ал күнделікті өмір тәжірибесінен біз 10, 20, 30 т.б. оң және сол қол саусақтарының көмегімен саусақты ашып-жұмып неше түрлі санды көрсетуге болатынын көруімізге болады. Бірақ та 10-нан жоғары санды көрсету қимылы кемде-кем қолданылады.

Немістерде бас бармақ бір санын білдіреді, ал 2 санын бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы көрсетеді. Ал қалған сандарды көрсетуде неміс санақтарында қазақ, орыс, өзбек т.б. халықтарының сан санауды, көрсетуді білдіретін ым-ишараттарынан ерекшелігі жоқ десек те болады. Француздарда сұқ саусақ 2 деген санды білдіреді. Себебі 1 деген санды бас бармағын жоғары көтеру арқылы көрсетеді. Сол себепті де бас бармақтан кейін орналасқан сұқ саусақ 2 деген санның мағынасын білдіреді. Итальян халықтарында да дәл солай. Бас бармақты жоғары көтеру қимылынан біз неміс пен француз халықтарының қарым-қатынасында 1 санын көрсетуде ұқсас ым-ишаратты қолданатындығын көруімізге болады. Ал аталған екі халықтың қарым-қатынасында 2 санын бейнелеп көрсетуде ұқсастық жоқ.

Қытайда 5-ке дейінгі санды оң қолының саусақтарын жазып санау арқылы жүргізеді. Санауды сұқ саусақтан бастайды. Қазақ, орыс, өзбек халықтарының сан санау мен санды көрсетуіндегі ым-ишарасынан айырмашылығы аздау. Яғни соған ұқсас болып келеді, олардың қол қимылынан санды көрсетіп тұрғанын байқау қиын емес. Ал басқа сандарды көрсетуде қай санды немесе нені көрсетіп тұрғанын түсіну оңай емес, себебі басқа халықтардың санауына қарағанда ерекшелігі көп. Екі қолының сұқ саусақтарын (Х тәрізді) айқастырып көрсету 10 санын білдіреді, сонымен қатар жұдырығын түю кинемасы арқылы да 10 деген есептік сан есімді білдіре алады. Алты санын көрсету үшін оң қолдың үш саусағын бүгіп, бас бармақ пен шынашағын көлденеңінен жазған қалыпта ұстайды. Оң қолдың бас бармақ, сұқ және ортан саусақтарын біріктіріп, тігінен ұстап тұрып көрсету амалы қытай халқының қарым-қатынасында 7 санының ым түрінде көрсетілуі болып табылады. Оңтүстік Қытайда бас бармағын тік көтеріп, ал сұқ саусағын алдыға созып, қалған саусақтарын алақанға бүгіп алу кинемасы 7 санын аңғартады. Дәл осы кинема Солтүстік Қытай тұрғындарының бейвербалды қарым-қатынасында 8 санын білдіреді. Қытай халқының күнделікті қарым-қатынасында диалект ым-ишараттардың кездесетіндігіне сандық мағынаны білдіретін қимылдарға қарап отырып, көз жеткізе түсеміз.           9 санын көрсетуде қолды тік қалыпта ұстап, сұқ саусақты жартылай бүгіп, қалған саусақтарды алақанға жинап, бас бармақпен ортан саусақтың үстінен басып тұрады.

Аталмыш халықтың бейвербалды коммуникациясында 11 санын оң немесе сол қолдың сұқ саусағын тік қалыпта жоғары көтеріп (бұл ым-ишарат қай қолдың сұқ саусағын жоғары көтеріп көрсетуіне байланысты), екінші қолдың (бұл да оң немесе сол қол болуы мүмкін, яғни қай қолдың саусақтарын алақанға бүгуіне байланысты) саусақтарын алақанға бүгіп (қазақ халқының қарым-қатынасындағы жұдырық түю кинемасына ұқсас) тұрып көрсете алады. Ал 12 санын дәл осындай қимылдар жасау арқылы көрсете алады. Тек бір ғана айырмашылығы, 11 санын көрсетуде сұқ саусағын тік қалыпта ұстап көрсететін болса, 12 санын бейнелеуде сұқ және ортан саусақтарды жоғары қарай тік қалыпта ұстап   көрсетеді. Бұл қимылды да екі қол мен екі қол саусақтарының көмегі арқылы бере алады. Яғни оң қол саусақтарын түйіп, сол қолдың сұқ және ортан саусақтарынан басқасын бүгіп, аталған екі саусақты жоғары көтеріп көрсетеді.

Қытай халқының бейвербалды қарым-қатынасында санды бейнелеуде басқа халықтарға қарағанда айтарлықтай ерекшелік бар екенін байқаймыз.

Аталмыш қол қимылдары қытай халқының қарым-қатынасында санауда және санды көрсетуде де қолданыла береді.

Жапон қарым-қатынасында санауда нөл санын сұқ саусағы мен бас бармағын дөңгелек тәрізді етіп бейнелеп көрсете алады. Ал 1-ден 5-ке дейінгі сандарды алақанын адресатқа бағыттап, бір қолының саусақтарын бүгу арқылы көрсетеді. 6-дан 9-ға дейінгі сандарды екі қолымен, яғни бір қолының алақанына екінші қолының саусақтарын қою арқылы, яғни 5+1 дегенді ашылған алақанға екінші қолдың сұқ саусағын қояды, бұл – 6 дегенді білдіреді.

Американдықтар мен ағылшындықтар санауында сұқ саусақ 1 деген санды, ал ортан саусақ 2 дегенді аңғартса, бас бармақ 5 санын білдіреді. V деген белгі көп елдерде 2 деген санды бейнелейді.

Ауған, иран, түрік халықтарының бейвербалды қарым-қатынасында қазақ, орыс, сонымен қатар бұрынғы ТМД халықтарының қарым-қатынасында санауда қолданылатын ым-ишараларды пайдаланады екен. Олардың санауда қолданатын бейвербалды амалдары ТМД елдерінің коммуникациясындағы амалдармен ұқсас.

 Саусақтарын (оң немесе сол қол саусақтарын) жоғары көтеріп (тік қалыпта ұстап) көрсету – 2 санын бейнелеу болып табылады. Мысалы, Бір жолы ол бас бармағы мен сұқ саусағын дөңгелетіп көзіне апарды да, екі саусағын көрсетті. Онысы – «тостаған көз Майра бүгін екі рет келіп кетті» дегені болатын (Ә. Нұршайықов, Махаббат, қызық мол жылдар). Бұл мысалдан екі саусағын тік қалыпта ұстап көрсету қимылын көріп отырмыз. Бұл қимылды көрсетуде сұқ және ортан саусақтарды тік қалыпта ұстап, бас бармағымен төртінші саусақ пен шынашақты басып тұрады. Қазақ, орыс, өзбек, түрік, иран халықтарының қарым-қатынастарында санды, санауды көрсетуде аталмыш ым-ишара жиі қолданылады. Сонымен қатар бұл бейвербалды амал аталған халықтардың коммуникациясында 2 санын білдіреді.

 Ал 3 санын 2 санын көрсетудегіден сәл ғана айырмашылығы бар. Онда адресант 3 саусағын тік қалыпта ұстап, бас бармағымен шынашағын басып ұстап тұрады. 2 санын көрсетуде төртінші саусақ пен шынашақты басып тұрады. Яғни, 3 санын былайша көрсетеді: бас бармағы мен шынашағынан басқа саусақтарын тік қалыпта ұстап, ал бас бармағымен шынашағын басып, алақанға бүгіп ұстап тұрады. Мысалы, – Дәл, дәл. Кейде мына үшеудің өзі де боп кетеді, аһ! – деп бармағы мен шынашағын басып тұрып, қалған үш саусағын шошайтады. Міне, көп ақша қайда жатыр?! (Ә. Нұршайықов, Махаббат, қызық мол жылдар).

Каталондықтардың күнделікті қарым-қатынасында санау барысында саусақтарын алақанға бүгіп емес, жазып санайды. Бір санын сұқ саусақ арқылы білдіре алады. Яғни 10-ға дейінгі санды көрсетуде қазақ, сонымен қатар ТМД халықтарының қарым-қатынасында санау мен санды көрсету мағынасында қолданылатын қол қимылдарынан айырмашылығы жоқ. Ал 10-нан жоғары санды бейнелеуде екі қолдың бес саусағын адресатқа бағыттап жазып, содан кейін оң қолын төмен түсіріп, сол қолын санды көрсеткен қалпында қалдырып 1, 2, 3 немесе 4 деген санды саусағын жазу арқылы көрсетеді. Мысалы, 11 деген санды көрсету үшін оң және сол қол саусақтарын жазып, 1 рет ашып-жұмып, сосын сол қолының сұқ саусағын тік қалыпта (бір санын бейнелегендей) жоғары ұстап көрсетеді. Ал 11-ден кейінгі сандарды 1-ден 10-ға дейінгі сандарды көрсеткен тәрізді жеткізе алады.

Бұл қол қимылдары арқылы каталондықтар 20-ға дейінгі сандарды көрсете алады. Яғни 20 санын алақанды адресатқа қарай бағыттап, екі қол саусақтарын ашып-жұму арқылы бейнелейді. Одан жоғары сандарды саусақты ашып-жұму арқылы көрсету қолданылмайды екен.

ТМД халықтарының қарым-қатынасында бір нәрсені санауда қол саусақтарын алақанға бүгіп санайтын болса, санды (заттың немесе уақыттың неше екендігін) көрсетуде саусақтарын тік қалыпта ұстап, жоғары көтеріп көрсетеді.

Күнделікті қарым-қатынаста әр халықтың қолданысында кездесетін бейвербалды амалдардың бір-бірінен айырмашылығы болуымен бірге ұқсас, яғни мағыналас келетін ым-ишаралар да кездесіп жатады. Мұндай ұқсастықтар мен ерекшеліктерді қол қимылы арқылы беріліп, сан санау мен санды көрсетуде қолданылатын ым-ишаралардан да көруге болады. Осы пікірге дәлел ретінде жоғарыда саралап өткен тұжырымдар мен мысалдарды келтіруге болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Пиз А. Язык телодвижении (как читать мысли других по их жестам).                 – Новгород, 1992. – 262 с.

2.   Стернин И.А. Русская невербальная коммуникация (на фоне немецкой) // Русское и немецкое коммуникативное поведение. – Воронеж: Истоки, 2002.                 – Вып.1. – С. 181-190.

3.   Тумаркин П.С. Жесты и мимика в общении японцев / Лингвострановедческий словарь-справочник. – М.: Русский язык, 2001. – 592 с.