Филологические науки/Родной язык и литература
Т.ғ.к., доцент Колумбаева З.Е.
магистрант
Ибраева Г.Б.
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан
С.Сейфуллин және
қазақ әдебиеті
Қазақ ауыз
әдебиетінің тарихын оқулық ретінде қарастырып,
оны қолға алған С.Сейфуллин, 1931 жылы «Қазақтың
ескі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматиясын
құрастырып, 1932 жылы «Қазақ әдебиеті. Билер
дәуірінің әдебиеті» деп аталатын қазақ ауыз әдебиетінің
тарихын баяндауға арналған ғылыми зерттеу еңбегі шықты.
«Күншығыс
университетінде оқушы қазақ, қырғыз
жастарының арасында» атты мақаласында «Қазақстанның
жалпы халімен таныстырып өту үшін 1924 жылы 5- ақпанда жолдас
Сейфуллин Сәкен Күншығыс ортақшыл университетінде оқушы
қазақ, қырғыз жастарының арасына келіп баяндама
істеді. Әр ұлт мәдениетсіз алға баспақ емес,
өз тілі, әдебиет болмаса кері кетпек» 1925-37 жылдары С.Сейфуллин
республикалық жоғары оқу орындарында жұмыс істей
жүріп, жоғары дәрежедегі мұғалімдер мен
журналистер дайындауға зор үлес қосқан. С.Сейфуллиннің
құрастыруымен және редакциясымен шыққан
оқулықтар мен ғылыми еңбектер:
- «Қазақтың
ескі әдебиет нұсқалары» 1- ші жинақ. С.Сейфуллин.
Алматы. 1931 жыл.
- «Қазақ әдебиеті» 1-ші кітап. Билер
дәуірінің әдебиеті. Қазақстан баспасы.
Алматы,1932 ж.
- Көркем әдебиет.
С.Сейфуллин, Ө.Тұрманжанов. Алматы, 1933 ж.
Сәкен
Сейфуллиннің 30 жылдардың басында шығармашылық
бағыты қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге
арналған. С.Сейфуллин шығармаларының да бастау алар арнасы - қазақ
халқының бай ауыз әдебиеті. С.Сейфуллин шығармашылығы
ауыз әдебиеті үлгілері мен жекелеген ақындардың
мұраларын жазып алып, жариялауынан бастау алды.
Сәкен жас
кезінен-ақ ел аралап, аңыз-әңгімелерді,
ертегілерді көптеп жазып алып, ауыз әдебиетінің
үлгілерін, небір қиссаларды хас шеберлерге айтқызып,
аса қажеттілерін, құндыларын қағаз бетіне түсіріп отырған. Оның жастайынан
халық шығармашылығына құмарлығы артып, ауыз
әдебиеті үлгілерін анасынан естіп отырған. Бұл
жөнінде Мәжит Сейфуллин өз естеліктерінде былай жазады: «Ақындық
маған анамнан келген қасиет, - деп отыратын ол. Шынында, ауыз
әдебиетінің ел ішіндегі небір тамаша нұсқаларын-ертегілерді,
жырларды, шежіре, шешендік сөздерді Сәкен бала жасынан бастап
өз анасының аузынан естіді» [1,35]. Сәкен
мәдениетіміз бен ғылымымызды өркендету
жолында қол қусырып отыра алмады. Мүмкіндік бола
қалған кезде әдебиет пен өнердің қыр-сырын
ашып, ел аралаған кездерінде әдебиеттің үлгілерін
жинауға тырысты. Т.Кәкішев еңбегіндегі мына деректер
соның дәлелі: «Зәрулік келген кезде елден
қолжазба, текст келеді деп күтіп отырмай, университеттегі
кабинеттің мәнді бір жұмысын орындау және
қызылкөздерден тасалана тұру үшін Cәкен алты
айға Сарыарқаға фольклорлық экспедицияға
шықты. Мына Қарқаралыдан келген хаты сол тұста
жазылған. Оны Гүлбаһрам тәтей растап, сол алты ай жинап
келген «батырлар жыры кейін амалдың жоқтығынан Сәбит
Мұқановтың құрастыруымен деп жариялаған»
дегенді дәптеріме жазып қойыппын. Ал екінші көшірмеде «хисса,
өлең жинауға экспедицияға шыққан 6 ай» деп
қысқа қайырыппын. Тегінде жоғарыдағыдай
түсіндірмені есімде сақтармын деп ойлаған болуым керек» [2,84-85].
Сондай-ақ, Сәкен Қарқаралыға Қоянды
жәрмеңкесіне барған кезінде де осы мақсатты
көздеген. Қоянды жәрмеңкесінде ел-жұрт тек сатып
алу ниетімен ғана емес, сауық-сайран салып, ойын-той көру
үшін, өнер, білім жинау үшін келетін. Оған мықты
дәлел – Қалыбек Қуанышбаев, Иса Байзақов, Әміре
Қашаубаев, Қали Байжанов, Қайып Айнабеков, Доскей
Әлімбаев, Шашубай, Иманжүсіп, Ғазиз,
Қажымұқан, Жарылғапберділердің басы осы
жәрмеңкеде қосылып, қазақ сахарасын
өлең-жырға, ойын-сауыққа кенелткен кездерін еске
алсақ, Сәкен біртіндеп болса да іргесі жиыла бастаған
дәстүрдің жалғасын іздеп барғаны даусыз. Жан-жақты
жиналған жәрмеңкешілердің ішінен талай шешендер, ел
жырын көкейіне құйып алғандар табылатынына Сәкен
имандай сенген.
20 жылдардың аяғы мен
30 жылдардың басында жоғары оқу орны былай тұрсын, мектеп
оқушыларының қолына ұстайтын кітабы өте аз
екендігін көрген Сәкен қызметке орналаса сала, 1929 жылы «Еңбекші
қазақ» газеті арқылы қазақтың зиялы
қауымына әдебиет туралы «Ашық хат» жазады. Ол хатында: «Халық
тарихын, әдебиет тарихын тәртіппен жазып шығаруға
әдебиет тарихының дерегі керек. Қазақ елінің
әр түпкіріндегі әлеуметшілік сезімі бар азаматтардан
жоғарыдағы айтылмыш қазақтың ескі тарихи
мағлұматтарын: шежіре, билер сөзі, батырлар
әңгімелері, жырлары, тақпақтар, ертектер,
қиссалар, әдет-ғұрып жырлары (бет ашар, ау-жар,
жоқтау айтыс) үгіт-насихат, болжау, тағы да осы тәрізді
сөздерді жазып, жинап, университетке жіберулерін өтініш
қыламыз. Әркім әр жерде бөлек-бөлек жинап
жүргеннен гөрі жалпының ортасындағы ұлы
қазан тәрізді Университетке жіберулерін өтініш қыламыз.
Кейбір маңызды мағлұматтарға ақша төленеді. Өте-мөте керек болып отырған мағлұматтар: Асан Қайғы сөздері, Бұхар жырау, Шортанбай, Ақмола ақын, Мәшһүр Жүсіптің сөздері, әсіресе «Хал-ахуалы», Ақан серінің сөздері, өлең-күйлері, Жаяу Мұса өлеңдері, Маңмаңгердің Ыбырайының, Балуан Шолақ, Мәди, Омар Қарашев өлеңдері, әсіресе «Терме» деген өлеңі. Бұлармен қатар ел аузында жатқа айтылып жүрген түрліше өлең-жыр, әңгімелер. Қазақтың әндерінің, күйлерінің тарихтары, мәселен, Бозайғыр, Бозынген, Балбырауын, Ақжелең, Сарыжайлау, Қосбасар, Терісқақпай, Қорқыт күйі, Ықылас, Балабақсы, Дайрабай, той күйлері т.б. Осылардың бәрі қазақтың тарихына, мәдениет, әдебиет тарихына керек мағлұматтар»,- деп жазып, материалдарды өз үйіне жіберуді өтінді [2,84].
Ақынның «Ашық хат» арқылы көпшіліктің
көмегіне сүйенуі халық мұрасын жинаудағы
қызметін, еселі еңбегін танытса, енді бір сала еңбегі сол
мұраларды бастырып, жариялап, насихаттауымен де тағылымды тың ауыз
әдебиетінің озық үлгілерінің халықтық
сипатын ашу болды. «Сәкеннің ауыз әдебиеті
үлгілерін жинау жөніндегі
ізденістері өнімді болды. 1933 жылы «Батырлар жырлары 1-бөлім»
жинақтарын шығарды.
Оның ең ұлы
нәтижесі – «Қазақ әдебиеті» оқулық-хрестоматиясы.
С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» оқулығын
Т.Кәкішұлы 1964 жылы латыннан аударып,
құрастырған. Алғы сөзін С.Мұқанов
жазған. Мазмұны төмендегідей: Қазақ тарихынан
қысқаша мағлұмат. - Қазақ атанған
рулардың ескіліктегі тұрмыс күйі, санасы, тіл өнері
туралы қысқаша шолу. -Басынан кешірген дәуірлері. -Жүрген
жерлері. -Шаруашылығы, тұрмысы. -Батыры. -Биі. - Діні. -Үстем
табы. -Әдебиеті. -Әдебиет негізі. -Ауыз әдебиеті және
оның дәуірлері. Билер дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары.
I-Бөлім. -Ертектер. -Түйе,
арыстан, қасқыр, түлкі, бөдене. Түлкі, қойшы, аю. Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек. Шық бермес Шығайбай мен Алдар көсе. Хан мен Өтірікші. Тазша бала. Ертектегі заттардың қысқаша мәндері.
II. Салт өлең-жырлары. -Той бастар. Жар-жар. Сыңсыма. Жұбату мен үгіт. Беташар. Айт келін. Бесік жыры. Қоштасу мен өсиет өлеңдер. Естірту, көңіл айту, жоқтау.
III. Ескіліктегі мейрам
тақырыпты айтылған өлең-жырлар. Бақсының жырлары. Шақыру, арбау, байлау жырлары. Бәдік. Жарапазан.
IY. Мал туралы, «кәдірлі»
жануарлар туралы әңгіме, өлең, күй, жырлар.
Y. Жастық ойын, күлкі
өлең-тақпақтары.
YI. Билер сөздері.
II-Бөлім. Ертедегі жырлы әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары. Батырлар әңгімесі. Қобланды әңгімесінің қысқаша мазмұны. Қобландының әңгімесі туралы. Ер Тарғын әңгімесінің қысқаша мазмұны. Ер Тарғынның әңгімесі туралы. Ер Саин әңгімесінің қысқаша мазмұны туралы. Қамбар батыр әңгімесінің қысқаша мазмұны. Алпамыс батырдың әңгімесі туралы. Ер Көкше, Ер Қосай ертегі әңгімесі. Желкілдек әңгімесі. Ескіліктен қалған әңгімелердегі көп кездесетін үйреншікті ауысқақ сөздер, ауысқақ тақырып, ауысқақ жайттар. Ертедегі жырлы әңгімелер: Қозы Көрпеш - Баян әңгімесі туралы. Қыз Жібек әңгімесінің қысқаша мазмұны [3,14].
Сәкен жазған
бұл «Қазақ әдебиеті» зерттеу еңбегінің
қазақ әдебиеттану ғылымында мәні зор. Сәкен
осы еңбегінде қазақтың ауыз әдебиетін
ғылыми жүйемен талдап, дұрыс қорытындылар жасады. Ауыз
әдебиетінің жанрларын саралып, батырлар жырының туу,
өркендеу барысын халық тарихымен сабақтастыра зерттеді.
Бұл туынды-күні бүгінге дейін өзінің ғылыми
да практикалық мәнін жоймаған, қазақ
фольклористикасының негізін қаланған шығарма.
Әдебиеттер:
1. «Тұғыры биік
тұлға». - Алматы, 2002.
2. Т.Кәкішев «Сәкен
аялаған арулар». -Алматы, 2003.
3. «Cәкен Сейфуллин» әдебиеттердің көрсеткіші. -Алматы, 1965.