П.Т. Салиева

ТҰРМЫСТЫҚ ЗАТ АТАУЛАРЫНЫҢ ЖИІЛІК СӨЗДІГІН ҚҰРАСТЫРУ ЗАМАН ТАЛАБЫ

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Дүние жүзінде ғылым мен техниканың қарқынды дамуының салдарынан адамның тұрмысы да тұрмыстық жабдықтары да күн сайын бір жаңа затпен толығып отырады.

Жаңа заттың қолданысқа енуі тілде жаңа сөздің тууына себеп болды. Затқа атау беруде халықтың өмір шындығы, тұрмыс болмысы тіл фактілеріне айналып, халық санасында тұрмыстық білім қалыптасады.

Сөздік құрастыру барысында ескеріле бермейтін бір мәселе тұрмыстық артефакт атауларының жиілік сөздігін құрастыру. Кез келген заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оның табиғатынан хабар береді. Ал, тану немесе анықтау белгілі бір халықтың тарихи даму жағдай аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты сан түрлі болады. Әр алуан ұжым бір затты өзінің күнделікті тәжірибесінде кездестіріп, қолданылатыны жағынан өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Яғни, атау беруде өмір шындығы мен тұрмыс болмысы тіл фактілеріне айналып, халықтың тұрмыс-тіршілігі тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным-сенімі зат түрінде тілде таңбаланып, бейнеленеді. Тұрмыстық білім – адамның күнделікті өміріне қажетті заттар жайлы ақпарат беру құралы. Тұрмыстық лексикаға қатысты атаулар сөйлеу актісінде сөйлесім бірлігі ретінде қолданылып, өзара бөлшектенетін жағдаяттық атауышқа ие болады. Тұрмыстық лексикаға қатысты атаулар номинативтер, таңбалар немесе символдар ретінде әртүрлі прагмакоммунативтік қызмет атқара алады. Тұрмыстық лексиканың функционалдық қолданысы сөйлеу актісінің жүзеге асырылу орны мен жағдайы, қатысымның мақсаты мен коммуниканттардың маңызды құралы болып табылатын тіл тек қана қатысымдық қызметпен шектелмейді. Ол – халық даналығының қайнар көзі.

Тілде, оның сөздік құрамында, грамматикасында оны қолданушы халықтың ғасырдан ғасырға, атадан балаға мирас болып келе жатқан мол мұрасы сақталады, бір ұрпақ талабына сай рухани ой-санамыздың өсіп, жетіліп отыруының кепілі, басқа салаларға қарағанда лексика саласының ішкі және сыртқы өзгерістерге ұшырап отыруы – заңды құбылыс. Сондықтан ғалымдар тіл білімінің лексика саласының зерттелуіне көп көңіл бөлуде. Себебі тіл білімінің бұл саласы қоғаммен тығыз байланысты.  Оның бойында түрлі тарихи оқиғалардың ізі, соған сәйкес халықтың материалдық және мәдени өмірінің көріністері бейнеленеді.

Тұрмыстық зат атаулары әр уақытта да қоғамның дамуымен байланысты жаңа сөздермен, атаулармен, құбылыстармен, процестермен, ұғымдармен толығып отырады. Сондай-ақ,түрлі жергілікті ерекшеліктер, олардың жеке қолданыстық өзгешеліктері, сөздердің әртүрлі әлеуметтік топтары, кәсіби сөздер және т. б. мәселелері қарастырылады.

Тұрмыстық лексика туралы Е. Жанпейісов «Этностың өткені оның этномәдени лексикасынан айқын көрінеді. Этномәдени лексикаға ол этнос мекен еткен аймаққа тән табиғат құбылыстары, заттық мәдениет лексикасы, рухани мәдениет лексикасы жатады» [1, 206 б]. Ғалым пікірінен тұрмыстық лексиканың халық өмірімен тікелей байланысты екеніне көз жеткізуге әбден болады.

Ә. Хасенов еңбегінде тұрмыстық лексика жайлы: «Тұрмыстық лексика – күнделікті жиі қолданылатын аса қажетті, сондай-ақ халықтың тұрмыс жайы, салт-сана, әдет-ғұрпына, өмір тіршілігіне қатысты сөздер. Бұлар, негізінен, күнделікті ауызекі сөйлеу тіліне тән жалпылама лексикамен астасып жатады. Тұрмыстық лексика – халық өмірінің айнасы есепті»,  деп анықтама бере келіп, оларды былайша топтастырады: үй-баспанаға байланысты сөздер; құрал-сайман атаулары; ыдыс-аяқ аттары; киім-кешек аттары [2, 416 б].

«Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде» (авторы Ғ. Қалиев) қарастырып отырған мәселеміз – «тұрмыстық сөздер» деп беріліп, былайша түсіндіріледі: «күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздер. Мысалы: төсек, ас, нан, тұз, шам, терезе, сағат т.б» [3, 440 б].

Қазақ тілі бүгінгі таңда өзге тілден кірігіп кеткен кірме сөздердің, термин, жаңа сөз, көнерген сөздермен толығып отыр. Халықтың сөздік қорының көп бөлігін орыс тіліндегі сөздер толтырып отырғандығы жасырын емес. Қазақ тіліндегі заттық атаулар тек түсіндірме сөздіктер мен энциклопедияларда ғана ұшырасып қалып жатады. Адамзаттың өмір сүру мәдениетінде күнделікті тұрмысқа атау беру, табиғилықтан тыс қолдан жасалған нәрселер тұрмыстық артефакт деген терминнің дүниеге келуіне негіз болды. Артефакт ретінде тек денелік белгілері емес, сонымен бірге таңбалық, рәмізділік мазмұны бар кез келген жасанды нәрсе қарастырыла алады. Адам қолдан жасаған заттар мен нәрселер, техника мен еңбек құралдары, киім-кешек пен тұрмыстық жабдықтар, тұрғын үй т.б. заттар мәдени артефакттарға жатады. Қазіргі мәдениеттерде артефакт мәдениеттердің динамикасын зерттеуде бастапқы алғышарт ретінде қабылданады. Аталған термин тіл білімінде де қолдан жасалған заттардың жалпылама атауы ретінде қолданылып жүр.

Тұрмыстық артефакт атаулары да белгілі бір жүйеде зерттеуді қажет ететін сала. Ол үшін тұрмыстық зат атауларын бір арнаға біріктіру барысында сөздік құрастыру ең оңтайлы шешім болмақ. Күнделікті тұрмыстағы зат атаулары «жиілікпен» өлшенеді. Тіл білімінде сандық, математикалық ойлауды жиі қолданып, оны мейлінше нақты ғылымдарға жақындату керек. Ықтималдық-статистикалық заңдылықтар табиғат пен қоғамда кездесетін әр алуан құбылыстардың өзара қарым-қатынастарында көрініс табатыны белгілі. Ал тілдік құбылыстың жиілігі – әмбебап тілдік категория болып табылады. Тіл білімі мен қоғамдық, жаратылыстану, математика және техника ғылымдарының тоғысуының барысында дүниеге келген қолданбалы тіл білімі қазақ тіліндегі жиілік сөздіктерді жасауға негіз болады. Тұрмыстық артефакт атауларының жиілік сөздігін жасау да қолданбалы лингвистиканың негізгі зерттеу нысаны болып отырған тақырып.

Тілімізде сөз тудырушы қосымшалардың жұмсалуында ауытқушылықтың болатындығы, сондай-ақ, сөздерге тиісті қосымшалардың нормаға айналған түрлерін орынсыз жалғап қателесу жиі кездесетіндігі белгілі. Морфологиялық тәсілі арқылы сөз тудыру әрекетінің әдеби тілге кейде ұтымды еніп, жалпыға ортақ болып келетін дұрысы да, енбейтін бұрысы да болатындығы байқалады. Мұндай мәселелердің басын ашуда жиілік сөздіктің берер мәліметі, көрсетер көмегі мол.

Сонымен қатар, сөз тудырушы және сөз түрлендіруші грамматикалық қосымшаларды қиындықсыз тез тауып алуына көмектессе, екіншіден, омонимдес қосымшалардың сыңарларын бір-бірінен ажырата білуге де үлкен септігін тигізеді. Ал, олардың текстегі қолданысын көрсететін жиілік көрсеткіштері ол қосымшалардың тұрақты немесе тұрақсыздығын, өнімді, өнімсіздігін нормалану жағдайындағы ерекшелік сипатын анықтауға жәрдемдеседі. Бастапқы кезде жиілік сөздіктер белгілі бір топ адамдардың не тікелей зерттеушілердің ғана қажет еткен мақсат-мүдделеріне байланысты туса, бүгінде ол қоғам үшін, ондағы ғылым мен тұрмыстық қажеттілік үшін құрастырылуда.

Материалдық мәдениет деректері адам баласының күнкөріс кәсібімен, жұмыс істеу, оқу мақсатымен байланысты пайда болып, толығып отырады. Сондықтан жұмыс мәдениеті феномені, оқу мәдениеті феномені болып бөлінеді. Үй-жай ұғымының айналасында тұрмыстық мәдениет деректері өрбиді: күнделікті үй тұрмысында жиі пайдаланылатын зат атауларының ішіне: кілт, жол жүру билеті, айна, тарақ т. б. сияқты сөздер бөлініп шығады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының қилы кезеңдерінде жүргізілуіне байланысты жиілік сөздіктерді құрастыру екі кезеңге бөлінді:

Алғашқы кезең сауалнама жүргізу кезеңі, ал екінші кезең жиілік сөздік құрастыру кезеңі.

Сауалнамада толтырылған жауаптарды санау үшін қазақ тілі мен орыс, ағылшын тіліндегі сөздер бөлек саналды. Жиналған сөздер жиілігіне қарай топтастырылды. Сөздік құрастыру барысында біз жастардың күнделікті тұрмыста пайдаланатын артефакт атауларының жиілігін анықтауды мақсат еткен болатынбыз. Зерттеу жұмысының нысаны ретінде 15-25 жас аралығындағы ұлты қазақ 300 информанттан сауалнама алынды.

Артефакт атауларының нақтылы санын анықтау үшін компьютерлік бағдарламаға жүгіндік. Microsoft Excel 2010 бағдарламасының көмегімен артефакттар саны анықталды. Сауалнаманың нәтижесі бойынша 15385 сөз жинақталды. Оның 7128 қазақ тілінде, 6949 орыс тілінде, және 1308 сөз ағылшын тілінде қолданылған. Пайыздық өлшеммен көрсетер болсақ, жастардың жиі қолданатын сөздерінің 46,33% қазақ тілінде, 45,17% орыс тілінде, 8,5% ағылшын тіліндегі артефакт атаулары болып отыр.

Қазақ тілді ортадан жиналған артефакт атаулардың  түрлі тілде болуының өзіндік себептері бар. Сөздік қордағы тілдік бірліктер ішкі және сыртқы тілдік факторлардың әсерінен бір-бірімен өзара тығыз және күрделі түрде әрекеттесуінің нәтижесінде артефакт атаулары да әр түрлі тілдік бірліктерден жасалған. Күнделікті халық тұрмысына еніп жатқан техника мен өзге де тұрмыстық заттарға атау беру көп уақытты қажет ететін құбылыс. Қазақ тіліндегі артефакттарға да атау беру де біршама уақытты қажет ететін құбылыс болғандықтан да, қазақ тілін тұтынушы жастар тұрмыстық артефакттарды өзге тілде атап жүр. Сонымен қатар, аталған пайыздық көрсеткіштер арқылы өзге тілдерден енген терминдердің қазақ тіліне аударылмағанын, сондай-ақ, қазақ тіліне аударылған терминдердің әлі де қолданысқа енбегенін, тек сөздіктерде ғана аударылып күнделікті тұрмыста қолданысқа берілмегендігін көруге болады. Соның салдарынан жастар күнделікті тұрмыста жиі пайдаланатын заттарын өзге тілде атауға мәжбүр болып жүр. Жиілік сөздік құрастыру арқылы қоғамдағы осындай мәселелердің белең алып отырғанын, жасатардың күнделікті тұрмыста жиі пайдаланатын заттарының қазақша баламасы жоқ екендігін көрсету болды.

Жастар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша қазақ тілінің тағы бір мәселесі бұл – техникалық құрал жабдықтардың қазақ тілінде аудармасының болмауы.

Мысалы: Жиілігі 262-ні құрайтын наушники сөзі әлі күнге өз баламасын таппай отыр. Осындай сөздердің санын ноутбук, телефон, флэшка, дисктер, USB, Big love fest махаббаткасы, MP3, Ipod, SIM карталар, файл, тефаль, диктофон, компьютер, калькулятор, флэш карта, бэйджик, циркуль, домофон, фото, А4 т. б. сөздер толтырып отыр.

Қазақ тілі – оралымды, бай тіл. Оның асыл мұрасы көнеден келіп жеткен құнды сөздермен қымбат болмақ. Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде тілде жарыса қолданылатын лексико-семантикалық сөздер тобының көптеп кездесетініне көз жеткіздік.

Тілдік варианттылық жастардың жалаң сөйлеу тілінде түрлі процестің ықпалымен қалыптасып отыр. Сондай-ақ, жаһандану заманында білім алып жатқан жастардың көпшілігінен халықаралық атауға ие болған сөздер мен басқа тілден еніп, кірігіп кеткен көптеген зат атауларының жиі қолданылатындығы байқалды.

Мысалы, күнделікті хабар алмасу үшін жиі қолданылып жүрген телефон (гр. алыс, алыстан), сөзінің халық арасында бірнеше атауға ие болып, тілдік варианттылық қатарды құрап, мағыналық жақтан жақын өзара мәндес екендігін мына сызбадан көруге болады:

1 кесте. Тілдік варианттылықтың сандық көрсеткіштері

1

Телефон

251

2

Сотка

210

3

Сотовый телефон

208

4

Ұялы телефон

165

5

Қалта телефон

13

6

Қалтафон

4

7

Мобильді телефон

1

8

Сымтетік

1

 

Тұрмыстық лексика аясына адамның күнделікті өмірінде қолданылатын заттардың, бұйымдардың атаулары, сондай-ақ тұрмыспен тікелей байланысты  күнделікті үй жағдайына, үй шаруашылығына байланысты сөздер жататыны белгілі. Тұрмыстық лексика тек атауыштық қызмет атқармайды, сонымен қатар ол қарым-қатынастың ең маңызды құралы. Оның бұл қызметі тілдік қатынастың ерекше түрі – сөйлесім әрекеттері арқылы жүзеге асады. Халықтың күнделікті қолданысында жиі пайдаланылатын тұрмыстық атауларды сөйлесім кезінде нақтылы көруге болады. Тұрмыстық артефакт атаулары уақытпен жарысып сөздік қорды толықтырып отыратын бірден бір құбылыс.

Сауалнама барысындаға қоғам мен жастар арасында өзекті мәселелердің көп екендігін көруге болады.

Күнделікті тұрмыста жиі қолданып жүрген заттарының атауын білмеу немесе атауы бола тұра орыс тілінде қолдану бүгінгі күнгі қазақ тілінің жағдайының мәз еместігін көрсетіп отыр. Халық арасында бір немесе бірнеше сөзді тіркестіріп әркім өзінше затқа атау берген жағдайлар да кездесті. Қазақ терминология комитетінің аударған аудармаларын жастардың бірі білсе, ал бірі тіптен естімеген.

Жастар арасындағы сауалнаманың нәтижесі бойынша анықталған тағы бір өзекті мәселе қазақ тілді жастардың сөздік қолданысындағы тұрмыстық зат атауларының тең жартысынан көбі орыс тілінде қолданылатындығы. Оған мынадай себептер

-       Қазақ тіліндегі атауы бола тұра орыс тіліндегі заттық атауды қолдану. Мысалы: Ручка сөзінің жиілік саны 283-ті көрсетіп отыр. Бұл дегеніміз жастардың қалтасынан, жұмыс үстелінің үстінен, сөмкесінен кездесетін жалпы атаудың жиілігі. Осы атауды қолдануға түрткі болған негізгі себеп жалпыхалыққа түсінікті болуында.

-       Халықаралық немесе шетел сөздерінің әлі күнге дейін қазақ тілінде аудармасының жоқтығынан қолданатын сөздер: Мысалы: SIM карта, флешка, домофон, маркер, степлер, А 4, фломастер, дисктер, скрепка, USB, Ipod, MP3, брелок, техпаспорт, диктофон, гуашь, афиша, каталог, патрон, калькулятор, лак т. б. сөздер.

Тұрмыстық зат атауларының жиілік сөздігін құрастыру заман талабы. Себебі халықтың тілдік бейнесін де ұлттық ерекшелігін де көрсететін сөз бен сөздік қолданыс десек, күнделікті тұрмыстық заттардың қаншалықты қазақ тілінде қолданылып жүргенін анықтау да өзекті мәселе болып табылады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1                   Жанпейсов Е. Этнокультурная лексика казахского языка (на материале произведений М. Ауезова). – Алма-Ата, 1989. – 206 с.  

2                   Хасенов Ә. Тіл білімі. – Алматы, – Санат, 1996.  – 416 б.

3                   Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2005. – 440 б.