Құзыреттілік – шығармашыл тұлға
қалыптастыруға бағытталған
білім беру негіздерінің бірі
Қырықбаева Ж.М.,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университеті
Қырықбай К.М.,
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының
колледжі
Ныязбекова
К.С., п.ғ.к., Абай
атындағы ҚазҰПУдың доценті Kulyanda2009@mail.ru
famous-scientists.ru /11624/
Аңдатпа
Бұл мақалада бәсекеге
қабілетті дамыған мемлекеттің сауатты, кәсіби
тұрғыдан жан-жақты, рухани дүниесі бай
шығармашыл тұлғасын қалыптастыру үшін білім жүйесіндегі қазіргі заманғы
жоғары білімнің мақсаты мен басты стратегиялық
бағдары айтылған,онда білімге бағытталған
мазмұнды құзыретттілік, яғни нәтижеге
бағдарланған білім мазмұнына алмастыру қажеттілігі
көрсетілген.
Отандық
және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде
көрініс тапқан студенттердің кәсіби
құзыреттілік мәселелері
туралы пікірлері және оқыту үрдісіндегі
құзыреттілік ұғымына, терминіне берілген анықтамалар туралы
баяндалған.
Кілт сөздер: Құзыреттілік, құзыреттілік
тәсілі, шығармашылық тұлға,
дүниежүзілік білім беру кеңістігі, педагогикалық
үрдіс, «Білім туралы» Заң,
ұлттық, адамзаттық құндылықтар,
функционалдық сауаттылық, даралықты дамыту, нәтижеге
бағытталған іс-әрекет, халықаралық
ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу, интерактивті
әдіс, ақпараттандыру, педагогикалық технологиялық
әдіс, модульдік технология, концептуалды идея, логикалық ойлау, проблемалық жағдай жасау,
пәнаралық бірлестік.
Бүкіл
дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында
қазіргі кезде елімізде білімнің жаңа жүйесі
құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен
оқу-тәрбие жұмысында
өзгерістер енгізумен бірге, елімізде болып жатқан
түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша
қарауды, студенттердің шығармашылық қабілетін
дамытуды, іс-әрекетті жаңаша ұйымдастыруды талап етеді.
Сондықтан оқытудың
дәстүрлі жүйесінде білікті мамандар даярлайтын жалпы
оқу орындарының қазіргі мақсаты – әлемдік білім
кеңістігіне ене отырып бәсекеге қабілетті тұлға
дайындау. Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру
жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы
адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика
жетістіктері негізінде жеке адамды
қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпік
шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін
қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның
шығармашылық, рухани және күш-қуат
мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір
салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту
үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» деп атап
көрсетілген. Осы аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін
оқытудың жаңа технологияларын енгізу және оны тиімді пайдалану керек. Аталған
жолдар арқылы оқытушыға білім сапасын арттыру, оның мазмұнын байыту, оқу
үрдісін жетілдіру және жан-жақты дамыған, рухани
дүниесі бай шығармашыл тұлға қалыптастыру
мәселесін қойып отыр. Осындай тұлғаны
қалыптастыру, дамыту, яғни Ушинскийдің «Бала
балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа
құйып, қандай мүсін жасаймын десе де
мұғалімнің қолында» деген сөзі
ұстазға үлкен жауапкершілік арттырса, ал ғылыми
педагогиканың негізін салушы Ы.Алтынсарин мұғалімнің
қоғам алдында ролін қарапайым айта келіп, кезінде «...Салып
жатқан үйдің жақсы болуы, оның іргесін берік
және мықты қалануына байланысты болатыны сияқты, біздің
қолға алып отыратын ісіміз де, қазақ
мектептерінің бар келешегі көбінесе, істің қазіргі
басталуына байланысты. Сондықтан да мен қазір жақсы
оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат
көремін», – деген пікірі де мұғалімге қоятын талабы
ретінде естіледі. Олай болса, қазіргі
кезеңдегі оқытушының міндеті – оқытудың
шығармашылық сипатын күшейту және мақсатты білім беру.
Қазақстан әлемнің дамыған елдерімен дүниеде даралануы тек білімді,
жігерлі, сапалы білім алған, құзыретті,
бәсекелестіктің небір мықты істеріне төтеп бере
алатын жас ұрпақ арқылы жүзеге асады.
Ал ұрпақ тәрбиелеуде студенттерді
бүгінгі заманның талабына сай оқытудағы басты
мақсат: жан-жақты жетілген,
өз тарихының өткеніне
көз жүгіртетін, қоғамның даму үрдісіне
өзінше баға бере алатын ұлтжанды, патриот азаматын қалыптастыру.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Білім
және кәсіби машық – заманауи білім беру
жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі
бағдары. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу
үшін біз сауаттылығы
жоғары елге айналуымыз керек. Барлық жеткіншек
ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор
көңіл бөлу қажет», – деп атап көрсетті. Сондықтан
білім берудің мазмұнын жетілдіре отырып, үздіксіз білім беру
арқылы оларды кәсіби тұрғыдан жан-жақты жетілдіру
мәселесі бүгінде күн
тәртібіне қойылып отырғанын көріп отырмыз. Бүгінгі
күні «құзыреттілік» ұғымы оқыту үдерісінде білімді
қолданудың негізгі нәтижесі ретінде қарастырылуда.
«Қазақстан
Республикасындағы білім беруді дамытудың 2015 жылға дейінгі
тұжырымдамасында» қазіргі
заманғы жоғары білімнің мақсаты мен басты
стратегиялық бағдары айтылған,онда білімге бағытталған мазмұнды
құзыретттілік, яғни нәтижеге бағдарланған
білім мазмұнына алмастыру қажеттілігі көрсетілген.
«Құзыреттілік»
ұғымы бүгінгі
күні оқыту үрдісінде білімді қолданудың ақырғы нәтижесі ретінде
қарастырылуда. Оқыту үрдісінде «құзыреттілік»
ұғымы студенттердің білімі мен тәжірибесін,
дағдылары мен біліктерін белгілі бір мәселені шешуде қолдануы
болып табылады.
«Құзыреттілік»
терминін ХХ ғасырдың ортасында американдық ғалым Н.Хомский енгізген болатын, бастапқыда ол ана тілінде
нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет
қабілеттіктер деген түсінік берді.
Құзыреттілік –
студенттердің іс-әрекетін
меңгеруден көрінетін білім нәтижесі. Білім
мазмұнын жаңалау – негізгі мақсат болып табылады. Басты
мақсаттың бірі – білім игеру кезінде күтілетін нәтижеге
қол жеткізу. Негізгі бағыт оқытушы жеке
тұлғаға ауысады, яғни, жеке тұлға
бұрын білімді қабылдаушы рөлін атқарса, ал жаңа талап бойынша өздігінен
білім алушы, үйренуші ретінде
танылады. Сондықтан жеке тұлғаның бейнесін бүгінгі
заман талабына сай дайындауымыз керек. Бүгінде білім беру стратегиясын
«құзыретті білім беру» деп те атап жүр. Құзыреттілік
жеке тұлғаның танымы мен тәжірибесіне қатысты
нәрсе. Студенттердің
кәсіби құзыреттілік мәселелері туралы пікірлер
отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар
еңбектерінде көрініс табуда. Оқыту үрдісіндегі
құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі
анықтамалар берген.
Айталық, ғалым С.М.Вешниякованың
«Кәсіптік білім беру» сөздігінде: «Құзыреттілік (латын
сөзі) competenens – қабілетті, қатысты деген мағынада.
Белгілі бір саланың тұлғаларының білімінің,
білігінің, тәжірибесінің сәйкестігінің
мөлшері» деген анықтама берілген болса, А.В.Баранниковтің
айтуынша: «Құзыреттілік дегеніміз өз бетінше іске асырылатын
қабілеттілік, ол оқушының алған білімдеріне,
өмірдегі тәжірибелеріне, құндылықтарына
негізделеді». Ал ғалым Дж. Равен «құзыреттілік» терминіне
жеке тұлғаның көп қасиеттерін топтайтын
ұғым деген анықтама береді. Ғалымдардың пікірлерін
басшылыққа ала отырып, біз «құзыреттілік»
ұғымына – оқушылардың жеке тұлғалық
психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген білімдерін,
дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік
іскерлігін өмірде дұрыс
қолдануы деген анықтама бере аламыз.
Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен
біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір
практикалық және теориялық мәселелерді шешуге
қолдана алу қабілеттілігін айтады. Сонымен, оқытудағы
құзыреттілік тәсіл
білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді,
ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге
асыруды, оқыту сапасын бағалаудың біртұтас
жүйесін құруды талап етеді. Демек «құзырет»
және «құзыреттілік» ұғымдарын педагогикалық
үдеріске енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін
өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.
Аталған «құзыреттілік»,
«құзыр» ұғымдарының қолданыстағы
білім, білік, дағдыдан айырмасы бар.
Айталық,
·
білімнен айырмасы –
қызмет жөніндегі ақпараттық сипатта емес, өнімді
қызмет формасы түрінде байқалады;
·
дағдыдан айырмасы –
оқыған материалды топтастыра, құбылыстарды,
заңдылықтарды шығармашылықпен пайдалана отырып
өзгерте алатын саналы қызмет;
·
біліктіліктен айырмасы –
бірнеше пән дағдыларын кіріктіру, жалпы қызмет негіздерін
сезіну.
Қоғам талабына қарай
оқытушының білім берудегі міндеті нәтижеге бағытталған
іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге
асыру. Қазіргі уақытта оқытушымен бірге,студенттердің алдына қойылатын талаптар да өсуде.
Талап студенттердің бойында түйінді құзыреттіліктерді
қалыптастыру болып табылады.
Құзыреттілік тәсіл
бірінші орынға:
·
нақты құбылыстарды
танып білу мен түсіндіруде;
·
қазіргі заманғы техника
мен технологияны игеруде;
·
практикалық өмірде мамандық
таңдау кезінде өзінің кәсіби білім алуға
дайындығын бағалауда;
·
еңбек нарығын бағдарлау
қажет болғанда өмірден өз орнын
анықтауға;
·
өмір салтын, кикілжіңдерді
шешу тәсілдерін таңдауға байланысты мәселелерді шешу
қажет болғанда туындайтын өмірлік мәні бар
мәселелерді шешу біліктілігін шығарады.
Құзыреттілік ең
алдымен студенттердің
ақпараттық сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен
көрініс табады. Сыртқы
ортадан ақпарат алу, оны өңдеу оқушы мінезін
қалыптастырудың қайнар көзі болып табылады.
Ақпараттарды өз бетімен алуға, талдауға, қайта
өңдеуге үйрету ақпаратық
құзыреттілікті қалыптастыруға негіз болады. Мұнда
студенттердің өз бетімен жұмысына көп мән
беріледі. Студенттер өз беттерінше жаңа ақпараттық технологиялардың
көмегімен ғаламтордан, түсіндірме сөздіктерден,
түрлі тарихи ақпараттар алып, сабақ барысында пайдаланады.
Бұл құзыреттілік студенттің оқу
пәндеріндегі және білім аймақтарындағы, сонымен бірге
қоршаған дүниедегі ақпараттармен жұмыс істей білу
дағдыларын қамтамасыз етсе, ал оқытушының мақсаты – студентке білімді
өздігінен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп,оның
өзіндік дүниетанымын қалыптастыруына жағдай жасау,
кеңестер және бағыт-бағдар беру.
Негізгі
құзыреттіліктер түріндегі күтілетін нәтижелер:
·
студенттерді өз бетінше
талдауға;
·
өз қызметіне мақсат
қоюға;
·
жоспарлауға, жинақтауға;
·
қорытындылауға, салыстыра
дәлелдеуге;
·
өзін-өзі
бағалауға;
·
өз әрекетінің
әлсіз және күшті жақтарын көрсете білуге;
·
нені меңгергенін, нені
меңгермегенін анықтауға.
Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру
жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың
жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық
ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап
көрсеткен. Сондықтан,
қазіргі даму кезеңінде білім беру жүйесінің алдында
оқыту үрдісінің технологияландыру мәселесін қойып
отыр. Оқытушылар білім беру
жүйесінде жаңа оқу технологияларын және интерактивті
әдістерін қолдану
арқылы оқушының қазіргі заман талабына сай білім
алуына мүмкіндік береді. Ол
оқытушының ізденісі, жан-жақтылығы
құзыреттілік арқылы
айқындалады.
Даналы
қытайлықтар осыған орай бұны келесі мақалда
ажыратқан: «мың ұстаздар – әр қайсысы мың
әдістерімен» қолданылады,яғни мұғалім
өзінің әдістемелік шеберлік қасиеттері негізінде
өзіне лайықты педагогикалық технологиялық әдісін
тандауға құқылы.
Құзыретті
студент даярлау мақсатында
ғылыми міндеттерді шешудің тиімді жолы – модульдік
технологияны қолдану негізінде тарих, қазақ тілі пәндерін
проблемалық оқыту арқылы
студенттердің ой-өрісін, өз бетімен іздену, логикалық
ойлау қабілетін, шығармашылық әрекеті мен
икемділіктерін дамыту, білетіні және білмейтінінің арасындағы
қайшылықтарды ашу әрі проблемалық міндеттерді шешу
жолдарын жүзеге асыруға болады. Олай болса, модульдік технология
арқылы тарих, қазақ тілі сабақтарын проблемалық
оқытудағы басты міндет –
студенттердің ойлау жүйесін
өздерінің шығармашылық қабілеттері арқылы
игерген білім қорын одан әрі тереңдету және түрлі
проблемаларды шеше білетін білімді студент тұлғасын
қалыптастыру болып табылады. Студентке нәтижеге бағытталған
білім беруде күтілетін тұлға құзыретілігін төмендегіше
сипаттауға болады:
·
өзінің даралығын сезініп,
өзін-өзі дамыта білуі;
·
өзінің қызметін бағалай
білуі;
·
негізгі мәселені шешудің ең
тиімді жолдарын таба білуі;
·
өз алдына мақсат коя білуі
және оны жүзеге асыра білуі;
·
өз әрекетінің нәтижелерін
бағалай білуі;
·
өз бетінше алынған ақпаратты
таңдай білуі;
·
түрлі өмірлік жағдайларында тиімді шешім қабылдай білуі;
Жаңа
тұрпаттағы кәсіби мамандарды оқытуда нәтижеге бағытталған
іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге
асыру – негізгі міндет болса,құзырлылық – студент
іс-әрекетінің сапасынан көрінетін білім нәтижесі болып
табылады.
Қазіргі
заманғы білімдендірудің мақсаты
мамандарды шығармашылыққа дайындау. Өйткені
қоғамда «орындаушы» адамнан гөрі «шығармашыл»
адамға деген сұраныстың көп екендігін қазіргі
өмір дәлелдеп отыр.
Шығармашылық
дегеніміздің өзі ізденімпаздықтан туады. Ұлы ақын
Абай атамыздың мына дана сөзі ойға оралады:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар». Бұл жерде
студенттің өзіне деген сенімін туғызу, өзінен
шығармашылық қабілетін іздете білу, өмірде өз
орнын тапқыза білу қаншалықты қиын екенін
түсіндіру. Шығармашылыққа баулу оқушы бойындағы талант көзін ашып,
тілдік қорын байытып, ойлау, іздену сияқты психологиялық
категорияларын қалыптастырып, оқушының
дамуына өзіндік әсерін тигізеді.
Студенттердің шығармашылық
қабілеттерін қалыптастыру жолдары:
·
шығармашылық
тұрғыда оқушылардың өзіндік жұмыстарын
ұйымдастыру мен оқу міндеттерін анықтау арқылы;
·
пәнаралық бірлестіктерді
қалыптастыру арқылы;
·
оқытуды жаңа
педагогикалық жаңа технологияларға негіздеу арқылы;
·
концептуалды идеяға негізделген
оқу процесінің инновациялық әдіс-тәсілдерін
енгізу, тағы басқа арқылы іске асырылады.
Студенттің шығармашылық
қабілетін дамыту үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Олар:
1. Шығармашылық қабілетін дамытуды
ерте бастан қолға алу;
2. Жүйелі түрде шығармашылық
әрекет жағдайда болу;
3. Шығармашылық іс-әрекетке
жағдай туғызу.
Студенттерді шығармашылыққа
баулу, өзіндік іс-әрекетін ұйымдастыру үшін төмендегідей
түрлердерді қолдануға болады:
·
оқулық мәтінімен
жұмыс;
·
арнайы бір тақырыпқа пікірталас
тудыру;
·
қоғамдағы әр
түрлі өзгерістерге байланысты пікір айту;
·
құжаттармен, иллюстрациялармен
жұмыс;
·
тарихи оқиға,
құбылыс, фактілерді таңдауға, ізденуге, дәлелдеуге
үйрету;
·
логикалық ойлауын дамытатын ойындармен
берілген тапсырмаларды шешкізу
(анаграмма,
сөзжұмбақ)
·
қайшылықты, проблеманы шешу;
·
оқушының ой-пікір дербестігі
мен еркіндігін барынша кеңейту;
·
қайталау сабақтарында, оқыған
мәтіндері бойынша өз беттерінше тест
тапсырмаларын құрастыру;
·
сабақта проблемалық жағдай
жасау;
·
тың деректерден жаңа білімді
ала білу, пайдалану, іздену;
·
реферат жазу;
Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу
шығармашылыққа баулуға, шәкірт бойындағы талант
көзін ашып, өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.
Қорытындылай келсек, студент
құзыреттілігін қалыптастыру үшін әр ұстаз
өзіне тиімді әдіс-тәсіл мен технологияны қолдана алады.
Ол Ж.Қараевтың «Деңгейлеп оқыту технологиясы», М.М.Жанпейісованың
«Модульдік оқыту технологиясы», не М.Махмутовтың «Проблемалық
оқыту технологиясы» болуы мүмкін, бірақ ең бастысы
студент қойылған проблеманың шешімін өзі тауып,
әрекет жасай білуі керек. Студенттің жеке тұлға ретінде
дербес өзіндік әлеміне жеткізу арқылы өзін-өзі дамытуға,
өз мүмкіндіктерін таныттырып, оны жүзеге асыруға бағыттайтын әрбір оқытушы
өз қызметін үлкен сеніммен атқарғаны жөн. Себебі,
«Мұғалім ең жауапты міндет орындайды – ол адамды қалыптастырады»
деп М.И.Калинин айтқандай, заман талабына
лайықты қызмет етейік.
Резюме
В
предлагаемой статье рассматриваются некоторые аспекты формирования
компетентности студентов вуза в контексте модернизации высшей школы. Авторы расскрывают основные составляющие данного понятия, которое
связано с личностным образованием будущих специалистов, обладающих широким
кругозором, специальными компетенциями и рациональным стилем информационной и
коммуникационной деятельности. В статье анализируются сопряженные понятия
«компетентность», «коммуникационная компетентность», предлагается авторские
определения понятия «информационно-коммуникационная компетентность».
Практическая реализация формирования данной компетентности представляет собой
один из актуальных вопросов образовательной практики высшей школы, поскольку ее
результаты углубляют, расширяют и конкретизируют современные представления об
информационных и коммуникационных возможностях познавательной деятельности
студенческой молодежи.
Summary
In the present article discusses some aspects of the
formation of competence of university students in the context of the
modernization of higher education. The authors reveal the basic components of
this concept, which is associated with personal education of future specialists,
open-minded, special competencies and management style information and
communication activities . The article analyzes the associated concept of
"competence", "communication competence", the author
proposed a definition of "information and communication competence".
Practical implementation of the formation of this competence is one of the
pressing issues of educational practice high school, since its results deepen,
extend and concretize the idea of modern information and communication capabilities of the
cognitive activity of students .
Әдебиеттер
тізімі:
1.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Алматы –
2008.
2.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім
беруді дамыту тұжырымдамасы.
3.
ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан
халқына Жолдауы.
4. Мырзабаев
А.Б. Шығармашылықты дамытуда белсенді оқытудың
дидактикалық мүмкіндіктері. Қарағанды: Абай
атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университеті,
2004 .
5. Махмутов И.М. «Проблемное обучение», М.Педагогика. – 1975.
6.
Б.А.Тұрғынбаева. Мұғалімнің
шығармашылық әлеуметін біліктілікті арттыру жағдайында
дамыту: теория және тәжірибе. Aлматы. – 2005.
7.
К.Құдайбергенова. Құзырлылық – тұлға
дамуының сапалық критерийі. 2008.