Ф.
ғ. к. Рақышева Ж. С.
М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан
Кейіпкердің
белгісіз сұлуға сырттай ғашық болу сюжетіне құрылған
шығармалар
Қаратау атырабы жыршылық
мектебінің ірі өкілі ақын, жыршы Майлықожа Сұлтанқожаұлының
(1835-1898) «Жақсы найып» дастаны шығыста кең тараған
кейіпкердің белгісіз сұлуға сырттай ғашық болу
сюжетіне құрылған. Шын елінің билеушісі Папор патша ұйқыдан
оятып жіберген уәзірін қылышымен шабуға ұмтылады, уәзірлері
жиналып, себебін сұрағанда сұлу қызды түсінде көріп
ғашық болғанын айтады. Уәзір патшаның сипаттамасы
бойынша қыздың суретін салып, үлкен жолдың үстіндегі
сарайға іліп қояды. Уәзір суретті танитын бір адам кез болар
ма деп күтеді, бір жолаушыдан сұлу қыздың дерегін
біледі. Қыз тауда жүргенде тауыс құстың қоразы
өрт кезінде тұра қашып, мекиені балапанын қия алмай
отта қалғанын көріп, «еркек жынысы опасыз болады екен» деп ой
түйген ханша ешқашан күйеуге шықпауға серт берген
екен. Патшаға «қыздың көңілін айламен сізге
аударайын» деп қыздың елі Рүмге жол тартады, яғни қыз
туралы хабарды естіген бойда уәзір нақты жоспар құрады,
сол бойынша әрекет етеді. Қытайдан келген ұстаның өнері
туралы естіген ханша әкесіне сарай салдырайын деп өтініш жасайды. Ұста,
яғни уәзір ханша сарайына киіктің еркегі сел кезінде лақтарын
қорғаймын деп өлімге басын қиып, ал ұрғашысы
өрге қарай басын алып қашқан көріністі суретке
салады. Уәзір осы оқиғадан соң ешқашан үйленбеуге
ант еткен Папор патша туралы айтқанда қыз оған сырттай ғашық
болады. Рүм патшасы қызын сән-салтанатпен ұзатады.
Ханшаның психологиясын дөп таныған уәзір тапқырлығы
арқасында ойлаған мақсатына жетеді, патшаны түсінде көрген
сұлуға қосады.
Бұл дастан 1993 жылы
«Тымсал» атты Майлықожа шығармаларының 3-кітабында [1,
76-82], 2005 жылы Майлықожаның шығармалары жинақталған
кітапта жарияланған [2, 217-223].
«Жақсы найып» дастаны «Тотынама» (Рүм
ханымын Қытай патшасының алуы жайындағы әңгіме,
40-түн) жинағының [3, 244-248] сюжеті негізінде жырланған,
дегенмен Майлықожа аздаған өзгеріс енгізген. «Тотынамада» қыз
ұстаны өзі жалдайды, патша туралы естіген соң қызметшілері
арқылы Фағфурға тиюге әзірлігін айтады. «Жақсы
найып» дастанына тағы бір кейіпкер – қыз әкесі қосылған,
оның қызметі – қызын ұзату. «Тотынамада» қыз
бау-бақша арасындағы мұнарада отырып өрт кезіндегі көрініске куә болса, «Жақсы
найып» дастанында тауда жүргенде көреді. Майлықожа тыңдаушының
қабылдауына лайықтап қала жағдайындағы мұнараны
таумен ауыстырады.
Бізде осы сюжетке негізделген
ертегілер және «Сыршы молда» және «Мәлік» атты
дастан бар. «Данышпан уәзір» атты ертегі 1892 жылы ел аузынан жазып
алынып, «Дала уалаяты газетінің» № 23 санында басылған,
соңында А.М. деп қол қойылған [4, 388-390]. Г.Н.Потанин
«Уәзір» атты ертегіні Сырымбетте Қарке деген ертекшіден жазып алып, 1916 жылы
«Живая старина» (153-155 б) жинағында жариялады, кеңестік кезеңде
ертегі қайта жарық көрді [5, 145-147]. Академик С.Қасқабасов
«Уәзір» ертегісінің сюжеті «Тотынамадан» тарағанын анықтайды,
новеллалық ертегінің жанрлық белгілерін көрсетіп береді
[6, 240-241]. Осы екі ертегінің сюжетінде айтарлықтай
айырма бар: «Данышпан уәзір» ертегісінде түпнұсқадағы
сюжет пен кейіпкер жүйесі сақталған, сондай-ақ уәзір
қызметі үшін өз патшасынан сый алады. «Уәзір»
ертегісінде билеушінің титулы ханға өзгерген, уәзір
патшаның сипаттауымен қыздың суретін суретшілерге салдырады, қаланы
дуалмен қоршап, екі жағындағы екі қақпаға қыздың
суретін жапсырып, күзетші қояды. Соңында хан «қызды
тапсаң тағымды берем берем» деген уәдесін орындамақ
болады, бірақ уәзір тақтан бас тартады.
«Сыршы молда» дастанын 1913 жылы Қазан қаласында
Әбіш Бөгенбайұлы араб әрпінде жариялаған. Бұл дастанның
«Патшаның ұлы Әбділмәлік» деген нұсқасын
Дайыр Әбдікәрімұлы 1936 жылы жазып алып, ОҒК-ның қолжазба
қорына тапсырған (Ш.837, 2-дәп., латын әрпінде). 1990
жылы ғылыми-көпшілікке арналған жинақта жарық көрген
[7, 192-218] осы нұсқа түпнұсқамен салыстырылып,
2002 жылы көптомдықта қайта жарияланды [8, 27-55]. Көлемі – 904 жол. Ал «Сыршы молда»
дастанын «Бабалар сөзі» жүзтомдық серияның 1-томында
жариялап, ғылыми түсінігін жазған филол.ғ.д., проф. Б.Әзібаева
[9, 29-57]. Көлемі – 889 жол. Ғалым «Сыршы молда» дастанының
сюжетін талдай келе «көне шығыс сюжетінің негізінде бөлек
бітімді, жаңа жанр түріндегі тек сюжеті ғана емес, эстетикалық
бағалылығы да құнды шығарма туған» деп атап
көрсетеді [9, 310].
«Сыршы молда» дастаны екі оқиғалық
бөліктен тұрады: алғашқы бөлігінде бір перзентке
зар болу сюжеті, ал екіншісінде кейіпкердің белгісіз сұлуға
сырттай ғашық болу сюжеті баяндалады. Мұса пайғамбар
заманында патшаның бір перзентке зар болғаны, Мұса пайғамбар
Тор тауына барып оның өтінуі бойынша Алла Тағаладан ұл
сұрағаны, үшінші барғанында ғана өмірі үш
күндік ұл беретіні айтылады. Патша ұлан-асыр той өткізіп,
кедейлерге қайыр-садақа үлестіреді, кедей байға теңеледі,
ел разы болып батасын береді. Көпшіліктің батасымен Алла Тағала
баланың жасын ұзартады. Патшаның ұлы Әбділмәлік
базар аралап жүріп тонның ішінде сұлу қыздың
суретін көріп ғашық болады. Ұстазы Әбділмәліктің
сырын біледі де, шаһар халқын жинап тондағы суретті көрсетеді,
бірақ ешкім қыздың дерегін айта алмайды. Келмеген кім қалды
дегенде 300 жастағы қарттың келмегені анықталады. Көнекөз
қарттың айтуымен тоғыз жолдың торабына бір сарай
салдырады.
«Сыршы молда» дастанының 126 жолдық бірінші бөлігі Қ.
Әйтпенов жырлаған «Жаһанша»
дастанында кеңінен берілген, жыршыдан Оңтүстік Қазақстан
облысы, Шардара ауданында фольклор жинаушысы, филол. ғ.д. Қыдырәлі
Саттаров жазып алып, ӘӨИ-дің қолжазба қорына
тапсырған (Ш.920/71, 73-87).
Жетісу жыршылық мектебінің өкілі Ертай Құлсариев
(1886-1958) жинап, Ғ.Киізбаев тапсырған «Мәлік» дастанының
мәтіні ӘӨИ-де сақтаулы (Ш. 126, 1-дәп., 1-32),
дастан соңғы кезде баспа бетін көрді [10,
155-172]. Көлемі – 640 жол. «Мәлік» дастанының сюжетінде ерекшелік көп.
Патша ұйқысын бөлген уәзірді дарға асуға бұйырады.
Жұрт шулап ара түседі, сонда патша кешірім жасап, неге ашуланғанын
айтады. Уәзір патшаға оның түсіндегі сұлуды үш
жылда тауып беремін деп шартқа отырады, жол үстінен бір сарай
салады. Шын шаһарындағы Пақпоршаның екі әйелі
болады, ханшаны түсінде көрген соң оларды қоя береді.
Ханша – 18 жасар Бүбайым. Оның қырық қыз нөкерінің
басы – Жамал Пақпорша туралы хабардан соң қызды серттен қайт
деп үгіттейді. Қазақы салт-дәстүрге сай қыз
сырын жеңгесімен бөліседі, Бүбайым Жамалды анасына рұқсат
сұрауға жібереді, ал анасы патшаға қыздың тілегін
жеткізеді.
Бір
сюжетті негіз еткен үш дастанды салыстыра қарағанда, бірінің
қосалқы мотив, эпизодтармен толықтырылса да, түпнұсқадан
көп алшақтамағанын, енді бірде сол сюжет негізінде жаңа
туынды жасалғанын көреміз. Бұл әсіресе Ертай Құлсариев
жырлаған «Мәлік» дастанында айрықша көрінеді. Әдеттегідей
оқиға шаһарда, патша сарайында өткенмен, қоғамның
өмірі қазақы қалыпта суреттеледі.
Кейіпкерлер есіміндегі өзгешеліктер
мына сипатта: патшаның аты «Мәлік» дастанында Шын шаһары
патшасы Пақпорша, «Жақсы найып» дастанында Папорша (Пақпорша,
Папорша – фарфор мен ша (шаһ) деген екі сөздің қосындысынан
туған) мен Рүм (Византия) сұлуы, ханша қайсар патшаның
қызы делінеді, ал қайсар, кейсар – Рим билеушісінің титулы
екені белгілі. «Сыршы молда» дастанында патшаның ұлы Әбділмәлік
пен Ирия (Иран) шаһарының ханшасы.
«Мәлік» және «Жақсы
найып» дастанында түс көру мотиві көрініс тапқан, сұлу
қызды патша түсінде көріп ғашық болады, ал «Сыршы
молда» дастанында патшаның ұлы дүкенде тондағы суреттен
көріп ғашық болады. «Сыршы молда» мен «Мәлік»
дастанында сыршының даңқын естіп қызының сарайын
сырлауға патша жалдаса, «Жақсы найып» дастанында қыз әкесіне
сыршы туралы айтып, тілек білдіреді, яғни қыздың бейнесінде
даралығы көрініс береді.
Ақылды көмекші «Мәлік»
және «Жақсы найып» дастанында – патшаның уәзірі, «Сыршы
молда» дастанында – патша баласының ұстазы. Ақылды көмекші
қыздың еліне суретші ретінде танылмай келеді. Қыздың
бастапқы шешімін өзгертіп, патшаға сырттай ғашық
болуына себепкер де осы ақылды көмекші. «Жақсы найып» және
«Мәлік» дастанында патша өз елінде қалады. «Сыршы молда»
дастанында ғана патша жолға шығады, бірақ белсенділік
танытпайды. Бас кейіпкер уәзір болып табылады, оқиғаның
қозғаушы күші де сол, оның ақылдылығы мен
тапқырлығы мадақталады.
Сұлу қыз жөнінде
алғашқы мәлімет айтатын кейіпкер нұсқаларда әр
қилы берілген: «Мәлік» дастанында – тобышақ ат мінген, садақ
алған жолаушы, «Сыршы молда» дастанында – үш жүз түйелі
керуенбасы, «Жақсы найып» дастанында – жаһан кезген бір жолаушы.
Уақыт пен кеңістікті
беруде дастандарда айырмашылық бар. Патшаның түсіндегі
белгісіз сұлу туралы хабар айтушы
«Сыршы молда» дастанында бір жылдан соң, бір күні, «Жақсы
найып» дастанында бір күні кез болады, ал «Мәлік» дастанында уақыт
көрсетілмейді. Уәзір «Мәлік» дастанында керуеннен-керуенге
мініп екі ай жүріп Румге жетсе, «Сыршы молда» дастанында молда 40 қашырға
азық пен алтын артып қыз туралы хабар айтқан керуенге еріп
жолға шығып, тоғыз ай жол жүріп Ирия шаһарына
жетеді. «Жақсы найып» дастанында Үрім мен Шын шаһарының
ара қашықтығы айтылмайды.
«Сыршы молда» дастанында Әбділмәлік шаһзаданың
базарға барғаны, тондағы суретке ғашық болғаны,
сырын ұстазына ашқаны, көнекөз қарияның кеңесі,
Әбділмәліктің ел-жұртымен қоштасуы, ханша мен
сыршының диалогы ғана жыр үлгісінде берілген, негізінен қара өлең үлгісінде
жырланған. «Мәлік» және «Жақсы найып» дастаны тұтастай
қара өлең үлгісінде жырланған. «Жақсы
найып» дастанында араб, парсы сөздері жиі кездеседі.
Патша ғашық болған
қыздың портреті «Сыршы молда» дастанында «ай сипатты, ұжмақта
хор қызы да ондай емес, ғажайып мұндай дидарды пенде көрмес»,
«Мәлік» дастанында «жүзі айдай сұлу, қыздың түсі
шолпан жұлдызындай, қара қас, жазық маңлай, қара
көзді» болса, «Жақсы найып» дастанында «дидары ниһаятсыз сұлу
қыз, таластық қыла алмас ай мен жұлдыз, көрмеген
бұл жаһанда еш перизат, қараңғы үйге кірсе
сәуле шашар» деп суреттеледі.
«Мәлік» дастанында екі ғашық
бір-бірін көргенде бойына ішкен асы тарамаса, «Сыршы молда» дастанында
талып қалады, жанындағы жолдастары су бүркіп есін жиғызады,
яғни ғашықтық дастан кейіпкерлеріне тән сипатта
суреттелген. Ал «Жақсы найып» дастанында қысқа қайырылып,
ұзатылған ханша сау-сәлемет Папор патшаның жүзін
көрді делінеді.
«Мәлік» дастанында уәзір
ханшаның әкесінен Жамалды сүйіншіге алады. «Жақсы найып» дастанында бұл жағдай
айтылмайды, уәзір патшаға адал жолдас ретінде риясыз таза көңілмен
қызмет етеді. Майлықожа дастан соңын жақсы жолдас
туралы «Ұлықтың ақылдасы жақсы найып, жақсы
найып шығарар даңқын жайып. Жолдас жақсы болмаса жол
болмайды, мерт болады аяғы ақыр тайып. Жақсы жолдас бастайды
жақсы жолға, жаман ниет бұрмалар оң мен солға»
деген нақылмен түйеді, уәзірдің досқа адалдығы
дәріптеледі.
«Жақсы найып» дастанында
ертегінің жанрлық белгілері сақталған, композициялық
құрылымы күрделі, кейіпкердің портретін суреттеуде және
мерзімді белгілеуде жалпылыққа ұласқан. Оқиға
әдеби шығармаға тән нақтылықтан гөрі
фольклорлық шығармаға тән абстрактылы түрде
берілген.
1 Майлықожа.
Тымсал: Мысалдар, айтыстар, дастандар / Құрастырып, алғы сөзін
жазған Ә.Оспанұлы. 3-кітап. – Шымкент: Шымған, 1993. –
120 б.
2 Майлықожа.
Шығармалар / Құрастырған Ә.Оспанұлы. –
Алматы, 2005. – 894 б.
3 Нахшаби З. Тотынама / Қазақ
тіліне ауд. Ә.Қоңыратбаев, Т.Қоңыратбай.
– Алматы: Жазушы, 2005. – 328 б.
4 Дала
уалаятының газеті: Әдеби нұсқалар (1895-1898). 2-кітап
/Құрастырған Ү.Сұбханбердина. М.О.Әуезов
атын. Әдебиет және өнер институты. – Алматы: Ғылым,
1990. – 554 б.
5 Казахский фольклор в собрании
Г.Н.Потанина / Составление и комментарии С.А.Каскабасова, Н.С.Смирновой,
Е.Д.Турсунова. – Алматы: Ғылым, 1972. –
382 с.
6 Қасқабасов С. Жаназық. Әр жылғы
зерттеулер. – Астана: Аударма, 2002. – 584 б.
7 Қазақ
халық әдебиеті: Көп томдық. Дастандар. 1-том / Томды құрастырған
Б.Әзібаева. – Алматы: Жазушы, 1990. – 304 б.
8 Бабалар сөзі:
Көп томдық. Т. 4: Хикаялық дастандар / М. Әуезов
атын. Әдебиет және өнер институты; Томды құрастырып,
ғылыми қосымшаларын дайындаған: Әзібаева
Б. (жауапты
ред.). Жауапты шығ. Рақышева Ж. – Астана:
Фолиант, 2002.– 2002. – 440 б.
9 Бабалар сөзі:
Жүз томдық. Т. 1: Хикаялық дастандар / Томды құрастырып,
ғылыми қосымшаларын дайындаған Әзібаева Б. (жауапты ред.). Жауапты шығ. Рақышева Ж. – Астана: Фолиант,
2004. – 2004. – 360 б.
10
Құлсариев Ертай. Жыр-керуен / Құрастырған
Т.Әлібек. – Алматы: Ана тілі, 2004. – 366б.