ӘОЖ 371.13:37.013.2:37.01

СТУДЕНТТЕРДІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ МЕН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

 Омарбекова  Ғалима

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, магистрант

Ғылыми жетекшісі:      п.ғ.д., профессор Ш.М.Майгельдиева

 

    Жаңа қоғам мұғалімі – ол рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, жан-жақты білімді, кәсіби құзыретті, өз теориялық білімін практикада әр түрлі педагогикалық технологиялармен жүзеге асыра алатын өз маманының шебері бола білуі қажет.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев  «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемелекет болу үшін біз сауаттылығы  жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет», -  деп атап көрсетті [1].

12 жылдық білім беру бағдарламасына көшудің де мақсаты: Өзінің және қоғамның мүддесінде өзін-өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілетті және құзыретті, шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру[2].  

Өмір тәжірибесі көрсеткендей,   жастардың көпшілігі  қажетті білім мен шеберлік деңгейіне жетудің қарапайым принциптерін ұштастыра алмай, түпкі мақсатқа қол жеткізе алмай шектеліп қалып жүр. Жоғары оқу орнындағы  білім  саласында білімді өздігінен ізденіп,  жаңа білімін пайдалануды дұрыс ұйымдастырып, өзін-өзі бақылай алатын шебер маманды жоғары санатты ұстаздар ғана дайындайды.  Мұның бәрі акмеология ғылымына сүйене отырып, кезең-кезеңімен жас маманды нәтижеге баулуда, оны даярлық сатыларынан өткізу кезінде біртіндеп қалыптасуы тиіс. Кәсіби білім алуды қамтамасыз ету, кәсіби білім берудің сапасын арттыру оқытушылардың кәсіби құзыреттілігі мен педагогикалық шеберлігіне тығыз байланысты.

Белгілі психолог А.К. Маркова «Кәсіптік психология» атты еңбегінде кәсібилік ұғымына кәсіби адам деп кәсіби іс-әрекеттер нормаларын меңгерген, кәсіптік қарым-қатынасты жоғары дәрежеде жүзеге асыратын, кәсіби шеберлікке ұмтылатын және қол жеткізген, кәсіптік этиканы сақтайтын, кәсіптік құралдар арқылы өзінің жеке тұлғалық қасиеттерін өзгертетін және дамытатын, кәсібіне шығармашылық үлес қосуға ұмтылатын, кәсіптік тәжірибелерін үнемі байытатын, өзінің кәсіптік нәтижелерімен қоғамды қызықтыратын және соған ұмтылатын, қоғамда өз кәсібінің  беделінің жоғарылауына үлес қосатын тұлғаны жатқызады [3].

Бүгінгі күні құзыреттілік ұғымын көбінесе шеберлікпен мағыналас деу ғалымдардың пікірлерінде жиі кездеседі. Біздің пікірімізше құзыреттілік шеберліктің жоғарғы сатысы.  

      «Құзіреттілік» ұғымы  бүгінгі күні оқыту үдерісінде білімді қолданудың  соңғы нәтижесі ретінде қарастырылуда. Оқыту үдерісінде «құзыреттілік» ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін, дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы. Оқыту үдерісі нәтижесінде қол жеткізетін құзыреттіліктер жөнінде әр ғалым  әр түрлі анықтамалар береді.

Г.Ж.Ниязова «құзыреттілік» ұғымына «Білім беру құзырлары - бұл студенттің мағыналық бағдарлары, білімдері, біліктіліктері мен тұлғалық және әлеуметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына қажетті нақты анықталған объектілер шеңберіне қатысты тәжірибелерінің жиынтығы» деген анықтама береді[4].

М.В.Рыжаковтың еңбегінде құзыреттілік ұғымы жан-жақты және толық талданған. Ғалым құзыреттіліктерге  төмендегідей анықтама береді:

- құзыреттілік ұғымы тек танымдық (когнитивтік) және технологиялық құраушы ғана емес, әрі мотивациялық, этикалық, әлеуметтік және мінез-құлықтық,  яғни, ол оқыту нәтижелерін (білім мен іскерлікті), құндылық бағдар жүйелерін, әдет және т.б. қамтиды.

- құзыреттілік – алынған білім, іскерлік, тәжірибе мен мінез-құлық (тәртіп) тәсілдерін нақты жағдайда, нақты іс-әрекетке жұмылдырудағы адамдардың қабілетін білдіреді.

- құзыреттілік ұғымында «нәтижеден» қалыптасатын білім мазмұны интеграциясының идеологиясы жатыр.

- құзыреттіліктер білім беру мекемесіндегі оқу үдерісінде ғана емес, ол әрі қоршаған ортаның әсерімен, яғни қалыпты, қалыптан тыс, калыпты емес білім алу жағдайында да қалыптасады. [5].

Қазіргі таңда 12 жылдық жалпы орта білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жобасында «Құзыреттілік - әрекеттің әмбебап тәсілдерін оқушы игеруі арқылы көрінетін білім беру нәтижесі» деп көрсетілген. Демек, құзыреттілік біріншіден, білім беру үрдісіндегі білім, білік, дағдылардың түпкі нәтижесін көрсетуі; екіншіден, нәтижеге бағдарлана берілген білімнің негізгі көрінісі; үшіншіден, шешуші құзыреттілік адам бойындағы сапалар мен іс- әрекетіндегі үйлесімділік[2].

 Қазіргі студент болашақ мұғалімнің кәсіптік құзыреттілігі - оның педагогикалық әрекетінің, педагогикалық қарым-қатынасының қалыптасуы және педагогикалық сана-сезім, мұрат, құндылықтар идеясын қолданушы мұғалім тұлғасын анықтайтын білім, білік және дағдының қажетті жиынтығын игеруі ретінде түсіндіріледі. Жоғары білім берудің мақсатында түйінді және пәндік құзыреттіліктерді кіріктіру  білім берудің базалық мазмұнында белгіленген білім беру салалары бойынша күтілетін нәтижелерді анықтау үшін негіз болып табылады. Түйінді құзыреттіліктер пәнаралық сипатта қабілет ретінде ең алдымен қалыптасады және оқу пәндері арқылы дамиды. Пәндік құзыреттіліктер білім беру салаларының  мәні мен орнын анықтайтын мақсат болып табылады және пәнаралық сипаттағы күтілетін нәтижелерді қарастырады, оқу пәндерінің мақсаттары мен міндеттерін айқындауға бағдар береді.  Құзыреттілік студенттердің кез-келген ақпаратты іс-әрекет барысында қолдана білу шеберлігіне бағыттайды. Шеберлік пен  құзыреттілік  бір-бірімен сабақтас жеке тұлғалық қасиеттер,  студенттің жеке тұлғалық қасиеттерін  қалыптастыруға арналған шығармашылық үлгі.

Педагогикалық шеберлік дегеніміз – жүйелі үрдіс, педагогикалық іс-әрекетте нәтижеге жеткізетін жол. Ол іс-әрекетке жаңа сапалық мазмұн береді, кәсіптік позицияны қалыптастырады.

         Педагогикалық кәсіптік шеберлікті дамыту міндеттері – педагогикалық білім бірлігі, педагогикалық кәсіпке бейімділігі, ситуацияларды меңгеру, балалардың психологиялық жағдайын меңгеру болып табылады.

            Жеке тұлғада кәсіпті игерудің жетер шыңы - кәсіби шеберлік. Бұл -субъектінің өзіне қажетті әрі түпкі қол жеткізетін мақсатына бағытталған іс- әрекетінің өзара біртұтас байланысы. Қызмет барысында субъектінің кәсіпті игеру қабілеттілігі, жеке таланты, дарындылығы басқа салалармен байланысты түрде  қарым-қатынасқа түсе отырып дамиды.

   Кәсіби шеберлікті жетілдіру акмеологиялық заңдылықтар негізінде іске асырылады.

Акмеология - кәсіби шеберлік шыңына жетудің жолдарын, оның заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Бұл - адамтану саласында жаңадан дамып келе жатқан жас ғылым саласы. Ол «акме» деген латын сөзінен алынған «шың» деген мағынаны білдіреді.

Осы тұрғыда студенттерді өзін-өзі тәрбиелеуге, білім алуға және бақылай білуге үйрету, қызықтыру,  кәсіби шеберлік шыңына жету үшін ересек адамдардағы түзету, жетілдіру және қайта құра алатын қасиеттерді тиімді пайдалана білуге дайындау қажет. Студенттердің өзін-өзі жетілдіруге кірісуі бірнеше міндетті орындау арқылы жүзеге асады:

- өздігінен кәсіби қызметке кірісу;

- кәсіптік қызметте ұжыммен араласу;

- бір қалыпты жұмыс ырғағына еніп, кәсіп шыңын игеруге кірісу;

- қызмет құрылымындағы жас ерекшеліктерді ескеру.

Кәсіби шеберліктің негізгі құрамдас компоненттеріне кәсіби білім жүйесі, білік, дағды, кәсіби қабілет және жеке тұлғалық психологиялық кәсіби қасиеттер жатады.

Шеберлік кәсіби қасиеттерсіз, сонымен қатар қажетті кәсіби білім мөлшері мен дағды, білік және икемділіктерсіз  қалыптасуы мүмкін емес.

 Кәсіби қызметтің сипаттамасына қарай маманның кәсіби біліктілігін, яғни шеберлігін  жетілдірудің 5 сатысы бар:

Оптация - адамның психофизиологиялық ерекшеліктеріне қарай кәсіби таңдауын қалыптастыру.

Кәсіптік білім беру - жеке тұлғаның кәсіби білім, білік және дағдыларын типтік үлгідегі әлеуметтік және кәсіби мәні бар қасиеттеріне қарай бағыттау арқылы жетілдіру.

Кәсіби бейімделу - өз бетінше кәсіби бағдар айқындауда игеруі тиіс әлеуметтік жаңа бағыт, яғни кәсіби қызмет дағдыларын үйренуге өз бетінше тәжірибе жинақтау.

Кәсібилену - кәсіби ұстанымды қалыптастыру, маңызды кәсіби қасиеттер мен дағдыларды ұштастыра білу, кәсіби қызметті жоғары біліктілікпен атқара алу.

Кәсіби шеберлік - жеке тұлғаның кәсіби қызметін жоғары шеберлік деңгейіне жеткізіп, шығармашылықпен жұмыс істей алу қабілетімен ұштастыруы, авторлық қызмет жүйесіне ену.

Осы аталған кәсіби біліктіліктердің ең жоғарғы шегі - кәсіпті игерудің түпкі мақсаты - кәсіби шеберлік деңгейіне жетіп, өз ісінің маманы атану.

Шеберліктің ең жоғары сатысы - өнер, шығармашылық.   Шеберлік іс-әрекет  тұлғаның жеке қасиеттері мен әрекеті ретінде жалпы және кәсіптік білім алу барысында қалыптасады. Шеберлік тәжірибе мен еліктеу арқылы қалыптасуы мүмкін. Педагогикалық шеберлік мұғалімнің кәсіби білім, дағды және біліктерін меңгерудің жоғарғы сатысын көрсетіп қоймайды, сонымен қатар бұл мұғалімінің қоғам талаптарына сай  білім беру мен тәрбиелеу жүйесінде жоғары дәрежеде әрекет жасауын да талап етеді.  

 Педагогикалық шеберлік – тәрбиелеу мен оқытудың жоғары және ұдайы жетілдірілуінен туған өнер. Шеберліктің негізінде мұғалімнің жеке мәдениеті, білімі мен ой-өрісі педагогикалық  техникамен, сондай-ақ, алдыңғы озық тәжірибемен ұштасып жатады,  нәтижесінде қорытынды шығады. Шеберлікке қол жеткізуде студенттің іс-әрекетін, сабақ барысындағы белсенділігін нәтижеге қол жеткізудің кепілі ретінде қараймыз.

Болашақ мұғалімдерді шеберлікке баулу, тәрбиелеу жоғары педагогикалық оқу орындарында ең алдымен жекелеген мамандыққа байланысты пәндерді меңгерумен қатар педагогиканы, психологияны, әдістемені оқуға байланысты жүзеге асырылды. Сондықтан да бұл пәндердің негізінде студенттерге жоғары кәсіптік мамандықты игеруді мақсат етіп қоюмен бірге, студенттердің бұл пәнді оқып үйренуге деген ынтасын арттыру керек. Болашақ мұғалімдерді шеберлікке баулу жалпы педагогтық мамандыққа баулып тәрбиелеудің орталық біріктіру аспектісі болуға тиіс.

Әдебиеттер тізімі:

1.      Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана,  14 желтоқсан, 2012ж.

2.      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті  білім беру стандарты. Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру Негізгі ережелер. 2009 ж.

3.      Маркова А.К. Психология профессионализма.-М: 1996.-309 стр.

4.      Ниязова Г.Ж. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану – кәсіптік білім мамандығы студенттерінің кәсіби құзырлылығын қалыптастырудың маңызды элементі. Педагогика  ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін    алу үшін дайындалған диссертацияның диссертациясы Алматы, 2008, 141 б.

5. Рыжаков М. Ключевые компетенции в стандарте: возможности реализации.                  Стандарты и мониторинг в образовании-1999-4-с.20