т.ғ.д, профессор Мұқаметханұлы Н., Алиева А.А.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

ҚХР-ның Африка елдерімен экономикалық саладағы ынтымақтастығының дамуы

Соңғы онжылдықта ҚХР-ның Африкадағы теңдесі жоқ белсенділік жүргізуіне себепші болдық. Жалпы екі жақты қатынастардың қалыптасуын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады: бірінші кезең Африка елдерінің Батыстан тәуелсіздігін алғаннан кейін бастау алады; Екі жақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі 1971 жылы Қытайдың БҰҰ-на кіруінен кейін басталған болатын; Ал соңғы кезең постмаоистік кезеңді және қытай экономикасының біртіндеп қалпына келу кезеңін қамтиды.

Қытай-африка экономикалық ынтымақтастығы ХХ ғасырдың ортасында, 1956 жылы ҚХР мен Египет арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейін басталды. 1963 жылдың желтоқсанынан 1964 жылдың ақпаны аралығындағы ҚХР Мемлекеттік Кеңес премьері Чжоу Эньлайдың Африкаға алғашқы ресми сапары барысында  ҚХР-ның Африка елдерімен өзара қатынастарының «бес қағидасы» мен Африка мемлекеттеріне Қытайдың экономикалық және техникалық көмегінің «сегіз қағидасы» жарияланған болатын [1].

Белгілі африканист Т.Л.Дейч пікірінше, қазіргі кезде «Африкамен ынтымақтастықтағы қытайлық доктринаның негізін қалаушы, дамушы елдер арасында сауданы нығайтуды, аралық технология мен техникалық өзара көмекті игерудегі ынтымақтастықты нығайтуды алдын-ала қарастыратын «Оңтүстік-Оңтүстік» формуласы болып табылады» [2]. Қытай өзін дамушы елдердің әлемдік аренадағы мүдделерін қорғаушы және осы елдер тобының көшбасшысы ретінде ұстанады.

 Негізінен Қытай Африкадан минералды ресурстар (мұнай, руда, мақта, ағаш және т.б.) және өсімдік өнімдерін, «2005 жылы Қытай Африкадан импортталған мұнайдың 30 пайызын, 21% мақта, 26% алмаз,  15% ағаш, 34% мараганец және 44% темекі өнімдерін тасымалдаған. Африкалық елдерден Қытай импортының 80 пайызынан астамын шикізат пен бастапқы өңделген өнімдер құрайды» [3]. Мәселен, Қытайға габон орманы экспортының 46%, Экваторлық Гвинея экспорттап отырған ағаштың  60%, Камеруннан шығатын ағаштың 11% келеді [4]. Қытай тоқыма мен ыдыстардан бастап, жоғары технологиялық жабдықтарына дейін өзінің өнеркәсібі өнімдерін экспорттайды. ҚХР экономика және сауда ісі жөніндегі Мемлекеттік Комитет аналитиктері ескерткендей, осы тауарларға қытайлық ішкі нарықта сұраныстың біршама өсуі жағдайында да, Африка қытайлық өнімдердің маңызды өткізу нарығы болмақ. Қытайдың африкалық елдермен сауда ынтымақтастығында теңсіздік, яғни Африкадан ҚХР-на экспортқа қарағанда импорттың асып түсуі байқалады. Қытай осы теңсіздікті реттеу үшін, мәселені шешуде өз тәсілін ұсынды. Қытай-африкалық ынтымақтастығы Форумының екінші отырысында (2003 жылы желтоқсан, Аддис-Абеба) ҚХР үкіметінің африкалық елдер қатарының тауарларын бажсыз өткізу жайлы талабы жарияланды. Сол кезде 190 атаулы тауарларға, негізінен, ауыл шаруашылық өнімдерге бажсыз құқық берілді. Сонымен, белгілі зерттеуші Т.М.Соловьеваның көрсетуі бойынша, 2005 жылы осы тауарларға орта жеңілдік тарифі 9,8% құрады, ал 2006 жылы ол нөлге тең болды. ҚХР Кедендік комитетінің мәліметтері бойынша, 2005 жылы осындай жеңілдікті жағдай бойынша Қытайға Африкадан 380 млн. АҚШ доллары көлемінде тауарлар әкелінді [3, 142б].  Ал 2008 жылы отызға жуық кедей елдерден бажсыз 446 тауар түрін өткізу жайлы шешім қабылданды.

2000 жылы қытай-африка ынтымақтастық Форумының бірінші отырысында, өзара инвестицияларды тарту, басқару жүйесінде тәжірибе алмасу, бірлескен кәсіпорындар құру сияқты шараларды алдын ала қарастыратын бағдарлама қабылданды.  Сонымен бірге, Қытай тарапы Африкаға инвестиция тарту мен оларды қолдау үшін арнайы қор құруға, сонымен қатар жаңа технологиялар беруге жағдай жасау және жергілікті халыққа жұмыс орындарын бере алатын, бірлескен жобалардың іске асуына септік жасауға ниетті [5]. Осы мәлімдемелерге сәйкес, Африкада кәсіпкерлерге төлемдерді, кедендік алымдарды, сақтандыру мен кеңес беруді қамтамасыз ету қызметтері кіретін 11 сауданы дамыту мен инвестицияға көмек көрсету орталықтары ашылды.

«Қытай Экспорт-Импорт Банкінің мәліметі бойынша, 2007 жылы 48 африка елдерінің экономикасына 800-ден астам қытайлық компаниялар (соның ішінде 100% мемлекеттік) инвестиция салған» [4, 26 б]. Аймақтағы батыстық және жапондық компаниялардың мықты ұстанымдарына қарамастан, көптеген ірі жобалардың іске асырылуы Қытайға тиесілі болып табылады. «Тек 2006 жылғы қарашадағы Пекинде өткен Форум шеңберінде 12 қытайлық мемлекеттік компаниялар африкалық үкіметтермен 1,9 млрд. доллар сомасында 16 келісімді бекітті, олардың ішінде ең ірілері – Нигерияда 1315 км ұзындықтағы темір жол салу, Либериядағы мұнай кен орындарын барлау және өңдеу,  Ганадағы ГЭС пен Египеттегі алюмин зауытының құрылысы және Замбиядағы мыс қорыту комбинатын қайта құру жобалары» [6].  Ал 2008 жылдың наурыз айында Қытай Алжирмен ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық жайлы екі келісімге қол қойды.

Қытай компанияларының инвестициялық үдерістегі табыстары бірнеше факторлармен түсіндіріледі: жұмыс күшінің арзандығы және жобалардан түсетін пайдаға қойылатын талаптың төменділігі.  Аймақта инвестиция салуға ұмтылып жатқан, батыстық компаниялардың көпшілігі 15%-дан төмен табысқа келіспейді, ал қытай компаниялары жобалардан түсетін пайда 10%-дан төмен болса да, ал кейде 3-5% болса да жұмыс істеуге дайын. Мәселен, қытайлық құрылысшылар 3 пайыздық түсімге келісе отырып, Эфиопиядағы жол құрылысына тендер ұтып алды, ал батыстық компаниялар 15%-дан кем емес түсім талап еткен болатын. Сондықтан қытайлықтармен бақталасу қиын: олар өздерімен бірге отбасын ертіп келмейді, өздеріне жайлы жағдай талап етпей, төмен жалақымен де келіседі.

Қытайдың Африкадағы инвестициялық қызметі табысты болса да, кедергілерге соқтығысады. Олардың қатарында – африка елдеріндегі саяси тұрақсыздық, ішкі нарықтың «балканизациясын» тудыратын жоғары тарифтік кедергілер, бөлек мемлекеттердің шекарасындағы қиын кедендік шаралар, коррупция, соңғы жылдары жақсартуға қытайлық компаниялар белсенді түрде қаржы салып жатқан нашар инфрақұрылымдар.

Қытайдың Африкадағы экономикалық саясатының маңызды факторы Африка құрлығындағы энергетика саласы болып табылады. Қытайдың энергетикалық ресурстарға, ең алдымен мұнайға қызығушылығы соңғы жылдары бірден өсті және жыл сайын 3,2%-ға өсу жалғасуда. Қытай әлемде екінші мұнай тұтынушы болып табылады. 2006 жылы ол АҚШ және Жапониядан кейінгі, күніне 3,5 млн. баррель мұнай импорттайтын үшінші импортер болды. Халықаралық Энергетикалық Агенттіктің болжауы бойынша,  Қытай мұнай импорты 2030 жылы күніне 9,8 млн. баррельге дейін өсіп, ал 2045 жылы АҚШ-ты ең ірі мұнай импортеры ретінде басып озады. Африкалық мұнай мен газ қытайлық импорттың 35% құрайды. 2008 жылы наурыз айында Кейптаундағы Африкалық энергетикалық конференцияда «Чайна Петролеум» және «Петро-кемикл индастри ассошиэйшн»  компаниясының атқарушы президенті Чжао Чжимин мәлімдегендей, Қытай жақын 5-7 жылдарда өзінің мұнай және газ импортының 40% Африкамен келуі үшін ұмтылады  [4,  27 б]. Осындай даму жағдайына бірнеше факторлар әсер етеді. Біріншіден, африкалық құрлықта «әлемдік деңгейдегі ірі перспективалық мұнай-газ кен орындары» орналасқан, жақын уақыттарда, сарапшылар бағалауынша, Африка үлесіне мұнай нарығының төрттен бірі келеді. Екіншіден, мұнай кен орындарының үлкен бөлігі әлі америкалық және еуропалық энергетикалық трансұлттық компанияларының бақылауына алынған жоқ. Үшіншіден, Қытай Африкада белсенді әрекет ете отырып, дамушы елдердің көшбасшысы ретінде ұстануда. Төртіншіден, «Қара құрлық» мемлекеттерімен өзара қатынастарда ҚХР аймақтағы мемлекеттер қатарында кездесетін саяси мәселелерге көңіл аудармай, экономикалық мәселелерді басты орынға қояды [7].

Жалпы, ҚХР мен африкалық елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастығы африкалық экономика дамуына жағымды ықпалын тигізіп жатқанын айта кеткен жөн. Қиыншылықтар қатарына қарамастан, Қытайдың құрлықтағы стратегиясының табысы айқын. Соғыстар мен қақтығыстардан күйреген елдерде және батыс елдері санкцияларындағы мемлекеттерде әрекет ете отырып, Қытай батыс елдері бара алмай отырған тәуекелдерге барып, үлкен жетістіктерге жетуде. Өз кезегінде, қақтығыстардан зардап шеккен елдерге Қытайдың инвестиция салуы да, оның саяси ықпалын өсіреді.

 

Әдебиеттер:

1. Дегтярев Д.А. Китайская экспансия в Африку: «свято место пусто не бывает»? // Азия и Африка сегодня. 2005. №2. С.35.

2. Дейч Т.Л. Африка в стратегии Китая. М. 2008. С. 168.

3. Цит. по: Соловьева Т.М. Исторический опыт международного сотрудничества Китайской Народной республики и стран Африки во второй половине XX – начале XXI вв. Диссертация на соискание ученой степени кандидата исторических наук. М. 2009.

4. Дейч Т. Л. Китайский капитал на рынках Африки. // Азия и Африка сегодня. 2008.9. С.26.

5. Programme for China-Africa Cooperation in Economic and Social Development. // http://www.focac.org/eng/ltda/dyjbzjhy/DOC12009/t606797.htm

6. Габуев А. Новая политика Пекина в Африке. // Азия и Африка сегодня. 2007. №6. С. 5.

7. Нагиев А. Влияние фактора энергетической безопасности на формирование и перспективу сотрудничества КНР со странами Африки. // Проблемы Дальнего Востока. 2009. № 4. С.16.