рталық Азия - тағдыры ортақ халықтар мекендейтін бүтін бір аймақ

 

Рахымжан Қ М. Әуезов атындағы ОҚМУ, магистрант

Шымкент қ.

Өткен тарихымыздың сабағынан ұрпақ үйренеді, жамандығынан жиренеді. Неге солай болды деп, ойланып ұғынбасақ, себеп – салдарына үңілмесек, көңілге мықтап тоқымасақ, кешегі халқымыздың басына түскен қасіретті оқиғалардың қайталанбасына кім кепіл? Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялануының мән-мақсаты да осында.

            Бүгінгі Қазақстан халқы азат, тәуелсіз елге айналды. Ол қазақ жұртының ғасырлар бойғы арманы еді. 22 жыл ішінде Қазақстан Республикасы ғасырларға тән сан-саналы өзгерістерді басынан кешірді. Дүниежүзіне өзімізді бейбіт сүйгіш, еркін ел ретінде танытып үлгердік. Алайда, өзгеге таныту үшін өзімізді тану қажеттігін билігімізді нығайтып, шаруамызды қолға алғанда барып түсіндік. Тәуелсіздіктің аспаннан салбырап түспегендігін, ұзақ жылдардағы ұлт-азаттық күрестің заңды нәтижесі болғандығын өскелең ұрпақтың мықтап есінде ұстағаны жөн деп ойладық. Өйткені тарихымызға көңіл қойып, зерделеу осындай мақсаттардан туындап отыр.

            Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев  2005 жылғы (16.02.2005) жолдауында: «Біздің алдымызда таңдау тұр: бірі - әлемдік экономиканың мәңгілік шикізаттық шылауы болып қалу, екіншісі тағы бір империяның келуін күту немесе Орталық Азияның барынша интеграциялануына қарай қадам жасау... Бұдан былайғы интеграциялануымыз – біздің өңіріміздің тұрақтылығына, прогреске, экономикалық және әскери-саяси тәуелсіздікке апаратын жол... Мен Орталық Азия елдері Одағын құруды ұсынамын... Біз осылай жасағанда ғана өзіміздің әрқашан бірге болуымызды аңсаған арғы ұлы бабаларымызға лайық бола аламыз»- деген болатын.

            Орталық Азия – Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде бұрынғы Орта Азия республикалары мен Қазақстан аумағында пайда болған геосаяси кеңістік. Геоаймақ ресми түрде 1993 жылы 4 қаңтарда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан Республикалары президенттерінің Ташкент қаласында өткен саяси, экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөніндегі басқосуында бекітілді. «Орталық Азия» болып аталуы – жер аумағының Еуразия құрлығының ортасында орналасуына және бұл елдердің тарихы, діні мен тілі, салт – дәстүрлері мен әдет-ғұрып, мәдениеті мен шаруашылығындағы жақындықтар, ұқсастықтардың көп болуына байланысты.

            Орталық Азия жөнінде әлемдік тарихта өркениеттік тәжірибенің аса бай өңірі ретінде пікір қалыптасқан. Ең кем дегенде бір жарым мың жылдық мезгіл әлем Орталық Азияның ықпалын анық сезінді. Б.э. алғашқы мың жылдығының кезіндегі «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» оның этникалық, саяси-экономикалық және мәдени салдары, Шығыс және Батысты жалғастырған трансконтиненталды маршрут «Ұлы Жібек жолы», Аттила өнегесін еске салатын Шыңғыс қолдарының батысқа жорығы, Әмір Темір империясы Орталық Азия тарихының аса күрделі сипатын аңғартса керек.

            Орталық Азия елдерінің талдауға берілетін мыңдаған жылдық тарихи тәжірибесінен мына жағдай анық байқалады: аймақтағы халықтар түрлі тарихи кезеңдерде өздерінің болашақ тағдырына қатысты ортақ мәселелерін бірге шешуге ылғи да күш салып отырған. Мәселен, тек соңғы екі ғасырда ғана ондай тарихи ситуациялар ХІХғ.50-60 жылдары, ХХ ғасырда екі рет, қайталанып отыр. Бұдан шығатын қорытынды: «Орталық Азия» жай географиялық кеңістік немесе ұғым ғана емес, ол этникалық, саяси, мәдени және экономикалық тұрғыдан ішкі тұтастығымен ерекшеленетін, тағдыры ортақ халықтар мекендейтін бүтін бір аймақ, нақты тарихи шындық.

            Енді біз өткен б.э.дейінгі тарихты ақтармайақ, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі жағдаяттарға тоқталып өтейік.

            Орталық Азия елдерінің тұтастығы идеясының қайта жаңғыруы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне тұс келеді. Бұл идея біріншіден, басым бөлігі түркі мұсылмандарынан тұратын халықтардың зиялыларының екі бірдей буынының (патшалық билік тұсында қалыптасқан және кеңестік билік жағдайында қызметке араласқан) қызметіне арқау болса, екіншіден, сол бұрынғыдай кең географиялық кеңістікте көрініп, яғни, батысында Еділ мен Жайық бойы, шығысында қазақ даласы мен қырғыз Алатауы аралығындағы халықтарды қамтыды.

            Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығы идеясы туралы айтқанда 1917 жылы қарашада Қоқан қаласында болып өткен ІV өлкелік мұсылмандар съезді Түркістан өлкесін Ресей империясы құрамындағы автономия деп  жариялады. Бұл өлке халықтарының саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының нақты көрінісі болатын. Большевиктер билігі жергілікті халықтардың мұндай табиғи талабымен есептескен жоқ. Қоқанда өмірге келген үкіметті «буржуазиялық» билік жариялап, өлке тарихына Кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлім етті.

            Орталық Азия халықтарының тұтастығы және азаттығы идеясы кеңестік билік тұсында да саясат сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Жаңа  саяси жағдайда оны іске асыру ісінде Мирсаид Сұлтанғалиев және Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлер белсенділік танытты. Бұл қайраткерлер Орталық Азия халықтарын ұлттық ерекшеліктері негізінде жеке республикаларға бөлшектеу ұстанымына ашық қарсылық көрсетті. Олар Түркістан өңірін «қырғыз (қазақ), өзбек, түркімен, қарақалпақ, қыпшақ, татар, тараншы (ұйғыр), дұнған және т.б. сондай-ақ түркі тұқымдас емес тәжіктер мен түздік еврейлерді қоса отырып, олардың ортақ отаны жариялауды ұсынды. Сондай-ақ кеңестік Түрік Республикасы құрамына өткісі келетін жаңа республикаларды кедергісіз қабылдауға мүмкіндік туғызуды талап етті».

            1920 жылы қаңтар айында Ташкентте болып өткен Түркістан большевиктер партиясының мұсылмандар бюросының үшінші төтенше конференциясының талқысына түсіп, қабылданған бұл тезистер кеңестік орталық билік тарапынан қолдау таппады. Ал Орталық Азия елдері тұтастығы платформасында тұрған М.Сұлтанғалиев, Т.Рысқұлов және басқа қайраткерлер саяси репрессия құрбаны болды.

            ХХ ғасырдың басында жаңа серпін алған Орталық Азия халықтарының тұтастығы және азаттығы идеясына империялық күштер тарапынан тағы да түрлі тосқауылдар қойылды. Сөйтіп, Ұлы идеяны іске асыру мүмкіндігі тағы да кейінгі мерзімге, болашақ ұрпақтрдың үлесіне қалдырылды. Тарихи шындық солай.

Дегенмен, бір мәселенің басы ашық. Орталық Азия кеңістігін өздерінің тарихи отанына айналдырған елдердің тұтастығы және еркіндігі идеясының өмірге келуі біздің  эрамызға дейінгі мыңжылдықтың ортасына тұс келеді. Ал бұл идеяның өмірге келіп, түрлі сындардан өтіп, қоғамдық шындық ретінде орнығуы Орталық Азия халықтарының Персия, Қытай, Грек, Араб халифаты, Моңғолдар империясы, Ресей сияқты мемлекеттермен қатынас барысында мақсатты түрде өздерінің табиғи мүдделерін қорғау әрекетімен тікелей байланыста жүрді. Басқаша айтқанда, Орталық Азия елдерінің бірлігі идеясы өңір халықтарымен бірге өмірге келіп, түрлі тарихи сындар тезінен өткен аса маңызды өміршең құбылыс. Түрлі қиындықтарға қарамастан, оны жалғастырушы нақты күш өңір халқы.(1)

Сонымен, Орталық Азия елдерінің бірлігі идеясы бұл тарих қойнауынан бастау алатын, өмірлік қажеттіліктен туындаған және өңір халықтарының қоғамдық өмірінде бүгінде өз орны бар шынайы құбылыс. Ол әсіресе өтпелі, күрделі қоғамдық өзгерістер кезеңінде өзінің өзектілігін ылғи да танытып отырды. Міне, сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Орталық Азия елдерінің одағын құру жөніндегі ұсыныс тарихи-мәдени негізі анық, өңір халықтарының тарихи тағдырына тікелей қатысы бар өзекті мәселе ретінде қабылдауға әбден лайық. 

 

 

Әдебиеттер тізімі:

1.      М.Қойгелдиев. Отан тарихы, 2006, №4

2.      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев  2005 жылғы (16.02.2005) жолдауы