Хамбар Бибігүл

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің

магистранты, Астана қаласы (Қазақстан Республикасы)

 

Ақпарат саласындағы стратегиялық мақсаттар

 

Қазіргідей ақпараттық технологияның қарқынды дамыған шағында заманауи дүниені еркін игерген елдер бәсекеге қабілетті, қай салада болмасын озық екендігі белгілі. Осыны ескерген еліміз соңғы жылдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуға айрықша басымдық беруде. Соңғы онжылдықта ақпарттық және коммуникациялық технологиялар (келесіде - АКТ) қоғамда мықты позициялар алып отыр, олар тек халықтың күнделікті өміріне ғана емес, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік бүкіл салаларына кіріп отыр.

Ақпараттық қоғамның маңыздысы болып келетін ақпараттың, білім мен технологияның рөлі шапшаң өсіп келеді. Ақпараттық қоғам дегеніміз – ақпарат, білім және ақпараттық технологиялардың қоғам өмірінде рөлінің өсуі тән, қоғамның және экономиканың даму кезеңі; информациялық технологияларда, коммуникацияларда және ақпараттық өнім және қызмет өндіруінде адамдар санының өсуі, жалпы ішкі өнімде олардың үлесінің өсуі; қоғамды телефония, радио, теледидар, Интернет желісі, сонымен қатар дәстүрлі және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттандыру өсіп келуі; адамдардың тиімді ақпараттық өзара іс-әрекетті, әлем ақпарат ресурстарына қол жеткізуді қамтамасыз ететин және олардың ақпараттық өнімдерде және қызметте қажетілігін қамтамасыз етеді; электрондық демократияның, ақпараттық экономиканың,электрондық мемлекеттің, электрондық үкіметтің, сандық нарықтардың, электрондық әлеуметтік және шаруашылық жүйелердің дамуы.

Әлемде төмендегідей үрдістер байқалады: барлық қоғамдық институттардың және АКТ әсерінен адами қызмет салаларының өсуі; әзірлеудің, өндірістің және жаңа технологияны енгізу барлық салаларындағы үдеріс; елдiң ақпараттық ортаны қалыптастыруға, әлеуметтiк-экономикалық қолайлы міндеттерді алға қойып дамуы; халықтың ақпараттық ресурстарға бірдей кепілдік қол жеткізуін қамтамасыз ету; халықты, қоғамдық институттар, бизнес және мемлекеттік билік органдарының барлық деңгейлерін ақпараттық қоғамда өмір сүруге дайындау.

Алдыңғы қатарлы елдердің көбісінде, мысалы, Канада, Корея, Малайзия, Сингапур, США, қоғамда толығымен стратегиялар және кешенді ақпараттық даму бағдарламасы дайындалып, жүзеге асырылады. Кеңестен кейін құрылған мемлекеттердің де одан айырмашылығы жоқ. Мысалы, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикаларының ұзақ мерзімді ақпараттандыру облысында стратегиялары ақпараттық қоғамды құру және әлемдік ақпараттық бірестікке кіруге бағытталған.

Қазақстандағы ақпараттық саланы дамыту саясаты стратегиялық және бағдарламалық құжаттар арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық жүйені басқару жүрілетін негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға төмендегілер жатады: «Қазақстан-2050» Стратегиясы; Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары; «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы; Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары; «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының стратегиясы және даму жоспары. Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында 10 стратегиялық мақсат қарастырылған [2].

Стратегиялық мақсаттардың орындалуына жасалған талдау Қазақстан Республикасын 2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарында қарастырылған стратегиялық мақсаттар ойдағыдай орындалып келе жатқанын көрсетеді. Ақпараттық жүйенің дамуы электрондық үкіметтің дұрыс жолға қойылуына тығыз байланысты. Осыған байланысты Стратегиялық жоспарда «Электронды үкімет» және «электронды әкімдіктер» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 50% кем емес әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді электронды формаға ауыстыруды қамтамасыз ету жөнінде стратегиялық мақсат қарастырылған.

2012 жылғы жұмыстардың қорытындысы бойынша 31 әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің ішінен төмендегі 19-ы немесе 61,2% автоматтандырылды және «электронды үкімет» порталына шығарылды. Жекеленген мемлекеттік ұйымдар атқарған шараларға жасалған талдау мемлекеттік органдардың әртүрлі деңгейде орындап келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік органдар электрондық үкімет бойынша көрсететін қызметтері төменде көрсетілген.

Қазақстан Республикасы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі: әлеуметтік жеке код беру (телнұсқасын беру); бала тууға және бала күтіміне жәрдемақы тағайындау; жұмыссыз азаматтарды тіркеу және тіркеуге алу; жергілікті өкілдік органдардың шешімі бойынша жеке санаттағы мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек тағайындау; жұмыспен қамтудың белсенді формаларына қатысу үшін тұлғаларға жолдама беру.

-  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі: мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жолдама беру үшін мектепке дейінгі жастағы балаларды (7 жасқа дейін) кезекке қою.

-  Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі: баланың тууын тіркеу; жылжымайтын мүліктің жоқтығы (бар болуы) туралы анықтама беру; жылжымайтын мүлікке тіркелген құқық (ауыртпалық) және оның техникалық сипаттамалары туралы ақытама беру; заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) және оның филиалдары мен өкілдіктерін есепті тіркеу.

-  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі: дәрігерді үйге шақыру; дәрігердің қабылдауына жазылу; алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға бекіту.

-  Қазақстан Республикасы жер ресурстарын басқару агенттігі: жер теліміне кадастрлық ақпарат ұсыну.

-  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі: Қазақстан Республикасы азаматтарына төлқұжат, жеке куәлік беру; Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты орны бойынша тіркеу/ҚР азаматтарын тұрғылықты жері бойынша есептік тіркеуден шығару; азаматтарға Ауыл шаруашылығы министрлігі беретін куәліктерден басқа жүргізуші куәліктерін беру; Қазақстан Республикасына уақытша келген шетел азаматтарын және азаматтығы жоқ тұлғаларды тіркеу.

-  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі: жеке кәсіпкерді, жеке нотариусты, жеке сот орындаушысын, адвокатты есепті тіркеу.

Жалпы алғанда, стратегиялық мақсаттарды орындау аясында төмендегідей нәтижелерге қол жеткізіліп отыр: жергілікті телефон байланысын цифрлау деңгейі 97,16%, ауылдық жерлерде - 96,8% құрады; бекітілген телефондық байланыс желісінің тығыздығы 100 тұрғынға 26,2 құрады; ауылдық жерлерде 100 тұрғынға 15,7 құрады; абоненттердің интернет желісіне қосылған көпшілік қолданатын жазықтықаа кіру тығыздығы 100 тұрғынға 9,6 құрады; интернет пайдаланушылардың тығыздығы 100 тұрғынға 62,8 құрады; интернет пайдаланушылардың тығыздығы 100 тұрғынға 62,8 құрады; ауылдық елді мекендерде, әмбебап байланыс қызметтерімен қамтамасыз етілген абоненттер саны - 1 052 220 абонентті құрайды; салынған және жаңартылған ауылдық пошта байланысы бөлімдерінің саны арту қортындысымен – 264 бірлік [5].

Елдің стратегиялық мақсаттарын іске асыруға мемлекеттік ұйымдар ғана емес, квазимемлекеттік сектор да белсенді қатысып келе жатқанын атап өткен жөн. Айталық, жоғарыда аталған көрсеткіштерге қол жеткізуде «Қазақтелеком» Акционерлік қоғамының үлесі зор. 2013 жылы «Қазақтелеком» Акционерлік қоғамда телекоммуникация желілерін дамыту және жаңғыртуға бағытталған 39 жоба аяқталған. Осы жылғы инвестицияның жалпы көлемі 41 миллиард теңгені құрады. Жобаларды жүзеге асыру келесі негізгі бағыттар аясында іске асырылды: Стратегиялық жобалар: «Қазақтелеком» АҚ FTTH (Fiber to the Home) желілерінің құрылысы», «4G LTE стандартты байланыс желісін енгізу және оның құрылысы»; Магистраль желілерін дамыту; WLL CDMA 450 ауылдық байланыс желісінің құрылысы; Қазақстан Республикасында IPTV енгізу; Жергілікті желілерді жаңғырту және дамыту.

2013 жылы коммуникациялық жүйе құрылғыларының (ары қарай - КЖҚ) желілері 258 мыңнан астам портқа, оның ішінде 181 мыңнан астамы талшықты-оптикалық қатынау технологиясы бойынша кеңейтілген. ҚР Индустрияландыру картасына кіретін стратегиялық жобаның 3 кезеңі, «Қазақтелеком» АҚ FTTH (Fiber to the Home) желілерінің құрылысы» аяқталды. Барлығы GPON 181 мың порты енгізілді, Астана және Алматы қалаларында, облыстық орталықтарда, сондай-ақ облыстық мәні бар қалаларда талшықты-оптикалық абоненттік қатынау желісінің құрылысы жалғасуда [4].

Сондай-ақ, стратегиялық мақсаттардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы дайындалып, іске асырылуда. Көптеген дамыған және дамушы елдер ақпараттық коммуникациялық технологиялардың әлеуметтік және экономикалық барлық салаларда кеңінен қолданылуына ерекше мән бере бастады. Өйткені ақпараттық коммуникациялық технологиялар елдің тұрақты бәсекеге қабілеттілігін құру құралдарынан біріне қызмет етеді. Олай болса, «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы өміршеңдігіне күмән жоқ. Бағдарламаның басты міндеттері отандық ақпараттық кеңістіктің дамуы, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы үшін ақпараттық ортаны құру, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының қол жетімділігі, ақпараттық технологияларды енгізу арқылы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін жоғарлатуға қолдау көрсету болып табылады.

Әйтсе де, бағдарлама мазмұнына жасалған талдау ондағы белгілі кемшіліктерді анықтауға мүмкіндік берді. Бағдарламаның алға қойған мақсаттары мен міндеттері нақты емес. Осыған байланысты бағдарламалық мақсаттарды келесі түрде көрсету ұсынылады:

1) мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға қолдау көрсету;

2) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының қол жетімділігін қамтамасыз ету;

3) қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына арналған ақпараттық ортаны құру;

4) отандық ақпараттық кеңістікті дамыту.

Сондай-ақ, аталмыш бағдарламада 82 мақсатты индикатор қарастырылған, яғни индикаторлар санының өте көп екенін байқауға болады [3]. Сондықтан индикаторлар құрамына талдау жүргізіп, оларды мақсаттары бойынша бөліп, санын азайту керек деп санаймыз. Бұл бағдарлама тиімділігіне бағаберуді жеңілдетеді.

Сонымен қатар индикаторлардың әр жылға жоспары көрсетілмегенін де айта кеткен жөн. Сондықтан көрсеткіштердің жоспары мәндерін әр жылға сай анықтау ұсынылады.

Бағдарламада анықталған біршама кемшіліктерге қарамастан, жалпы ақпарат саласындағы стратегиялық мақсаттарға жасалған талдау Қазақстандағы байланыс саласы қарыштап дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұған айғақ, ID TV, ID Net, ID Phone сынды жаңа санды технологиялардың нарыққа жалпылай айтсақ байланыс саласына келгені.

Әйтсе де, ақпарат әр секунд сайын жаңарып отыратын заманда байланыс және ақпараттандыру саласында қызмет ететін компания жаңа технологияларды енгізіп қана қоймай, жатталып қалған ескі технологиядан арыла білу қажет.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. «Қазақстан-2050» Стратегиясы

2. Қазақстан Республикасын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары

3. «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы

4. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының ресми сайты. - www.telecom.kz

5. ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің ресми сайты. - www.mtc.gov.kz