А.М. Шөрентаев,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университетінің магистранты
Демократиялық қоғам және сөз бостандығы
Журналистика ешқашан
қоғамнан бөлініп қалған емес.
Қоғамның өзі демократияланған болса, журналистика
да сол биіктен көрінеді әрі оның белгілі бір дәрежеде
қозғаушы күші бола алады. Саясат секілді журналистика да қоғамдық
өмірге белсене араласады. Тіпті сол саясаттың өзі
баспасөз арқылы тарайды, ел-жұртқа мәлім етіледі.
Онсыз саясат соншалықты ауқымда халыққа түсінікті
болуы екіталай. Саясаттың өрісі бұқаралық
ақпарат құралдарына да тәуелді. Әйтпесе
саясаттағы ой-тұжырымдар толық күйінде
қалың бұқараның зердесіне жетуде
дәрменсіздікке тап болуы мүмкін.
Демократиялылық - журналистиканың негізгі
шарттарының бірі. Онсыз БАҚ-тың да өмірі
ұзақ болмасы белгілі. Әрине, БАҚ-тың бәрі бірдей емес, оның да жекелеген тармақтарында
өзінің шынайы жолынан алшақ кететіндері аз емес.
Демократия жер жүзіндегі барша жұрттың прогресшіл арман-тілегі ғана емес, бірден-бір таңдауы да болып отыр. Тек бұған кейбір кертартпа қоғам болмаса ғана, жалпы алғанда ұлттар мен халықтар оң ниет танытып келеді. Бұл орайда Ұлыбританияның премьер-министрі болған әйгілі Уинстон Черчилльдің мына сөзін де еске алсақ артық болмас: «Мен демократияны ұнатпаймын, алайда адамзат өз тарихында осы уақытқа дейін қоғамдық құрылыста демократиядан артық дұрыс жолды ойлап тапқан жоқ, сондықтан бәрімізге де осы жолмен жүруге тура келеді», - деген екен.
Авраам Линкольн: «Демократия дегеніміз халықтың мүддесінен туындап, халықтың араласуымен жүзеге асатын басқару. Яғни мемлекеттік басқаруға халыктың қатысуы. Халық сайлаулар арқылы өкімет билігіне араласып, мемлекеттік органдар арқылы билікке ат салысады. (Депутат сайлау, референдумға қатысу т.б.). Міне, осындай жолдармен халықтық демократия пайда болады, халықтық басқару жүзеге асады. Халық өздері сайлаған депутаттар арқылы Парламенттің өкілеттігін пайдаланады. Сол арқылы ұсыныс-пікірлерін өткізеді, мәселелер шешуге ықпал етеді. Өз кезегінде депутаттар халық, яғни сайлаушылар алдында есеп береді [1].
Осындай жағдайлар секілді, журналистика да демократиялық бағытта дамыса нұр үстіне нұр! Қазіргі заманда журналистиканы демократиядан бөліп қарау мүмкін емес. Себебі журналистика көтерер жүк аз емес. Қоғамды да, билікті де журналистика үнемі замана ауқымында айнадағыдай көрсетіп отырады. Мұның өзі бұқаралық ақпарат құралдарының күнделікті жұмысы, іс-әрекеті.
Бүкіл адамзат мыңдаған жылдардан бері арман етіп, ұмтылып келе жатқан «демократия» мен «сөз бостандығы» деген ұғымдар бейпілдік, тәртіпсіздік, бейбастақтық емес. Бұл айтылғандар керісінше адам бостандығы мен жеке басына қиянат туғызар еді. Қоғам, демократия мен сөз бостандығы үшін күресетіндер қай кезде де осыны естен шығармағандары дұрыс.
Қоғамдағы қайшылықтар мен тұрмыс қиындықтары қаншама үдеп тұрса да оларды, әсіресе, экономика талаптарын бір күнде, тіпті, қысқа мерзімде шешу мүмкін болмағаны ақиқат. Сондықтан қандай да өзара түсіністіктен, сөз бостандығы арқылы сөзді қадірлеп, орынды, қоғам мүддесінде айтылған сөзді тыңдай білуден бастау қажеттілігі туындады. Айқай-ұйқайға толы бірін-бірі тыңдамайтын шулы митингілерден салиқалы әңгімеге көшу, сөз қадіріне жүгінуді мақсат ету - сөз бостандығының мәртебесін көтеретіндігі қоғамдық пікірге үйлесілді. Мағынасы мен маңызы шамалы, сөз қадірі мен қасиетін түсіретін ызыңдаған сөз жарыстырулардан гөрі, сөз тыңдап, сөз парасатына зейін қойып, құлақ асылғанда қоғамның көңіл күйін, денін оңалту шаралары икемге келе бастады. Қайшылықтан гөрі, келісімдік сұранысына бет бұрғанда ізгілікті жобалар жасақталып, қоғамды, мемлекет ісін белгілі, мақсатты жүйеге түсіру мүмкіндігі туды. Еркіндік алған, тәуелсіз ел болған алғашқы жылдарда қоғамдық сана, дүниетаным күн сайын өсіп отырды десем, артық болмас, оған қысқа мерзімдер аралығындағы оң өзгерістер куә. Жаңа қоғам, жаңа дәуір талаптарына сай алғашқы заңдарымыз қабылданып, өркениет өріне бет алдық. Тәуелсіз мемлекет жағдайында бүкіл саяси-қоғамдық өмірімізге реформа жүргізу құқықтық кеңістік құрып, қоғамды демократияландырып, Конституцияда көрсетілгендей ізгілікті, зайырлы мемлекет құрумызға жол бастады. Қоғам қысқа мерзімде түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Мемлекеттік институттар қоғаммен бірлесе отырып, жаңа заңдардың қабылданып, қоғамдағы оң үрдістерді дер кезінде қолдап, мемлекет игілігіне жұмылдыруға күш салды.
Осындай сындарлы кезеңде
қоғамдық ұйымдар, партиялар, дін,
бұқаралық ақпарат құралдары туралы
заңдардың қабылдануы қоғам сұранысына жауап
беріп, қоғамдық келісімнің үйлесіп,
тұрақтануына мол ықпалын тигізе алды.
Қоғамның қайшылығы мен шарасыздығы үдеп тұрған тұста - 1991 жылдың маусым айында қабылданған Баспасөз және басқа бұқаралық хабарлама құралдары туралы заңның атқарған қызметі ерекше бөліп ату керек. Тұңғыш рет әлі Кеңес Одағы құламай тұрған шақта, сөз еркіндігіне екпін берілді. Еліміз цензураның жойылып, сөз бостандығының рухани жетістік ретінде өмірімізге қалыптасып, тәуелсіз басылымдардың дүниеге келіп, сөз мәдениетінің, рухани санамыздың өсіп-өркендеуіне сол жолғы қабылданған заңның атқарған рөлі ерекше. Ол заң жарыққа шыққанда қоғамда, журналистер, жалпы - ойлау, жазу, сөйлеу мәдениетімен, процестерімен байланысты адамдардың ешқандай наразылығын туғызған жоқ. Керісінше, әртүрлі қайшылықтардың басылуына септігін тигізді. Заң жарыққа шыққаннан кейін бір жылдың көлемінде 200-ден астам мемлекеттік емес, тәуелсіз басылымдардың дүниеге келіп, қоғамдық өміріміздің құрамды бөлігіне айналды. Ғажабы - сол мемлекеттік емес, бейресми тәуелсіз басылымдар қысқа мерзімде бұрынғы жүйені сынап, қажай беруден болашақта ұлтымыз кім болады, мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайту жолдары қандай деген бағытта салиқалы әңгімеге бет бұрды. Митингі кезеңінің көпіршіген көбігінен арылып, мемлекетіміздің болашағы туралы маңызды әңгімеге көшті [2].
Міне, сол алғашқы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның қабылданғанына биыл 28 маусымда жиырма екі жыл толады. Осыған байланысты кезінде Елбасы жарлығымен дәл осы күн Қазақстан БАҚ қызметкерлері, яғни журналистер, баспагерлер, электрондық құралдар қызметкерлерінің күні деп аталуы да Тәуелсіз Қазақстанның жарқын дәстүрлерінің біріне айналды. Осы заң жұмысқа қосылғалы бері біздің елімізде жаңа ақпараттық кеңістік қалыптасты. Сөз әлеміне жаңа буын, жаңа ұрпақ келді. Бұқаралық ақпарат құралдары бұрын-соңды болмаған өркендеу, өсу дәуіріне келді. Әсіресе, мемлекет құрылтайшылығындағы газет, журналдар, телеарналар қазіргі озық технологиямен жабдықталған орасан қуатты жабдықтармен жасақталды. Олардың әлеуметтік тірлік-тіршіліктерінің деңгейі жақсартылды. БАҚ-тың қоғамдағы маңызы күшейіп, ықпалы артты. Кейінгі жылдары алғашқы заңға заман талабына сай өзгерістер енгізіліп, сол бұрынғы заңның негізінде жаңа заң да іске қосылып, жақсы дәстүрлерді жалғастырумен келеді. Заң, сондай-ақ сөз бостандығын қамтамасыз етіп, елімізде демократияландыру үдерістеріне де өлшеусіз үлес қосумен келеді.
Сөз бостандығы - демократиялық қоғамның басты принципі, негізгі көрсеткіші. Ол бір рет қол жеткізіп, «біз жеттік» деп айтатын көрсеткіш емес. Ол қоғамдық өміріміздің салты, санасы, өркениетті өркендеудің айшықты сипаты, мазмұны. Сөз бостандығы ешкімге немесе БАҚ иелеріне, өкілдеріне ешқандай артықшылық, үстемдік, өзімшілдік бермейді. Керісінше, Заң аясындағы барлық азаматтарға тең құқық беруі тиіс. Сөзге ешкімнің монополиялық билігі жүрмеуі керек. Міне, бұл талаптың бәрі де азаматтық құқықтықты, кәсіби адамдықты, сөз қолданудағы әділдікті бүкіл қоғамнан, ең алдымен жазатын, сөйлейтін, соның ішінде БАҚ қызметкерлерінен талап етеді.
Баспасөз үшін аса қажетті болып табылатын 20-бапты сөз етпей болмайды. Неге десеңіз, мұнда бұрынғы заңдарда жазыла бермеген жәйттер бар:
«1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.
2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.
3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үйретуге жол берілмейді» [3].
Иә, осынау бапта келтірілген мәселелердің қай-қайсысы болса да өзекті екені тайға таңба басқандай болып шыққан. Шығармашылық еркіндігі баспасөз, тіпті басқа бұқаралық ақпарат құралдарына ауадай қажет екені екібастан белгілі. Әсіресе қазіргідей демократия заманында. Сондай-ақ «Цензураға тыйым салынады» деген сөздер де журналистердің көкейінде жүрген түйін. Бұған қоса цензура мен демократия бір қазанда басы піспейтін ахуал. Осылайша мәселенің мәнін ашып беру керек-ақ еді, сол миссия орындалған секілді. Айта кету керек, кеңестік кезде де «цензура жоқ» делінгенмен, ол орындалмай қалған арман еді. Айтылуын айтылғанмен, іс жүзінде бәрі де керісінше болғанын журналистер қауымы жақсы біледі. Енді ғана баспасөз қызметкерлерінің жолы ашылып отыр.
Қазір әлемде мазасыздық та барын қай ел болса да көріп-біліп отыр. Бұл жайында Президент Н.Назарбаев Алматыда өткен үшінші Еуразиялық медиа-форумда былай деген еді:
«Бірақ аймақтағы қауіп-қатер жағдайында ымырашылдықтың киын екенін де көре білу керек. Біз түгілі, көп ғасырлық демократиялық дәстүрлері бар мемлекеттер де халықтардың қауіпсіздігін сақтау үшін миграциялық бақылаудан қосымша әлеуетті құрылымдар жасауға дейін, оқу орындарында діни киімдер киюден банк жүйесіндегі қатаң бақылауға дейін, қару күшін қолданудан ақпараттық цензураға дейінгі шектеулер қоюға мәжбүр болып отыр. Осының бәрі, өкінішке қарай, өмір шындығы, ал бұлар ымырашылдық соқпағынан алыс жатыр» [4].
Елбасының
осы сөзі Конституцияның аталмыш бабындағы «соғысты
насихаттауға жол берілмейтінімен» үндесіп жатыр. Сайып келгенде,
мұның өзі журналистердің және
баспасөздің бұлжымас міндеті екенін айғақтайды.
Тәуелсіз елдің осы заманғы
үрдістерге сай болуы кезек күттірмейтін проблема. Әлемдік
тәжірибеге сүйенсек, өркениетті атанып отырған елдер осы
демократияны негізгі бағыт-бағдарына алған. Демек, бізге де
демократияны басты құндылық ретінде әрі оны шынайы
өмірде орнықтыруға күш салуымыз - жаңаша
дамудың кепілі екеніне сөз жоқ. Бұл солай болып
отырғанын көріп те жүрміз.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Д.Аврамов Профессиональная этика журналиста. - М.,
1991 ж., 47 б.
2. Н.Омашев және т.б. Қазақ журналистикасы, 3 томдық. - Алматы, 2008 ж., 1-том, 350 б.
3. Е.Прохоров
Журналистика. Государство. Общество. - М., 1996 ж.
4. Н.Назарбаев
Ғасырлар тоғысында. - Алматы, 1996 ж., 23 б.