Күребаева Г.А.
Жасөспірімдердің
психологиялық әлеуметтік дамуындағы
ауытқушылықтар
Қайнар (Семей)
университетінің 2 курс магистранты.
Ауытқыған
мінез-құлық (девианттық мінез-құлық)
- балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жазалау шараларын
қолдануға апарып соғатын құқық
бұзушылықтарды үнемі жасауы; оқудан, жұмыстан
қасақана жалтаруы, отбасынан немесе балаларды
оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемі кетіп қалуы,
сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа
жатпайтын қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті
әрекеттер жасауы. Ауытқыған мінез-құлық
физиологиялық және патологиялық түрлерге ажыратылады.
Физиологиялық негіздегі ауытқымалы күйдің (aшу,
ыза, үрей) психикаға әсері күшті болғанымен,
адамды оның салдары үшін жауапкершіліктен босатпайды. Яғни
мұндай сезімдік ахуал
жағдайында жасаған қылмысы үшін кінәлілік
жоққа шығарылмайды, тек ол белгілі бір жағдайларда
жеңілдетілуі мүмкін. Патологиялық негіздегі
ауытқыған мінез-құлық адамды бір сәтке
сана-сезімнен айырып, мақсатсыз немесе қауіпті іс-әрекеттер
жасауға итермелейді. Егер қылмысты әрекетті патологиялық ауытқыған
мінез-құлық ұшыраған адам жасаса, ондай адам есі
кіресілі-шығасылы деп танылады.
Девианттық
қылық - қоғамдық нормаларға қарсы
қылықтар жүйесі немесе жеке қылықтар.
Мұндай қылықтар әлеуметте қолдау табатын (дарындылық, альтруизм, ерлік) және әлеуметте қолдау таппайтын болып
бөлінеді. Әлеуметті қолдау таппайтын қылықтар -
қылмыстық іс-әрекет және жөнсіз іс-әрекет
(маскүнемдікке, нашақорлыққа бейім
қылықтар). Девианттық қылықтар ауытқушы
қылықтар. Адамның орныққан
құқықты немесе өнегелілік тәртіптерден
ауытқитын немесе сол тәртіп ережелерін бұзатын
қылықтары[1].
Девиантты
мінез-құлық -
қоғамда адамдардың жасалған әлеуметтік нормаларды
тікелей бұзатын немесе оған сәйкес келмейтін
мінез-құлық. Девиантты қылық жеткіншек кезінде
кең таралады және бұл 18 жастан кейін төмендейді.
Кәмелетке толмаған жасөспірімдердегі девиантты қылықтың
нақты себептері мыналар: өзін бақылаудың
төмен деңгейі немесе оның мүлдем жоқтығы;
отбасындағы жағымсыз жағдай; ересектердің бала проблемасын
дұрыс түсінбеуі; баланың өз-өзіне
сенімділігінің жетіспеуі; көшенің, ортаның және
құрдастарының жағымсыз әсері; өзіне назар
аударту тілегі; ата-аналардың
үнемі қолының бос болмауы; баланың интеллектуалды
дамуының әлсіздігі; қарапайым әлеуметтік дағдылардың
жоқтығы (мысалы, құрдастарымен
қарым-қатынасқа түсе алмауы); бос уақыттың
көп болуы, баланың әлеуметтік өмірге араласпауы,
отбасының тұрақсыздығы және төмен
материалдық жағдай.
Девиантты
қылықтың келесі топтамасын ұсынуға болады: Психикалық
денсаулық нормасынан ауытқушылық, яғни адамда
анық немесе тұйық түрдегі психопатологияның бар
болуы (бұл топқа астениктер, шизоидтар, эпилептоидтарды)
қосуға болады. Әлеуметтік патологияның
әртүрлі формаларында көрінетін - ішімдікке салыну, есірткі
қабылдау, жезөкшелік және т.б. адамгершілік нормалардан
ауытқушылық кейде қылмыс формасында да көрінеді.
Жеткіншектерді құрметтеу, оларға көмектесу, өзін-
өзі бағалау сезімін дамыту және қажетті деңгейде
пайдалы кеңестер беру - жас тұлғасының жақсы адам
қатарына қосылуына көмектеседі. Жеткіншектерден жақсы
қылық талап ететін болсақ, ол онымен жақсы болмайды.
Керісінше оған жақсы жағдай, адал қарым-қатынас
жасайтын болсақ, онда ол жағымсыз әсерге қарсы
тұра алады[2].
Девианттық мінез-құлық әлеуметтенудегі девиантты мінез-құлық
тұжырымдамасын қалыптастырған француз әлеументтанушысы Эмиль Дюркгейм. Ол әлеуметтік девиацияны
түсіндіру үшін аномия тұжырымдамасын ұсынды. «Аномия» термині француз тілінен аударғанда
ұжымның, заңның болмауы. Ал, Роберт Мертон
мінез-құлық ауытқушылығының себебін
қоғамның мәдени мақсаттары мен оған
жетудің әлеуметтік мақұлданған жолдарының
арасындағы үйлеспеушілік деп түсіндіреді.
Девиацияны зерттеуші
көптеген ғалымдар девиантты мінез-құлықтың
пайда болу факторларын түрліше түсіндіреді. Олар: жанұяда
берекенің болмауы; ата-ананың «ерекше»
қамқорлығы; тәрбие берудегі кемшіліктер; өмірде
кездесетін қиыншылықтар мен күйзелістерді жеңе алмау; өмірлік
дағдының болмауы, айналысындағы адамдармен,
құрбыларымен жарасымды қатынасқа түсе алмауы;
сырттан келген қысымға төтеп бере алмау, өз бетінше
шешім қабылдай алмау, сынаушылық ойды дамыта алмау; психоактивті
заттарды жиі пайдалануы; агрессиялық жарнаманың ықпалды
болуы; мектептерде психологиялық көмек көрсету
қызметінің нашар дамуы; балалар мен жасөспірімдердің
бос уақытының проблемалары [3].
Кейбір авторлар
негізгі бес факторды бөліп қарастырады. Оларды жекеше қарастыратын болсақ: Биологиялық факторлар
- баланың әлеуметтік бейімделуіне кедергі жасайтын физиологиялық және анатомиялық жағымсыз ерекшеліктер. Оларға
мыналар жатады: ұрпақтан-ұрпаққа берілетін немесе
ананың жүкті болғанда дұрыс тамақтанбауы, арақ-шарап, нашақорлы заттарды пайдалануы, темекі тартуы, ананың физикалық, психикалық т.б.
сырқаттары себеп болатын генетикалық факторлар: ақыл-ой дамуының
бұзылуы, есту, көру кемшіліктері, жүйке жүйесінің
зақымдауынан пайда болған денедегі кемшіліктер. Психофизиологиялық факторлар: психофизиологиялық күш, дау-жанжал, келіспеушілік
жағдайлар, адам организмдеріне кері әсер ететін,
қоршаған ортаның химиялық
құрамы, соматикалық, аллергиялық, токсикалық ауруларға душар
ететін энергетикалық технологияның жаңа түрлері; Физиологиялық факторлар: сөйлеу дефекттері, адам бойындағы соматикалық
кемшіліктер.
Психологиялық
факторлар. Бұған баладағы психопатологиялар мен
мінездегі кейбір қасиеттердің басым болуы т.б. жатады. Бұл
ауытқушылықтар жүйелік-психикалық ауруларда,
психопатияда, неврастенияда т.б. көрінеді. Акцентуациялық
сипаттағы мінезді балалар өте ашушаң, дөрекі болады.
Оларға міндетті түрде әлеуметтік-медициналық
реабилитация, сонымен қоса, арнайы ұйымдастырылған
тәрбиелік жұмыстар жүргізу керек. Баланың әрбір
даму сатысында, олардың психикалық қасиеттері,
тұлғалық және мінездегі ерекшеліктері қалыптасып,
дамып отырады. Бала даму барысында әлеуметтік ортаға бейімделуі
немесе керісінше бейімделмей, жатсынып кетуі мүмкін. Егер, балаға
ата-ананың жылуы, махаббаты, ықыласы жетіспесе, онда, ол
ата-анасынан шеттеніп кетеді. Шеттену - невротикалық реакциялар,
қоршаған ортамен қатынастың бұзылуы,
сезімдік тепе-теңсіздік
және суықтық, ашуланшақтық, психикалық
аурулар және психологиялық патологиялар сияқты жағымсыз
мінез-құлықтың пайда болуына жол ашады. Егер, балада
адамгершілік құндылықтар қалыптаспаса, онда, ол пайдакүнемдік, қанағатсыздық, зорлаушылық, дөрекілік т.б. сияқты
жағымсыз қасиеттерге бейім тұрады.
Әлеуметтік-педагогикалық факторлар.
Олар мектептік, отбасылық, қоғамдық тәрбиедегі
кемшіліктердің нәтижесінде, баланың оқудағы
үлгермеушілігіне байланысты. Мұндай балалар көбінесе мектепке
дайындығы жоқ, үйге берілген оқу тапсырмаларына
және бағаларға парықсыз қарайтындар.
Бұның бәрі баланың оқудағы бейімсіздігін
көрсетеді. Баланың психоәлеуметтік дамуындағы
ауытқушылықтардың негізгі факторы - ата-ана. Баланың
бойындағы асоциалды мінез-құлықты қалыптастыратын
отбасы қатынасының бірнеше жағымсыз стилдері бар: дисгармонды стиль - бір жағынан ата-ана баланың барлық тілектерін
орындайды, үлкен қамқорлық жасайды, екінші
жағынан конфликті жағдайларға баланы итермелейді; тұрақсыз, конфликті стиль - толық емес отбасындағы,
ажырасу кезіндегі, ата-ана мен балалар бөлек тұрған
жағдайдағы тәлім-тәрбиелік кемшіліктерден туындайды; асоциалды стиль - ата-ананың арақ ішуі, нашақор заттарды
пайдалануы, криминалды іс-әрекет, аморальді өмір сүру
жағдайы, отбасылық қаттыгездік, зорлаушылық жатады.
Балаға көрсетілген қатыгездік қатынасқа
жататындар: қинаушылық, физикалық, эмоционалды,
жыныстық зорлық-зомбылық. Қатыгездік үйде,
далада, мектепте, балалар үйлерінде, ауруханада көрсетілуі
мүмкін. Мұндай іс-әрекетке душар болған балалар
қалыпты түрде даму көрмей, қоршаған ортаға
бейімделе алмай қалады. Соның әсерінен, бала өзін
жаман, керексізбін деп сезінеді. Баланың қаттыгездікке жауап беру
түрі баланың жасына, тұлғалық ерекшелігіне,
әлеуметтік тәжірибесіне байланысты. Психикалық реакциялардан
басқа (қорқыныш, үрей, ұйқының
бұзылуы, тәбеттің болмауы т.б.) балалардың
мінез-құлқы да өзгереді: агрессия жоғарылайды, төбелескіш,
өзіне сенімсіз, ұялшақ, өзіне деген бағасы
өте төмен болады. Зерттеулерге қарағанда,
зорлық-зомбылықты көп көрген балалар өскенде
зорлаушы рөлінде болуды қалайды[3].
Әлеуметтік-экономикалық факторлар.
Әлеуметтің теңсіздігі, қоғамның кедей
және бай болып бөлінуі, жұрттың кедейленуі,
жұмыссыздық, инфляция, әлеуметтік кернеу, т.б.
Моралді-этикалық факторлар. Қазіргі
қоғамның адамгершілік қасиеттерінің деңгейі
төмен болуы, рухани құндылықтардың
бұзылуы. Девиантты мінез-құлықты
балаларды түзету күрделі әрі қиын әрі
ұзақ процесс. Оны іске асыруда көп шыдамдылық пен
белсенділік қажет. Қазіргі, осы саладағы әлеуметтік,
педагогикалық талаптар мен жүзеге асырылып жатқан
тәжірибелер негізінде, бұл саладағы тәрбие міндеттерін
жүзеге асыруда мынадай шарттарды орындау қажеттігі туады:
·
балаға ілтипатпен, ізгі тілектестікпен қарау;
·
оның жағымды қасиеттеріне сүйену;
·
оның адамгершілік күшіне, потенциалды
мүмкіндіктеріне сену;
·
оқушыларды салауатты өмір салтын
қалыптастыру үшін жасалған жалпы білім беретін
бағдарламаларды тиімді пайдалану;
·
салауатты өмір салтын қалыптастыруға,
қауіпсіз тіршілік етуге бағытталған тәрбиелік
бағдарламаларды ұштастыра пайдалану;
·
девиантты мінезге ие балалардың білім алуы мен бос
уақытын пайдалы іс-әрекеттермен өткізу жолдарын
қарастыратын жаңа кешенді бағдарламалар құру.
Девиантты мінез-құлықты балалармен тәрбиелік жұмыстарын жүргізуде римдік философ
Сенеканың:
«әрбір адам өмірінің тек кейбір жақтарын ойлап
талдайды, бірақ ешкім жалпы өмір туралы ойланбайды» деген
ой-пікіріне сүйене отырып, девиацияға коррекция жасаушы әрбір
маман ұстаз, баланың тек кейбір мінездік кемшіліктерін
түзетіп қана қоймай, оларды, қоғамдық
өмірдің талаптарымен ұштасқан дұрыс
қарым-қатынас жолына қайтып әкеліп, ары қарай
қалыптаса дамуына, әлеуметтенуіне көмектесуі қажет.
Бұл педагогикалық іс-әрекеттер мазмұны,
қоғам өмірінде бекіген адамгершілік
қадір-қасиеттер мәнімен, талаптарымен тікелей байланыстыра,
адамдар арасындағы қарым-қатынастар нормаларымен
ұштастырыла жүзеге асырылғанда, балалар бойында девиантты
мінез-құлықтың өріс алмауына және
оларды мектеп қабырғасынан бастап әлеуметтендіруге
мүмкіндік жасалады[2].
Қорытындылай
келе, девиантты қылықты жасөспірімді қазіргі
таңда үйде ата-ана, мектепте ұстаздар және психолог
жіті қадағалап, бақылауда ұстауымыз қажет. Мектептегі
балалардың бойынан осындай қылықтар байқалған
кезде, көп көңіл бөліп қолға алуымыз керек.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1.Змановская
Е.В. Девиантология (Психология отклоняющегося поведения).- М., 2004. -12 б.
2.Джаманбалаева
Ш.Е. Социология девиантного
поведения.-Алматы: КазГУ, 1999.-127б.
3.Менделевич
В.Д. Психология девиантного поведения.- Санкт-Петербург,
2005.-79б
Статья посвящена исследованию отклонений в
психолого-социальном развитии подростков. Девиантное
поведение является следствием применения административного наказания в
результате частых правонарушении. Девиантное поведение различается как
физиологическое и патологическое. Подростки с девиантным поведением должны
находиться под наблюдением родителей, учителей и психолога.
The article is devoted to the research of deviations
in psychological and social development of teenagers. Deviant behavior is the
consequence of using administrative punishment because of crimes. Deviant behavior differentiates as
physiological and pathological one. Teenagers with deviant behavior should be
in the attention of parents, teachers and psychologists.