Талдыбаева Маржан Дарханқызы
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік  университетінің РҺd докторанты

Қазақстан. Түркістан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ ДЫБЫСТАРЫНЫҢ
АЙЫРЫМ (ДИФФЕРЕНЦИАЛ) ЖӘНЕ ОРТАҚ БЕЛГІЛЕРІНІҢ
АРТИКУЛЯЦИЯЛЫҚ МОДЕЛІ

 

Артикуляционная модель дифференциальных и общих признаков звуков казахского языка

РЕЗЮМЕ

         В статье изложены некоторые результаты по артикуляционной модели дифференциальных и общих признаков звуков казахского языка.

 

                                                        SUMMARY

         The article is dealing with the problem of model of differential sign in kazakh language sound sistem.

                                                          Аннотация

         Мақалада тілі білімінің фонетика саласындағы басты мәселелердің бірі – айырым белгілер теориясы сөз болады. Тіл дыбыстарының айырым белгілері фонологиялық бірліктер болғандықтан, оның құрамы әр тілдің өзіне лайық жасалады. Сондықтан да қазақ тілі дыбыстарының айырым белгілері қазақ тілінің іргелі фонетикалық заңдылығы – сингармонизмге сай анықталады.  Мақалада дауысты және дауыссыз дыбыстардың айырым және ортақ белгілерінің артикуляциялық модельдері қарастырылған.

 

Кілт сөздер: фонетика, сингармонизм, артикуляциялық белгі, айырым белгі, айырым белгілер теориясы.

 

         В статье рассматривается одна из основных проблем фонетики – теория  дифференциальных признаков звуков казахского языка. Так как дифференциальные признаки звуков являются фонологическими единицами,  у каждого языка их состав складывается по разному. Поэтому сингармонизм является фундаментальным исходом теории дифференциальных признаков казахского языка. В статье рассматриваются артикуляционные модели дифференциальных и общих признаков гласных и согласных звуков казахского языка.

  Ключевые слова: фонетика, сингармонизм, артикуляционный признак, дифференциальный признак, теория дифференциальных признаков.

 

Фонетиканың зерттеу салалары артикуляция, акустика және перцепция болып табылады. Басқаша айтқанда дыбыс жасалады, айтылады және естіледі. Ендеше кез келген фонетикалық құбылыстың негізінде артикуляция жатады. Сондықтан дыбыстардың негізгі белгілері тек артикуляция арқылы ғана анықталады.

Тіл білімінің фонетика саласындағы басты мәселелердің бірі – айырым белгілер теориясы. Тілдің дыбыс құрамын анықтап, оның дыбыс жүйесін сипаттап шығу тек айырым белгілер теориясы арқылы ғана орындалатынын ескерсек, онда айырым белгілер теориясының қазақ тілі үшін де маңызы зор болмақ. Өйткені қазақ фонетикасына арналған оқулықтар мен оқу құралдарында, монографиялар мен ғылыми еңбектерде қазақ тілі дыбыстарының артикуляциялық сипаттамасы ішінара берілгенімен, жүйе ретінде қарастырылмаған [1;2]. Соның нәтижесінде дыбыстардың жасалым және естілім белгілері толық анықталмай қалып жатады. Ендеше қазақ тіл білімінде айырым белгілер теориясын қалыптастырып, соның негізінде қазақ тілі дыбыстарының айырым белгілер құрамын анықтап шығу өзекті зерттеулердің бірі болып табылады.

Тіл дыбыстарының айырым белгілері фонологиялық бірліктер болғандықтан, оның құрамы әр тілдің өзіне лайық болады. Сондықтан да қазақ тілі дыбыстарының айырым белгілері қазақ тілінің өзіне тән іргелі заңдылықтарына сай анықталатын болады. Қазақ тілінің іргелі фонетикалық заңдылығы сингармонизм болып табылады.

Қазақ тілі дыбыстарының белгілері айырым және ортақ болып жіктелуден басталады [3]. Егер артикуляциялық белгі бір дыбысқа тән, ал екінші дыбысқа тән болмай шықса, онда оны айырым белгі деп атаймыз. Ал артикуляциялық белгі бір не бірнеше дыбысқа тән болса, онда оны ортақ белгі деп атаймыз.

Артикуляциялық белгі дыбыстардың жұптасуына қарай ортақ болуы да, айырым болуы да мүмкін.

Дауысты дыбыстардың артикуляциялық белгілері. Мысалы, тілдің тік қалпынан туындайтын ашық белгісі а және ә  дауысты дыбыстарының жұбына ортақ белгі болып келеді, өйткені артикуляциялық тұрғыдан екеуіне де бірдей тән. Екі дауыстыны айтқанда да тіл ауыз қуысында төмен жатады. Сонда тілдің тік қалпына қарай ашық дауыстылар болып табылады.

Ал а және ы  дауысты дыбыстарының жұбын алатын болсақ, онда ашық белгісі айырым белгі болып табылады. Өйткені ол а дауысты дыбысына тән,  ы  дауысты дыбысына тән емес (1 сурет). Соңғы дауыстыны айтқанда тіл ауыз қуысында жоғары жатады. Ендеше тілдің ауыз қуысындағы тік қалпына қарай қысаң  дауысты дыбыс болып табылады. Сонда ы  дауысты дыбысына қатысты ашық белгі айырым болса,  а дауысты дыбысына қатысты қысаң белгі айырым  болады. 

                                                                    

 

           1- сурет. Дауыстылардың ашық/қысаң айырым белгілері

 

Тілдің көлденең қалпына байланысты дауысты дыбыстардың артикуляциялық белгілері. Мысалы, тілдің көлденең қалпынан туындайтын тіл арты  белгісі а және ы  дауысты дыбыстарының жұбына ортақ белгі болып келеді, өйткені артикуляциялық тұрғыдан екеуіне де бірдей тән. Екі дауыстыны айтқанда да тіл ауыз қуысында кейін шегініп жатады. Сонда тілдің тік қалпына қарай тіл арты дауыстылар балып табылады.

Ал а және і  дауысты дыбыстарының жұбын алатын болсақ, онда тіл арты  белгісі айырым белгі болып табылады. Өйткені ол а дауысты дыбысына тән,  і  дауысты дыбысына тән емес (2 сурет). Соңғы дауыстыны айтқанда тіл ауыз қуысында ілгері жатады. Ендеше тілдің ауыз қуысындағы көлденең қалпына қарай тіл алды  дауысты дыбыс болып табылады. Сонда і  дауысты дыбысына қатысты тіл арты белгі айырым болса,  а дауысты дыбысына қатысты тіл алды  белгі айырым  болады.

 

 

       2 - сурет. Дауыстылардың тіл арты/тіл алды айырым белгілері

Ерін қатысына байланысты дауысты дыбыстардың артикуляциялық белгілері. Мысалы, ерін қалпынан туындайтын езулік белгісі ы және і  дауысты дыбыстарының жұбына ортақ белгі болып келеді, өйткені артикуляциялық тұрғыдан екеуіне де бірдей тән. Екі дауыстыны айтқанда да ерін бейтарап қалады. Сонда тілдің ерін қалпына қарай езулік дауыстылар балып табылады.

Ал ұ және ы  дауысты дыбыстарының жұбын алатын болсақ, онда езулік белгісі айырым белгі болып табылады. Өйткені ол ы дауысты дыбысына тән,  ұ  дауысты дыбысына тән емес (3 сурет). Соңғы дауыстыны айтқанда ерін дөңгеленіп тұрады. Ендеше ерін қалпына қарай еріндік  дауысты дыбыс болып табылады. Сонда ы  дауысты дыбысына қатысты еріндік белгі айырым болса,  ұ  дауысты дыбысына қатысты езулік белгі айырым  болады.

 

 

       3 -  сурет. Дауыстылардың езулік/еріндік айырым белгілері

 

Дауыссыз дыбыстардың артикуляциялық белгілері. Мысалы, жасалу орнына қатысты тіл ұшы белгісі т және д дауыссыз дыбыстарының жұбына тән ортақ  белгі болып табылады, өйткені артикуляциялық тұрғыдан екеуіне де бірдей тән. Ал т және п  дауыссыз дыбыстарының жұбын алатын болсақ, онда айырым белгі болып табылады. Өйткені ол т дауыссыз дыбысына тән,  п  дауыссыз дыбысына тән емес. Сонда тіл ұшы  белгісі п  дауыссыз дыбысына қатысты айырым  болса, еріндік  белгісі т  дауыссыз дыбысына қатысты айырым  болады (4 сурет).

Жасалу тәсіліне қатысты айырым-ортақ белгілер. Мысалы, т және д дауыссыздарына қатысты ортақ белгі тоғысыңқы белгісі болады. Өйткені екеуі де сөйлеу мүшелерінің (тіл ұшы мен тістің) өзара тоғысуы арқылы жасалады. Ал енді т мен с дауыссыздарын алсақ, онда тоғысыңқы белгісі с дауыссызына қатысты айырым белгі болады, ал жуысыңқы белгісі т дауыссызына қатысты айырым белгі болады (5 сурет).

Дауыс қатысына байланысты айырым-ортақ белгілер. Мысалы, т және ш дауыссыздарына қатысты қатаң белгісі ортақ белгі болып табылады. Өйткені екеуінің де жасалуына дауыс желбезегі қатыспайды. Ал т және н дауыссыздарын алатын болсақ, онда т дауыссызына қатысты үнді белгісі айырым белгі болады, н дауыссызына қатысты қатаң белгісі айырым белгі болады. Өйткені т дауыссызын айтқанда дауыс желбезегі қатыспайды, ал н дауыссызын айтқанда дауыс желбезегі мол тербеледі (6 сурет).

 

 

            4 -  сурет. Дауыссыздардың тіл ұшы/еріндік айырым белгілері

 

 

 

5 -  сурет. Дауыссыздардың тоғысыңқы/жуысыңқы айырым белгілері

 

 

 

              6 - сурет. Дауыссыздардың қатаң/үнді айырым белгілері

 

Осы ретпен қазақ тілі дыбыстарының айырым белгілерінің құрамын анықтап шығуға болады.

Артикуляциялық айырым белгілердің негізінде фонетикалық негіз жатады. Сондықтан оларды шартты түрде фонетикалық айырым белгілер деп атаймыз. «Шартты» деп отырған себебіміз айырым белгілердің бәрі фонологиялық құбылыстан туындайды.

 Қазақ тілінің айырым белгілерінің құрамы сингармонизмге тікелей байланысты болғандықтан, әрбір артикуляциялық белгі үндесім әуезіне байланысты іштей тағы да жіктеліп отырады. Сондықтан да сингармонизмге байланысты айырым белгілердің құрамы қазақ тілі үшін өз алдына айқындалады. Сингармонизмге қатысты айырым белгілерді шартты түрде фонологиялық айырым белгілер деп атаймыз. Бұл жерде де «шартты» деп отырған себебіміз сингармонизмге қатысты артикуляциялық белгілер онсызда фонологиялық болып табылады.

Сингармонизмге қатысты айырым белгілер түркі тілдеріне ғана тән болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

       1. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. – Алматы: Сөздік-Словарь,    

       2002. – 198 б.

       2.  Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. - Алматы: Ғылым, 1975.

       3. Қазақ грамматикасы. – Астана: Елорда, 2002. – 783 б.